Энергия үнемдейтін шамдар

Энергия үнемдейтін шамдар

Энергия үнемдейтін шамдар
ашық дереккөзі
1398
Биыл елімізде электр энергиясын үнемдеуге бағытталған келісімшарттар жүзеге аса бастады. Қазақстанда қолданылып келе жатқан инновациялық технологиялардың нәтижесінде электр қуатын 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік туып отыр.  Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүйесі бойынша 800 жоба жүзеге асуда. Бұл жобалардың көпшілігі әлеуметтік салаларды қамтиды. Кәсіпкерлер көбіне «смарт сити» бойынша жүзеге асатын жобаларға қызығушылық танытып отыр. Олардың арасында электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беретін жобалардың игілігі мол. Бизнестің бұл түрімен айналысатын кәсіпкерлер Астана қаласындағы зәулім ғимараттардың бірінде электр шамдарын толықтай ауыстырып, өнімдерін сынақтап өткізіп те үлгерді. Айта кетейік, тапсырыс берушілер ол үшін ақы төлеген жоқ. Өйткені келісім мемлекеттік-жеке меншік  әріптестік жүйесі бойынша жасалды. Атыраулық кәсіпкерлер де қала көшелерін жарықпен қамтамасыз ету ісін өз қолдарына алды. Олар көше бойларына шамдарды орнатып қана қоймай, олардың  күйіп кетпеуін және артық энергия жұмсалмауын арнайы орталықтан  бақылап отырады. Егер жарық болмай қалса, мамандар істен шыққан  шамдарды ауыстыруға міндетті. Қазір дәл осындай жобалар республиканың бірқатар өңірлерінде жүзеге асуда. «Біз келесі жобалардың бірін Қызылорда облысында іске асыруды жоспарлап отырмыз. Екібастұзда автоматтандырылған жүйені орнатуда 40 пайыз үнемділік көрсетті. Диодты шамдардың өзі болса, ол 30 жылға жетеді. Яғни, 80 пайызға дейін үнемдеушілік бар», – деді қазақстандық Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының талдаушысы Толым Әдепхан. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары қос тарапқа да тиімді.  Ал бұл саланы реттейтін заң өз күшіне енгеннен кейін, оларды әзірлеу  процесі де жеңілдеген. Соның нәтижесінде, бұрын 6-7 ай уақыт алатын сараптама қазір 2-3 ай ішінде жүргізіледі.

Серіктес жаңалықтары