723
Cақ көсемінің қабірі ме?
Cақ көсемінің қабірі ме?
Археологтар Астана маңындағы Күйгенжар шатқалынан, сақ дәуіріндегі патша қорғанынан ерекше қабір тапты. Мамандардың пікірінше, бұл сақ көсемінің қабірі болуы мүмкін.
Бұған дейін археологтар қорған маңынан 7 адамның қабірін тапқан. Оның екеуі – әйел. Бірінің оң қолынан мыстан жасалған неке жүзігіне ұқсас сақина табылса, ал екінші әйелдің сүйегімен бірге жұп сырға, күміс белдіктің тоғасы көміліпті. Археологтар жерлеу дәстүріне қарап мәйіттердің 15-16 ғасыр бұрын көмілген болуы мүмкін екенін айтады. Ал сақ көсемі болуы мүмкін деген қабір әлі ашылмаған. «Қабірді әлі ашпадық. Қорғанның дәл ортасында топырағының түсі қаралау болып айқындалып тұр. Бұған дейін біз оны көрмедік. Археологиялық жұмыстың әдісі сондай. Зерттеуді екі күннен кейін бастаймыз. Өйткені алдымен сызбасын жасаймыз. Қабір тоналмаған деп үміттенеміз», – дейді К.Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры Марал Ғалымжанқызы.
Сақ дәуіріндегі патша қорғанының биіктігі – 4 метр, диаметрі – 60 метр. Қазба жұмыстарын Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 12 адамнан тұратын Есіл археологиялық экспедициясы жүргізуде. Зерттеу жүргізіліп жатқан Астана маңындағы үлкен 3 қорғанның екіншісі. Жер асты желілерінің болуына байланысты соңғысына әзірге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу мүмкіндік тумай тұр.