ЕЛІ ҮШІН ТУҒАН ЕР ЕЛІ ҮШІН ТУҒАН ЕР

ХХ ғасыр басында Ресей отарындағы қазақ жұртын азаттыққа жетелеген Алаш зиялылары туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Бұл үрдіс отарлық құрсауда болған халықтың бодандықтың бұғауындағы бүкпеншекті азат елдің еркін санасына айналдырудағы күрделі жұмыстардың бірі деп танимыз. Себебі бірнеше ғасыр отар болған елдің тәуелсіз елге айналуы жарияланған акт арқылы біте салатын жұмыс емес. Ол үшін ұлттың тарихын жазу, кем-кемтігін түзеу, рухани қазынасын түгендеу сынды жұмыстарды «белден кеше» отырып жүргізу қажет. Сондықтан Алаш зиялылары туралы жарияланып жатқан көп еңбектер қатарын туған елдің жаңа бағдарының шындығынан туындаған заңды құбылыс, отаршылық зардабын саралаған замана сазына лайық үрдіс деп бағалауға болады. 

Алдымен Ресей империясының, кейін кеңестік қызыл империяның боданында болған қазақ жұртына отаршылдық саясаттың қандай зияны болды, сонымен қатар ұлттың дамуына қандай прогрессивті бағыттағы пайдасы болды ма, болса ол қандай жағдайдан көрініс тапты деген сауал­дарды үнемі назарда ұстап отыру қажет. Бұл тұста күйзеліп айтылар ойдың да, тауы шағылған пайымдардың да, қоштап-қолдаған пікірлердің де таразыға түсер салмақтары бар екені айқын. Арғы ғасырларды айтпағанда, кешегі ХХ ғасырдағы отаршылдық кезеңде қазақ халқының бодандық саясаттан тартқан трагедиясы, көрген азабы қас жауыңа да тілеместей сипат алғаны мәлім. Егер дүниедегі ең зор байлық адам және оның бостандығы мен құқықтары екенін мойындасақ, қазақтың отаршылдықтан көрген құқайы жан түршігерлік: 1932-33 жылдардағы жаппай ашаршылық, ұлт зиялылары мен олардың отбасын саяси қудалау, репрессия, концлагерлердің құрылуы, қазақ жеріне өзге ұлттардың күшпен қоныс аударуы, ұзақ жылдар бойы әскери-ядролық сынақтар өткізу… 

Бұл «Жеті басты жалмауыз-тажалдың» құрбандығына қазақтың мыңдаған, тіпті миллиондаған азаматтарының өмірі шалынды. Жаныңды күйзелтетін қасірет те, көкірегіңді өртейтін өкініш те – осы трагедия. 

«Қайғыны бөліссең – азаяды, қуанышты бөліссең – көбейеді» дегендей, отаршылдық зардабынан туындаған қасіретті айта отырып, жұртты бодандық кезеңнен қалған бойкүйездіктен түбегейлі арылту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі деп ойлаймыз.

Кешегі кеңес құрамында болған Орта Азия республикаларының ішінде Қазақстан ең көп қуғын-сүргінге ұшыраған ел еді. Қазақтың кең көңіліне сай дархан даласында орталықтың жазалау машинасының «атқарған істері» өлке ерекшелігіне қарай әр түрлі болды. Репрессия машинасы республиканың орталық немесе ірі қалаларында, болмаса жергілікті халықтың сауаты біршама жоғары болып келетін өлкелерде «ерекше жұмыс» жасады. Қазіргі Ресей құрамындағы, ал өткен тарихта қазақтың ежелгі қоныстары болып саналған Астрахань, Орынбор, Омбы сынды өлкелер ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ел жадында қазақ жерінің құрамдас бөлігіндей болып танылды. Өкінішке қарай, аталмыш өлкелердің кеңес тұсындағы тарихы дала өлкесінен тыс жерлер болғандықтан болар, қазақ зерттеушілерінің назарынан тыс қалып келеді. Ал Ресей тарихшылары «өткен тарихтағы қазақ факторына» мүлдем назар салмайды. Қазақстан Респуб­ликасынан тыс жерде туып-өскен көптеген қайраткер қазақ азаматтарының есімдері өздерінің жаңа зерттеушілерін әлі де күтуде деп санауға болады.

