Білім алу қымбат болмақ

Білім алу қымбат болмақ

Білім алу қымбат болмақ
ашық дереккөзі
566
Ұлттық бірыңғай тестілеуді тәмамдаған талапкерлердің барлығы қазір республикадағы жоғары оқу орындарына құжат тапсырып жүр. Әлбетте, басым көпшілігі мемлекеттік білім грантынан үмітті. Ал тегін оқу мүмкіндігінен қағылғандар ақылы бөлімге құжаттарын өткізуі тиіс. Биыл қазақстандық университеттердегі  оқу ақысы өзгеруі мүмкін. Өйткені Білім және ғылым министрлігі баға саясатына қатысты шектеуді алып тастады.

Баға саясатына еркіндік берілді

Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу бөлімінің бағасын университеттер өздері бекітуі тиіс деп жүргеніне біраз болған. Биылғы жаңа оқу жылында министрлік өз бастамасын іске асырды. Сөйтіп, енді әр жоғары оқу орны ақылы оқу ақысын керегінше өзі белгілейді. Ал бұған дейін ақылы оқу бөлімінің қаржысы грантқа төленетін ақшадан төмен болмауы тиіс болған. Министрлік өкілдері бағаға еркіндік беру арқылы нарыққа сәйкес бәсекелестік орнатамыз деп сеніп отыр. «Аталмыш заңды қабылдағанға дейін ақылы бөлімге қатысты шектеу болатын. Ол мемлекеттік гранттың бағасымен өлшеніп, одан төмен болмауы тиіс еді. Қазір бұл шектеу алынып тасталды. Енді әр университет қандай ақылы оқу  ақысын қаншадан белгілесе де өзі біледі», – дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі департамент директорының орынбасары Бану Нарбекова. Жоғары оқу орындарындағы мамандардың айтуынша, қазіргі жағдайда бағаны әр университет халықаралық рейтингіне сай белгілейді және жыл сайынғы инфляцияға орай өзінің бағасын көтеруге мүмкіндік болады. Бірақ білім саласының өзге мамандары жаңа бастаманың салдарынан арзан ақшаға талапкерлерді топырлатып жинайтын оқу орындары көбейіп, білім саласы базарға айналып кете ме деп қауіптенуде. Сәйкесінше, талапқа сай диплом алмаған мамандар болашақта жұмыссыз қалуы әбден мүмкін. Оқу ақысы арзан деп кез келген университеттің есігін жағалауға болмайды дейді мамандар. Әрине, бір-бірімен таласқа түскен университеттер бағаны төмендетсе, болашақ студенттің қалтасына жеңіл тимек. Алайда әзірге оқу ақысы төмендеген жоғары оқу орнын байқай қоймадық. Керісінше, жыл сайын ақылы оқу ақысы орта есеппен 6-10 пайызға өседі екен. Мысалы, Алматы қаласындағы іргелі университеттердегі оқу ақысы 1 миллион теңгеден асып жығылады. Дәл сол мамандықтарды өзге өңірлерде оқуға ниетті жандар да жылына 500 мың теңгеден жоғары көлемде қаржы шығындауы қажет. Бір айта кетерлігі, баға саясатының еркіндігі аймақтағы университеттердің оң жамбасына тиіп, оқу ақысы арзандауы мүмкін. Бүгінде еліміздегі жекеменшік университеттер ғана төмен бағаға талапкерлерді қабылдай алады. Бірақ олардың сапалы білім беріп, білікті маман даярлап шығарына күмән көп. Бағасы қымбат, білім сапасы төмен білім ордасында оқығанша, қазақ балалары шетелде мейлінше арзан бағаға оқуды дұрыс санайтын күнге жетті. Мәселен, Германия, Финляндия, Франция сынды елдерде жоғары оқу орындарының көпшілігінде білім алу тегін. Егер білім деңгейі жетсе, мұндай мүмкіндікті шетелдік студенттер де пайдалана алады. Қазақстандық студенттердің талайы көршілес Қытай елінде оқиды. Аспан асты еліндегі жоғары білім алудың бір жылдық құны 2000 доллардың шамасында. Жастардың мұндай таңдау жасауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, шетелде білім алып келді деген аты бар. Екіншіден, Қазақстандағы оқу құнынан әлдеқайда аз шығынданады. Үшіншіден, шетелде білім беру жүйесі өте тиімді ұйымдастырылған. Ең бастысы, Қытайда студент атану үшін міндетті түрде қытай тілін меңгеру қажет. Оқуға қабылдану үшін қосымша емтихандар да тапсырылады.

