ПУТИННІҢ ЕКПІНІ МЕН «ТЕПКІНІ»

ПУТИННІҢ ЕКПІНІ МЕН «ТЕПКІНІ»

ПУТИННІҢ ЕКПІНІ МЕН   «ТЕПКІНІ»
ашық дереккөзі

Путин тағы сынға  ұшырады

Financial Times газетінде «Guriev’s flight» атты мақалада «Путин өзгеше ойлайтын адамдарды қудалау кампаниясынан соң бұдан былай елде демократиялық басқару жүйесін сақтап отырмын дей алмайды» делінген.
The New York Times газеті Гуриевтің 30 сәуір күні Ресейден аттанғанын, енді қайтып оралуы екіталай екенін жазады. «Еркіндікте жүру мүмкіндігі аз болса да, мен оралмаймын, мен шектен шыққан ештеңе істеген жоқпын, әрі қорқып өмір сүргім келмейді» депті Гуриев басылым тілшісіне берген сұхбатында. Ол қазір Париждегі бір университетте дәріс өткізуге дайындалып жатқан көрінеді.
С.Гуриев 2011 жылы Ходорковскийдің ісіне қатысты тәуелсіз сараптама жасау жұмысына атсалысқан. Д.Медведевтің президенттігі тұсында Адам құқығы бойынша кеңестің тапсырысы бойынша жасалған баяндамада Ходорковскийдің ісіне қатысты шығарылған сот үкімі заңсыз делінген екен. Енді осы баяндаманы жасаған сарапшылардың өзі тергеу-тексеру жұмыстарының нысанына айналған.
The Wall Street Journal басылымы екі жыл бұрын Ходорковскийдің ісіне қатысты жасалған баяндаманы жасаған Михаил Субботиннің де қағаздары тәркіленіп, өзі талай рет тергеуге шақырылғанын жазады. «Путиндік Кремль өз қарсыластары мен сыншыларына қысым көрсетуді күшейтті. Тәуелсіз пікір айтуға бейіл болған ғалымдар мен сарапшылар оның алдында өздерін қорғансыз сезінеді» делінген мақалада.
Reuters сайтында «Келесі кім? Путин сыншылары мазасыздануда, Ресейде қудалау кең етек алды» деген тақырыппен шыққан мақалада қазіргі Ресейдегі ахуалды Брежнев тұсындағы репрессиялармен салыстырады.

Ақша да, адам да  сыртқа ағылды

Шындығында, бүгінгі таңда Кремль бас қатыратын мәселелер өз ішінде де жетерлік. Елден капиталдың сыртқа кетуі, ал инвестициялық ағынның, керісінше, тежелу қаупі зор. Озық ойлы кадрлардың шекара асуы – солардың бір парасы ғана.
2008 жылдан бері Ресейден капиталдың сыртқа көшуі байқалады. Сол жылы орыс жерінен 133,7 млрд. доллар сыртқа шығарылған. 2010 жылы бұл көрсеткіш 33,6 млрд. долларға дейін азайса, 2011 жылы 80,5 млрд. долларға дейін күрт артты. Былтыр оның көлемі 56,8 млрд. доллар болған. Биылғы жылдың алғашқы үш айында сыртқа кеткен қаржы көлемі 25,8 млрд. доллардан асып түсті. Наурыз айында қаржы министрі Антон Силуанов шетел асатын қаражат көлемі 10-15 млрд. доллардан аспайды деп болжаған еді. Енді Ресей үкімет капитал ағынына қатысты биылғы болжамды қайта қарауды қолға алды.
Бірақ Путин елден қаражаттың шетелге ағылуын жоққа шығарады. Ол былтырғы бір сөзінде «Капиталдың ағымына біз осы тақырыпты даурыға талқылағандағыдай біржақты қарауға болмайды. Біздің жағдайымызда капитал ағымы – капиталдың тура мағынасында сыртқа қашуы емес», – деді ол.
Былтырғы сайлаудың өзі Путиннің ірі екі қалада – Мәскеу мен Санкт-Петер­бургте беделі өте төмен екенін байқатқан еді. Сайлау нәтижесі бойынша оны қолдап мәскеуліктердің 47 пайызы ғана дауыс берген. Ал Санкт-Петербургте оның жақтастар саны 59 пайыздан аспады. Сол кезде Путиннің шет аймақтар арқасында жеңіске жеткені де мәлім. Ендеше, орыстың озық ойлы интеллигенциясы тұратын ірі қалаларда Путинді жақтайтындар қатары уақыт өте сиреп барады деуге негіз бар.
Ал қаңтар айында «Левада-центр» зерттеу орталығы жүргізген сауалнама қорытындысына жүгінсек, жыл басында Путинге деген сенім орташа алғанда 62 пайызды құраған. Алғашқы екі президенттік кезеңде Путинге сенім орта есеппен 75 пайызды құраған еді. Қазір бұл көрсеткіш 2000 жылдың деңгейіне түсіп кетті. Оның үстіне, былтырғы сайлауда қазіргі президентті қолдап дауыс бергендер саны 63,6 пайыз болғанын ескерсек, Путинге деген электорат сенімі азайып бара жатқаны анық.
Бүгінгі Ресей – кешегі КСРО-ның заңды мұрагері екен мәлім. Ал Путин билігі кешегі совет өкіметінің идеологиялық қателіктерін қайталап жатты: өзге пікірдегі, соны көзқарастағы адамдарды «жат пиғылды» деп санау, олардың мойнына мемлекетке қарсы қылмысты қиып салу – түптің түбінде саналы азаматтардың жаппай шекара асуына мәжбүрлеуі мүмкін.
Осылайша, бүгінгі орыс элитасы мен интеллигенциясы алдында бір ғасыр бұрынғы таңдау қайта жаңғырды: репрессия әлде эмиграция?