Сталиндік жүйенің қуғынына қатты ұшыраған қазағы қалың аймақтың бірі – қазіргі Ресейдегі Омбы өлкесі. Бұл өңірден, әлі толық анықталмаған есеп бойынша, мыңға жуық қандастарымыз саяси қудалауға ұшыраған. Жазалаушы машинаның бұл өлкеге «тырнағын қатты батыруының» өзіндік себептері бар еді.

Біріншіден, Ақмола облысының Омбы уезі, 20-жылдары Қазақстанның ағарту министрі болған, аталған өлкенің тумасы, Алаш қозғалысының көрнекті тұлғасы Смағұл Садуақасұлының айтуы бойынша, Далалық өлкенің ішіндегі ең сауатты аймағы еді. ХХ ғасырдың басында және кеңес үкіметінің алғашқы құрылған жылдары Омбы қаласы – ұлттың зиялы қауымның басы қосылған, олардың азаттық жолындағы күреске шыңдалатын білім мен мәдени һәм саяси орталығы болатын. Алаш қозғалысының көсемдері мен қазақтың көрнекті тұлғаларының басым көпшілігі осы Омбы өлкесінде туды, білім алды, ұлтына қызмет етті. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Айдархан Тұрлыбаев, Отыншы Әлжан, Райымжан Марсеков, Ережеп Итбаев, Сейілбек Жанайдаров, Асылбек, Мұратбек және Мұсылманбек Сейітовтер, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Көшке Кемеңгер, Дінше Әділов, Смағұл Садуақасұлы, Ғаббас Тоғжанов, Жұмат Шанин, Әбілқайыр Досов, Бекмұхамед Серкебаев, Қартқожа Тоғанбаев, Бірмұхамед Айбасұлы, Әміре Исин, Мұхтар Саматұлы, Мұқан Айтпенов, Көлбай Тоғысов, Нығмет Нұрмақов, Шаймерден Әлжанов, Ғазиз Айтпаев, Қапез Ташанов және тағы басқалар бар еді. Бұлардың барлығы ағартушылық салаға, өлкедегі халықтық-демократиялық қозғалысты нығайтуға, сонымен бірге туған ел тарихын ғылыми зерделеуге елеулі үлес қосқан тұлғалар.

Екіншіден, мұнда ұзақ уақыт, тіпті 1930 жылдарға дейін, Омбы қаласы мен Омбы уезінің солтүстік-шығыс бөлігін көрші автономиялы Қазақстан құрамына қосу идея­сы «кезіп» жүрді. Бұл – большевиктердің жазалаушылық қысымын күшейтуге ерекше бір түрткі болған жағдай.

Үшіншіден, ХХ ғасырдың басында Омбы өлкесіндегі қазақтар арасында мал шаруашылығымен айналысқан өте бай, дәулетті отбасылар қатары көп болды. Статист Ф.Щербина экспедициясының есебі бойынша, 1901 жылы мұнда 800-ге жуық ауылдағы шаруалардың небәрі 3%-ға жуығы ғана егіншілікпен, ал қалғандары мал шаруашылығымен айналысқан. Соңғыларының басым бөлігі көп мал ұстайтын шаруалар болған. Таптық идеологияны желеу еткен большевиктер билігінің қуғынына алдымен солар ілінді. 

