Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығына орай, мегаполисте «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында төрт жаңа білім ордасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жаңа мектептер Алатау, Медеу және Наурызбай аудандарында орналасқан. Онда жалпы 8 000-ға жуық оқушы білім алады.
Оқу кабинеттері заманауи жиһазбен, интерактивті тақталармен және мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған. Химия, физика және биология пәндеріне арналған зертханалар тәжірибелік сабақтар өткізуге толық мүмкіндік береді.
Әр мектепте кең спорт және акт залдары, кітапхана мен медиатека, үйірме бөлмелері мен демалыс аймақтары бар. Асханалар жаңа технологиялық құралдармен жабдықталып, тағам дайындаудың толық циклі қамтамасыз етілген.
Ғимараттар қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына сай салынған: бейнебақылау жүйесі, өрт дабылы және кіруді бақылау жүйелері орнатылған. Мектеп аумақтары абаттандырылып, көгалдандырылып, жарықтандырылған.