ТҮБІ БІР БАУЫРЛАР ТАБЫСҚАН КҮН

ТҮБІ БІР БАУЫРЛАР ТАБЫСҚАН КҮН

ТҮБІ  БІР  БАУЫРЛАР  ТАБЫСҚАН КҮН
ашық дереккөзі

                                                          ТАМЫРЛАС ТАРИХ

Бір-бір қаралық киімдері жылтыраққа құмар қыз-келіншектер түгіл, елең ете қоймайтын ер-азаматтардың өздерін тамсандырып, көңілге тоят тапқызатын, ең бастысы – өзің де, көзің де демалатын Сүлеймен сұлтан туралы сериалды Түрік елінде түрік тілінде тамашалаймын деп ойлаған жоқ едім: көктен түсе қалғандай болып теледидарға телміріп отырғаныма өзім де таңмын… Әуелі жетпіс жыл бойы “темір пердесін” құрып қойып, ештеңені естіртпеген КСРО-ның кілті – орысшаның кәдеге аспай қалғанына көз жеткізе түсесің: берісі – түрікше, әрісі – ағылшынша білмегенің өкінішті-ақ! Екіншіден, бірін – яғни өз саламызды біршама жақсы білетін, ал бәрін – яғни қалғандарын жеңіл-желпі ғана білетін біздің – журналистердің – өзгелерді қойып, өз тарихымызға да терең бойлай күнәдай зор кемшілік болып көрінеді. Анадолының қасиетті топырағын басып тұрып, ұлы Мағжанның ұмытылмас өлеңдері арқылы ғана бұл елдің жай-жапсарынан хабардар болу түпкі атамыз – түркілерді қастерлемеуге тең ғой: Түркияның сан ғасырлық ғаламат тарихы қызықты хикая сияқты бас көтертпейді екен…
Шәкәрім қажының шежіресінде: “Ең ескі заманда Алтайдан түріктер күнбатыс жаққа бара берген. Ғайса пайғамбардан 200 жылдай бұрын Алатаудың күнбатысында жүрді”, – деп жазылғанында ешқандай жаңсақтық жоқ. Жолында ұшырас­қандарды қоғадай жапырып, үдере көшкен оғыз тайпаларының Анадолы жеріне орнығып, бақыт тапқанын бәріміз де білеміз.
Көк түріктердің тұлпарлары бір тозаңды бір тозаңға қосып, түбектің төскейін дүбірлеткенге дейін Кіші Азия кімді көрмеді?! Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықта ежелгі ірі империя­лардың алғашқыларының бірі – Хетт патшалығы пайда болған көрінеді. І мыңжылдықтың бірінші жартысында мұңда грек шаһарлары бой көтере бастайды. Одан кейін Александр Македонский талқандағанға дейін парсылар билігін жүргізіпті. ХІV ғасырда Орталық Азиядан ошарыла көшіп келіп, осында орныққан Осман мемлекеті түтінін тік ұшырғанға дейін де түбек талайларды көрді: Рим империясының, Византияның, Араб халифатының, тағы басқаларының құрамында болыпты.
Осылардың бірде-бірінен бақ-береке таба алмаған Кіші Азияны отырықшылар емес,Орталық Азиядан аққан судай тасқындап тоғысқан көшпенділер жайнатты: мемлекетті құрған Осман әмірдің есімімен аталған мемлекет көктен емес, көптен іздеген тыныштығын осы жерден тауып, рақатқа бөленді. “Құдай – бір, Құран – хақ” деген ұранды ұстанған Ислам дінінің жолынан таймаған түріктер үш ғасырдың ішінде Кіші Азияны Үлкен Азияға айналдырды: Закавказьяның бір бөлігі, қазіргі Таяу Шығыс пен Ирак, Солтүстік Африка, Балқан және Қара Теңіздің солтүстігі осы мемлекетке бағынды.
Түріктер – “дулыға” деген ұғымды білдіретін атына заты сай жаудан қайтпаған халық! Рим империясының мұрагері – Византияны талқандап, баяғы Константин патшамен аттас астанасын Стамбул деп өзгерткен, христиандар әлемінің інжуі – Әулие София ғибадатханасын Айя-София мешітіне айналдырған олар теңдессіз-ақ! Еуропаның іргелі мемлекеттері – Австрияға, Венеция республикасына, Польшаға қатты қауіп-қатер төндірген алғашқы ислам державасы еді.
Бұл үш құрлыққа, яғни Шығыс Еуропаға, Таяу Шығысқа және Солтүстік Африка жеріне қанатын кең жайып, алты ғасыр бойы туын шығандатқан держава. Бірақ бәрі де өзгереді ғой: ол басып алған аумақтарын ұстап тұра алмады. Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан Түркия қазіргі шекарасына дейін қысылып-қымтырылып, Кіші Азияда және Балқан түбегінің бір бөлігінде қалғанын қанағат тұтты.

