381
Баспаналы болуға мүмкіндік көп
Баспаналы болуға мүмкіндік көп
Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – баспана жайы. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз орталығында «Алматыда қалай баспаналы болуға болады?» деген брифинг ұйымдастырылды.
Шараға Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның «Баспана» ипотекалық ұйымының басшылары қатысты.
Брифингте алғашқылардың бірі болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Станислав Канкуров өткен жылдармен салыстырғанда, бүгінде қазақстандықтарда баспаналы болудың бірнеше мүмкіндіктері бар екенін айтты. «Нұрлы жер» және «Алматы жастары» секілді ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. «7-20-25» бағдарламасының іске асырылуы бұл тұрғыда үлкен серпін беріп отыр. Бағдарлама бойынша қабылданған өтінімнің сомасы 15 миллиард теңгеден асты. Оның ішінде шамамен 10 миллиард теңге мақұлданды», – деді Станислав Канкуров.
«7-20-25» бағдарламасының ең белсенді қатысушылары – Алматы қаласының тұрғындары. Мақұлданған 10 миллиард теңгенің ішіндегі 4 миллиард теңге көлеміндегі ипотекалық несиелер алматылықтарға беріледі. Жылдың аяғына дейін 20 миллиард теңгеден астам сомада несие беру жоспарланып отыр. Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Бағдарлама қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуға тиіс. Қарыз алушы еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуға тиіс.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ақпараты бойынша, әр 11-ші алматылық тұрғын үйге ақша жинауда. Жалпы, ҚТҚЖБ-нің Алматы қалалық филиалында 90,9 млрд теңге сомасында 164000 депозит ашылды. Қазіргі таңда Алматыда 25 897 адам баспаналы болды. Алматы қаласында банктің филиалдарына ай сайын кеңес алу үшін 25 000 адам жүгінеді. Орташа есеппен алғанда Алматыда ай сайын 3,8 млрд теңгені құрайтын сомаға банк 350 несие береді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл – 1546, ал 2019 жылы – 1539 адам баспана алады. Ал «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 2018 жылы жасы 35-тен аспайтын алматылықтарға банк 200 несиені жеңілдікпен беруді жоспарлап отыр.
Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлағандай, 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша 808 пәтер бөлінген. Жыл соңына дейін1500-ге жуық пәтер бөлінеді деп жоспарланып отыр. 2017 жылы Тұрғын үй басқармасы кезекте тұрғандардың 30 пайызының баспана мәселесін шешіп, 5885 пәтер бөлген.