288
Үздік жобалар анықталды
Үздік жобалар анықталды
«Нұр Отан» партиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мұрындық болуымен қолға алынған «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының Жамбыл облысындағы жеңімпаздары анықталды.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жобаның мүмкіндігі шектеулі жандарға күнделікті өмірде, шығармашылық қабілеттерін арттыруда үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ал «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев партияның өңірде азаматтық қоғам белсенділігін барынша арттыруға көңіл бөліп, осындай әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына баса назар аударып отырғанын айтты. «Ұсынылған әлеуметтік жобаларда қолданылған үздік өңірлік тәжірибелерді кеңінен таратуға және оны іске асыруға бағытталған шара бұл. Алайда облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік проблемаларды шешу бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың өте аздығы осы жоба барысында байқалып қалды. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өз филиалдарына алдағы уақытта бұл мәселені айрықша бақылауға алып, әлеуметтік бағытта жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар қатарын арттыруға байланысты тиісті тапсырма беріп отыр. Сонымен қатар, аталған әлеуметтік жобалар өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың алдынан кездесіп жүрген өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен септігін тигізетін болады деген сенімдемін», – деді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Айта кетейік, аймақтық аламанға іріктеу кезеңдерінен өткен 16 жоба ұсынылды. Арнайы құрылған комиссияның шешіміне сәйкес «Тараз қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Жүректен жүрекке» жобасы үздік атанды. Ал екінші орынға «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер орталығы» жастар клубы» ҚБ ЮНЕСКО-клубының «Этно Арт Фест» жобасы лайық деп табылса, үшінші орынға облыстық «Онкологтар ассоцияциясы» ҚБ «Уақытылы диагностика – денсаулық кепілі» жобасы ие болды.