                                                   ЕУРОПАЛЫҚ ЕЛ

“Қайтадан Азиясына қуып тықтық” деп жаулары қуанған Түркия ХХ ғасырда күрт өзгерді: Таяу Шығыс пен Балқандағы дәстүрлі мұсылмандар державасы Еуропаға бағдат-бағдар түзеді. 1923 жылы зайырлы мемлекет болып жарияланған ол мәдениетін де, саясатын да, экономикасын да еуропалық үлгі бойынша күрт жаңғыртуға кірісті. Түріктің ең көреген көсемдерінің бірі – Мұстафа Кемал сол жылы елдің президенті болып сайланды. Жаңғыру ештеңені де жанай өткен жоқ: түріктердің бас киімдері еуропалық кепкалар мен қалпақтарға, далпылдаған кең шалбарлары тар шалбарларға алмастырылды. Арабша қаріптер жойылып, латыншаға көшірілді. Астана Грекияның шекарасынан алыс­тай түсті: Стамбул Анкараға жолын берді.
Айтпақшы, Анкараның ежел­гі аты Ангора екен. Аппақ түбіт­тері желк-желк ететін ангор еш­кі­лері алғаш рет нақ осында өсі­рілгендіктен, қаланың атауына ие болған көрінеді.
Кемал болса, кемел басшы екендігін ел басқарған он бес жылдың ішінде анық дәлелдеді: ол қалың елге тура жолды көрсете білді. Ол енді халықтың жадында: бәрі де Ататүрік деп ардақтаумен келеді.
Мен мұны өз көзіммен де көрдім: көзі өткір Ататүрік өз портреттері арқылы қайда болсын қабағын түйе қарап тұр. Бір ғажабы – барынша қарапайым: майлы бояумен салынбаған, кәдімгі иллюстрациялық портрет қана.
Түркияның дамыған ел екендігі әуежайынан-ақ анық аңғарылды: бүкіл Қазақстанның халқы сыйып кететін Стамбулдың әуежайы өзіне сай екен.  Бірнеше ауылдың аумағын алып жатқан дамыған әуежайда еденмен деңгейлес эскалаторлардың бар екендігі қандай ғанибет: жаяу жүре берсең, табаныңнан таусыласың.  Және де жоғыңды сырттан іздемейсің: жолаушыға не керек – соның бәрі осында бар. Жо-жоқ, миллион бұйымдары жолаушыларды магниттей тартатын дүңгіршектер емес, әуежайдың қызметкерлері наза­­рыңды аударады: жігіттері де, қыздары да сыптығырдай. (Бір апта болғанымда бұл елде бір толық адамды жолықтырмадым).
Әрбір бес-он минут сайын біреуі қонып жатса, екіншісі көкке көтеріле бастайтын Стамбулдың ұшақтары Түркияның тіршілік-тынысы қан базардай қайнап жатқандығын көзіңе көрсетеді, құлағыңа естіртеді. Қаланың әуежайында байқағаным: әрбір үш-төрт сағат сайын Антальяға бет алған ұшақтар көкке көтерілумен болды. Бұл – Түркия Қара және Жерорта теңіздерінің жағалауларындағы керім курорттарымен мақтана алады деген сөз.
Теледидардан көрген сайын тәнті болған Түркияның топырағына табанымыз тигенде оның қаласында да, даласында да шашау жатқан ештеңені көрмедім. Құмырсқадай құжынаған тұрғындары соншама көп болғандарына қарамастан, жанталасып жүруден аулақ және сөздері де биязы. Басым дені арақты да, шылымды да аузына алмайтын түріктердің тұрған бойы – тазалық. Барын киіп, байлауышын салуға әуес емес секілді.
Теңдессіз тарихы бар Түркия тауарлары барынша сапалы екен. Және де барынша ыңғайлы: шайы да, қанты да, сүті де – бәрі де бір рет тұтынуға арналған. Түркияда шығарылған киімдерді Еуропа тұрғындарының талайының үстінен көруге болады. Айтпақшы, Түркияның демократиялық ел екендігі киім киістерінен де көрінді: көбісінің, әсіресе, жер ортасына келіп қалған әйелдердің үстінде – көмірдей қара көйлек, бастарында – қара жаулық; қыз-келіншектер болса белдемше кисе де, шалбар кисе де, ата  салтын сақтап, бас орамалын тамағының астынан байлайды; рас, ашық-шашық жүргендер де жоқ емес.
Түркия – ештеңеге зәру емес ел. Олай барсаң – теңізге, былай барсаң – тауға барып тірелетін Түркияға керегі – кеңдік қана. Иә, жерінің тар екендігін бірден байқайсың: үйлері тік қойған бөлке нан сияқты енсіз; көшелерінде екі “Икарус” бір-біріне қарама-қарсы келсе, өте алмайтындай. Сондықтан да олар тоқымдай жердің өзін тиімді пайдаланады.
Жә, алған әсерімді соза бермей, Түркияның дамыған ел екендігінің дәлелі боларлық тағы бір мысал келтірейін. Стамбулда емес, Елазиғ қаласында болғанымда кез келген үйдің шатырының үстіне қос бөшке қойылғанын көріп, дал болдым: мұнда қандай гәп бар? Сөйтсем, бұлар күн батареялары болып шықты. Он-он бір ай бойы Күннің көзі жарқырап тұратын Түркияда су осылай жылытылады екен.

