ШЕНЕУНІК, АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛМА!

ШЕНЕУНІК, АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛМА!

ШЕНЕУНІК, АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛМА!
ашық дереккөзі
238

Гүлбиғаш ОМАР

Биылғы жаз маусымы мектеп түлектері үшін ғана емес, мемлекеттік шенеуніктер үшін де сынақ кезеңі болғалы тұр. Бір айдан бері мемлекеттік қызметкерлердің дені қолына Ата Заң мәтінін алып, билік құрылымдарына қатысты басты заңдарды қайта оқып, емтихан тапсыратын оқушы кейпіне түсіп, әуре-сарсаң.

Шенеунік біткенді оқушымен теңестірген – мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа реформаның әлегі. 

Мұны мемлекеттік қызмет атқару саласындағы кішігірім «төңкеріс» деп атауға да болар. Бірақ базбір сарапшылар бұл реформаның тиімділігіне күмәнмен қарайтыны жасырын емес. Қазірдің өзінде, «А» корпусына ену үшін қажетті талаптарды орындай алмағандар сыбайластықтың жаңа бір жолын табуға тырысып бағуда» деген әңгіме қоғамда желдей есіп жүр.

Әйтсе де, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов кеше Орталық коммуникациялар қызметі кеңсесінде өткен брифингте мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін анықтауға арналған тест нәтижелерінің шынайылығына сенімді екенін айтты. Ол биылғы тестілік сынақты осы жүйе алғаш енгізілген 1999 жылмен салыстырды. «Алғаш тест енгізілген кезде оның нәтижесіне әлдеқандай ықпал етуге талпыныстар болған, бірақ қазір тест нәтижесіне ықпал етуге ешкім тырысқан да жоқ, өйткені одан еш нәтиже шықпайтынына көздері әбден жетті», – деді төраға. 

Мамыр айының ортасында басталған «А» корпусына резерв ретінде тіркелуге талап білдірген үміткерлерді жаппай тестілеу науқаны осы аптада аяқталды. Оған «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» заң талаптарына сай біліктілігі бар, «А» корпусының кадрлық резервіне енуге ынталы кез келген азамат құжат тапсыруға құқылы. Осы құқықты пайдаланып, «А» корпусына сәуірдің 3-і мен мамырдың 3-і аралығында барлығы 1 984 адам құжат тапсырған. 

Осы уақыт аралығында www.kyzmet.gov.kz сайтында үміткерлердің тізімі, байқау тәртібі мен ережелері және тестті өткізу кестесі т.б. қажетті ақпарат күн сайын жаңартылып отырды.

Үміткерлер ҚР Конституциясы, «ҚР Президенті туралы», «ҚР Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы», «ҚР Үкіметі туралы», «ҚР мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы», «Әкімшілік шаралар туралы», «Нормативті құқықтық актілер туралы», «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау тәртібі туралы» заңдарына қатысты сұрақтарға жауап береді. Жоғарыда айтылған сынақтан өту үшін әрбір үміткер әр заң бойынша он сұрақтың кем дегенде жетеуіне дұрыс жауап беруі тиіс болатын.

Сонымен, бірінші тестіден сүрінбей өткен үміткерлер жеке қасиеттері байқату әрі басқаруға қабілеттері қандай екенін тексеретін, одан соң Равенна (логикалық вербалы емес) тестін, ең соңынан мемлекеттік тілді білу тестін тапсырды. Оның ішінде, шенеунік болуға ынталы азаматтың әдеп сақтау, қарым-қатынас жасау қабілеті, шынайы бәсекеге шыдас беру мінезі және жұмысты сапалы істеуге ұқыптылығы да сарапқа салынды. 

Президент «А» корпусына үміткерлерді іріктеу жұмыстарын 1 шілдеге дейін тәмамдауды тапсырған еді. «1 шілдеге дейін басқарушылардың жаңа корпусы жасақталып бітуі тиіс, оған қалалар мен аудан әкімдері де кіреді. «А» корпусына үміткерлерді қатаң тексеруден өткізуді тапсырамын. Олар халық пен мемлекет мүддесіне адал, кәсібилігі жоғары қызметкерлер болуы тиіс», – деді Елбасы.

54 аудан және қала әкімі тестіден өте алмады

Реформа енді басталғандықтан, оның тиімділігі немесе нәтижесі туралы айту әлі ерте. Әзірге белгілі болғаны, «А» корпусына іріктеу сатысы көптеген лауазым иелерінің өз кәсіби міндетіне тікелей бар мәселелерге шорқақ екенін байқатты. Мысалы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік таратқан мәліметке сәйкес, қызмет лауазымдары бойынша «А» корпусына өткен 511 шенеунік байқауға қатысу үшін құжат тапсырған. Олардың 155-і немесе 30 пайызы қажетті дәрежеде біліктілік көрсете алмады. 

