501
Құс өнімдеріне қойылған шектеу
Құс өнімдеріне қойылған шектеу
Елімізде көрші Ресейден құс өнімдерін тасымалдауға уақытша шектеу қойылды. Ветеринариялық қадағалау комитетінің мәліметінше, Ресейде құс тұмауы белгілері көбейген.
Шектеуге байланысты Ресейдің Орел, Ростов және Нижегородский облыстарынан құстың еті, қауырсыны, жұмыртқасы және құстың өзі тасымалданбайды. Еліміз бекіткен шектеу 70 градус ыстықта өңделмеген өнімдердің барлығына қатысты. Айта кетейік, бұл көрші елден келетін құс өнімдеріне қойылып отырған алғашқы шектеу емес.
Бұған дейін Ресейдің 3 облысында құс тұмауы анықталып, Қазақстан 36 құс фабрикасының өнімдерінен бас тартқан болатын. Халықаралық эпизоотиялық бюро Ресей Федерациясының аумағында Курск, Пенза және Самара облыстарында жоғары патогенді құс тұмауын тіркеді. Ақпаратқа сүйенсек, эпизоотиялық жағдай осы аумақтарда күрделене түсті, бұл жабайы құстардың көші-қоны мен жоғары патогенді құс тұмауының ықтимал қауіптерінің салдарын көрсетеді. Осыған орай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағына Ресейдің аталған 3 өңірінен тірі құс еті мен инкубациялық жұмыртқа, жүн және қауырсындар, құс еті мен құстың барлық өнімдерін әкелуге тыйым салды.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, мұндай шара құс шаруашылығы саласына айтарлықтай шығын келтіруі ықтимал. Десек те, Ресейдегі жағдай бір қалыпқа түспейінше, шектеу алынбайды. «Құс тұмауы негізінен құс шаруашылығы саласына зиян келтіреді. Өйткені құс тұмауы вирусы басқа вирустар секілді сыртқы ортаға және термикалық өңдеуге төтеп бере алмайды. Сондықтан дүкен сөрелерінде тұрған құс етінен қауіптенудің қажеті жоқ», – дейді ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Дастан Молдабаев.