Қазақтың ежелгі қоныстарының бірі, тарихы мен сыры терең Омбы өңірінде ел-жұртқа танымал тұлғалардың қатары да мол. Осы өлкенің тумасы, елі мен ұлты үшін құрбан болған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің бірі – Темірболат Мұхамеджанұлы Телжанов. Ол 1898 жылы Омбы қазақтарына танымал, атақты отбасылар әулетінде дүниеге келеді Кіндік қаны тамған жері – Омбы қаласының маңындағы Қаникей мекені. Атасы Телжан – керей руының бұрас-құрман атасынан шыққан белгілі болыс. Омбының байырғы тұрғындары арасында оның есімі күні бүгінге дейін құрметпен аталады. Патша үкіметі Ақмола облысының аумағында екі жылдық орыс-қазақ мектептерін аша бастағанда, мұсылманша сауаты бар Телжан болыс 1906 жылы Ақмола әскери губернаторына өзінің жерлестері үшін осындай мектеп ашуына өтініш жасайды. Мектепке өз үйін ақысыз береді. 

Темірболат Телжанов жастайынан Омбы өңірі Ертіс бойының қазақтары арасында қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласады. Бастапқыда, Омбы өңірінің көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары секілді, ол да Алаш халықтық-демократиялық қозғалысқа қатысады. Кеңес үкіметі тарапынан Алаш партиясының мүшелеріне сая­си рақымшылық жасалғаннан кейін, Т. Телжанов кеңестік-партиялық ұйымның жұмысына ауысып, 1919 жылы 21 жасында большевиктер партиясына кіреді. Жалынды, жігерлі жас қайраткер 1919-1921 жылдар аралығында Сібір БКП бюросының (б) ресми органы «Кедей сөзі» газетінің редакциялар алқасына мүшелікке сайланады. Бұл туралы кеңестік зерттеушісі В.Познанский былай деп жазды: «Сібір бюросы ОК РКП (б) «Кедей сөзі» газетінің редакциялар алқасын құру мәселесін шешу барысында, белгілі коммунистер Ғ.Тоғжановпен қатар Сібір облыстық татар-қырғыз бюросы РКП (б) ұйымдастырушылары атынан Т.Телжанов, сондай-ақ алқа құрамына партияда жоқ белгілі қазақ ағартушысы М.Жұмабаев сайланады. Сібір революциялық комитеттің тапсырмасы бойынша М. Жұмабаев, Ғ.Тоғжанов, Т.Телжанов, Б.Айбасов, Б.Серкебаев, Х.Кемеңгеров, Фазылов, М.Сейітов және Х.Какеновтармен бірге Омбыдағы жергілікті халыққа Қырғыз Республикасы туралы жан-жақты ақпарат беруші әдеби топты қалыптастырды». 

«Кедей сөзі» газетінде Т.Телжанов жаңа мектептер ашу қажеттілігі мен қазақ балаларын жоғарғы оқу орнына түсіру жайы, өлке тарихын зерттеу, ұлттың үйлену мен жерлеу ғұрпындағы бірқатар ескірген тұстарды жою туралы, жергілікті мал тұқымдарын жетілдіру сынды көкейкесті мәселелерге арнап көптеген мақалалар жариялайды. Газетті аптасына бір рет шығару жоспарланады, алайда ол айына бір рет шығарылып тұрады. Осы тұста аталмыш газеттің беттеушісі қазақтың атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы болғанын айта кету керек.

1921 жылы Т.Телжанов Омбы губерниялық атқарушы Президиумының мүшесіне сайланып, Сібір революциялық комитетіне қарасты ҚАССР Өкілдігінің ресми баспа органы «Бостандық туы» газетінің редакторы қызметін қоса атқарады. 1922 жылы ол ҚАССР орталық атқару комитетінің екінші шақырылымының мүшесі, тап осы жылы өлкенің баспа басылымдарының ішіндегі беделді «Еңбекші қазақ» газетінің (бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті) бірден–бір ұйымдастырушысы әрі бас редакторы болады. 

Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары, яғни 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Т.Телжанов Қазақстанда аш-жалаңаш жұртқа көмек беру жөнінде төтенше уәкіл қызметін атқарады. Ал 1923-1924 жылдары ол Ақмола губерниясы сотының мүшелігіне тағайындалады, сонымен бірге Сібір бюросына БКБ (б) қарасты Сібір облыстық қырғыз-татар бюросының Сібір жастары арасындағы комсомол ұйымын жасақтаушы қатарында табылып, елге белгілі саяси басшы ретінде танылады.

Үкіметтегі қызметті атқара жүріп Т.Телжанов Омбыда білім алып жүрген қазақ студенттерінің жерлестер ұйымын құру жұмысына да қызу атсалысады. Ол іргетасын қалаған ұйым Омбы қаласында әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Жастардың үлкен қамқоршысы болған Т.Телжанов қазақ даласының әр аймақтарынан келіп, оқуда және қала тұрмысында қиындыққа тап болған жастарға, әсіресе, оқу жылының бірінші жылында көп көмек жасайды. Ол қаладағы қазақ жастарының арасында қоғамдық-маңызды іс-шараларды ұйымдастырады. Темірболат Телжановтың қайраткерлігі туралы Қазақстандағы танымал суретшілердің бірі, кезінде Омбыда білім алған Әубәкір Исмаилов өз естеліктерінде былай деп жазады: «Омбы қаласының оңтүстік-шығыс аймағының Ом өзенінің бойында бұрыннан қазақтар тұрады. Бұл аймақты халық ішінде «Қаржас» деп атайды. ХІХ ғасырда-ақ Омбы қазақ жастары оқу іздеп келетін білім мен мәдениет орталығына айнала бастайды. Омбының ХХ ғасырдағы белгілі де қадірлі тұрғындарының бірі Темірболат Телжанов болды. Ол бірқатар студенттерге көп көмек берді. Оның шапағатын Врубель атындағы Омбы Көркем техникалық училищесінде ұйымдастырылған жоғарғы оқу орнына дайындық курсында оқып жүрген біздер де (мен, Қосшубаев Мәлік, Сәрсенбаев Сәрсенбай) көрдік. Т.Телжанов бізге бояулар, тушь, кенептерді тауып алуға жәрдем етті. 1928 жылдың 2 мамырында Халтурин атындағы клубта қазақ студенттерінің кеші болды. Кеш қарсаңында Қостубаев Мәлік және Темірболат Телжановтың көмегімен біз араб қаріпімен жазылған афишалар ілдік. Кешке Темірболат Телжановтың жолдастары Смағұл Садуақасов, Ғабит Мүсіреповтер қатысты. Өзінің өлең жолдарын оқыған Мағжан Жұмабаев, Т.Телжановтың сұрауы бойынша Шоқпайдың «Екі жирен, «Арман» атты ән нұсқаларын орындаған атақты әнші Қали Байжановтар қатысқан концерт болды. Осы концертте мен «Қара жорға» биін биледім. 

Маусым айының алғашқы күндері Пет­ропавловск қаласында Т.Телжановтың бас­тауымен ұйымдастырылған үлкен концерт болды. Сахнада атақты әнші Үкілі Ыбырай ән айтып, жырау-жыршылар, хор, бишілер өнер көрсетті. Соңында мен Темірболат Телжановпен кездесіп, оған жылжымалы көрме өткізу ойымды айтқан едім. Ол менің бұл ойымды қостап, маған журналист Б.Серкебаевпен бірге осы істі ұйымдастыруға көмектесті».

Суретшілік өнерді қадірлеген қайраткер азамат өзінің баласы Қанафияны осы өнерге баулиды. Кейін Қанафия әке үмітін ақтап, Қазақстанның атақты суретшісі болады. Ол туралы біз төменде арнайы айтамыз.

