ҚҰБЫЖЫҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ

ҚҰБЫЖЫҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ

ҚҰБЫЖЫҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ
ашық дереккөзі
Осының салдарынан болар, Қазақстандағы педофилдер саны уақыт өткен сайын артып келеді екен.                                                         Азғындарды аямайтын елдер бар Қоғамды аздыратын басқа кеселдерді тезге сала алмай, қара терге түсіп жатқанда елімізде педофилдер саны артты. Жуырда педофилдер туралы мәселе көтерген сенатор Мұхтар Алтынбаев балалардың өміріне балта шабатын қылмыскерлерді химиялық жолмен әтек етуге, олар абақтыдан шыққаннан кейін жұмысқа қабылдамауға ұсыныс жасады: «Жыныс бездерін химиялық жолмен сылып тастау керек. Оны неге қолданбаймыз? Мұның күлетін ештеңесі жоқ. Бұл өте қайғылы жағдай. Менің ойымша, олар адам емес, хайуандар», – деп ашынған халық қалаулысы: «Меніңше, ең қатал жаза қолдану керек. Тіпті, химиялық піштіруге дейін барған дұрыс. Қатаң жазаның тағы қандай түрі болса, соның бәрін қолдану қажет. Меніңше, ондайларды түбірімен жойып жіберген жөн», – деді. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын кәмелеттік жасқа толмаған 100-ге жуық бала зорлық-зомбылыққа тап болатын көрінеді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған балалардың саны 2011 жылы – 148, 2012 жылы – 236 болса, үстіміздегі жылдың алғашқы 5 айында 184-ке жеткен. Ақтөбе облысында 2011-2013 жылдар арасында 27 педофил түрмеге қамалған. Қылмыскерлердің барлығы дерлік айғақты заттар табылғанына, қылмысы дәлелденгеніне қарамастан, өздерінің сүттен ақ, судан таза екенін айтып шырылдайды. Араларында бар кінәні «шайтанның суына» аударуға тырысатындары да көп. Өйткені темір тордың арғы жағына барғаннан кейін 122-баппен айыпталғандардың басым бөлігінің күні қараң. Тіпті, о дүниенің есігін мерзімінен бұрын ашатындары да табылады. Қатаң жаза демекші, көрші қы­тайлар елінде балаларды қорлап, зорлағандарды көпшіліктің алдына шығарады екен де, бірден жер тегістейтін трактормен үстінен жүріп өтеді екен. Ұзынқұлақ осылай дейді.  Есесіне, кез келген қылмыскерге «түсіністікпен» қарайтын біздің Атазаңда педофилдерге қатысты баптар өзгертіліп не қатайтылған жоқ. Ал Ресейде бұл бап барынша қатаң. Тіпті, өлім жазасы да қарастырылуда. Былтыр тамызда РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Франц Клинцевич педофилдерге, ірі жемқорларға, әскери қылмыс жасағандарға өлім жазасын қолдануды қайтадан заңдастыруға ұсыныс айтқан. Иран, Оңтүстік Корея, Ирак пен Сауд Аравиясында балаларды жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлегендер өлім жазасына кесіледі. Осыдан екі жыл бұрын дәл осындай айып тағылған екі ирандық – Мұхаммед Паштеризе мен А.На­маки көпшіліктің көзінше дарға асылды. Бесіктен белі шықпаған бейкүнә қыз ба­ланы қалай зорлағанын бейнекамераға түсірген Паштеризенің жаны шықпай, қиналып жатқанда жиналған халық «Сотқа мың алғыс!» деп ұрандатты. Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек, 2011 жылы Иранда 145 адам өлім жазасына кесілсе, былтыр түрлі қылмыс бойынша ауыр жаза тағайындалғандар саны 179-ға жетіпті. Ал көршілес қырғыздар елінде 2013 жылдың наурызында педофилдерді химиялық жолмен піштіруге қатысты заң жобасын Жоғарғы Кенеш депутаттары алғашқы оқылымнан-ақ мақұлдады. Бұл жазаны қылмыскерлер түрмеден шығардан 6 ай бұрын алмақ. Медициналық анықтамаларға жүгінсек, мұндай дәрі егілген, яғни, піштірілген еркектердің 97 пайызы ауыр қылмысқа қайта бармайтын көрінеді. Негізі балаларды бір емес, бірнеше рет зорлағандардың Қазақстанда да бар екенін ескерсек, қырғыз депутаттары көтерген мәселе біз үшін де өзекті әрі тиімді сияқты. «Қазақстандағы педофилдер өлім жазасы қолданылмайтындықтан, есіріп кетті», – деген депутат Мұхтар Алтынбаевты қостайтындар саны әзірге аз. Өкініштісі сол, өмірдің қулық-сұмдығынан бейхабар, аяр да айуан адамсымақтардан секем алмайтын бала көңілдің талайы тағдыр тәлкегіне ұшырауы мүмкін.                                                                  