Агроөнеркәсіптік кешені дамыған өлке

Агроөнеркәсіптік кешені дамыған өлке

Агроөнеркәсіптік кешені дамыған өлке
ашық дереккөзі
601
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, мал және егін шаруашылықтарын күшейту, ауылды көркейту – маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында кеңінен айтқан болатын. Дегенмен, елімізде бұған дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында бекітілген нақты стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар да бар. Сондай бағдарламалардың бірі – «Агробизнес – 2020» бағдарламасы. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде аталмыш бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізіліп, ауылшаруашылық саласында жетістіктерге жету мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда. «Агробизнес – 2020» бағдарламасында көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыруда Жамбыл облысы көш басында десек артық айтқандық болмас. Бүгінде өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, мал шаруашылығы, ет шаруашылығына ерекше назар аударылған. Осының арқасында қазір Жамбыл облысының экономикалық һәм әлеуметтік ахуалы жыл санап жақсара түсуде. Өңірге жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының депутаттары да облыстағы жетістіктерді, әсіресе, ауылшаруашылық саласындағы оң өзгерістерді өз көздерімен көріп қайтты. Жамбыл облысына табан тіреген сенаторлар Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев бірқатар аудандарды аралады. Сенат депутаттары сапарды Меркі ауданынан бастап, «Меркі» ет комбинатында болып, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Аталмыш кәсіпорын өнімдерін Иран мен Бахрейн елдеріне экспорттайды. Комбинат күн сайын 1500 қой мен 250-300 ірі қара мал союға қауқарлы. Комбинаттың вице-президенті Сұлтан Əлиасқаров Иран мен Бахрейн мемлекеттеріне өткен жылы 214 тонна ет жіберілгенін, биыл бұл көрсеткіш 360 тоннаға дейін артқанын, сонымен қатар жыл соңына дейін экспортты 1000 тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар екеніне тоқталды. Одан кейін сенаторлар Меркі ауданындағы «Трансфер» жəне «Сыпатай батыр» шаруа қожалықтарының егіс алқабын аралады. Он гектар жерге тəтті түбір отырғызған «Трансфер» шаруа қожалығы былтыр  əр гектардан 700-800 центнерге дейін өнім алыпты. Шаруа қожалық биыл одан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ниетті.  Ал «Сыпатай батыр» шаруа қожалығы 300 гектар жерге техникалық дақыл отырғызған. Шаруашылық жаңа техникалармен барынша қамтамасыз етілсе, қызылша алқабы толығымен жаңбырлатып суару жүйесіне көшкен. Сенат депутаттары бас сұққан аудандардың бірі – Т.Рысқұлов. Мұнда халық қалаулылары жылқы және ірі қара малдарын бордақылаумен айналысатын «Сүйін» шаруа қожалығына барды.  Қожалықтың мал бордақылау кешенінде қазір 100-ден аса мал байланған. Мұнда бордақыланған малдар Алматы және Тараз қалаларының базарларында сатылуда. Сондай-ақ, сенаторлар аудандағы «Аяна» жекеменшік балабақшасында жəне «Шəушен» шаруа қожалығының мал сою, етті тоңазытып сақтау кешенінде болды. 2016 жылы пайдалануға берілген бұл кешен 250 миллион теңгеге салынған. Кешеннің тəулігіне 200 қой мен 50 жылқы союға, сонымен қатар 35 тоннаға дейін ет сақтауға мүмкіндігі бар. Жұмыс сапары кезінде депутаттар Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің жұмысымен танысып, Жуалы ауданында Б.Момышұлы ауылындағы Датқа батыр аллеясының жəне аудан орталығындағы «Халыққа қызмет көрсету орталығының» жұмысымен танысты. Өңірдің өндірісімен жəне өзге де салаларымен танысқан сенаторлар жұмыс сапарын облыс орталығында түйіндеді. Сенаторлар Тараз қаласындағы «Қазфосфат», «Алина Тараз Про», «Тамақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, облыста атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.  

Серіктес жаңалықтары