                                                    АТАТҮРІКТІҢ АМАНАТЫ

Орталық және Орта Азияны ескіше “Түркістан” деп атаған ұлы Мағжан болашақты болжаған екен, жарықтық. Еуразиядағы түркі тілдес халықтар, міне, осыған көшіпті, бұрынғы дағды бойынша “Орта Азия” деуіміз мұң екен өзбектер: “Түркістан” деп түзетті. Кезінде күллі мұсылман елдерінің тірегі болған Осман мемлекеті, міне осы Түркістанның тағдырына бей-жай қараған жоқ. Аймақтағы мұсылман халықтарға озбырлық жасай бастаған Ресей империясының оңтүстікке одан әрі жылжуын тоқтату және Түркіс­танмен тікелей байланыс орнату үшін Сүлеймен сұлтанның Қара теңіз бен Каспийдің арасын қосатын Волга-Дон каналын қазуға құлшына кіріскенін біле бермеуіміз де мүмкін. Әттең, мұны орындауға әйгілі сұлтанның ғұмыры жетпеді, ал оның орнын басқан Селімнің тұсында бұл жұмыс аяқсыз қалған еді. Себебі, солтүстікте – Ресей, оңтүстікте – Иран байланыс жолдарын кесіп, тосқауыл болған.
Соған қарамастан, Осман мемлекеті мен Қазақ хандығы арасында тікелей байланыс болғанын әйгілейтін құжаттар табылуда. Түрік профессоры Махмет Сарайдың “Османың мемлекеті мен Түркістан хандықтары арасындағы саяси байланыстар” деген монографиясы бар деп естідім.
Қазақ даласы мен түрік жерін жалғаған тағы бір дәнекер – қажылық еді. Ресейдің қол астына қараған тұста қажылық сапарға аттанған қазақтар Стамбулға соқпай кетпеген көрінеді. Шәкәрім қажы да осы жолдан жаңылмаған: Стамбулда болып, ғалымдармен дидарласқан, керек кітабын тауып, ерекше қуанған екен.
Қажылардың Стамбулды басып өтетіндігін мен де көрдім. Үстіндегі иқрамдарын да шешпеген топ-топ қажыларға әуежайда әуелі таңданыспен көз тастағанымды несіне жасырайын?!
Бүгінгіні қоя тұрып, өткенімізге көз тастасам, әрине, түбі бір бауырларын ешқашан есінен шығармаған Мұстафа Кемел Ататүріктің есімі ойға оралады. “Мәдениеттіміз бен әдебиетіміз, жазуымыз бен таңбамыз ортақ болсын” деген Ататүріктің жанашырлығына не жетеді?!
Сонда Стамбул “Иені Түркістан” журналын шығарып, ұлттық идеяның шырағын тұтатты. Одан кейін Мұстафа Шоқай он жыл бойы “Яш Түркістан” журналын шығарды. Бұдан соң да талай басылымдар шығарылып, Түркістан атауы төңірегіне топтастыру жалғасын таба берген.
Ататүріктің аманатын орындау үшін Түркия аянып жатқан жоқ. Бұл ретте бір емес, жүз мысал келтірудің ешқандай қиындығы жоқ болғандықтан, көз алдымыздағы жайттарды тізбектей жөнелуім қисынға жатпас деген ойдамын. Ал біз ше? Бізде де, әйтеуір, сең қозғалды: латын әліпбиіне көшуге кіріспекпіз. Әліпбиіміздің ортақтығы – орасан зор қуаныш!
Міне, осы жұмыс жүргізілетін алдағы оншақты жылдың ішінде түркі тілдерінің ішіндегі ең оралымды, терең де бай тіл – қазақшамыз бауырластырымыздың баршасына түсініктірек бола түсуге тиіс. Меніңше, ана тілімізді туыс халықтар тіліне жақындата түсу басты да мақсатқа айналғаны абзал. Өзім пір тұтатын ұлы Мағжан: “Түрік тілінде сөйлеймін деген түрік баласы күндердің бір күні айналып қазақ тіліне келмекші”, – деп болжам жасаған екен.

