ЖЕР ЕҢБЕКПЕН ЖАСАРАДЫ

ЖЕР ЕҢБЕКПЕН ЖАСАРАДЫ

ЖЕР ЕҢБЕКПЕН ЖАСАРАДЫ
ашық дереккөзі

Қазақстанда мақта шаруашылы­ғы­ның бір ғасырлық тарихы бар. Соның ішінде бұл дақылды егумен негізінен Мақтаарал ауданы айналысатыны белгілі. Алайда, жеке кәсіпкер Жұмагүл Алдиярованың басшылық етуімен шардаралық мақташылар да «ақ алтын» өсіруден ешкімге дес берер емес.

Жұмагүл мақта өсіруге бірден келген жоқ. Алдымен 1997 жылы қауын-қарбыз өсіріп көрді.Тиімді жағы көп екенін мойындады. Дегенмен, көңілі мақта алқабына ауды да тұрды. Әсіресе, қауыз жарғандағы аппақ мақта алқабы көзін қызықтыратын. Сол себепті де, 2001 жылы мақта өсіруге кірісті. Бүгінде, «Қанат» фермерлік қожалығын басқарып отырған жеке кәсіпкер істің көзін тауып, шаруасын дөңгелетуде. Бұған дәлел 2012 жылы қожалықтың иелігіндегі 36,2 гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, әр гектардан 60 центнер, яғни, 217 тонна мақта шикізаты өндіріліпті.

Жұмагүл Алдиярованың айтуынша, мұндай табысқа қол жеткізуде инновациялық технологияларды енгізумен қатар, мемлекет тарапынан беріліп отырған түрлі субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің пайдасы мол. Мақта өсірудің бейнеті көп. Мол өнім алу үшін тынбай еңбек ету керек. Уақтылы түбін қопсытып, шауып, көсек құрттан аман қалудың да машақаты жетерлік.

Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Адал еңбек еткеннің қашанда көңілі шат. «Адамды көркейтетін – еңбек» деген осы шығар, бәлкім. Шынында әлем еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады.

Бүгінде Жұмагүл Ергешқызының бос уақыты жоқ. Азаннан кешке дейін мақтаның басында. Жұмагүл апай бұйырса,  биыл тағы да әр гектарынан 60 центнер өнім аламыз деп отыр.  


Дайындаған

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы