306
Баспана бірде арзан, бірде қымбат
Баспана бірде арзан, бірде қымбат
Қазақстан риэлторлар қауымдастығының хабарлауынша, елімізде тұрғын үй саудасы 20 пайызға артты. Пәтер саудасы, әсіресе, бас қала – Астанада қызып тұр. Ресми деректер мамыр айында елордада баспана алуға сұраныстың артқанын көрсетеді.
Қазіргі уақытта Астана қаласында ай сайын 2 мыңға жуық пәтер сатылады. Ал баспана сатып алушылардың 70 пайызы үйді ипотека арқылы рәсімдейді. Мамандар соңғы уақытта бизнес санатындағы пәтерлерге сұраныс артқанын айтады. Бағасы жоғары болғанымен, ол қауіпсіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етеді.
Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, мамыр айында елдегі тұрғын үй шаршы метрінің орташа құны 264 мың теңгеге артқан. Яғни, баға өткен жылға қарағанда 2 пайызға артып отыр. Баға Астана, Алматы, Атырау қалаларында біршама жоғарылады. Ал арзан пәтерлер Тараз, Петропавл, Қызылорда қалаларында тіркеліп отыр. «Ағымдағы жылы қаңтар-мамырда республика бойынша жаңа тұрғын үйлердің орташа сату бағалары 1,4 пайызға өсті. Мамыр айында жаңа тұрғын үй нарығындағы бір шаршы метрдің ең жоғарғы бағасы 335 613 теңге Астана қаласында тіркелді. Содан кейін Атырау қаласында 326 253 теңге және Алматыда 325 983 теңге», – дейді Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің бас сарапшысы Әсет Рашидов.
Дегенмен, Алматы қаласында соңғы 1,5 жылдан бері баспана бағасы өзгеріссіз сақталған. Кеңес заманында салынған үйлердің құны кейде құбылатын көрінеді. Ал жаңа салынып жатқан баспаналар нарығында пәтер құны бірқалыпты. Айтарлықтай өсім байқалмаған. Ал риэлторлардың сөзінше, Алматыдағы сауда-саттықтың азаюы – қалыпты құбылыс. «Алматыда сәуір айында келісімшарттар 42 пайызға көп болса, мамырда 10,7 пайыз деңгейіне кеміп кеткен. Бұл нарықта қалыпты құбылыс. Биылғы 5 айды былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда елде сауда-саттық 19,4 пайызға артты. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында қозғалыстың қалыпты екенінен хабар береді. Соның ішінде Астанада өсім 20 пайызға артқан», – дейді Қазақстан риэлторлар қауымдастығының вице-президенті Нина Лукьяненко.