1598
Алатауды аралаған туристер
Алатауды аралаған туристер
Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы отандық туризмді дамыту мақсатында түрлі шараларды қолға алған. Соның бірі – отандық және шетелдік мамандардан құралған экспедициялық топтың бірнеше бағытта сапарға шығуы.
Экспедициялық топ еліміздің тарихи мекендері мен табиғаты таңғажайып өңірлеріне саяхаттау жобасы бойынша жолға шықты. Бүгінге дейін шетелдік саяхатшы-блогерлер, тележурналистер жəне туроператорлардың өкілдері «Тянь-Шань маржандары» жəне «Алтай – өркениет бесігі» бағытында арнайы саяхат турымен жүріп өтті.
Таяуда туристік экспедиция тобы үшінші бағыт бойынша сапарға шықты. Экспедициялық топтың бұл жолғы бағыты – Жетісу Алатауы. Экспедиция құрамында танымал тележурналистер, жиһанкез блогерлер жəне кəсіби саяхатшылар бар.
«Жетісу алқабы – бірнеше ғасырлардың құпиясы мен аңыздарын сақтап келе жатқан айрықша өлке. Бұл аймақтардан адамға мүлдем беймəлім жануарларды немесе адам аяғы баспаған асуларды кездестіруге болады. Ежелгі темір жəне қола дəуірінен қалған көптеген ескерткіштер де бар. Бұл бағыт көшпелі елдің мəдениеті мен табиғи нысандардың пəк сұлулығына тəнті болғысы келетін туристерге өте қызық болады деп ойлаймын», – дейді «Kazakh Tourism» компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.