                                       ШАРТАРАПТАН ШАЙЫРЛАРДЫ ШАҚЫРЫП…

Кездесе қалсаң – көзіңе оттай басылатын, сөйлесе қалсаң – тынысың ашылатын түркі тілдес халықтардың басым дені ұлы Мағжан екі дүниенің бесігіне балаған Түркістанда түтін түтетіп отырғандағы белгілі. Шашы сары, көзі көк демесең, түбі бір қандастарымыз Еуропада да бар. Бірі: “Балқан, Балқан, Балқан тау, ол да біздің барған тау” деп Балқан асып кеткен, екіншісі – Қырымнан, өздері Ұрымнан бір-ақ шыққан және қара шаңырақта қалған қандастары арасындағы бауырластықты нығайтуды дәйім діттеп жүргендердің бар екендігі қандай ғанибет?!
Иә, баба мемлекет болып табылатын Түркия түбі бір бауырлас елдерді енші алған балаларындай көріп, қамқорлығын үйіп-төгумен келеді. Бұл ретте өз көзіммен көргенімді ғана айтсам, әлемге әйгілі түрік құрылысшыларының Қазақстанда қалдырған қолтаңбасын қалайша атап өтпеске?! Ақшаға да, басқаға да жарымаған тоқсаныншы жылдары Астанада тұрғызылған алғашқы айрықша ғимараттарды солар салды.
1991 жылы біз ешкімнен тәуелсіздігімізге сүйінші сұраған жоқ едік, сонда Түркия сүйіншімізді берді: ол еліміздің егемендігін бірінші болып таныды. Рас, бұл жалпақ жұрттың баршасына белгілі факт болса, онда екінің бірі ести қоймағанына қарай бұрылайық: 1991 жылы Түркия мемлекеті ТМД аумағындағы түркі тілдес елдер: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан ғалымдарымен кеңес өткізді. Онда латын әліпбиіне көшу мәселесі қарастырылды. Мәселен, қазақ тілі үшін 34 таңба жеткілікті деп белгіленген көрінеді. Ал 1994 жылы Анталияда өткізілген дүниежүзілік түркітану құрылтайында латын жазуына көшуге уағдаластыққа қол жеткізілгенін ескі журналдардан әрең тауып алдым…
Мұсылмандығы мін-мүлтіксіз, міне, осындай түріктерді кеңестік кезеңде жау көргенімізді қалай жасырайын: жоғары партия мектебінде курс тыңдаушысы болғанымызда: “Түркия – НАТО-ға мүше, зеңбіректерін бізге кезеп тұр, астық берсең ғана бұрады” дегенді құлағымызға құйған-ды. Ресейдің кейбір зерттеушілері түркі тілдес мемлекеттердің көшбасшылары алғаш рет дидарласқанда: “Енді бұларда пантүркистік көңіл күй күшейеді” деген үрейлі болжам жасады. Ал ағынан жарылып, алғашқы болып құшақтарына алған Түрік елінің сол кездегі президенттері болса бір-ақ ауыз лебіздерімен бізді аспанға бір-ақ шығарды: Тұрғыт Өзал: “Түркияда мені қосып есептегенде жетпіс миллион қазақ бар”, – десе, Сүлеймен Демирель: “Біз Қазақстанның аяғын тік басып, өз істерін өзі басқаруын, өзінің тәуелсіздігін сақтауын тілейміз”, – деген-ді. Мағжан бабамыз айтпақшы, қара шаңыраққа ие болып қалған Қазақ елі Түркияға қымбат та ыстық екендігін өмірден өткен осы екі президенттен асыра айтқан ешкім де жоқ!
