ЕСКЕ АЛАМЫН САҒЫНЫП...

ЕСКЕ АЛАМЫН САҒЫНЫП...

ЕСКЕ АЛАМЫН САҒЫНЫП...
ашық дереккөзі

Ұстаз адал болу керек, адал емес адам ұстаз бола алмайды.

   

Бауыржан Момышұлы.

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің мәдениет бөлімінде әдеби қызметкер боп жүрген кезім. Мезгіл сәске түс. Редакцияға келген хаттарды оқып, бөлмеде жалғыз отырғам. Кенет ішке маңдайы жарқыраған, кең жауырынды, толық денелі, бойы ортадан сәл жоғары, жалпы болмыс-бітімі ешкімге ұқсай қоймайтын келбетті кісі енді. Парасатты, мәдениетті екені сырт тұлғасынан-ақ айтпай танылғандай. Мен орнымнан тұрып, қол беріп амандастым. Қарсымдағы орындыққа жайғасқан соң: – Темірғали Нұртазин деген ағаң болам, – деп сыпайы тіл қатып, өзін таныстырды. – Сендерге «Ескерткіш» деген әңгіме әкелген едім. Аясы кең ойлы жанарына, мейірімді жүзіне қызыға қараған мен: «Жақсы, қалдырып кетіңіз, аға» – дедім інілік ізет танытып. Ол кісі кетісімен «Ескерткішті» оқып шықтым. Дереу дайындап, терімге жібердім. Көп ұзамай ол газетімізде жарық көрді. Арада үш-төрт ай өткенде Темірғали аға редакциямызға тағы келді. – Бір әңгіме қалдырып кеткен сияқты едім, қарағым. – Оны, аға, іле-шала жарияла­ғанбыз. Қаламақысын үйіңізге салып та жібергенбіз. – Солай ма? Мен әлі жарық көрмеген шығар деп жүрсем. Рахмет, айналайын. Апайың маған қаламақы келді деп айтқан жоқ еді, – Сәл мысқылдай күлді. – Әйел деген халықты түсіну қиын. Бұл жолы біраз әңгімелесіп қал­дық. – Өзің не жазасың, қарағым. – Өлең. – Жатқа білесің бе? Бір-екеуін айтып көрші? – Мен мұны мүлде күтпеген едім. Не дерімді білмей абдырап қалдым. – Қысылма, қарағым. Амал жоқ, достарыммен Көк­шетауға қыдырып барғанда жазған «Оқжетпес» деген өлеңімді оқыдым. – Өлеңің ойға, сырға толы екен. Бәрінен образ бар, – деп Темірғали аға сүйсінген сыңай танытты. – Бір тақырып ап ізденсем, маған ғылыми жетекші болуға қалай қарайсыз, аға? – дедім жүрексіне. – Қарағым, қазақтың баласы оқимын, ізденемін, дамимын десе, мен қуанам, – деп Темірғали аға бірден келісімін берді. – Ескерер жай, зерттеу жұмысы өлең жазғаннан да күрделі. – Оны білем, – дедім еркіндеу сөйлеп. – Екінші курста оқып жүргенімде Мұхтар Әуезов ағаның қатысуымен Шымкент қаласында өткен ғылыми конференцияда «Абай образының кейбір жасалу ерек­шелік­тері» деген тақырыпта баяндама жасағаным бар. Баяндамада Пушкин, Грибоедов, Науаи, Тоқай, Шыңғыс хан туралы жазылған романдарға көңіл бөліп, ол туындылардағы кейіпкерлер бейнесінің жасалу ерекше­ліктерін Абай бейнесінің жасалу ерекшеліктерімен салыстыра қарастырған едім. Темірғали аға: – Мұның жақсы екен, – деп мырс етіп күлді. – Ол менің еңбегім емес. Мына бағытта зертте деп жөн сілтеген ұстазым Әбіш Байтанаев ағаның еңбегі, – деп едім: – Айналайын, ұстазыңды ұмытпағаның, еңбегін бағалағаның жақсы. Бірақ сенің әлгі тақырыбың бірнеше докторлық диссертацияның тақырыбы. Оған үлкен дайындық, көп уақыт керек, – деп біраз ойлана үнсіз қалып, қайта сөйледі. – Былай етейік, маған сен өзің оқып ұнатқан бір кітап жөніндегі ой-пікіріңді жазып әкел. Мен танысып шығайын. Содан соң кең отырып, асықпай әңгімелесейік. Араға екі апта салып, Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесі бойынша жазған 25 беттік зерттеуімді ағаға алып бардым. Үйіне жақындау, тып-тыныш көше жиегіндегі арқалығы жалпақ, көк орындыққа кеп жайғастық. – Ал, жазғаныңды оқы. Аға басын сәл төмен иіп, екі көзін жұмып, мені тыңдайтын сыңай танытты. Ішімнен: «Бұл кісінің мұнысы қалай? Бұл өлең емес, зерттеу ғой. Өзі оқымай ма? Өзі оқыса, ой-тұжырымдарымды жаңылмай, жіті түсінер еді» – деп таңырқап, көңілсіздене жазғанымды оқуға кірістім. Темірғали аға қалғып-мүлгіп отыр. Тіпті бір-екі рет ұйықтап кеткен адамға ұқсап, бір жағына қисайып, құлап қала жаздады. Зерттеуімді оқып біттім-ау әйтеуір. Таң қалғаным, мені өте ұқыпты, мұқият тыңдапты. Ой-тұжырымдарымды жөнді аңғармай қалады-ау деген қаупім мүлде бекер боп шықты. Маған мойнын бұрмай, қырын қарап отырған күйі пікірін ортаға салды. Бұлай жазуға да болады, жазып та жүргендер бар. Алайда бұл секілді шығарма мазмұнын айта отырып, талдау әдісі кісіні жалықтырады, әрі көп сөзділікке ұрындырады. Шығарма мазмұнын қайталаудың қажеті жоқ, оны оқырманның өзі де біледі. Сен жұртқа өз бағаңды, ғылыми қорытындыңды ұсын. Соны талдап, дәлелде. Пікірің қысқа, тұжырымды болсын. Мысалы, М. Горький «әр­тектілер әдебиетке түк берген жоқ» деген. Тарата қарастырсаң, оның әлгі сөзінде қойнау-қойнау сыр жатыр. Тіпті әлденеше зерттеу кітабын да жазуға болады. – Маған ешкім бұлай бағыт берген емес, – дедім мен қысыла тіл қатып. – Сын пікірің ұнады. Сол тұсты қайта оқышы? Мен қайта оқыдым. «Дүйсен образы мінсіз образ. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірейік. Шала сауатты Дүйсеннің мұғалім болып, бала оқытуы, ескі ат қораны бір өзі сылап, оны мектепке айналдыруы, дүлей қара күшпен жекпе-жек, қаймықпай алысуы, жеңіп шығуы, боранда қалып, ауылға аман келуі, шәкірті Алтынайдың академик болуы, жаңа мектептің Дүйсеннің атымен аталуы – міне, осының бәрі романтикалық құбылыстар. Реалистік шығармалардың кейіп­керлері басында жетістігімен қатар кемшілігі де, аңдаусызда қалт бас­қан тұстары да көрініп отырады. Сондықтан олар мінсіз емес. Мысалға, Павел Корчагинді алайық. Ол батыр, патриот болғанымен тәртіпке жоқ. Бірінші Атты әскер армиясында қызмет етуді ойлап, ешкімнің рұқсатынсыз, өз еркімен сол жаққа өтіп кетеді. Денсаулығына көңіл бөлмейді. Мұндай кемшілік Сережа Тюленин бойынан да табылады. Дүйсенде мін жоқ. Ұнамды кейіпкер халықпен бір болуы, оның бар арман-мүддесі, сенім-мақсаты, қайрат-күші жаңаның салтанат құруы үшін жұмсалуы қажет десек, дәл сондай қаһарман Дүйсен. Әйтсе де оның мектеп ашуда жиналған топ ішінен бірде-бір адамнан қолдау таппауы бізді ойға қалдырады. Жазушы бұл тұсты тым әсерлендіріп жіберген бе, қалай? Әлде Дүйсеннің асқақ әрекетін әдейі ерекше етіп көрсеткісі келген бе? Жиналған топты қанша надан, қараңғы деп кінәлағанмен де