469
Марапатқа лайық жобалар
Марапатқа лайық жобалар
Қызылордадағы «нұротандықтар» «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпаздарын анықтады.
«Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамашыл әлеуметтік жобаларды қолдау.
Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары анықталған жиында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев алдымен жобаның маңыздылығын атап өтіп, байқау жеңімпаздарын арнайы алғыс хаттармен марапаттады және 1 млн теңгеге дейінгі қаржылай сыйлықтарды табыстады. «Биылғы байқау 20 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін қатысушылардың ұсыныстарын қабылдады. Облыс бойынша 20 үкіметтік емес ұйымдардан өтінімдер түсіп, арнайы жасақталған комиссиясының назарына ұсынылды», – деді «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев.
Байқаудың 4 бағыты бойынша қала, аудандардан келіп түскен 20 жобаның 13-і облыстық кезеңге жолдама алды. Сол 13 жобаның 3-еуі жүлделі орындарға және 2 жоба ынталандыру сыйлығын алып отыр. Жеңімпаз атанған 3 жоба енді республикалық кезеңде бақ сынайды. Олардың қатарында облыстық кезеңде 3-орынға ие болған «Сыр мейірімі» әлеуметтік қоғамдық қоры, 2-орын алған «Волонтеры Кызылорды» қоғамдық қоры, 1-орынды иеленген «Қанат» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық-сауықтыру орталығы» қоғамдық бірлестігі бар.
«Волонтеры Кызылорды» қоғамдық қорының ерекшелігі – арбаға таңылған азаматтардың бимен айналысуына жағдай жасау. Аталған ұйым 2016 жылдан бастап жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта бұл би түрімен айналысатын бес арбаға таңылған азамат бар. Олар комби стилінде билейді. Биыл жұптық биден Қазақстан чемпионатына қатысып, бірінші жүлделі орынды жеңіп алды. Марапаттау рәсімінде сөз алған «Волонтеры Кызылорды» қоғамдық бірлестігінің директоры Ольга Чебакова жоба ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді. «Мен 2015 жылдан бастап ерікті болып жұмыс жасай бастадым. 2016 жылы түрлі жобаларды жүзеге асырып, біз осы қоғамдық бірлестікті құрдық. Осы уақыт аралығында түрлі жобаларды жүзеге асырдық. Олардың саны өте көп және әрқайсысы өзінше ерекше. Атқарылған жұмыстар ауқымды. Көпшілік бұрындары мұндай ұйымның бар екенінен хабарсыз болатын, ал қазір олар біздің көмегімізге жүгініп, тіпті, біздің қатарымызға қосылып жатыр», – деді Ольга Чебакова.