280
Баспана жайы талқыланған күн
Баспана жайы талқыланған күн
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғын үй мәселесі бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басшылығының тақырыптық қабылдауы өтті.
Азаматтарға «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында жасалып жатқан мүмкіндіктер турасында толыққанды ақпарат берілді. Қабылдауды «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Мұратұлы Құрманғалиев, банктің бизнесті дамыту бөлімінің 1 санаттағы маманы Л.Данабекова, сарапшылар А.Тоқаева, Г.Құмарова жүргізді.
«Бағдарлама аясындағы алғашқы жарнасы үй құнының 30 пайызын құрайтын несие бойынша мөлшерлеме 5 пайыздан басталады. Ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға қол жеткізу мүмкіндігі, Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы барлық тұрғын үй нысандары туралы деректер, өтініш беру, пәтер таңдау және басқа да көптеген қызмет түрлері бір жерге – baspana.kz сайтында топтастырылған», – дейді «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Құрманғалиев.
Акцияға барлығы 45 адам қатысып, тұрғын үй кезегі, пәтер бағасы мен сапасы, несие мөлшерлемесі мен жаңа мемлекеттік бағдарлама туралы сұрақтарын қойды. Банк басшылығына қабылдауға келген азаматтар болашақта дәл осындай қоғамдық қабылдау, ашық акциялар мен БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін баса айтты.