Өз қыздарын зорлаған әке... Өкінішке қарай, соңғы кездері азғындар саны арта түскен. Бұл еліміздің барлық аймағына тән. 2011 жылы балаларды қорлағандар туралы ақпарат еліміздің түкпір-түкпірінен жетті. Мәселен, Ақтөбеде бір емес, бірнеше баланы зорлаған қылмыскер түрмеге тоғытылды. Қарағандыда біреу өз қызының абыройын төккен. Астанадағы бір өгей әке бастауыш сыныптағы қызын қорлауды әдетке айналдырғаны анықталды. Ал Шығыс Қазақстанда тағы бір еркек асырап алған қызын бірнеше жыл бойы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Биыл көктемде Оңтүстік Қазақстан облысының құқық қорғау қызметкерлері педофилдердің көбейіп кеткенін айтып, дабыл қаққан еді. Мәселен, соңғы 3 жылда облыстық сотта осындай айуандық әрекет бойынша 56 қылмыстық іс қозғалыпты. Ал 2013 жылдың алғашқы үш айында кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлауға қатысты 8 іс қаралып, олардың барлығында айыпталушылар абақтыға тоғытылған. Сорақысы сол, ата сақалы аузына бітіп, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңес берудің орнына жас балаларды жыныстық қатынасқа итермелеген шалдар да бар көрінеді. ОҚО сотының судьясы Әбинұр Қарабаевтың айтуынша, педофилдер арасында егде жастағы адамдар бар. Мысалы, бүгінде темір тордың арғы жағынан телмірген 62 жастағы бір зейнеткердің азғындағаны соншалық, бірнеше жыл бойы өзінің туған қыздарын әйелі ретінде пайдаланып келген. Ақтөбеде де бір қыз бала ұяттан безген туған әкесінің құрбаны болған. Өзекті жарып шыққан ұрпағына опасыздық жасаған әлгі әкесымақ та 18 жылға түрмеге тоғытылды. Жетімі мен жесірін жылатпаған, әрдайым қамқор бола білген қазақтың бүгінгі ұрпағының ішінде адамдықтан безгендері аз емес. Мәселен, оңтүстікқазақстандық бір еркек жетімдер үйінен асырап алған қызын 3 жыл бойы зорлап келгені үшін 18 жылға сотталыпты. Абақтыға жабылған бетте әлгі  кәззап өз-өзіне қол жұмсағысы келген екен, ол ойы іске аспаған. Сарыағашта 1974 жылғы бір шопан есік алдында ойнап отырған екі баланың бірін қорқытып-үркітіп, алдап, мал жаятын жағына алып кеткен. Араққа сылқия тойып алған ол арам ойын іске асырған да, еңіреген баланы жайына жіберген. Болған жайттан есеңгіреп қалған ата-ана полицияға шағымданып, әлгі шопанның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Дәл осындай жағдай Қарағанды қаласында да болған. 15 жастағы қыз баланы алдап қолға түсірген 44 және 33 жастағы екі еркек жеткіншектің шекесіне тапаншаны тақап тұрып, ойларына келгенін істеген. Адамдықтан безген әлгі екеудің бірі бойдақ болса, бірі – үйлі-баранды, кішкентай қыз бала тәрбиелеп отырған әке-міс… Алматыдағы көп қабатты үйлердің бірінде мектептен қайтқан 9 жасар қыз баланы ішімдікке сылқия тойған Бақыт есімді біреу зорламақ болғанда баланың туғандары мен көршілері ұстап алып, полиция қызметкерлері келгенше жібермепті. Өкінішке қарай, полицейлер «айғақты заттар табылған жоқ» деген желеумен әлгінің үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тартыпты. Қылмыскерді көз алдында бостандыққа жібере салғанына ашынған алматылықтардың кейбірі отандық телеарналардан: «Әділ жазасын береді деп полицияға сенген едік. Бірақ тұтқынға алынбады. Енді ол тағы да келіп, балаларымызға зиянын тигізсе, қайтеміз? Полицияға сенгенше, жазасын өзіміз беруіміз керек еді», – деп ашынды.                                                           «Піштірумен  проблема бітпейді»     Жауыздыққа толы тағы бір қылмыстық іс те осыдан екі жыл бұрын ОҚО-да болған. Тепсе темір үзетін Эльман Велиев пен Максим Старченко дегендер 8 жастағы қыз баланы үйлеріне алдап әкеліп, бірнеше күн бойы бесіктен белі шықпаған балаға ойларына келгенін істеген. Соңында оны өлтіріп, мүрдесін бөлшектеп, бөтен бір үйдің алдына тастап кеткен. Қаршадай баланы жазықсыз өлтірген айуандар 25 жылға бас бостандығынан айы­рылды. Осындай жантүршігерлік оқиға Ақтөбе облысының Ойыл ауданында да қайталанады. Қырықтың қырқасындағы атпалдай бір азамат 9 жастағы қызды үйііне алдап әкеліп, зорлап, артынан тұншықтырып өлтірген. Онысымен қоймай, бейкүнә баланың мүрдесін бірнеше күн бойы өзінің азық-түлік тұратын жертөлесінде сақтаған. Қылмыскерге өмір бойы түрмеде отыруға үкім шығарылды. Қызылордадағы мешіттердің бірінде қарауыл болып істейтін бір еркек 16 жастағы өгей қызын бірнеше рет зорламақ болған. Қыздың шешесімен бірнеше жыл бойы бірге тұрған оның сол әйелден 7 баласы бар екен. Бүгінде оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бап, 3 тармағы бойынша (кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық әрекет жасауға тырысу) қылмыстық іс қозғалған. Өкінішке қарай, талай баланы сорлатқан мұндай жауыздардың кейбірі дәл осындай қылмысты бір емес, бірнеше рет жасайды. Ал біздің заң кешіріммен қарайды. Қоғамға тигізетін пайдасы жоқ, керісінше, зияны мен зардабы көп адамсымақтарға кешіріммен қарау адамгершілікке жата ма? Ең қорқыныштысы, адами құндылықтардан ада айуандардан кез келген жерде, кез келген сәтте төнетін қатер бар. Көңілді алаңдататын тағы бір жайт, кәмелеттік жасқа толмаған кейбір жеткіншек ересектермен бірге азғындыққа баруда. Шымкентте 16 жастағы бозбала 10 жасар қыз баланы көзден таса жерге алдап апарып, қастандық жасаған. Аяр қылығы үшін әлгі бозбала 10 жылды арқалап кете барды. Бізді қылшылдаған жастық шағын абақтыда өткізетін оның түрмеден кейінгі тағдыры емес, отбасында алған тәрбиесі мен уланған санасы алаңдатады. Өйткені дәл осы жеткіншек сияқты қанша жас шалыс басып, сүрініп кетіп жатыр. Оның соңы – көктей солған құрбандардың өксіп қалған өмірі. Бүгінде педофилдерді тезге салуға құлшынғандар заң шеңберінен шығуда. Мәселен, қылмыскерлермен өз бетінше күресуді сылтауратқан «Оккупай-педофиляй» қоғамдық қозғалысының белсендісі Роман Матвиенко «бопсалады» деген айыппен Алматыда қолға түсті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Матвиенконың жалғыз еместігін, онымен бірге үш адамның тұтқындалғанын айтады. Әлгі үшеудің бірі – әйел. Сөйтсе, Интернет арқылы қызтекелерді алдап қолға түсіріп, оларды бейнекамера алдында қылмысын күштеп мойындатып, сосын олардан қорқыту арқылы ақша талап етіп отырған. «Әділеттілік жолында күрескіштерге» заң алдында жауап беруге тура келді. Мамандардың айтуынша, балаларды зорлауға отбасында беделі жоғары үлгілі әкелер мен жауапкершілігі жоғары лауазымдағылар да барады екен. Бірақ олардың 70 пайызына жуығы – бала күнінде біреулерден қорлық көргендер, яғни, педофилдердің құрбаны. Психологтар мұндайлар негізінен өздерін қорсынатын, қорқақ әрі жалтақ болатынын айтады. Педофилия – медициналық тұрғыда қойылатын диагноз. Оны емдеуге болады. Бірақ аурудың келісімімен ғана. Өкініштісі, дерттен құлан-таза айығып кету күмәнді. Тіпті, «оларға химиялық жолмен піштіру де көмектеспеуі мүмкін» дейтін мамандар бар. Мәселен, қатаң режимдегі колонияда 10 жыл бойы қызмет істеген психолог Галина Булавенко: «Піштіру туралы ұсыныс күлкілі сияқты. Бұл ауру адамды айықтыра алмайды. Өйткені эмоциялық ахуалмен бірге санадағы дертті де ескеру қажет. Бар қиындық – баста. Егер дөрекі түрде айтсақ, басты кесіп тастау керек». Оның бұл пікірін жақтаған әріптестері бар. Мәселен, Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова педофилдер өздерінің ауру екенін мойындап, өз еріктерімен емделуге тырысуы тиіс дейді. «Жастарға ерік берсеңіз, күмәнданғанның бәрін піштіруге кетары емес. Бірақ бұл біздегі заңға қайшы», – деген А.Құдиярова отбасындағы бала тәрбиесіне де баса назар аудару керектігін айтады. Ал заңгерлер болса, құқық қорғау органдарының қызметкерлері педофилдерді анықтауға бел шеше кірісуі керек деген сенімде.  Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