 «А» корпусына жататын қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметкерлердің 30 пайызы тестіден өте алмады» дейді агенттік төрағасы Ә.Бәйменов. Сынақтан сүрінгендердің ішінде бір жауапты хатшы, екі облыс әкімі аппаратының жетекшісі, сегіз комитет төрағасы, жиырма ревизиялық комиссия төрағалары мен мүшелері, 54 аудан және қала әкімдері бар. Тіпті Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің тәртіптік кеңесінің екі бірдей төрағасы да бұл сыннан өте алмапты.

Жалпы алғанда, бір ай ішінде тестілік іріктеуге 1787 үміткер қатысқан. Оның 499 «А» корпусына, ал қалғандары басқа мемлекеттік қызметтерге кадрлық резервке тіркелуге өтініш білдірген. Құжат тапсырған 357 адамның мемлекеттік қызметте қандай да бір тәжірибесі жоқ екені анықталған. 

Үміткерлердің 62,9 пайызы, яғни 1124 адам тестіден сәтті өтсе, 37,1 немесе 663 адам қажетті деңгейде білімін көрсете алмады. Сынақтан сүрінбей өту үшін, оларға кем дегенде 70 сұрақтың дұрыс жауабын көрсетуі тиіс болатын. 64 азамат сынақ тапсыруға мүлде келмей қалған. Тек 15 адам заңнаманы білуге қатысты 100 сұрақтың 100-іне де дұрыс жауап беріпті.

Біліктілік деңгейін көрсете алмағандар 26 қыркүйектен соң атқарып жүрген қызметтерінен босатылуы тиіс. Олар «Б» корпусына өтіп, мемлекеттік қызмет атқаруды одан әрі жалғастыруы мүмкін.

«Осылайша, тестілеу қорытындысы бойынша «А» корпусының кадрлық құрамы кем дегенде үштен бірі жаңартылады деп қорытынды жасауға болады», – деді Ә.Бәйменов.

Ә.Бәйменовтің айтуынша, облыс басшылары қарамағындағы аудан, қала әкімдерінің сынақтан абыроймен өтуіне мүдделі болған. Сондықтан да «Кейбір басшылар аудан әкімдерін бір аудиторияға жинап, бір-екі күн бойы дайындық өткізді», – деді ол. Сонда да аймақтық басшылардың біліктілік деңгейі көңіл жұбатарлықтай емес. Жалпы саны 50-ден аса аудан және қала әкімдері тестіде қажетті балл жинай алмағаны осыны аңғартса керек.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы «Біз әлі терең талдау жұмыстарын жүргізіп үлгірген жоқпыз» десе де, Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында ғана барлық аудан және қала әкімдерінің сыннан сүрінбей өткені белгілі болды.

Бұған дейін кейбір ақпарат құралдарында қай облыста қанша әкімнің тестіден өтпегені жайлы мәлімет жарияланған болатын. Бәйменов мырза бұл мәліметтерді әзірге растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Оның айтуынша, «аймақтар бойынша ақпараттық талдау енді жасалады».

«А», «Б»…

Жалпы, қазіргі таңда республикадағы мемлекеттік қызметкерлердің жалпы саны 86 887. Халықтың саны 16,8 миллион болғанда, біздің елде бүгінгі таңда орташа алғанда әр 194 адамға 1 шенеунік бар. 

Оның ішінде 3272-і – саяси қызметкерлер. Елбасы наурыз айында саяси қызметкерлер санын сегіз есе қысқарту қажеттігін айтты. Ендеше, олардың саны 538 адамға дейін азаюы мүмкін. Бірақ кейбір азаматтардың саяси қызметтен «А» корпусына өтуін де жоққа шығара алмаймыз.

Мемлекеттік қызметкерлердің 55,7 пайызын әйел азаматтар құрайды. Басқаша айтқанда, елде 48 378 әйел шенеунік бар. Ал саяси қызметкерлер арасындағы әйелдер үлесі 10 пайыз ғана. 

Соңғы үш жылда шенеуніктердің орташа жасы 38-39 аралығында делінеді. Ал саяси қызметтегілердің орташа жасы 50-ге жақын екен. Әйтсе де, елдегі кадр саласында «жасару» бары байқалады: мемлекеттік қызметтерде жастар қатары артты. Олардың 24,6 пайызы жасы 30-ға да толмаған. 

Жыл басында мемлекеттік қызметке конкурс республика бойынша орта есеппен бір орынға 5 адамнан болған. Ал қазіргі таңдағы байқау бір орынға екі адамнан келетінін көрсетті. 

Наурыз айының басында Президент мемлекеттік қызметкерлер лауазымдарының тізімін бекіткен болатын. Әкімшілік мемлекеттік қызмет енді «А» және «Б» корпусына бөлінді. «Кәсіби басқарушылар корпусы жасақталып жатыр. Саяси мемлекеттік қызметкерлер саны сегіз есе азаяды – мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары қалады. Министрлер мен жауапты хатшылардың, әкімдер мен аппарат жетекшілерінің лауазым құзыреті нақты бекітілетін болады. Министрлер мен әкімдер кадрлық мәселелер мен бюджет қаржысын бөлуге бас қатырмай, салалық сая­сатты жүргізумен және аймақтарды дамытумен түбегейлі айналысуы керек» деп кесіп айтты Елбасы.

Осы тұста саяси қызметкерлер мен «А», «Б» корпусы санатындағы лауазымды қызметтердің ара-жігін анықтап алу керек. 

Саяси қызметкерлер санатына премьер-министр мен оның орынбасарлары, мемлекеттік хатшы, ҚР Презиенті әкімшілігінің жетекшісі мен оның орынбасарлары, ҚР Конституциялық кеңестің төрағасы мен мүшелері, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, оның орынбасары, хатшы мен мүшелері, ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, ҚР Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы, Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын Есеп комитетінің төрағасы мен мүшелері кіреді. 

Сондай-ақ ҚР Президенті кеңсесінің басшысы мен оның орынбасарлары, ҚР Президентінің көмекшілері мен кеңесшілері, ҚР Президентіне тікелей бағынатын мемлекеттік орган жетекшілері мен оның бірінші орынбасарлары, министрлер мен олардың орынбасарлары, облыс әкімдері, астана және республикалық маңызы бар қала әкімдері мен олардың орынбасарлары да осы санатта. 

Бұдан басқа ҚР Елшілері, Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі мен оның орынбасарлары, адам құқығы жөніндегі, ҚР Президенті әкімшілігінің басқа да құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері мен олардың орынбасарлары да осы тізімде. 

Сондай-ақ Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар жетекшілері мен олардың орынбасарлары, ҚР Президентінің арнайы өкілдері, ҚР Президенті мұрағатының директоры мен оның орынбасарлары, ҚР Бірінші Президенті мұражайының директоры мен оның орынбасарлары, «Орталық коммуникациялық қызмет» директоры мен оның орынбасарлары, ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі аппаратының жетекші­лері мен олардың орынбасарлары, ҚР Президент әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік инспекторлары, облыс орталықтары болып табылатын қала әкімдері, ҚР Президентінің іс басқарушының медициналық орталығы жетекшісі мен оның орынбасарлары саяси қызметкерлер тізімін толықтырады.

Ал «А» корпусы санатындағы мемлекеттік қызметтер тізіміне мемлекеттік органдардың аппарат жетекшілері, жауапты хатшылары, комитет төрағалары мен қала және аудан әкімдері жатқызылды.

Бұлардан басқа мемлекеттік қызметтердің бәрі «Б» корпусының еншісінде.

«А» корпусына қажетті кадр резервін ҚР Президент әкімшілігінің жетекшісі мен оның орынбасары, премьер-министрдің орынбасары, Сенат пен Мәжіліс төрағаларының орынбасарлары, және Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік өкілдерінен құралған Ұлттық комиссия жасақтайды.

Кеше ғана тестіден өтіп, көңілдерін бір демдеген үміткер-шенеуніктер енді Ақ Ордаға Ұлттық комиссиямен әңгімелесу сынағына шақырылмақ.

Сонымен, «А» корпусындағы шенеунік құрамы қыркүйекте жаңа есімдермен толығуы әбден мүмкін. Бірақ биылғы сынақтан сүрінбей өткен мемлекеттік қызметкерлер енді дүркін-дүркін сынға түсуге мойынсұна бергені жөн. Өйткені ендігі талап бойынша «А» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі жыл сайын бағалау жүйесі арқылы тексеріліп отырады. Ал әкімдер үшін бұған қоса рейтинг жүйесі енгізілді.

«Мемлекеттік қызметте ең лайықты тұлғалар ғана қалуы тиіс», – деді Президент.

Сондықтан, шенеунік, арқаны кеңге салма! 

Астана 

Серіктес жаңалықтары