Оқу ақысы қанша?

Кейбір университеттер баға саясатына еркіндік берілгеннен кейін оқу ақысын мемлекеттік грант құнынан жоғарылатпақ. Айта кетейік, мемлекеттік грант құны – 635 800 теңге. Демек, министрліктің жаңа бастамасы оқу құнының төмендеуіне еш әсер етпейді. Керісінше, университеттер сұраныстың бар-жоғына қарамастан бағаны шарықтататын түрі бар. Экономикалық қиындықтар етектен тартқан мұндай уақытта кез келген қарапайым отбасы үшін баласын ақылы бөлімде оқыту оңайға соқпайды. Бірақ мемлекеттік білім грантына қол жеткізе алмаған балаларын оқытудың басқа жолы жоқ. Ұрпағы үшін барын шашатын ата-ана несие алса да, қарызданса да баласын оқытатыны ақиқат. Еліміздің әрбір өңіріндегі оқу бағасы әртүрлі, ал Астана мен Алматы қалаларындағы ақылы бөлімнің құны мүлдем басқаша. Ірі қалалардағы орташа оқу ақысы – 600-700 мың теңге. Мәселен, еліміздегі ең қымбат оқу орындарының көш басын Қазақ-Британ техникалық университеті мен Қазақстан менеджмент, экономика және болжау университеті (КИМЭП) бастап тұр. КИМЭП-те 2018-2019 оқу жылына арналған бір кредит құны – 52 мың мен 71 мың теңге аралығында. Ал бір жылда кемінде 32 кредит болатынын ескерсек, мұндағы жылдық оқу ақысы 1 миллион 600 мың теңгеден асады. Мұндай университетте білім алу үшін бір жылда оқу ақысымен қатар студенттің жүріп-тұруын, тамақтануын, жатын орнын, киім-кешегін қоса есептегенде 2 миллион теңгеге жуық қаражат қажет. Университет басшылығы үнемі КИМЭП-тің әлемдік деңгейде білім беретін оқу орны екендігін алға тартады. ҚБТУ-дағы жағдай да дәл осындай. Оқу құны 1 миллион теңгеден асып жығылады. Аталған оқу орындарынан 1 миллион теңгеден кем мамандық табу өте қиын. Сол себепті де, КИМЭП пен ҚБТУ-да бағы жанып, мемлекеттік грантқа ие болғандар болмаса, көбінесе ақылы бөлімде қалталы отбасылардың балалары білім алады. Сондай-ақ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде бір жылдық оқу ақысының құны – 600 мың мен 1 миллион теңге аралығында болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 974 мың мен 1 миллион 176 мың теңге аралығында. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетте – 485 мыңнан 604 мың теңгеге дейін болса, Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі баға 420 мың теңгеден басталады. Айта кетейік, оқу ақысы ең қымбат мамандықтардың қатарын әлі де экономика және заңгерлік саладағы мамандықтар толықтыруда. Жоғары оқу орындарында сапалы білім беру – бүгінгі күннің талабы. Бұл талапқа оқу орындарының барлығы сай деп айту қиын. Алайда оқу ақысының мұншама қымбаттауына қарағанда сапалы білім алу үшін жоғары оқу орындарында барлық жағдай жасалған ба? Жоғары оқу орындарының ұстаздары бәрі де студенттердің білім алуға, оқуға деген ынтасына, ізденімпаздығына байланысты дегенді алға тартады. Біздің елімізде білім алып, сауатты маман иесі атану үшін емес, диплом алу үшін оқитын студенттер де аз емес. Ата-анасының қалтасынан миллиондаған шығын шығарып оқыған студенттер қолына диплом алғаннан кейін білікті маман болып шықса, игі. Бірақ сонша қаржының желге ұшатыны жиі кездесетін жағдай екені тағы ақиқат. Сонда ауылдағы ата-ананың баласы үшін аямай шашқан қорадағы төрт түлігі мен миллиондаған қаржының игілігін кім көреді? Басты мәселе – осы.

Серіктес жаңалықтары