390
Балдырғандар бақытқа бөленген күн
Балдырғандар бақытқа бөленген күн
Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде жасап жатқан қайырымдылық шаралары жеткілікті. Осындай шаралардың бірі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жүзеге асты.
Аудан әкімі Ғалым Әміреев кенттегі 20 мүмкіндігі шектеулі жанды қабылдады. Ал «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев мүгедек балалардың көңілін шаттыққа бөлеп, арнайы сый тапсырды. «Нұр Отан» партиясының мұндай қайырымдылық шарасына «Pro bono» қоғамдық қорының директоры Павел Горбачев демеушілік жасаған.
Кездесуге келіп, ән шырқаған Ақнұр Сматоваға аудан әкімі қосүйеңгілік ағаш ұстасы Оспан Махамбетұлы жасаған домбыраны сыйлады. Дәл осы күні партия мүшелері орталық алаңда балалардың емін-еркін ойнап, көңіл көтеруіне мүмкіндік жасады. Яғни, 35 бала аудан орталығындағы аттракцион ойындарын ойнады. «Бұл өте игі іс. Әрине, адам баласының жаратылысы әртүрлі. Дегенмен осындай қолдау өсіп келе жатқан жас буынға әсер қалдырары сөзсіз. Бүгін балаларға барлық ойын алаңы ақысыз қызмет етеді. «Нұр Отан» партиясының қамқорлығына қанық болудамыз. Сондықтан осындай бастамалар жалғасын таба берсін», – деді жас кәсіпкер Данияр Әбенұлы.
Одан кейін ата-аналар балаларын жетектеп, «Атамекен» ойын-сауық кешеніне келді. Мұнда да балдырғандарға барлық жағдай жасалды. «Көңілім толқып тұрғаны жасырын емес. Осындай шараға ұйытқы болып отырған «Нұр Отан» партиясына алғысым шексіз. Әрине, қандай ата-ана болсын баласының дені сау болғанын тілейді. Дегенмен өмір әр қалай. Ал балаларды жасытпай, жігерлендіріп отырған бүгінгідей шараға рахметімді айтқым келеді. Аудан әкімі мен Мәжит Байқожа-ұлына ризалығым шексіз», – деді Гүлзия Халназарова.