ЕСІЛ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ

ЕСІЛ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ

ЕСІЛ  ЖАҒАСЫНДАҒЫ  ЖҮЗДЕСУ
ашық дереккөзі

Алайда, апаттың орын алғанына бір апта өтсе де, үкіметтік комиссия әлі үнсіз отыр. Ал, кейбір басылымдар Елорданың туған күніне арнайы келген Ресей президенті В.Путиннің сапарын сан-саққа жүгіртті. Екіжақты кездесу барысында апаттың себеп-салдарына байланысты әңгіме өрбитінін де алға тартқан. Бірақ Ресей президенті бұл жолы   Астана мен 15 жылда елорданы әсем қалаға айналдырған әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтауға келіпті. Тек сөз арасында ғана ғарыш саласындағы түйткілді мәселені жіті қолға алатынын жеткізе келе, «Өкінішке қарай, ғарыш саласы – күтпеген оқиғалар болып тұратын сала. Байқоңырда болған аяқасты оқиғаға қатысты барлық мәселелер шешімін табады деп есептеймін», – деумен шектелді. Бұдан соң:

«Сіз Қазақстан үшін өте көп нәрсе жасадыңыз, әлі де көп нәрсе жасайтыныңызға сенімдімін. Астана күні де Сіздің күніңіз. Өйткені, бұл Сіздің қалаңыз. Оған Сіз өз перзентіңіздей жан жылуыңызбен қарайтыныңызды білемін. Қазақстандықтар үшін, Астана тұрғындары үшін қуанбау мүмкін емес, олардың осындай қарыштап даму үстіндегі қалада өмір сүріп жатқаны сөзсіз сәттілік. Екіжақты қарым-қатынастарға келсек, ғарыштық қызметті қоса, біз бүкіл кешенді жайттарды талқылайтын боламыз. Өкінішке қарай, бұл – ешкім жоспарламайтын оқиғалар болып жатқан сала. Бұл жөнінде біздің бірлескен дербес жұмыс бағдарламамыз бар. Негіздемелік келісім мен интеграция мәселелері де өте маңызды. Сіз шын мәнінде біздің Кеден одағымыздың негізін салушы – әкесісіз, бұл Сіздің идеяңыз болатын, біз оны жүйелі түрде дамытудамыз. Біз қазір оның нәтижесін сезіп отырмыз, бұл, әсіресе, әлемдік экономикадағы алмағайып үдерістер жағдайында ерекше маңызды. Интеграциялық сипаттағы қарым-қатынастар біздерге ықпал етіп отырған әлемдік шаруашылықтағы өткір мәселелердің тігісін жатқызуға мүмкіндік береді», – деді Ресей Федерациясының Президенті. Ол сондай-ақ, «біріншіден, Қазақстанға келу мен үшін зор ғанибет. Екіншіден, мен мұны өзімнің міндетім, деп санаймын. Үшіншіден, Беларусь, Қазақстан мен Ресей арасында, үш елдің үлгісінде, ерекше қарым-қатынастар қалыптасты. Бұл қарым-қатынастар біздің экономикалық қатынастарымыздың кооперациясы. Ең абзалы, өз басым Сіздің Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының осындай динамикасы мен кооперацияны дамыту үшін қаншама күш-жігер жұмсағаныңызды жақсы білемін. Іс жүзінде қабылданған бірлескен іс-қимыл жоспары тәрізді шешімге назар аударғым келеді. Қазіргі 2011-2012 жылдарға арналған жоспар табысты жүзеге асуда. Біз сенімді әрекет жасау үшін, қандай бағытта жылжуымыз қажеттігін түсіну үшін, анағұрлым басымдық сипатта болып табылатын келесі екі жылға арналған жоспарды әзірлеуге кірісуге тапсырма беру керек, деп ойлаймын», –  деп қорытты өз пікірін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ресейлік әріптесін Ақордада қабылдап, екіжақты қатынастардың даму жа­йын талқылады. Тараптар байланысты одан әрі дамыту, сондай-ақ, биылғы мамыр айында Астанада өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындысы бойынша қол жеткен келісімдердің жүзеге асырылу барысын сөз етті. Елбасы Астанаға жасаған сапары үшін Ресей басшысына алғыс білдіріп, екі ел арасындағы әріптестік деңгейінің жоғарғы қарқынмен жалғасып келе жатқанын атап өтті. Кездесу барысында Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты да пікір алмасты. «Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынас қарышты дамып келеді. Жоғары деңгейдегі жиі кездесулер мен жүйелі пікір алмасулар соны көрсетеді. Экономикалық және сая­си қатынастар өте тығыз, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік және құрылып жатқан Еуразия экономикалық одағы аясындағы үдерістер дамып келеді. Биыл күзде Екатеринбургте Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында кездесу өтеді. Оның барысында тату көршілестік және елдер арасындағы одақтастық туралы негіздемелік келісімге әзірленген өзгерістердің енгізілуі мүмкін. Мұның барлығы мемлекеттеріміз арасындағы өзара ықпалдастық тарапында шешілмейтін ешбір мәселе жоқ екенін білдіреді. Сіздің бізге сапарыңыз Астанадағы мерейтоймен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын», – деді Қазақстан Президенті.

Мұнымен қоса, екіжақты кездесу барысында екі ел басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде келесі жылы коалиция әскерлерін алып кету жоспарланып отырған Ауғанстандағы ахуалды, сондай-ақ әлемді дүрліктірген Египет пен Сириядағы үдерістердің өзге елдер үшін сабақ екенін атап өтті.

Динара Мыңжасарқызы