439
Азаматтардың мәселелері қаралды
Азаматтардың мәселелері қаралды
«Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде партия хатшысы Тамара Дүйсенова азаматтарды қабылдады. Қабылдауға «Атамекен» ҰКП, «Даму» қорымен бірге қалалық әкімшілік өкілдері қатысты.
Арыз-шағымын айтып келген азаматтар көкейлерінде жүрген сансыз сұрақтарға жауап алды. Мысалы, Алматы қаласынан видео-конференция режимі арқылы қосылған Б.Айжігітов Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы қоқыс өңдейтін зауыт жұмысы үшін банктен қажетті мөлшердегі қаражатты ала алмай отырғанын айтып шағымданды. Осы шара арқылы арызданушы құны 92 млн теңгені құрайтын зауыт жұмысын жүргізу үшін қажет 10 млн теңгені екінші деңгейлі банктен ала алмаған күннің өзінде Үкімет пен «Атамекен» ҰКП және «Даму» қорының көмегіне жүгінуге болатынын білді. Қызылорда облысынан байланысқа шыққан М.Тәшімов есімді азамат өзінің «Нұр Отан» партиясының мүшесі екенін, сонымен қатар, аудандық тексеру комиссиясында сандаған жыл жұмыс атқарып келіп, 2011 жылдан бері жұмыссыз отырғанын айтып шағымданды. Тамара Дүйсенова миллионнан астам мүшесі бар партияның әрбір мүшесінің партия Орталық аппаратында немесе аймақтардағы филиалдарда жұмыс істей беруі шарт емес екенін, өз мамандығы бойынша басқа салаларда да қызмет етіп, ел үшін тер төгуге болатынын түсіндіре келіп, партияның Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Ибадулла Құттықожаевқа осы мәселе он күн ішінде шешімін табуы тиіс деп тапсырма берді.
«Нұр Отан» партиясына азаматтар әртүрлі мәселелермен келеді. Мен алдыңғы қабылдауымда 20 азаматтың арыз-шағымын қарағанмын. Соның 13-інің мәселесін толық шешіп бердік. Ал қалған 7 адамның мәселесін әлі күнге бақылауда ұстап отырмыз. Бүгін де қабылдауға он шақты азамат келіп отыр. Мәселен, кәсіпкерлік бойынша толық көмектесуге мүмкіндік бар, оны айттым, ал енді кей азаматтар соттың шешімі шыққаннан кейін де «Нұр Отан» партиясына келіп шағымданып жатады. Соған орай, сот шешімі шығып кеткеннен кейін де бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін деген кеңестер бердік. Тағы да заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар арасындағы дау-дамай жөнінде де мәселелер қаралып жатады», – деді партия хатшысы Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, төрт бірдей мүгедек баланы асырап отырған ананың да мәселесі осы қабылдауда қаралды. «Бүгін де, бүгінге дейін де көтерілген ең үлкен мәселе – үй мәселесі. Жаңа арызданып келген бір апамыз 1534-ші кезекте тұр екен. Жасы болса 82-де. Әрине, біз ол кісілердің ертерек үй алғанын қалаймыз. Екінші мәселе, әлеуметтік қолдау мәселесі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік көмектер беру мәселелері. Үшінші, қараусыз қалған азаматтар, олар да мемлекет тарапынан көмек сұрап жатады. Бір қуантатыны, әсіресе кәсіпкерлікті дамытамыз деген азаматтар көп. Ол өтініштер бойынша біз «Атамекен» ҰКП және басқа да қаржы ұйымдарымен бірігіп отырып толықтай көмектесуге даярмыз», – деді партия хатшысы.