268
Қызмет көрсету сапасын арттыратын бастама
Қызмет көрсету сапасын арттыратын бастама
«Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе аудандық филиалында партияны цифрландыру бойынша бастауыш партия ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Партияның Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының 2017 жылғы 3 қарашадағы Саяси кеңесінің отырысында берген тапсырмаларына сай, партиялық жаңғыру, соның ішінде партияны цифрландыру бойынша жалпы елімізде, сонымен қатар Қаратөбе ауданында атқарылып жатқан жұмыстар туралы таныстырып өтті.
Биыл «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту мақсатында 22 жаңа партиялық жобаны қолға алып отыр. Соның ішінде, партияның барлық қызметін цифрландыруға бағытталған «Цифрлы партия» жобасына ерекше маңыз берілуде. Аталмыш жобаның мақсаты – партия мүшелерінің өзекті деректер базасы, партия мүшелерінің әлеуметтік жобалары мен партиялық резервті қалыптастыру, онлайн қызметтер мен онлайн оқыту, өтініш берушілердің партияға жазған өтініштерін өздері қадағалауы және мемлекеттік бағдарламалардың электрондық мониторингтеу бойынша бірыңғай ақпараттық жүйесін жасау.
Сонымен қатар, аудандық филиал төрағасы бірінші орынбасарының айтуы бойынша, цифрландыру жобасы аясында балаларға арналған ақысыз ІТ-сыныптар, білікті мамандарды даярлауға арналған ІТ-орталықтар ашу жүзеге асырылмақ. 1 қыркүйектен бастап Қаратөбе ауданында алғашқы ІТ-сынып жұмысын бастап, ауыл балалары жаңа ІТ технологиялары бойынша тегін білім алады. Бұл бастама аудан тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартады.