Төрегелді Шарманов: Алған емес, берген адам бақытты

Төрегелді Шарманов: Алған емес, берген адам бақытты

Төрегелді Шарманов:  Алған емес,  берген адам бақытты
ашық дереккөзі
Бұдан бөлек толып жатқан атақ-дәрежесiне қарамастан, бүгiнге дейiн 150-ге жуық кандидат пен 50-ден астам доктор дайындап шығарған. Қазақ медицинасының қалыптасу мен даму жолында айтарлықтай еңбегi сiңген ғалымның әр кезде де сөзi ұтымды, пiкiрi өтiмдi. Біз салауатты өмiр сүрудiң қағидасын сөзбен емес, өз iсiмен дәлелдеп жүрген Қазақ Тағамтану академиясының президентi Төрегелдi ағаның өнегелі әңгімесін тыңдаған едік. – Халқымызда «Ауру – астан» деген сөз бар. Алайда, біз мұның астарына үңіле бермейтін сияқтымыз. Сіздіңше, қалай?  – Иә, ата-бабаларымыз дәл білген. Қазақтың тұтынған тағамдарының бәрі қуатты, құнарлы, дәмді әрі ауруға ем болған. Қымызды, шұбатты алыңыз, мың сан ауруға ем. Ет-жүрек, қан тамырлары аурулары дейсіз бе, ішек пен асқазанның қабынуы, атеросклероз, әйтеуір айта берсең, тізбектеліп кете береді. Ата-бабаларымыз өздеріне қажетті әрі пайдалы тағамдарды тұтынып отырған. Тамағың дұрыс болса, ауру да сенен аулақ жүреді. Қазақта «Сиыр еті таң сарғайып атқанша, қойдың еті ертеңгі күн батқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша» деген де сөз бар. Бұл нені меңзейді? Халқымыз соғымға жылқы сойып отырған, жылқы етін астың төресі санаған. Өйткені жаңағы сөзде айтылғандай, жылқы еті тез қорытылып кетеді, асқазанға ауырлық келтірмейді. Себебі оның құрамында холестерин мүлде жоқ. Қазақтың «ет – етке, сорпа – бетке» дейтіні осы жылқы етіне қатысты айтылған. Ет – өте құнарлы тамақ. Бірақ ет – ем екен деп оны шамадан тыс көп жей беруге болмайды. – Сонда ауыр тамақтан аулақ болу керек дейсіз ғой…  – Ет – ата-бабамыздың жеңсік, негізгі асы болған. Өйткені олар күні-түні аттан түспеген, мал соңында жүрген. Демек, олар үшін қуат көзі – құнарлы қорек керек болды, ал қазіргі заманда біз үшін ондай аса құнарлы тамақтың қажеті жоқ деп есептеймін. Отырықшылық мәдениетке көшумен бұл жағдайдың бәрі өзгерді. Қазақтығымызды сақтап қалдық дегенімізбен, мәдениетіміз үлкен өзгеріске ұшырады. Басқаша айтқанда, жаңа өмірге бейімделдік. Бірақ бұл өмір дәстүрі, яғни өмір сүру ортамыз энергияны аз жұмсауға негізделген екен. Өйткені адамның тұтынатын тамағы, яғни ішетін асы оның жұмсайтын энергиясымен сәйкесу керек. Біздің де қимыл-қозғалысымыз азайды, артық энергияны қажет етпейтін болдық. Мен қазаққа “ет жеме” деп ешқашан айтпаймын. Әңгіме, майлы тамаққа үйір болмау, артық жеуден сақтану жөнінде болып отыр. – Осы жерде сіздің күн тәртібіңізді білсек… – Адамның денсаулығы ананың құрсағында жатқанда қалыптасады. Салауатты өмір салтын ұстанған адамдардың ұрпағының да денсаулығы мықты болады. Ұйқы режимін дұрыс қалыптастыру да денсаулыққа әсер етеді. Ұйқы жеті, сегіз сағаттан кем болмау керек. Өзім таңертең 5-6-да тұрамын. 40 минут денешынықтырумен айналысамын. Жаттығу алаңында жүгірем, кейде велосипед тебемін. Кір тасын көтерем. Бұл баяғыдан келе жатқан дәстүр. Бала кезімде әкем турник, кір тасын алып беріп, шынықтыратын.  Сол әдет әлі күнге дейін  қалған емес. Содан кейін шомыламын. Әуелі салқын су, 2-3 минуттан соң жылы су, қайта салқын су. Қолым қалт еткенде, тауға шығып, таза ауамен тыныстауға асығамын.  – Ал таңертең қалай  та­мақтанған дұрыс? – Балаларға кішкентайынан дұрыс тамақтануды әдетке айналдыру керек. Көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт тағамдарын үзбеген жөн. Күніне кем дегенде 400 грамм көкөніс, жеміс-жидек жеу керек. Сенің денсаулығың не ішіп-жейтініңе байланысты. Қазіргі кезде мектеп оқушылары газдалған сусындарға құмар. Ол адам денсаулығына зиян. Айран-сүт ішпеген балада кальций жетіспейді. Көкөніс, жеміс-жидекті аз пайдаланғаннан жүрек-қан тамырлары аурулары жиі кездеседі. Менің жасымдағы адамға таңертең тек өсімдік жеген жөн. Көк шай, кейде кофе ішем. Көкөніс жеймін. Май мен нанды татып алмаймын. Түс кезінде жылқы және құс етін, түйеқұс дейді ғой, соның етін пайдаланам. Қойдың, сиырдың етін аузыма алмаймын. Кешкісін де тек көкөніске қарай бет алам. Әсіресе, жеміске үйірмін. Түсте, жатар алдында қымыз, сүт ішемін, танертеңгісін сүзбе жеймін. Тамақтың алдында, соңында жеміс-жидек, көкөніс, кептірілген жеміс жеймін. Майлы тамақты мүлдем шектеп тастадым. Нанды да өте аз жеймін. Сары май мен қантты мүлдем жолатпаймын. Ал қара шоколадты міндетті түрде жеу керек. Жүрек, қан тамырлары ауруымен ауырмас үшін көбінесе көкөніс, жемісті тұтыну керек. Мысалы, өзім бір жерім ауырса, соны жазып алуға тырысамын, соған қарсы күрес жүргіземін. – Сонда әдемі қартаюдың сыры осында жатыр ма?   – Әдемі қартаю деген физикалық ұғым емес, бұл рухани көрініс. Айналаға жылу, мейірім шашып жүру керек. Адамға деген жақсылық сезімі болу қажет. Біреу туралы кертартпа ой, көреалмаушылық болса, ол адамның өмірі жақсы емес. Әрқашан жақсы ойлау керек. Өзіңді физикалық жағынан қаншалықты сақтасаң, адамға деген жақсы, жылы ойың да соншалықты болуы тиіс. Бұл адамның бет-бейнесіне бірден әсер етеді.  Жақсы ой, жақсы пікірде жүру керек. Бұл – бірінші шарт. Адам болған соң, біреуді біреу көре алмай, бәсекелестікте жүреді. Ондайды ұнатпаймын. Өзім бәсекелесіп жүретін адамнан қашып жүремін. Мұндай адамнан мейлінше аулақ жүрген дұрыс. Себебі, менің ұғымымда жақсы адам айналасына мейірім шашып, жылы орта қалыптастыруы қажет. Көбінесе қимылдап жүрген дұрыс. Қызық-қызық материалдар іздеймін, ғылыми кеңеске сараптама жасаймын. Күндіз-түні ой еңбегін  атқарамын. Үнемі миды жұмыс істету қажет. – Демек, сiздiң өмiрлiк кредоңыз адам баласына жақсылық жасау ғой…  – Адамның негiзгi мақсаты – бiр-бiрiне қызмет ету, жақсылық жасау. Осы тұрғыдан алсаң, сенiң азаматтық қасиетiң де жақсарады. Сол себептен де өзiмдi бақыттымын деп санаймын. Бiреуге көмектессем, үнемi жақсы сезiмде жүремiн. Тамағым тоқ, көйлегiм көк болса болғаны. Алған адам емес,  берген адам бақытты. Бiреуге жасаған жақсылықты ешқашан есте сақтама. Жақсылық жасадың ба, сол адамды ұмыт. Егер бiрдеңе дәметiп жүрсең, ол жақсы емес. Осылай өмiр сүрiп, осылай өмiрден өтем деп ойлаймын. Бұл менiң табиғи кредом. – Уақыт өзіне тиесіліні алады дейді. Қарттықтан қорықпайсыз ба?  – Кәрі деген ұғым бар. «Мына кісі кәртейіп кетіпті немесе жақсы қартайыпты» деп жатады. «Кәрі», «қария» деген сөздерді мүлдем ұнатпаймын. Мұның бәрі ескіден қалған ұғым. «Шал» да солай. Кейбіреулер көре алмағандықтан, қызғаныштан айтады. Бұл сенің мүмкіншілігіңді төмендетіп тас­тайды. Ал «ақсақал» деген сені көтеріп тұрады. Жасы келген адамды құрметтегің келсе «ақсақал» деп айт. Одан басқа сөздің керегі жоқ. Ақсақал, қария, шал. Үшеуінің құрылымы, қасиеті үш бөлек дүние. Өмірде ең жаманы шал болу. Адам қырық жаста да шал болуы мүмкін. Күні кеше лауазымды жұмыста жүріп, қызметінен айрылып қалғаннан кейін жұрттың мазасын алып, әр жерге барып, берекесін кетіріп, жағымсыз мінез көрсетіп жүретіндер бар. Мұндайда «Әй, мынау шал болған ба?» деп айтып жатады. Демек, шал болу деген бір жексұрын көрініс. Ал қария деген жасы келген, өз орнын білетін адам. Елге жақсылық тілеп отыратын жан. Ол ешкімнің мазасын алмаса да, бірақ ауылдан шыға алмай, біреудің қолына қарап қалады. Үшіншісі – ақсақал. Ақсақалдық ерте келуі мүмкін. 40 жаста да ақсақал атануың кәдік. Керемет көрінісімен, байыпты мінезімен, елдің қамын ойлайтын адам. Мысалы, кеше ғана басшы болып, зейнетке шықса да, сол қасиетінен айрылмайды. Жастарға жақсы жол сілтеп, шама келгенше көмегін тигізіп, ақылын айтып отырады. Ақсақалдық дәрежеге жеткен адам – Отанының тірегі. Сондай дәрежедегілер біздің қоғамда сирек кездеседі. Қазір баяғы заман емес. Қазіргі 70-80 жастағылар бұрынғының 50 жастағының қатарында. Өзімнің календарлық жасым 80-нен асты, бірақ биологиялық жасым 50-ден жоғары емес. Мүмкіншілігім сол деңгейде екенін өзім білемін, жұмыс істей алатыныма сенімдімін. Демек, «кәрілік» деген ұғым ауру, сырқауы көп адамдар. Қариялар дегеніміз солар. Менің қария болғым келмейді. Америкада «Мен жүзге дейін жақсы өмір сүріп, сол сәтте өле қалғым келеді» деген ұғым бар. Алла өмір берсе, менің де ұстанатыным осы. – Құдай қаласа, мынандай денсаулығыңызбен 100-ге де келетін шығарсыз… – Құдай біледі ғой. «Жас өле ме, кәрі өле ме, ауру өле ме, сау өле ме?» деген қазақтың мақалы бар. Құдай қанша ғұмыр береді, соны сүргім келеді. Қанша мықтымын десең де, тап қазір не болатынын бір Алладан басқа ешкім білмейді. – Есте сақтау қабілетіңізге шағым жоқ па? – Өте жақсы. Телефон нөмірлерін де жатқа білемін. Себебі, көп анализ жасаймын. Көркем әдебиеттен эссе жанрына қалам тербеймін. Ғылыми жұмыспен шұғылданамын. Егер ессіз болсам, мұның бәрін жасай алмас едім. Сөйлемдерді байланыстырып, салыстырмалы мәнін, қалай, қайда жалғасуын білмес едім. Сондықтан тынымсыз, үздіксіз еңбек етіп келемін. Үш-төрт компанияны басқарамын. Өзім құрған Тағамтану институтын қырық жылдан бері басқарып келемін. Ғылыми кеңестерді басқарып, ғылыми бағдарламалар жасаймын. Жақында ғана фундаменталды екі ғылыми жұмысымыз байқауда жеңіп алды. Мен Құдайға, сосын жүрегіме бағынамын. – Жылына бір мәрте толық медициналық тексеруден өтетін шығарсыз…  – Үнемі қаралып тұрамын. Әсіресе, қанымда қандай өзгерістер барын білемін. Құдайға шүкір, жаман емес. Дәрі ішпеймін. Шөптен, табиғи заттан жасалған дәрумендерді пайдаланып тұрамын. – Реті келгенде сұрайын деп едім. Бүгінде «генномодифицирлік өнімдерді шамадан тыс тұтыну қатерлі ісік ауруына әкеп соғады» деген пікір бар.  Жалпы,  осы өнімге деген көзқарасыңыз қалай?   – Егер дұрыс жасалмаса, химиялық қоспасы дұрыс болмаса, әрине зиян. Бірақ та қолданыстағы генномодифицирлік өнім тексерістен өткен. Қазір аштықтың құрсауында 1 млрд. 200 млн. халық бар. Осыдан бес-алты жыл бұрын 800 млн. болатын. Жылдан жылға көбейіп жатыр. Оларды қалай қоректендіруге болады? Ауылшаруашылығының бұрынғы әдісімен қамтамасыз ету қиын. Қызанақ, басқа көкөністің бәрі ағылып жатқан жоқ. Сондықтан генномодифицирлік өнімнің ешқандай зияны жоқ. Ең бай Америкада бұл өнім жылдан жылға артып келеді. Соңғы кезде Америкада бұл өнімді шығару бес есеге өсті. Америка өз халқының денсаулығын қатты қадағалайды. Зиян болса, олар бас­тама көтеретін еді. Сондықтан олар қорықпағанда, біз неге қорқамыз? – Есесіне семіздік ауруы асқынып кеткен жоқ па? – Бұл басқа мәселе. Қазір Мишель Обама ханым бұл дертке қарсы күресті бастады. Америка өзінің пепси, кола, чипсы, гамбургер сияқты өнімдерінің ағзаға кері әсерін түсініп жатыр. Осы тез пісетін өнімдерде көмірсутегі, трансмайлық қышқыл, газ өте көп. Бұл адам ағзасындағы пайдалы заттарды шығарып тастайды. Олар балаларды семіздік дертіне ұшырататын өнімдерді құртудың жолын қарастыруда. – Төрегелді аға, өзіңіз ашылуына мұрындық болған «Амиран» зауытының бет-алысы қалай?  – «Амиран» зауыты жұмыс істеп жатыр. Алдыма зауыт қазіргі заманауи деңгейге сай болуы керек дегенді мақсат етіп қойдым. Оған көп шығындалдым. Жер алдым, инвестор таптым. Зауыт алдында екі міндет тұрды. Бірінші, сиырдың табиғи сүті. Екіншісі, одан балалардың тамағын жасау мен оның ноу-хауы. Біз 40 жыл бойы сонымен айналысып келеміз. Зауытты салып бергенім болмаса, бір тиын алмаймын. Құрылтайшысы да емеспін. – Жалпы, зауыттың болашағына сенесіз бе? Тұтынушының сұранысын қамтамасыз етіп отыр ма? – Елбасы Н.Назарбаевтың алдында баяндама жасап, посткеңестік кеңістікте балалар тағамын жасайтын тұңғыш зауыт екенін айттым. Бұл үлкен резонанс туғызды. Бірақ  әзірге өнімділігі аз. Бір қаланың өзін қамтамасыз ете алмайды. Қауқары жетпейді. Мүмкін болса, Алматы мен Алматы облысында дәл осындай үш-төрт зауыт ашу керек. – Бізде қазір табиғи сүт алатын сиыр да азайып кетті ғой. Бұл мәселе қиындық туғызбай ма? – Оның рас. Қазақстан бұл жағынан өте кедей. ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Н.Нығматуллин ауыл шаруашылық саласының мамандарын жинағанда: «Сендер ештеңе істеп жатқан жоқсыңдар. Мысалы, академик Шарманов зауыт салды», –  деп мысалға келтіріпті. Шын мәнінде, бұл зауыттың балалардың денсаулығы үшін жасап жатқан тіршілігі көп. Өнімдерге үлкен сұраныс туып отыр. Бұған мақтаныш сезіммен қараймын. Бірақ бұдан пайда таппаймын. Пайда халықтың игілігі. Біреулер қалтама ақша түссе екен деп есептейді. Бұл дұрыс емес. – Зауытты салуға қалтаңыздан қанша ақша кетті? – Осы зауытты салуға ең кем дегенде 4 млн. АҚШ доллары кетті. Бұл институттың, өзімнің, баламның қалтасынан шықты. Әйтпесе, қиын жағдайға түсіп қалып едім. Жерді 2,5 млн. АҚШ долларына сатып алдық. Сосын бар ақыл-ойымды, күш-жігерімді осыған жұмсадым. – Қасиетті Рамазан айында «Түркістан» газетінің оқырмандарына деген тілегіңізді білсек…  – Әрдайым жақсылық болғай! Мақсат – әрқашан төңірегімізге жылы ниет, жақсы ұғым орнап, бір-бірімізге жақсылық жасауға тырысайық. Көреалмаушылық, қызғаныш ауруынан аулақ болайық! Шамамыз келгенше, жақсылық жасау біздің негізгі дәстүрімізге айналсын!