Ұлтын сүйген, оның мұң-мұқтажын жоқтаған Т.Телжанов Сібір өлкесі мен ҚАССР шекарасын орнықтыру мәселесі бойынша Сібір революциялық комитетіне қарасты Республикалық комиссия құрамына енеді. Бұл мәселеде ол тарихи ақиқаттың орнауын талап етіп, Омбы қаласы мен Омбы уезін Қазақ автономиясына қосу жөніндегі көзқарасты берік ұстанады. Т.Телжанов талабының тарихи негіздері берік еді. Себебі тарихи деректер көзі 1893 жылға дейін Омбы уезіндегі Омбы қаласы мен Пресногорьковск маңы және Ертіс бойындағы орыс-казактардың қоныстарынан басқа аймақтардың жергілікті тұрғыны 100 пайызға дерлік қазақтар болғанын дәлелдейді.

Өкінішке қарай, Т.Телжанов 20-шы жылдардың соңына таман, ұжымдастыру (колхоздастыру) саясаты басталар алдында өзге Алаш қайраткерлері сияқты келіссөздер процесінен шеттетіледі. Қазақ жерінің тұтастығы мәселесі шешілген аталмыш тарихи кезеңде келіссөз үрдісіне Қазақстан тарапынан қатысушылардың дені өзге ұлт өкілдерінен жасақталған большевиктер құралады. Алаш зиялыларын саяси қудалаудың «алғашқы толқынының» орын алған кезеңі де осы тұсқа дәлме-дәл келеді. Қазақ жері үшін күрескен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Смағұлов сынды қайраткерлер қудаланып, Қазақстаннан тыс өлкелерге жер аударылады. Мұның ақыры 1930 жылы Омбы мен оның ең шұрайлы солтүстік-шығыс бөлігінің уезі Ресейдің Омбы губерниясының құрамына енумен аяқталады. 

Т.Телжанов белгілі қайраткер Т.Тоғжа­новпен бірге Сібір революциялық комитетіне қарасты Қырғыз АССР Өкілдігіндегі ол партия жұмысының мәселесіне жетекшілік етті. Осы қызметте жүрген кезінде ол Петропавловскіде «мұсылман-дәрігерлер» даярлайтын 60 адамдық квота белгіленген орта медициналық мектеп ашуға бастама жасайды. Квотаның 40 орны қазақтарға, 20-сы татарларға бөлінеді. Бұған қоса ол Қырғыз (қазақ) Автономиялы Республикасы туралы ақпараттарды кеңінен насихаттау үшін құрылған Әдеби алқаның жұмысына белсене араласады. Мәліметтер жинаумен Б.Айбасов, М.Сейітовтер айналысса, Қазақ орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар комитеті жұмыстарымен Қ.Кемеңгер, Б.Серкебаев, Б.Айбасовтар айналысты.

Тумысынан бойына біткен білімге деген құштарлық қоғам қайраткері Т.Телжановты Орынбордағы жұмысшы факультетіне алып келеді. Ол аталған оқу орнын 1924 жылы табысты аяқтап, 1925 жылы Ленинград политехникалық институтының экономика факультетіне оқуға түседі. Аталған жоғарғы оқу орнының қабырғасында жүріп, ол қазақ жастарынан құрылған жерлестер ұйымының жұмысына белсене қатысады. Бұл ұйымда Қазақстан мен оның іргелес аймақтарынан келген 250-ге жуық адам бар болатын. Онда ол үйірме жұмысына жетекшілік етіп, әлеуметтік-экономикалық проблемалар жөнінде өзекті лекциялар оқиды. Институттағы оқумен қатар Шығыс халықтары мәдениетінің үйінде жұмыс істейді, Ленинград көркемдік техникумында қоғамдық пәндер бойынша сабақ та береді. 

Т.Телжановтың Ленинградтағы жерлестер ұйымында атқарған істері туралы қазақтың белгілі жазушысы С.Мұқанов былай деп жазады: «Ленинградта жақсы дәстүр болды: түрлі өлкелер мен союздағы респуб­ликалардан келген студенттер жерлестер ұйымы деп аталатын ұйымды құрайды. Мұндай бірлестікті қазақ студенттері де ұйымдастырды. Қазақ жерлестер ұйымында ол кезде 250-ге тарта адам болды. Ұйым төрағасы Политехникалық институттың студенті Темірболат Телжанов, ал хатшысы Энергетикалық институттың студенті Ыбырай Тәжиев еді. Темірболат Телжановқа мен пәтер мәселесі бойынша келіп, кеңестім. Ол мені сол күні-ақ пәтерге орналастырды».

