ШЕТТЕН КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ШӘКІРТТЕРІ

ШЕТТЕН КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ШӘКІРТТЕРІ

ШЕТТЕН КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ШӘКІРТТЕРІ
ашық дереккөзі

Алматы қалалық Көші-қон полициясы қызметкерінің сөзіне сенсек, бұдан бірнеше жыл бұрын ұлты қазақ студенттерді өздері оқитын оқу орнына визасыз тіркеуін рәсімдеген кезі де болған екен. Алайда қазақ екені ескеріліп, жеңіл жолмен тіркеуге тұрған 200-ге жуық студенттің көбі оқу бітіріп, дипломдарын қолға алысымен келген жақтарына тартып кеткен.

Ал қазіргі ахуал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2013 жылғы 7 наурыздағы №175 бұйрығына бағынышты. Мұнда көрсетілген «L1» санатындағы виза Қазақстанда тіркелген оқу орнының немесе білім саласындағы уәкілетті органның жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады. Сиясы кеппеген жаңа бұйрықта аталып көрсетілгендей, Қазақстан Рес­публикасына уақытша келген және ҚР оқу орындарына түскен этникалық қазақтарға (ұлттық тиістілігін растайтын құжаттары бар болған кезде) беріледі делінген. Заңның сөзіне сәйкес, Қазақстанның оқу орындарында оқитын ұлты қазақ шетелдік студенттердің оқу визасынсыз оқу орнына тіркеуге тұра алмауы талайының басына тиіп жүр. Бұны айтпағанда, кейбірінің тіркеу тәртібін түсінбеуі, сондай-ақ тұрақты тіркеуге тұруға туыс-туғанының болмауынан туындайтын күрделі мәселе жиі кездесіп жатады. Сөзімізге дәлел ретінде Алматыдағы жоғарғы оқу орнының бірінде оқитын студенттің шағымын келтіреміз. Айдын есімді студент 2011 жылы Моңғолиядан келіп, Қарағанды мемлекеттік университетінің дайындық факультетінде бір жыл оқиды. Сол кезде аталмыш оқу орны  оқуға қабылданған барлық студенттің тіркеуін ың-шыңсыз бір жылға рәсімдеп берген екен. Даудың басы жоғары оқу орнына студенттердің тіркеуімен айналысатын халықаралық мобильдегі оқу визасынсыз тіркеуге тұра алмайтынын ескерткен. Осылай жүріп, студенттің тіркеу мерзімі өткенде университеттен Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінен оқу визасын бастырып әкелуге шақырту алған.

«Мен Қарағандыдан шығу визасынсыз Алматыға кете беріппін. Университет шақырту жасап, сыртқа кеткенше айыппұл салынған. Ал айыппұлды мен Алматы емес, Қарағанды қаласына барып өтеп шығуым керек болды. Ақыры өзім шеше алмаған соң, ақшасын төлеп, төлқұжатымды делдалдардың алақанына салдым. Бір айдан кейін «азаматтық» деген жазуы бар, мөр соғылған қағазды университетке әкеліп көрсеттім. Бірақ мұның жалған екенін мау­сым айында Көші-қон полициясынан анықтадым», – дейді ашынып. Осылайша санын соғып қалған студенттің ісі сотқа жіберілген. Соттың шешімімен студент өзіне он ай, университет үшін он ай көлемінде айыппұл төлеген.

Мұндай жағдайдың қалайша орын алатынын анықтауға Алматы қалалық Көші-қон полициясына барып жауап ала алмадық. Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Ботагөз Уатқан этникалық қазақтардың оқу визасы жөнінде министрліктерге хат жолданғандығын және тамыз айына дейін жауап берулерін талап еткендерін жеткізді. Қалай айтсақ та, мәселенің мәнісін шешетін заң екені анық.

Алтын Бейімбет