Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

ҰЛЫҚТАН ҰЛЫҚ - ДОМБЫРА

Елбасы Н.Ә. Назарбаев шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» ретінде атап өту туралы жарлыққа қол қойды.  Алғаш рет дүбірлетіп тойланғалы отырған шараға 3000 кәсіби, әуесқой домбырашы қатыспақшы.

Қазақ даласына табан тіреген зерттеуші, этнограф-ғалым Г.Потанин «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп тамсанған еді. Енді шын мәнінде елімізде ұлттық деңгейде домбыра мерекесі ұлықталмақ. Осы жылы 1 шілдемен тұспа-тұс келген жексенбі таңы Сарыарқа даласын ән-жырға бөлемек. Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау,  қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында бекітілген атаулы мерекенің мәні мен сәні бөлек. Әдебиет зерттеуші Ақселеу Сейдімбек айтқандай, «Өз топырағында тамыр жаймаған өнер шет жақта бүршік жармайды». Ұлттық идеологияның уызы саналатын мәдениетіміз бен өнерімізді үлгі етеміз десек, оның тарихы мен тағылымына бәріміз бір кісідей үңілуіміз керектігі әу бастан белгілі еді. Екі ішекке мұңы мен сырын сыйғызған көшпелілер көші сымдай тартылып, «қыздың жиған жүгіндей» көркейе түсуде. Арқа төсінде 1 шелдеде 3000-ға тарта өнерпаз қара домбыраның қоңыр үнімен бар қазақ құлағының құрышын қандырмақ. Елордамыздың туған күні қарсаңында өткелі отырған бұл шара тарих беттерінде алтын әріптермен қалуы бек мүмкін. Болашақта бір Астана ғана емес, Қазақстанның барлық қалаларында бір уақытта домбыраның әуезді үні естілсе деп ұсыныс тастап жатқан жандар да жетерлік. Айтулы домбыра думанына қатысуға қазірдің өзінде 2000-нан аса өтінім келіп түскен. Астана төрінде болатын Ұлттық домбыра мерекесіне дәулескер күйші Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Айтжан Тоқтаған, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжікенов, Асылбек Еңсепов, «Арт домбыра» триосы мен «МузАрт» тобы бастаған өнерпаздардың өнерін елорда жұртшылығы тамашалауға мүмкіндік алады. Ұлттық мерекенің басты тартуы, қатысуға өтінім білдірген азаматтардың бәрі «Көңілашар», «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Ерке сылқым» күйлерін бір мезетте орындап әсем қаланы күймен тербемек. Ұлттық домбыра күнін мерекелеуге, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, «Отырар сазы» ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының Ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі арнайы келіп өнер көрсетеді. Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Бауыржанұлы: «Ұлттық домбыра күнінің құрметіне Астанада халықтық серуен ұйымдастыру жоспарлануда. Мұнда өнер жанкүйерлері мен қала қонақтары аталған шараға арнайы тігілген киіз үйлердің ішінен домбырадан бөлек, басқа да ұлттық аспаптардың сан алуан түрін көріп, олардың тарихымен танысуға мүмкіндік алады. Кәсіби музыканттар халық шығармаларын орындайды. Сонымен қатар дәл осы күні жиналған қауым домбыра жасау барысымен танысып, «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда Ортеке өнерін де тамашалай алады», – деп мәлімдеме жасады. Ұлттық мейрамның қарсаңында қазақы үйлер тігіліп, қазақ ұлттық аспаптарының музейлері ашылады. Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов сынды күй алыптарының шабытын қозғаған өз домбыралары келушілер назарына ұсынылмақ.

P.S. Өткен ғасырдың басында Сұлтанмахмұт Торайғыров: «ең арты домбыра-сауық тәтті-тәтті әндерімізге дейін азайып, қара күңгірт қапаға булыққан заманға қарай дедектеп барамыз. Мұнан біраз бұрын анда барсаң — әндеткен өлең, мұнда келсең — домбыра-сауық ең арты малшы-құлшыға шейін ұлып даланы жаңғырықтырып, мазаңды алушы еді… Енді бір «әу» деп дыбысын шығарған кісі көре алмассың десек те қате болмас» деп күйінішін айта келе, «Біздің қазақ ән құмар халық. Біреу қолына домбыра алып ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтып-айтысып жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады» деп сүйінісін білдіріпті. Сұлтанмахмұт арман еткен бұл күн де жетті бізге. Қазақтың ғажаптығының бір көрінісі ұлттық бояуымыз, ұлттық үніміз, ұлттық кодымыз. Ендеше атадан-балаға мұра болып сарқылмай жеткен ұлттық құндылықтарымызды әлі де жандандыра, жарқырата түсуіміз керек іспетті?!

Арман Құдайберген

 

 

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button