Тамыры бір туыс халықтардың табысуы үшін Қазақстан да қол қусырып отырған жоқ: түркі тілдес елдердің өнердегі саңлақтарын тоғыстыратын музыкалық фестиваль жүйелі өткізіліп келеді. Дегенмен бауырластарының басын қосуда Түркия ешкімді де аласынбай әрі баласынбай, бәріне де елжіреп қарайды. Бұл елдің Анкара, Стамбул, Измир сияқты алып шаһарларында түркі тілдес туыстарын топтастыруды діттейтін соқталы шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады.
Мен қатысқан шарада 16 миллион тұрғыны бар Стамбулда емес, 600 мың тұрғыны бар Елазиғ қаласында жырақтан да, жақыннан да жиналған қандастарымыздың Мемлекеттік Тулары желбірегенде қуанғанымыз-ай. Түркияның қақ ортасындағы бұл қала облыс орталығы ғана болса да, су асып келетін бауырластарын бауырына басудан танбайтын анадай абзал екендігін паш етуден жалығатын емес. Нақ осы қалада он жылдан бері “Түркі әлемі қызметіне сияпат” атағы беріліп келеді. Мына ғажапты қараңыз: 2006 жылы бұл атақты әлемдік аренада үлкен абыройға ие Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа беру жөнінде шешім қабылданыпты.
Ал 1992 жылдан бері нақ осы қалада халықаралық Хазар жыр кештері жалауын желбіретіп келеді. (Мұндағы Хазар дегені – Каспийден аумаған көлдің атауы). Бірнеше шақырымға созылған шалқар көлдің жағасы өлең-жырға таптырмайтын жер екен. Кітапханада емес, тіпті, театрда да емес, нақ осындай кең айдынның жағасында күркіреп жыр оқуды жарқын дәстүр ретінде қалыптастыру бізге де қажет-ақ қой.
Біздің Есіл сияқты суы көздің жасындай Хазар көлінің жағасы түркі әлемінің небір текті тұлғаларының өздерін көрді, сөздерін естіді: мұнда Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сияқты әдебиетіміздің сайыпқырандары тебіреніпті. Нұрлан Оразалин, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет сияқты қазіргі ақындардың біразы Хазардың аспанына жыр әуелеткенін экраннан да, кітапшалардан да көрдік.
Биыл жиырма бірінші рет өткізілген халықаралық жыр кешіне іргелі елдер: Қазақстан мен Өзбекстаннан қос ақыннан қатысты. Екеудің біреуі болған мен Еуропаның әр қиырынан келген көздері көк, шаштары сары қандастарымды көргенде ауызымды ашып, көзімді жұмғанымды несіне жасырайын?! Кипрден келген Емел, македониялық Лейла, гагауз қызы Гулли, қырымдық Рефат, косоволық Искандер – бәрі де бастарынан бақайшақтарына дейін еуропалық болып кеткен бауырлас­тар. Айтпақшы, Македонияның тағы бір тарлан шайыры төбе көрсетті: ол – 82 жастағы Илһам. Сондай-ақ оншақты түрік ақыны топқа түсіп, жыр думанын қыздыра түсті.