олардың ішінен бір жөн білетін, келешекке көз жібере алатын адамның шынымен табылмағаны ма? Тарихи шындыққа жүгінер болсақ, Қазан төңкерісінен бұрын да халық бала оқытуды жек көрмеген. Тек оған қолы жетпей, құр армандап келген. Кедей-кепшіктің өзі бар жиған-тергенін жұмсап, баласын молдаға берген. Тіпті Дүйсен әрекет еткен сол кездің өзін көз алдымызға елестетер болсақ, онда білімге жан сала ұмтылған талай жанды көреміз. Біздіңше, жазушы Дүйсен образын халықтан бөле-жара суреттемеуі керек еді. Мейлі, жиналған топ Дүйсенді бастапқыда қолдамады, оның бойындағы жалын атқан идеяны түсінбеді делік, соңынан Дүйсеннің ұлы әрекеттерін көргеннен кейін оны түсінуі, тым құрыса сырттай сүйсінуі керек емес пе? Жасыру қажетсіз, жазушы Дүйсен бейнесін асқақ романтикалы бейнеде суреттеймін деп оны халықтан алыстатып алған. Суреткер халықты надан, сауатсыз етіп көрсеткенде не ұтпақ? Бәрінен де ауыл адамдарының көз алдарында тырбанып жүрген Дүйсен әрекеті арқылы өзгелеріне істелініп жатқан қамқорлық, жақсылыққа соқыр-мылқауша, тас кереңдерше бедірейіп, үн қатпай қатып қалғаны несі? Бұл шындыққа сия ма? Қыстың күні мұзды суды жалаңаяқ кешіп, мектепке барып жүрген балалардың ата-аналары қайда? Олардың өз балаларына жаны ашымай ма? Осы тұсқа жеткенде Темірғали аға мені тоқтатып: – Зерттеуді осы бағытта, ой-пікіріңді бұдан да ықшамдап, жинақтап жүргіз. Мақтағаным емес, сен жақсы еңбектенеді екенсің, қарағым. Бұл қарқынмен диссертацияңды бес-алты айда-ақ жазып бітіресің, – деді қуанып. – Кейбіреулер былай жаз деп айтып бергеніңнің өзін түсінбей шаршатады. Ішімнен: «Аға, мені жігерлендіріп, сенімімді арттыра түсейін деген мақсатпен жорта мақтап отыр-ау» – деп ойладым. Бертін келе жиі жолығып, әңгімелесе жүріп ұққаным, ағаның білімі телегей-теңіз екен. Алдында еркін сөйлеуге қысыла түсетін болдым. – Соңғы шыққан кітаптардың озығы бар ма? – деп сұрайды. Содан жаңа жарық көрген шығармаларды бас көтермей оқитын әдет таптым. Пікірлесе қалған сәттерде үлкен суреткерлеріміз Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин шығармалары жөніндегі жазған ой-пікірлері, тұжырым-қорытындылары ағаның көл-көсір білімінің шет жағасындай болып сезілетін. Тағы бір таң қалғаным, ол кісінің бір рет те білгішсінген кезін көрген жоқпын. Реті, орайы келгенде Чеховтың, Гогольдің кейіпкерлерінің күлкілі сөздерін әңгіме арасына шебер кірістіріп, жұртты күлкіге көметін. Халық ақындарының, Абайдың, Гетенің, Лермонтовтың, Маяковскийдің, Қасымның, Исаның өлеңдерін күтпеген жерден жатқа айта беретін. Мені, әсіресе, ағаның шет ел, орыс әдебиетін көп білетіні қайран қалдыратын. Бірде: – Жетімдіктің кесірінен білімім таяз, соған өкінем, – деп едім: – Ол түзелмейтін мін емес, әңгіме ықылас-талапта. Ықылас-талабың болса, әлі-ақ бәрін жеңесің, – деп жұбатты. Уақыт таңғы оннан өткен кез еді. Темірғали аға жұмыс орныма телефон соқты. – Не жаңалық бар, қарағым?  Хал-жай біліскен соң: – Қазір уақыт тауып кафедраға келе аласың ба? Бір аспиранттың диссертациясы талқыланбақ еді, – деді. Бардым. Бұл менің мұндай жиынға бірінші қатысуым. Диссертантқа әртүрлі пікір айтылды. Соңына таман Темірғали аға сөйледі. – Теріні уқалай берсек, тесіп аламыз, – деп еді, жұрт ду күлді. – Ғажап таң қаларлық нәрсе, дәрігерлер сау адамды «отрицательный», ауру адамды «положительный» деп бағалайды екен. Күлкі қайтадан үдей түсті. Қазір ойласам, Темекең сонда жұртқа талап деңгейінен аспайық деген ойын әзілмен астарлап жеткізіпті. …Ертеңгілік мезгіл. Қызметке келген бетім еді. Телефон шылдыр етті. – Сенсің бе, қарағым, не жаңалық? – деген Темекеңнің әуезді, қоңыр дауысы есітілді. – Іссапармен барған жеріңде мал шығыны жоқ па? Егін қалай екен? Дұрыс, шығын жоқ, егін көп болса, елдің ырысы ғой. Ал, қарағым, уақыт тауып үйге келіп кет. Жұмыс аяғында бардым. – Адам деген ұлым үйленді, – деді аса қуана күлімдеп, елжірей үн қатып. – Өзі еңбеккер, жақсы жігіт. Мен құтты болсын айтып ем, аға орнынан тұрып, қолын ұсынды. Қазір ойласам, ол кісі сол сәтте әкелік қуаныш құшағында шексіз тербеліп, толқыған екен. – Айналайын (бұл ол кісінің аса көңілденгенде айтатын сөзі), сені осы ұлымның үйлену тойына шақырамын. Келін екеуің келіңдер. Ол кезде айлығым шамалы. Қалада тұрамын, балаларым жас. Тойға қанша сом апарғаным дұрыс? Ары ойлап, бері ойлап, 50 сом апармақ болдым. Бұл ойымды досым Мүслім Дайырбековке білдіріп едім, ол: – Мұның ұят болады. Мен 200 сом берейін, соны апар, – деді. – Онда тойға екеуміз барамыз. – Мейлі. Той ағаның үйінде өтті. Оған Сәбит Мұқанов, Олжас Сүлейменов, Ғарифолла Құрманғалиев секілді ағалар қатысты. Алғаш күтпеген қолайсыз жағдай кездесті. – Әй, Темірғали, белгіленген мерзім әлдеқашан болды. Тойды неге бастамайсың? – деп Сәбит ағаның үйіндегі Мәриям апай ескерту жасап еді, Темекең: – Қазір, сәл сабыр етіңіз, – деп күйгелектене мені иегімен көрші бөлмеге шақырды. Оңаша шығысымен: – Қарағым, қатты қобалжып тұрмын. Асаба келмей қалды, – деді. – Аға, қиналмаңыз, менің досым Мүслім асаба бола алады, – деп едім, Темекең қуанып: – Жақсы болды ғой, айналайын, – деп тез басып, залға өтті. – Мүслім қарағым, мына дастарқанды өзің басқар. – Босағаға жақын тұста отырған Мүслім шошып кетті. Оған алдын ала ескерткен жоқпыз ғой. Орнынан тұрып, екі қолын кеудесіне қойып: – Ағалар, кешірерсіздер, мен әдебиетші емеспін, тіс дәрігерімін. Сіздердің алдарыңызда аузыма жөнді сөз түспейді. Менікі «Көкірегім сайрап тұр, Құдай тілді байлап тұр» дегеннің кері, – деп еді: – Міне, сен дайын асабасың, – деп Сәбит аға белден басты. Қуанғаным, Мүслім дастарқанды тамаша басқарды. Бір дәлел. Олжастың жұбайына сөз берерде не бір тың теңеулерді қолданып, жеріне жеткізе дәріптеп, бұлбұлша сайрады. Олжас: – Әй, асаба жолдас, менің әйелімді мақтағанша, ана жас жігіттердің сұлуларын мақтасаңшы, – деп әзілдей күлді. Мүслімнің сезімі мен ғұлама ақынның сезімінің тең түскеніне іштей таң қалдым. Той үстінде марқұм әкемді қайта-қайта еске алумен болдым. Соғыстан ауыр жараланып келген ол кісі әріп танымайтын. Бірде салық жинаушы агент екі рет қол қойғызып, ақшасын алдап алыпты. Мұны соңынан білген әкем: «Қап, оқымағанымның кесірі-ай! Енді баламды басым жерге тигенше оқытам!» – деп армандайтын. – Айналайын әкетайым, сізге мың да бір рахмет. Мынандай үлкен ортаға араласуыма себеп болған сіздің: «Баламды басым жерге тигенше оқытам» – деген асыл арманыңыз ғой. Үмітіңізді ақтауға тырысам. Үлкен ортаға қосқан ұстазым Темірғали ағаны сізден кем көрмеймін» – деген тәрізді ой құшағында толқумен болдым. Әрі тұңғыш рет: «Ағаға ұқсап мен де ұлдарымды үйлендіріп, осылай той жасасам, төрімде халқымның қадірменді кісілері отырса» – деп тіледім. Арада бір аптадай уақыт өтті. Темірғали аға телефон соқты. – Қарағым, үйге келіп кете аласың ба? Сағатыма қарасам, он екі. Тамақ аңдығандай болмайын деп: – Түстен кейін, сағат төрт кезінде барсам, кеш болмай ма, аға? – дедім. – Кеш болмайды. Кел, күтем, келмей қалма. Айтқан мезгілде бардым. – Сен қалада тұрасың, төрт балаң бар. Қалада суға дейін сатулы. Үнемшіл болуың қажет. Әнеукүні өзің көрдің ғой. Ұлымның тойын үйімде өткізбедім бе? Мен, қарағым, орынсыз шашылып, төгілуді, даңғазалықты жек көрем. Төмен қарап ойланып: – Менің айлық табысым бес жүзден асып жығылады. Сенің айлы­ғың 90 сом емес пе? – деді жүзіме барлай қарап. Мен үндемедім. Басын жоғары көтеріп, маған жанарын тік қадап: – Екеуміз ренжіспейік, – деді қабағын түйіңкіреп. – Сен маған шыныңды айт. Шыныңды айтпасаң, екеуміз ренжісеміз. Әнеукүні тойға қанша сом әкелдің? Мен қатты тіксініп қалдым. – Аға, оның қажеті қанша? Ол тойгершілік қой. Сұсты, көңілсіз күйге енді. Ішімнен: «200 сомды азырқанып отыр-ау. Әй, қу дүние-ай. Бар болса, көбірек әкелер едім ғой» – деп қысылған үстіне қысыла түстім. – Айналайын, шыныңды айт. – Аға, кешіріңіз, мен ештеңе айта алмаймын. Екеуміз бір-бірімізге беріспей ұзақ отырдық. Ол кісіні бірте-бірте жек көре бастадым. Алдымда үлкен ғалым емес, түсі суық, жансыз жартас тұрғандай сезіндім. «Мені осынша қолайсыз жағдайға душар етіп, қинағаны несі?» – Өтінем, шыныңды айт, қарағым? Сен конвертті маған бермей неге жеңгеңе бердің? – Есік ашқан сол кісі болды. – Жеңгең сені 200 сом әкелді дейді. Сол рас па? – Рас. – Одан көп әкелген жоқсың ба? – Жоқ. – Мен жеңгеңе сенбей жүрдім. Сен, айналайын, ойлан. Мен сенен ешнәрсе дәметкен жоқ едім. Қайта келін екеуіңді үлкен ортаға аралассын, үлгі-өнеге алсын деп шақырған ем. Келінді ертіп келмедің. Оның үлкен кемшілік. – Аға, келініңіз жалғызілікті, бала-шағадан шыға алмайды. – Е, онда сөз басқа. Орнынан тұрып, ұйықтайтын бөлмесіне қарай кетті. Әлден соң қайта оралып, қасыма келді. – Айналайын, сен аспирантсың (мені көтермелей сөйледі. Шынды­ғында мен аспирант емес, іздену­шімін). Тойгершілік дегеніңе қосыла­мын. Ырым болсын деп маған 40 сом берсең жетеді. Мына 160 сомды өзің қайтып ал. –Аға! – деп мен қатты дауыстап жібердім. – Мұныңыз не? Мен алмаймын! – Аласың, әйтпесе, ренжимін. – Мен де ренжимін, аға. Бұрынғы қысылғаным қысылған ба, енді тіпті сасайын әрі намыстанайын дедім. – Айналайын, мені ренжітпей ал. – Аға, мұныңыз ұят. Бұл мені кемсіткеніңіз бе? Алмаймын, тойдан қайтсын, – дедім басқа сөз аузыма түспей. Кенет Темірғали аға ақ конвертті көйлегімнің омырау қалтасына сүңгітті де жіберді. Мен қарсылық ете алмай қалдым. Арада үш-төрт апта өтті. Ісса­пармен Балқаш ауданы Қарой сов­хозына барып кеп, бөлмемде мақала жазып отыр едім, телефон соғылды. – Ало, ә, сенсің бе? Неге хабарласпай кеттің, қарағым? – Іссапарда болдым. – Ә, онда дұрыс. Хабарласпағанға өкпелеп қалды ма деп едім. Барған жерің қалай? – Совхоз басшылары 900 сиырды ұшты-күйлі жоқ етіпті. – Мынау адам шошырлық екен. Бұл халық келешегінің тамырына балта шабумен бірдей ғой, – деп аға көңілсіздене тіл қатты. Ертеңінде үйінде болдым. – Қонаев нағыз ел ағасы ғой. Облыстарды аралаған кезде ылғи жұртты дүрліктіріп, әуре-сарсаңға салмау жағын көздейді екен, – деді елжірей күлімсіреп. – Осы мінез біздің көбімізге жете бермейді. Ең жаманы – көріп, біліп тұрып үлгі алмаймыз, үйренбейміз. Темірғали аға Адамнан туған немересін керемет жақсы көрді. Ол кейде жазу бөлмесіне сүріне-қабына, домалаңдай еніп келетін. Сондай сәттерде аға күлімсірей, мейірлене құшақ жайып, алдына алатын. – Алла-ай, өмір деген осы ғой. Айтқанын орындатпай қоймайды. Ырқына қалай көнбессің?! – деп тебірене толқып, тың ой-пікірлерді тоғытып айтып тастайтын. Жалпы, Темекең өмірдің кез келген құбылысына ой көзімен қарап, өз бағасын беріп отырушы еді. Солардың бәрін арнаулы аппаратпен ертеңді-кеш жазып алса, том-том кітап боларына шүбәм жоқ. – Зерттелмей жатқан қазынамыз көп қой. Басқалар өз алдына, Абайдың ұстазы кім болғанын әлі күнге біле алмай келеміз. Ұлықбектің ұстазы кім? Ол да белгісіз. Темекең бұл сөздерді бейне өзіне өзі көңілі толмаған жандай қинала, қабақ шыта отырып айтты. Бірде Мұхтар Әуезов туралы сыр шертті. – Мұхаң «сенің жағдайыңды түзейік» деп мені талай рет сөзге тартты. «Мұха, мұның қажеті қанша? Ол маған лайықсыз» деп мен келісім бере қоймадым, – деді. Кейін ұқсам, ол кісіге жағдайыңды түзейік дегені, академик етейік дегені екен. – Қоңыртөбел киініп жүр. Паустовский солай етеді. Байлыққа қызықпа, еңбектен асқан рахат жоқ. Мүмкіндігің болса, ой еңбегін дене еңбегімен алмастырып отыр, – деді бірде сөз арасында. Алдына тағы бір барғанымда: – Тұрар Рысқұлов туралы роман жазып біттім. Міне, мынау қолжазбам, – деді қалың ақ папкіні алдыма қойып. – Осыны оқып шықсаң, айналайын. Қолыңа қалам-қағаз алып, кемшілігі, көңіліңе ұнамаған жері болса, бетін көрсетіп, жазып отыр. Тоғыз жүз беттік романды ағаның үйіне күнде барып жүріп, бір жеті ішінде оқып шықтым. Ұнады. Жай емес, жан-дүниемді, ой-санамды дүр сілкіндіргендей әсер етті. Романда Қазан төңкерісі кезіндегі Түркістан халықтары өмірінің шындығы жаңа қырынан көрінеді екен. Әсіресе, Тұрар Рысқұлов бейнесі қайталанбас ірі тұлға биігінде бейнеленген. – Романыңыз жақсы екен, құттықтаймын, аға, – дедім әсер-сезімімді қысқаша жеткізіп. – Сен менің көңіліме қарап жақсы деп отырсың. Шыныңды айтшы, айналайын. – Шыным осы, аға. Рас, кей жерлерінде қайталаулар бар екен. Оны қаламмен белгілеп отырдым. – Тұрар адам таң қалар қайраткер, сұмдық іскер болған екен. Сталин Тұрарды түйіні қиын, орындалуы мүлде мүмкін еместей тапсырмаларды орындауға жұмсап отырған… Мен бұл кітаптың құжаттарын Ташкенттегі таныс өзбек ғалымдардан алдым. Олар бізге қарағанда пысық қой. Хрущев Мәскеудегі партия мұрағатына кіруге рұқсат еткен кезде тез қимылдап, көп нәрсені алып үлгеріпті. Ал біз әні барамыз, міні барамыз деп жүргенде, мұрағат қайта жабылып, аңқидық та қалдық. Әңгімемізді сырттан енген Ғазиза апай бөліп жіберді. Ол кісі саяжайдың кілтін іздеп, екі-үш сағат әуре болғанын айтты. – Бұдан былай беліңе байлап, не жамбасыңа тағып жүрсеңші. Плюшкиннен үйренетін кезің бола ма? Қиын жері – саған қарағанда оның кілті көп қой, – деді аға күліп. Бұл секілді әзілді ол кісі әрдайым келістіре, көкейге қона кететіндей етіп айтатын. Қандай жағдай болмасын өзін сабырлы, салмақты ұстайтын. Үйіне бара қалған кездерімде ылғи да жазу столы үстінде сол күнгі газет-журналдарда жарияланған түрлі мақалалардың қиындысы жататын. …Темекеңді ауруханадан үйіне әкелдік. Сом денесі еттен біржола арылып, кішірейіп кеткен. Өңі жүдеу. Төсегіне төрттағандап, еңбектеп барып, әрең жатты. – Қарағым, маған ренжи көрме. Енді үйге келдім ғой, диссертацияңды қорғауға болады деген пікірімді кешіктірмей жазып берем. – Аға, алаң болмаңыз, мен асықпаймын. Әуелі айығып алыңыз. – Ой, сен білмейді екенсің, мен жылдам жазам. Ол кісі орыс тілінде 8 бет пікірін қиналып, апта бойы жазды. Қолжазбасы өзімде сақтаулы. Апай телефон соғып: – Қарағым, сені ағаң іздеп жатыр, – деді. Жұмыстан сұранып, тез бардым. Аға мені көңілді қарсы алды. – Шәй әкел, – деп еді, апай бір шәйнек шәй, майға пісірілген жұқа шелпек әкеп, аласа стол үстіне қойды. Мен сәл дәм татқаннан кейін: – Рахмет, тойдым, – деп едім: – Қарағым, мынаны жеші, мынаны, – деп Темірғали аға шелпектің бірінен кейін бірін алдыма қарай ысыра берді. Қоштасып, жұмысыма келдім. Аға бір тапсырма айтатын шығар деп барғам, ештеңе айтпады. Ертеңіне апайдың телефоннан: – Ағаңнан айрылып қалдық, – деген жыламсырай шыққан мұңды дауысын естіп, тұлабойым мұздап кетті. Есімді жиып, тез жұмыстан сұрандым. Ағаның мәйіті салынған табыты университеттің ескі үйінің (қазіргі өнер институтының) фоэсіне қойылды. Әкем жаңа өлгендей көз жасыма ие бола алмадым. Менің қарсымда тағы бір жас жігіт жылап тұрды. Ол – Мұхтар Мағауин еді. Темекеңе бағышталып Құран оқылып, ас берілген соң Мұхтарға жолықтым. Темірғали аға туралы сыр шертістік. Ол: «Әкем ауылдан келген сайын маған Темірғали ағаңды қонақа шақыр», – деуші еді. – Екеуі түннің бір уағына дейін әңгімелесетін. Таңертең олар бірін-бірі қимай қоштасатын. Жарықтық әкемдей адам еді ғой», – деп ауыр күрсінді.

 

Мамытбек Қалдыбай, жазушы