Жат жұртта жәудіреп жүр ме екен?..

Жат жұртта жәудіреп жүр ме екен?..

Жат жұртта жәудіреп жүр ме екен?..
ашық дереккөзі

Ал өзіміздің бауырлар шетел асып, оқуға барғанда қандай жағдайға тап болады?

Олардың азамат ретінде құқы қандай?

Соңғы жылдары түрлі мем­ле­кеттік бағ­дарлама аясында мыңдаған шәкірт шетел асып, «инемен құдық қазып жүр». Ал мұның сыртында шетелдік гранттармен өзге елге қанат қаққан жастарымыз қаншама?

1993 жылы Елбасының ті­ке­лей қолдауы­мен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы жыл сайын қазақ жастарының 87 мамандық бо­й­ынша әлемнің 32 елінде білім алуына жол ашты. Дерекке сүйенсек, бұл стипен­дия­­ бойынша 5 мыңнан астам қазақ­стандық ше­телде білім алып келген. Ал қазіргі таңда екі жарым мың жас шетелде оқып жатыр.

Десе де, шетелде бала оқытудың артық­шы­лығын ғана айтпай, кемшін тұстарын ай­тар сәт те келді. 

Іргедегі 1,5 миллион халқы бар­ қытай елі­ шетелге бала жіберуге айлалы көзбен қарайды. Жылына оқу мақсатында бірнеше мың адамды ғана шекара асырып, 2-6 айлық, әрі кетсе, бір жылдық білім беру курстарына аттан­­дырады. Олардың денін мем­ле­­кеттік қыз­меткерлер құрайды. Ал, 120 миллионнан астам халқы бар Жапония мемлекет тарапынан жылына 15-ақ азаматты шетелде оқытуға рұқ­сат береді екен. Аталмыш елдердің адам ресурстары көп бола тұра, біз секілді 4-5 жылға бала жібермеулерінің астарында не бар?

Біздің еліміздің оң мен солын ен­ді таныған жастарын шетелге жі­бе­ру қауіпті емес пе? Жат елдің идеоло­гия­сын айтпағанда, өзге елдерде Қазақ­стан саясатына ықпал еткісі келетін саяси топтар бар. «Жаман айт­пай, жақсы жоқ», олардың сол идеологияны жастарға сіңіру арқылы мем­лекетіміздің саясатына саңылау сал­масына кім кепіл?

Елімізге сансыз миссионерлер аттан­­дыр­ған батыс елдері өз аяғы­мен келген жас­тарымызды сәтті пай­да­ланып кетуі де мүмкін емес деп айта алмай­мыз.

Жасындай жарқылдаған жас­тар­ды жалт-жұлт еткен дүниемен қызық­тырып, қаржылай стипендиямен ал­дар­қатып, елітіп әкетпесін десек, бұл мә­се­леге де бас ауырту артық емес.


Қызым – үйде,  қылығы – түзде


Жуырда шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаштың «Лондонда оқып жүр» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Мұнда автор өзінің де шетелде тәлім алғанын және Еуропа елдерінде өмір сүргенін айта келе, Қазақстаннан келген студенттердің жүріс-тұрысы өзгеше екенін айтады. Мәселен: «Қазақстаннан мұнда келіп оқитындар – я мұнай-газ компаниялары арқылы шағын курсқа жазылған жас мамандар, я бай-бағланның тіл үйренуге, дайындық курсын оқуға келген балалары. Алты-ақ айға келсе де, жекеменшік көлік сатып, я жалға алатындар – арабтар, латын америкалықтар, орыстар мен қазақтар», – деп жазады. 

Бұдан біраз уақыт бұрын Қа­зақ­стан­нан мұхит асып, білім алуға барған Азамат Тәжая­қов пен Диас Қадырбаевтың Бостондағы жары­лыс­қа қатысы бар деп айып тағылғанын бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құ­­ралдары жар сала айтқан. Бұл істің астарында не бары белгісіз. Ал­ шетелдегі қазақстандық студент­тер­дің құқығын қорғау мәселесі туралы Қазақстанның мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына арналған дөңгелек үстелде депутат Гүлнар Ысқанова сөз еткен еді. Жат жерге барғанда кездесетін қиындыққа қарамай-ақ қазақ жастары шетелде білім алуға құштар екенін әркім-ақ көріп жүр. Алматыдағы №13 мектептің түлегі, қазірде Дубайдағы австралиялық Wollongong университетінің студенті Еркебұлан Бейсенбаев оқуын біті­рі­сімен туған жеріне оралып, елінің та­сын өрге домалатуды ойлайды. «Бізде қазір көптеген мекемелерде үлкен ағаларымыз әлі де кеңес заманының ой-санасымен өмір сүреді, шындығы осы. Ал, біз болсақ, алған білімімізді, тә­жірибемізді көрсетіп, жаңаша әре­кет етуіміз керек. Экономика, сая­сат, әлеуметтік жағынан болсын, Қазақ­стан­ға жаңаша ойлайтын мамандар, жаңа жо­балар қажет», – дейді Еркебұлан Бей­сенбаев.

Ал жақында ғана Вайоминг уни­вер­­си­теті мен ҚазҰУ-дың келісімшар­тына сәйкес, магис­транттарға арналған екі апталық та­ғылым­дамадан өтіп келген ҚазҰУ-дың магистранты Әйгерім Тәсілованың пікірінше, шетелде оқудың орны бөлек. Олай дейтіні, шетелде студенттің білім алуына толық жағдай қарастырылған. Мәселен, бір студентке үш компьютер ти­есілі, әрі біздегідей емес, студенттер жазда да жатақханада тұра алады. «Білім сапасын айтпағанда, студенттің әлеуметтік жағдайын бірінші айтар едім. Егер мұндай мүмкіндік тағы туса, ой­ланбастан барар едім», – дейді ол ағы­нан жарылып.

Әрине, келешектің көкжиегін кеңі­ту­ үшін жастарымыздың дамыған ел­дер­ді көруі, сол жақтан дәріс алып, елі­нің кемесін алға сүйреуін мемлекет те­ қолдайды. Осы бағытта «Болашақ» бағ­дарламасы жастарды өзі таңдаған озық оқу орнына орналастыру, оны оқуын бітіргенше қадағалау, сосын елге оралған соң жұмыспен қамту сынды жұмыстарды дөңгелетіп жатқаны рас.

«Болашақ халықаралық бағдарла­ма­­лар» ор­талығы сайтындағы дерек­ке қарағанда, бұл стипендиядан үміт­кер­дің 1-3 жыл аралығында жұмыс өті­лінен басқа өзгеріс жоқ. Бағдарлама ди­рек­­торының орынбасары Әсет Әбдуә­лиев­тің айтуынша, стипендияға үміт­кер­дің жұ­мыс өтілі болуы керек, со­нымен бірге жұмыс беруші компания сти­пендияға ие болған азаматтың жұ­мыс орны сақ­та­латыны жөнінде ақ­парат беруі тиіс.

Осыған қарағанда «Болашақпен» оқу­ бітіргендер енді жоғарғы жалақысы бар­ жұмыстарға жүгірмей, өзі істеп кет­кен қызмет орнының дамуына үлес қоса­ды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық универ­ситетінің оқытушысы, ғы­лым канди­даты Мария Жұмабекова д­а­ бұл өзгерісті қолда­ғанымен осы­ жайтқа алаңдайтындығын біл­дір­ді. Себебі, «Болашақ» бағдар­ла­масымен оқығысы келген шәкірт­тер университет бітірісімен бағ­дар­ламаның грантын ұтып алуды емес, жұмыс табуды ойлайды. Оның пікірінше, 21-22 жасында уни­верситет бітіретін жастарға жеңілдік жа­салуы керек. 

«Болашақ» бағдарламасымен ше­тел­де оқуды армандайтын Айдын Амангелдінің бағдарламаға ен­ген өзгерістен кейін арманы алыс­тай түсіпті. «Биыл бакалаврды бі­ті­ріп, магистратураны шетелде «Бо­ла­шақпен» оқимын деп жоспарлап жүргенмін. Төрт жыл университетте оқығандықтан мен еш жерде жұмыс істемедім. Яғни жұмыс өтілім жоқ. Енді шетелдік оқу орындарындағы басқа бағдарламалар бойынша грант ұтып алуға тырысамын. Ал одан ештеңе шықпаса, жұмыс іздеуге тура келеді. Жұмыс тапсам, екі жылдан кейін «Болашаққа» құжат тапсырып көремін», – деп мақсатынан бас тартпайтындығын білдірді.