Қазақстанды 124 рет  айтып өткен...

Путиннің билік басында отырғанына ресми түрде 9 жыл, іс жүзінде 12 жыл. «Коммерсантъ» газеті өткен айда Евгений Козичевтің www.kremlin.ru сайтында жарияланған ресми ақпараттар негізінде жасалған зерттеу қорытындысын жариялады.
Осы сараптама қорытындысына жүгін­сек, Путин президенттік қызмет уақы­тының 40 пайызын іскерлік кездесулерге жұмсайды екен. Былтырғы мамыр айынан бері бір жыл ішінде барлығы 339 кездесу өткізген. Оның 260-ы – жеке-дара кездесулер. 123 кездесуге ресейлік азаматтар шақырылса, 85 кездесуді шетелдіктермен өткізген.
Жерлестерінің ішінде 2000 жылдан бері президент Путиннің қабылдауында ең көп болған адам – Дмитрий Медведев. Үкімет басшысын президент соңғы бір жылда бес рет кабинетіне шақырып алып, жеке сөйлескен екен.
Ал шетелдік әріптестері ішінен Путин ең көп кездескен президенттер – Қазақстан мен Украина басшылары екені анықталды (әрқайсысымен бес реттен кездескен). Белоруссия президентімен бұл жылда Путин бір-ақ рет жолығыпты. Сол уақыт аралығында Түркия президентімен үш мәрте жүздескен.
Кремль басшысының бір жылдағы шетелге іссапарлар кестесі де ойландырмай қоймайды. Жыл он екі айда барлығы 21 мәрте іссапарға шығып үлгірген Ресей президенті 19 мемлекетке барып қайтқан екен. Оның ішінде Қытайға сапары ерекше аталады.
www.kremlin.ru сайтында былтырғы мамыр айынан бері Путиннің әр түрлі шараларда айтқан 591 сөзі (баяндама, үндеу, құттықтау т.с.с) жарияланды. Жалпы, осы бір жылда айтылған сөздер тасқыны мен көлеміне қарағанда, соңғы бір жыл Путин үшін рекордты жыл болғалы тұр. Ал бұған дейінгі екі президенттік тұсында оның жыл сайынғы сөйлеген сөздері 270-тен аспайтын еді. Жалпы алғанда, соңғы кезде Путиннің сөзшең болып кеткенін былтырғы төрт жарым сағаттан асатын тікелей желі көрсетіп берді.
Ең қызығы, сөйлеген сөздерінің ішінде Путин өз жерлестерінің ішінен Дмитрий Медведевтің атын көп атаса, шетелдік президенттер ішінен Барак Обаманың атын жиі аузына алады екен. Одан соң РФ бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Сердюков пен Сирия президенті Башар Асадты да көп еске алған.
Бір жылда оның сөздерінде Медведевтің аты 24 рет аталса, Барак Обаманың аты 17 рет мысалға келтірген. Башар Асадты 12 рет, Ху Цзинь Таоның атын 11 рет атаған. Бұл ондықтың ішінде ТМД басшылары жоқ көрінеді.
Ал Ресей басшысы өзінің ресми сөздерінде қай мемлекеттерді жиі атайды дегенге келсек, осы көрсеткіш арқылы бүгінгі Кремльдің геосаяси бағдарын аңдауға болатын шығар. Салыстыру үшін Ресейдің өзін Путин былтыр 3088 рет атағанын ескерелік. Ал шетелдік әріптестер ретінде Кремль басшысының аузына жиі түсетін екі ел – АҚШ пен Қытай екен. Оның сөйлеген сөздерінде Америка 321 жерде, ал Қытай 259 рет кездеседі. Одан соң Германия (148 рет), Украина (140 рет), Франция (124 рет) аталады. Осы рейтингте алтыншы қатарда тұрған Қазақстанның аталу жиілігі Франциямен бірдей – 124. Тіпті Белоруссияның өзін Путин 104 жерде ғана атайды. Бұл тізім Ұлыбритания (96 рет) мен Сириямен (84 рет) тұйықталады.
Салыстыру үшін айта кетелік, 2000-2001 жылдары Путин Қазақстанды 37 рет, ал 2004-2005 жылдары 46 рет атаған екен. Ендеше, үшінші президенттік тұсында Путиннің Қазақстанға деген ынта-ықыласының арта түскенін байқамау қиын.

«Ескі сүрлеуге оралғаннан ештеңе ұтпаймыз»

Ресейдегі бүгінгі рухани-әлеуметтік жағдайдың жай-жапсарын РҒА Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат инс­титут директоры, академик Юрий Пивоваров жыл басында «Российская газета» басылымына берген сұхбатында қолмен қойғандай айтып берген. «Иә, біз бәріміз әлі де совет адамдарымыз. Бір ғажабы, 80-жылдардың соңында – 90-жылдардың басында туғандар да – совет адамдары… Совет адамы – өмірге діннен тысқары қарауға тәрбиеленген тұлға. Яғни, менде күнә жоқ, бәріне басқалар – империалистер, масондар, шетелдіктер кінәлі деген түсінік. Совет адамы – өзінің артықшылығына кәміл сенген әрі өзінің кем-кетігін толығымен сезінетін адам. Мен оны өзім арқылы білемін. Әлемнің кез келген түкпіріндегі әуежайда қай ұлттан шыққанына қарамастан, совет адамын бірден танимын. Сол сияқты Батыста жиырма жылдай тұрсам да, менің көзімнен де совет адамы екенімді бірден біледі. Совет адамы – өзінің этностық жіктелуін жоғалтқан адам: ол орыс та, украиндық та, өзбек те емес… Мен совет адамын даттап отырғаным жоқ. Біз, шындығында, өз әлеуметтік дамуымыздың нәтижесіміз. Ал эмиграцияда өмір сүрген орыстар, украиндықтар, татарлар, еврейлер – басқаша», – дейді ол.
Сөйте тұра, ол «советтіктен» кету қажеттігін айтады. «Советтіктен» арылатын кезіміз болды. Батыс қоғамы өзінің буржуйлығынан бас тартқаны сияқты, алдыңғы қатарлы ресей аристократиясы дворяндық астамшылдықтан, қауымдық жіктелуден арылғаны сияқты біз де советтіктен біртіндеп арылуымыз керек. Бізге енді адами тұлғаның басқа бет-бейнесін қалыптастыру керек. Ол – діни сана-сезімі жетілген тұлға. Толерантты әрі заманауи тұлға. Совет адамы үшін әлем «олар» және «біз» болып екіге бөлінетін. Совет адамы әр нәрсені келісіммен емес, күшпен шешуге ұмтылды. Совет адамы «Бізбен болмағанның бәрі бізге қарсы», – деді. Ал венгр Компартиясының жетекшісі Янош Кадар бір кезде «Кім бізге қарсы болмаса, ол бізбен бірге» деген еді. Не десек те, большевиктер жаңа тұрпаттағы тұлға жасап шығарды. Енді біздің міндетіміз – оны еуропалық, орыс, әлемдік, қандай да бір тұлғаға айналдыру. Біз ескі сүрлеуге оралғаннан ештеңе ұтпаймыз. Ең қорқыныштысы – коммунистік реванш емес, ол мүмкін де емес. Ең қорқыныштысы – біздің халыққа советтік тұлғаның түр-тұрпаты мәңгілікке берілгені және болашақ осы типтегі тұлғаның қолында екені», – дейді.

Ғаламторда пікір бар:
«Мен мұнда да жақсы өмір сүремін!»
27.05.2013. Cергей Михайлов: «Федералдық телеарналарды қарау мүмкін емес: батысқа қарсы риторика шарықтау шегіне жетті. Ресей болса, құрдымға кетіп барады, ал ресейлік көрерменді уәдемен тойдырып, «зұлым әрі іріп-шіріп жатқан» Батыспен қорқытып жатыр».
27.05.2013 Хавер.Ру: «Мен шетелде жиырма үш жылдан бері тұрамын. Анда-санда Отаныма қайтып келген кезде… Екі күннен соң кейін қайтқым келеді… Соншалықты берекесіздіктен қашып…
Ностальгия бар, әрине! Советтік заманға қатысты. Кейінгі Брежнев пен Бастапқы Горбачевтің кезеңіне қатысты.
Ол кезде қолы қимылдағанның, аузы да қимылдайтын. Кішігірім цехтар, кооперативтер болды, колхоздар жанынан ашылған шағын кәсіпорындар болды… Дұрыс жолға қойылса егер… Бәрі супер еді!!!
Бірақ Ельцин… сосын Путин, бәрі құртты… Бір соғыстан соң, тағы бір соғыс, жекешелендіру (бәрін бір қолға жинау). Құрсын! Қайдағы нос­тальгия? Мен мұнда да жақсы өмір сүремін! Тыныш жұмысымды істеймін, менттерден қорықпаймын, ертеңгі күнім үшін алаңдамаймын».
27.05.2013. Attila Altay. «Хавер.Ру, пікір айтқаныңыз үшін рахмет! Мен сізді түсінемін, Батысқа барып көрген адам Отанына қайтқысы да келмейді (бұрынғы КСРО-ға). Ностальгия мен туған елді аңсау кез келген адамның бойында бар, бірақ биліктің кесірінен Отанда болып жатқан сорақылықтарды көргенде, шынымен де қашып кеткің келеді. Биліктен басқа сіз бен біздің де кінәміз бар ғой, себебі кезінде білмегендіктен әлде самарқаулықтан билікті алаяқтарға беріп қойдық. Отанға деген сағынышты айтқанда, мен өзім оқыған мектепті, өзім өскен қаланы айтып тұрмын. Ал олардың қазір мүлде өзгеше екені басқа әңгіме. Әйткенмен, егер бізде өмір батыстағыдай жақсаратын болса, сіздің бірінші болып қайтып келетініңізге сенімім кәміл. Егер озық ойлы адамдардың бәрі елді тастап кетсе, мемлекетті кім көркейтеді?».
28.05.2013 Al Tedavlelam: «Сауалнама нәтижесіне қарасақ, Ресей жастарының 40 пайызға жуығы қуана-қуана Батысқа қоныс аударуға құлықты. Олар шетелге кетудің басты себебі ретінде елдегі жалпы жағдайдың қиындығын, тұрақтылықтың, заң мен тәртіптің жоқтығын атайды».
31.05.2013. «Ресей алып ел, онда ешқашан да жұмсақ билік болуы мүмкін емес. Еш мүмкін емес! Ресейде қашан да мемлекет ролі үлкен болмақ. Иә, мемлекет дегеніміз – эксплутатор, бірақ екі зұлымдықтың кішірегін таңдау керек. Сондықтын наваляндықты жақсы көретіндер мен басқа «күрескерлер» өз елін бүлдірмей, отанға қызмет етулері тиіс. Егер кемшілік көрсеңіз, оны жөндеуге күш салыңыз. Бірақ либероидты клоунға айналмаңыздар».

P.S. Ресей сияқты үлкен аумақты алып жатқан, әлі империалистік астамшыл пиғылы басылмаған елдің дамуы алдағы уақытта ірі қайшылықтарға тап болуы мүмкін. Шамасы, бұл қайшылықтар сырттан емес, орыстың өз ішінен шығуы да заңды. Өйткені советтік кезеңнен қалған «дәстүрмен» сырттан жау іздеу әдеті түптің түбінде өз елінде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге енжарлықты туғызу қаупі бар.
Қандай өзгеріс болмасын, көрші отырған елдерді қоса шарпитыны да есте. Біздікі тек бүгінгі жағдайға сабырмен қарауға талпыныс қана. Астамшылдықтан аулақ болғанымыз жөн, әлбетте…