Түркістанды жаңғыртатын тұжырымдама

Түркістанды жаңғыртатын тұжырымдама

Түркістанды жаңғыртатын тұжырымдама
ашық дереккөзі
506
Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болғалы бері шаһарды гүлдендіру жұмыстары қолға алына бастады. Соның бірі – «Көне Түркістан» тұжырымдамасы. Бұл жоба Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамытуды мақсат етеді. Түркістанда шаһарды түркі әлемінің рухани һәм мәдени орталығы ретінде дамыту бойынша жиын өтті. Жиынға сәулетшілер, археологтар, тарихшылар мен суретшілер қатысты. Осы жиында Түркістанда бой түзейтін ғимараттардың бәрі шығыстық үлгіде салынатындығы айтылды. Алайда жаңа ғимараттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігінен аспауы шарт. Өйткені Түркістанның басты келбеті саналатын мавзолей барлық жерден көрініп тұруы қажет. «Үйлер көпқабатты болмайды. Себебі Қожа Ахмет Ясауи  кесенесінің биіктігінен аспауы керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше  көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, баспаналар Орта Азия стилінде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Ең болмаса Қазақстанда бір қаланы бәріміз  бірігіп осындай келбетпен жасаймыз», – деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев. Өңір басшысы Елбасы тапсырмасы бойынша еліміздің әр облысы Түркістан шаһарына бір ғимараттан салып, сыйға тартатынын мәлімдеді. Туристік индустрияны дамытуға бағытталған «Көне Түркістан» тұжырымдамасы бойынша, алдағы уақытта Түркістан туризм саласы дамыған Самарқан, Бұхара, Хиуа сынды шаһарлармен бәсекелес болмақ. Сол арқылы Түркістан шаһары Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттырады. Жиында белгілі болғандай, Түркістанда әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал салынады. Сондай-ақ, қонақүйлер мен дәмханалар да көбейетін болады. Одан бөлек Ясауи музейі ашылмақ. Өйткені мұнда Қожа Ахмет Ясауиға қатысты жарияланған құнды жәдігерлер көп.

Серіктес жаңалықтары