Ленинградтағы оқуын ойдағыдай оқып жүріп, ол 1929-1930 жылдары ҚАССР Халықтық сауда комитетінде аға экономист, экспорт-импорт басқармасы бастығының орынбасары қызметін де қоса атқарады. Жауап­ты қызметте жүріп, егін науқаны мен колхоз құрылысына қатысуға да уақыт табады.

1931 жылдан бастап қайраткер Т.Телжа­новтың бірыңғай білім саласындағы қызметі басталады. Алғашқыда ол Алматы ауылшаруашылық институтында доцент, одан кейін аталмыш оқу орнының сая­си экономика кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етеді. 1931-1934 жылдары оқытушылық пен оқу жүйесіндегі әкімшілік лауазымдарда: алдымен Енукидзе атындағы Ленинград Шығыс институтында саяси экономика кафедрасында доцент, кейін Москвадағы Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтында директор көмекшісі мен ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін бірге атқарады. 

Бертін келе, ол өзінің көпті мойындатқан қасиеттері-ұйымдастырушылық таланты, тәжірибелі оқытушылық қабілеті мен шебер жетекшілігі арқасында Мәскеудегі марксизм-ленинизм университеті директорының орынбасары қызметіне ұсынылады.

Т. Телжанов КСРО құрамындағы барлық түркі халықтарының тілдерімен қатар орыс, неміс тілдерін де жетік білді. 1934 жылдың 21 қазанында ҚАСР коммунистік партиясының бірінші хатшысы Л.Мирзоянның қатысуымен өткен жиналыста жасырын дауыс беру арқылы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып сайланды. 

Т.Телжановтың мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақтың көрнекті зиялылары мен қоғам қайраткерлерінің ортасында өтті. Ол Мағжан Жұмабаев, Абдрахман Әйтиев, Әбілқайыр Досов, Смағұл Садуақасов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов сияқты көптеген белгілі тұлғаларымен өте жақын араласты. 

Т.Телжановтың жұбайы Жамал Жақыпқызы Ақмола облысы Омбы уезінің Покровск болысының Байтұяқ (Байдалин) ауылының (қазіргі Омбы облысы Таврическ ауданының Пристанск совхозының маңы) адамы Жақып деген кісінің отбасында 1906 жылы дүниеге келеді. Жақып Омбы өңіріне белгілі, атақты шешен кісі Тасжан бидің ұлы болатын. Би баласы байлығымен аты шығып, ел арасында «мың айдаған Жақып» деген лақаппен танылады. Жамал Жақыпқызы туған ауыл бүгінге дейін бар. Бір таңқаларлығы: ауылда Жамалдың туып өскен үйі де сақталған. 1983 жылы Темірболаттың ұлы Қазақстан мен шетелдерге танымал суретші Телжанов Қанафия осы өңірде болып қайтады. Ол анасының туған ауылы туралы былай деп еске алады: «Есімде, бала кезімде атам мені үсті ашық жеңіл кузовты тачанкамен Омбы облысының Телжан ауылынан анамның ауылы Байтұяқ (Байдалин – авторлар) арасында серуендететін. Жадымда қалғаны жусан мен гүлдерге толы дала шөптерінің таза хош иісі аңқыған кең байтақ дала, өзіндік ерекше мазарлар, Батыс Сібір қазақтарының сәулет өнеріндегі ескерткіштер, тармақталған дала жолдары». 

Қазіргі таңда сексеннің ортасынан асқан Қанафия Телжанов Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында жұмыс істейді. 

