409
Қазақстан Қарулы Күштері – Тәуелсіздік қалқаны
Қазақстан Қарулы Күштері – Тәуелсіздік қалқаны
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Кеңесте Мемлекет басшысы 25 жыл ішінде Қазақстан Қарулы Күштері ел тәуелсіздігінің сенімді тірегіне айналғанын атап айтты. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет пен жеке құрамның күш-жігері арқасында Қарулы Күштердің мықты әскери әлеуетке ие болғанына тоқталды.
«Соңғы жылдары Қарулы Күштерді дамыту ісінде көптеген жұмыс атқарылды. Бірқатар маңызды стратегиялық құжаттар қабылданды, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Қазақстан Республикасының Əскери доктринасы, Қарулы Күштерді дамыту тұжырымдамасы жəне қорғаныс саласына қатысты нормативтік құқықтық актілер бар», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы геосаяси жағдай өзгеріп немесе жаңа сын-қатерлер пайда бола қалса, Қорғаныс министрлігі үшін қару-жарақтарды технологиялық тұрғыдан жетілдіру басты міндетке айналатынын айтты. «Сондықтан Қорғаныс министрі лауазымына азаматтық тұлғаны, яғни қауіпсіздік жөніндегі көмекшім – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевты тағайындауға шешім қабылдадым. Сонымен бірге, Н.Ермекбаев кадрлық офицер, əскери қызметте тəжірибесі бар, соның ішінде шиеленіс аймақтарында болған. Ол халықаралық мəселелер жөніндегі көмекші, Қытайда жəне Оңтүстік Шығыс Азияның бірқатар елінде елші, министр жəне екі рет Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы заманауи талаптарды ескере отырып, əскери кадрлардың дайындығын жетілдіру қажеттігіне назар аударды. «Генерал-полковник Сəкен Əділханұлы Жасұзақовқа қалтқысыз қызмет еткені үшін ризашылық білдіремін жəне оған Ұлттық қорғаныс университетін басқаруды тапсырамын. Университет алдында Қарулы Күштердің басқару құрамының біліктілігін арттыру жəне əскери ғылымды дамыту жөніндегі маңызды міндеттер тұр. Университет еліміздің ғана емес, сондай-ақ, көршілес елдердің де курсанттары оқитын негізгі ғылым, білім орталығына айналуы тиіс», – деді Елбасы.
Кеңестің соңында Қазақстан Президенті еліміздің Қарулы Күштерін одан əрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.