Анық ақпарат – әлемнің алтын көпірі

Анық ақпарат – әлемнің алтын көпірі

Анық ақпарат – әлемнің алтын көпірі
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бірқатар журналистер бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттар, алғыс хаттардың иегері атанды. БАҚ өкілдеріне сыйлықты салтанатты түрде табыс еткен  ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова рәсiм барысында лауреаттар мен грант иегерлерiн, Елбасының алғысын алған шығармашылық ұжымдарды, сондай-ақ, Қазақстанның барша журналистер қауымын кәсiби мерекесi – Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерi күнiмен құттықтады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ саласын заман талабына сай дамыту мәселесiне ерекше көңiл бөлетiнiн бiлесiздер. Мемлекет тарапынан көрсетiлiп келе жатқан жүйелi қолдаудың арқасында егемен елiмiздiң мүддесiне қызмет ететiн ұлттық баспасөз қызметi қалыптасты. Жаһандану, ақпараттық технологиялар мен цифрландыру дәуiрiнде медиа саласының бәсекеге қабiлеттi болуы аса маңызды. Журналистер қауымы Елбасының бастамаларын халыққа жеткiзу, мемлекеттiк саясатты түсiндiру, қоғамдық пiкiр қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамыту iсiне лайықты үлес қосуда. «Баспасөз – өмiр айнасы» деген қанатты сөз бар. БАҚ өкiлдерi ел iшiндегi және әлемдегi әлеуметтiк-экономикалық үдерiстер мен қоғамдық-саяси оқиғаларды сараптап, оларды оқырман қауымға уақтылы әрi сапалы жеткiзiп келедi. Қоғаммен бiрге өмiр сүрiп, қоғаммен бiрге тыныстайтын журналистер қауымы Мемлекет басшысы белгiлеген стратегиялық мақсат-мiндеттердi, соның iшiнде «Рухани жаңғырудың» маңызын кеңiнен жариялап бередi деп сенемiз. Отандық журналистер, баспагерлер, телевидение мен радио қызметкерлерi ақпарат жеткiзумен қатар, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын алтын көпiр қызметiн де атқарады. Шығармашылық саласындағы дәл осы адамдар елiмiзде және әлемде болып жатқан маңызды оқиғалар жөнiнде бәрiне бұрын бiлiп, жұртшылыққа жеткiзiп отырады», – дедi Г.Әбдiқалықова. Сонымен қатар, Мемлекеттiк хатшы елiмiзде кейiнгi жылдары БАҚ саласында бәсекелестiктiң артқанын, шығармашылық бастаманың жанданғанын айтты. Сондай-ақ, ол осы сала мамандарынан жоғары кәсiбилiк талап етiлетiнiн тiлге тиек еттi. «Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiн ынталандыру мақсатымен Елбасының арнайы сыйлығы жарияланды. Бүгiн қалыптасқан дәстүр бойынша ерекше көзге түскен журналистер мен үздiк шығармашылық ұжымдарды марапаттап отырмыз», – деді Мемлекеттiк хатшы. Айта кетейік, биыл сыйақы қорының жалпы сомасы 14 млн 430 мың теңгені құрап отыр. Президент сыйлығының иегерлері 4 млн 215 мың теңгеден алса, әрбір грант үшін 3 млн теңгеден берілді. Сонымен, Мемлекет басшысының өкiмiмен Президент сыйлығы «Informburo.kz» интернет-порталының бас редакторы Михаил Дорофеевке, «Астана» республикалық телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбайға берiлсе, гранттар «Хабар» республикалық телеарнасының сараптамалық бағдарламалар бөлiмiнiң тiлшiсi Айгүл Әдiловаға, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Мейiржан Әлібекұлына тапсырылды. Ал отандық телевизиялық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін «Алматы» телеарнасының шығармашылық ұжымына, Астананың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуындағы маңызды тақырыптар мен негізгі мәселелерді жариялап-көрсетуге қосқан ерекше үлесі үшін «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымына, еліміздің өскелең ұрпағын тәрбиелеу ісіне және қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Балдырған» республикалық балалар журналының шығармашылық ұжымына және Қазақстандағы Өзбекстан жылын және түрлі салалардағы Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығын дамыту мәселелерін жариялап-көрсеткені үшін «Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясы» шығармашылық ұжымына Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы жарияланды.