Жамалдың туыстары мен үрім-бұтақта­рының жасы үлкендері түгелге жуық жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған немесе майданда қайтыс болғандар. Мысалы, оның ағалары Хамит пен Қазкен, інісі Неғман өз еріктерімен Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кетеді. Ал үлкен ағасы Ғабдолла 1965 жылы дүниеден өтеді. Ол өмір бойы колхозда ұста болған. Көз көргендердің айтуынша, ол сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары мен соғыста өлген аға-туыстарының рухтарына арнап Құран сүрелерін оқып жүреді. Осылайша ол ауыл молдасының қызметін «жасырын» атқарады. 

Жаппай саяси қуғын-сүргін қасіреті Темірболат Телжановтың басына қара бұлт орнатады. 1936 жылдың 6 қаңтарында Алматы қалалық коммунистік партиясы оны «өзінің әлеуметтік тегін жасырды, Алашорда деп аталатын контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен партия қатарынан шығарады. Көп ұзамай, 1937 жылдың 4 қарашасында ол тұтқынға алынып, 1938 жылдың 15 сәуірінде Ленинград облысы бойынша НКВД «үштігінің» қаулысымен ату жазасына кесіледі.

Бұл ауыр жағдай оның отбасына да әсер етеді. Отағасы тұтқындалғанда оның отбасы – жұбайы Жамал, ұл-қыздары Қанафия мен Айша Ленинградта тұрып жатады. Соғыс басталған 1941 жылдың күзінде Қанафия Мұхамеджанұлы блокададағы Ленинградтың мектеп оқушыларымен бірге Киров облысының Колково селосында ұйымдастырылған балалар интернатына көшіріледі. Бұл оқиға туралы Қанафия Темірболатұлы өз естеліктерінде былай дейді: «Мен арқама артқан жолқапшығыммен үшінші қабаттан түсіп келе жатып жоғары қарағанымда, есіктің алдында мені үнсіз шығарып салып тұрған анамды көрдім. Мен сонда оны енді ешқашан көрмейтінімді ұқтым». Жамал апамыз Ленинград блокадасында қалып, жүз мыңдаған қала тұрғындары сияқты ашаршылықтан қаза табады, ал қызы Айша А.Я.Ваганова атындағы даңқты Ленинград хореография училищесінің оқушыларымен бірге Молотов қаласына көшіріледі. Кейін Қазақстанға қайтып, қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрып жатыр. 

1942 жылдың 5 сәуірінде Киров облысындағы Қанафия Телжанов Ленинград блокадасында қалған 36 жастағы анасының қайтыс болғаны туралы қайғылы хабар алады. Кейін ол анасының рухына арнап «Жамал» атты атақты картинасын салады.

Қанафия интернатта жүріп жасөспірім балалардан «еріктілер отрядын» құрып, қоршаудағы Ленинградты азат ету үшін екі рет аттанады. Бірақ екеуінде де оларды станция бастығы поездан түсіріп алып, кейін қайтарады. Жас жетім енді Алматыға жетуді ойлайды. Ол үшін паспорт қажет болады, ал оны алу үшін оған 20 шақырым жердегі Халтурин атты аудан орталығына қақаған аязда жаяу баруға тура келеді. Аудандағы милиция бастығы жасөспірімге құжатты бергісі келмейді, бірақ Қанафияның өжеттілікпен табандап тұрып талап етуінен кейін, ол паспортты беруге мәжбүр болады. Қайтар жолда арып-аршыған Қанафияға аш қасқыр кездеседі. Жабайы аңмен арбасқан ол «қасқыр маған тиіспеуі тиіс, өйткені біздің тегіміз көк бөрі ғой» деп ойлайды. Аш қасқыр мұның ойын түсінгендей бұрылып кете береді. Осылайша жасөспірім Киров облысынан Алматыға үлкен қиындықпен жетеді. Оны Алматы көркемдік училищесі бірден екінші курсқа қабылдайды. 1947 жылы ол оқуын ойдағыдай аяқтап, СССР Көркем академиясының И.Е.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін, сәулет институтының кескіндеме факультетіне оқуға түседі. 1953 жылы ол оқуын аяқтап, Қазақстан астанасына оралады. Қазіргі таңда ол өзінің әкесі сияқты қоғамдық және оқытушылық жұмыстарға белсене атсалысуда. Қанафия Телжанов көптеген жылдар бойы Республиканың Жоғарғы Кеңес депутаты, Қазақстан КП ОК мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының Басқарма төрағасы, СССР Суретшілер одағы Басқармасының мүшесі мен хатшысы, СССР Министрлер Советіне қарасты әдебиет пен өнер саласындағы Ленин сыйлығы Комитетінің мүшесі, Үлкен Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясының алқа мүшесі, түрлері жылдарда Қазақстан Республикасының әдебиет, өнер және сәулет саласындағы мемлекеттік сыйлық бойынша комиссиясы және мәдениет, ғылым, көркемдік білім мәселесіне қатысты Ғылыми Кеңестің мүшесі әрі комиссия құрамында болады. 