                                        ЖЫР ТЫҢДАДЫ ҚАУЫМ КҮНДІ БАТЫРЫП…

Думанның түйіні болған Хазардағы жыр кешіне дейін төрт күн бойы түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мен толық бір апта болған Елазиғ қаласы аяулы Алматыдан аумайды екен: ескі астанамыз Алатаудың шұңқырында түтігіп тұрса, Түркияның қаласы Харпут деген таудың қазаны сияқты шыжып тұр. Қысы – қарсыз, жазы қайнап тұрған мұнда көлеңке жұмақтан кем көрінбейді.
Түріктер шайға әбден қандырды: дүкен бе, фирма ма – бәрі де өздері “бардақ”  деп атайтын рюмкаға құйылған қызыл шайын ұсынады. Бауырмал түріктердің мәрттігі қандай?!  Мәселен, бүкіл өнер адамдарының алтын ұясы болып отырған тап-тар “Манас” қоғамын мемлекет қаржыландырмаса да, жылда халықаралық жыр кешіне желпініп келетін біз сияқты топ-топ ақындарды қарсы алып, қонақасы беруден жаңылмай келеді. Өзге ақындардан бір күн бұрын Түркияның топырағын басқан менің ертерек мазалағаныма қуанып қалған олар шайын да берді, асын да берді. Сосын Мағжан бабамыздың “Алыстағы бауырыма” өлеңін қазақ тілінде оқып беруімді сұрады. Олар менің емес, Мағжанның дауысын естігендей елжіреді.
Мағжан демекші, берісі – сонау жиырмасыншы жылдары Түркияның ұлт-азаттық қозғалысын қолдап, осы өлеңін жазған, әрісі – түріктердің арғы тарихын жырлаудан жасқанбаған ұлы ақынымызды бұл ел бөлекше қастер тұтады. Басқасын қайдам, Елазиғ қаласының өзінде Мағжан атындағы көше де, саябақ та, мектеп те бар. Ескерткіші қойылған Анкарада емес, көп қалалардың бірі – Елазиғте ұлы Мағжанның есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында осыншама құрмет-қошемет көрсетілуіне қайта-қайта қозғау салған бір адам маған мәлім. Ол – Сыддық Чечек, біздің қалалық мешітте бес жыл ұстаз болған қари. Бас мешітімізде діни дәріс берген түрік қариялары аз емес, алайда Қазақстанды, оның ішінде Қызылжарды, оның ұлы перзенті – Мағжан бабамызды Түркияда насихаттап жүрген мұндай қари жоқ та шығар-ау!.. Қызылжардың ғана емес, Бескөл мен Сергеевка қаласының қаншама тұрғындарының амандығын сұраған ол солардың бәріне сәлем айтты.
Әбден еуропалық болып кеткен түріктер ділі жағынан өзгешелеу. Мәселен, екінші күні бір кітап дүкенінде болдық: соның иесі бүкіл ақындарды қонаққа шақырыпты. Облыс пен қаланың әкімдері де бізбен бірге болды. Мен облыс әкімі Самат Ескендіровтің құттықтау хатын Елазығ облысының әкімі Муаммер Еролға табыс еттім. (Бір-екі күннен  кейін ол өңіріміздің басшысына жолдаған құттықтау хатын қолыма ұстатты.)
Халықаралық жыр кеші үшінші күні салтанатты жағдайда ашылды. Әрине, облыс әкімі Муаммер Ерол баршамызды құттықтады.
Бұдан кейінгі думан көшеде болды: әуелі Стамбулдың этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Бәрінен бұрын шартараптан жиналған шайырларға ғаламат құрмет көрсетілді: бәріміз де сап түзеп, басты көшемен жүріп өттік. Балкондарына атып шыққан қала тұрғындары баршамызға сүйіне қарап, көздерімен ұзатып салды.
Бұл жолғы жыр кеші түріктің белгілі ақыны Яхия Кемел мен Стамбул қаласына арналғандықтан, кейінгі конференцияда түрік ақынының өмірі мен шығармашылығы молынан айтылды.
Сонымен халықаралық жыр кешінің соңғы күні де келіп жетті. Хазар көлінің жағасында ақындарға берілген қонақасын ішіп болғанша Күн де батуға барып қалды. Жыр кеші деген тіркестің атына заты сай болғанын бірінші рет көруім: шын мәнінде көз байлана бастады. Қырық шақты ақын бір-бір өлеңін ана тілінде саңқылдатып оқу үшін мінберге алма-кезек көтерілді.

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері