Республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» автожолының (253–254 шқ) 3-ші бөлімше елді мекенінен қалаға кіреберіс аралығындағы учаскесінде заманауи жарық бағаналары орнатылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жұмыстар 2025 жылғы қазан айында аяқталып, пайдалануға берілді. Енді Талдықорғанға барар жол жарық әрі қауіпсіз болды.
Жарық жүргізушілерге түнде тек жайлылық қана емес, сонымен қатар жол апаты қауіпін айтарлықтай төмендетуге сеп болмақ. Бұл – ел бойынша автожолдарды қауіпсіз әрі жайлы ету жолындағы тағы бір қадам.
Биыл жолшылар «Сарыөзек – Көктал», «Талдықорған – Ұшарал» және «Қонаев – Талдықорған» бағыттарындағы учаскелерде жарық жүйелерін монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық жұмыстарды 2025 жылғы 15 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған.
Жолдағы әрбір жанған шам – мыңдаған жүргізушінің қауіпсіздігіне, сенімділігіне және тыныштығына қосылған үлес.