Сталиннен кейін билікке келген Хрущевтің «жылымық» жылдары, атап айтқанда 1958 жылдың 28 мамырында Ленинград әскери округі трибуналының ұйғарымы бойынша қылмыстық белгілері болмағандықтан, Т.Телжановқа қатысты іс жабылады. Дегенмен, ол толық ақталмайды. «Халық жауының баласы» деген дақпен өмір сүрген Қанафия Темірболатұлы әкесінің ақ есімін ақтау үшін көп ізденеді. Бірақ бұл оңайға түспейді. Әкесінің ізгі есімін қайта тірілту жолында билік орындарына наразылық хаттар жазады. Мысалы, қазақтарды ұлтшыл деген дәлелсіз айыптаулар әлі де басыла қоймаған 80-жылдардың соңында, 1989 жылдың 11 қыркүйегінде ол КПСС ОК партиялық бақылау комиссиясының төрағасы В.Пугоға былай деп ашына жазады: «Бұл қылмыстар қашан бітеді, тіпті күндердің бір күнінде бұл рухсыздыққа, қылмыскер-әкелердің балалары атын жамылған ұл-қыздардың тамаша құлшыныстары мен рухтарын кемсітушілікке тоқтау бола ма? …Маған бұ дүниеде өмір сүру аз қалса да, мен бұл қорлықпен өмір сүре алмаймын. Бұл таңбамен о дүниеге де бара алмаймын. Мен мұны дәл осылай қабылдай алмаймын және болашақ ұрпақ алдында осындай үкімдермен келіспеймін. Біздің заманымыздан кейін бейтаныс, жаңа жас ұрпақ келеді. Олардың санасын осы жаланың уы ірітіп, бүлдіруіне мен жол бере алмаймын. Біздердің немере, шөберелерімізге ата-бабаларының аяқтай алмаған әндері мен ашылмай қалған таланттары, кешкен өмірлері немесе әділетсіз жаламен үзілген ғұмырлары үшін ұят келмеуі тиіс. Біздің буынның маңдайына жазылмаған терең тыныс алу оларға бұйырсын». 

«Аққа құдай жақ» дегендей, қайта құру басталған 80-жылдары сталиндік репрессия құрбандарын ақтаудың екінші кезеңі басталады. Кеңес үкіметі ыдырай бастаған 80-жылдардың соңында және Қазақстан егемендік алған 1990 жылы Т.Телжанов толық ақталады және партия қатарына қайта қабылданады. Бұл туралы 29.12.1989 ж. №104 хаттамасымен бекітілген Қазақстан КП ОК бюросы Қаулысы шығып, сол қаулының негізінде Қазақстан коммунистік партиясының Алматы Советі аудандық комитетінің 1990 жылғы 5 қаңтардағы анықтамасы беріледі.

Зиябек Қабылдинов, 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің«Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., 

профессор

Алмасбек Әбсадықов, 

ф.ғ.д., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының 

профессоры

Back to top button