Қазақ тарихшыларының тарихи кездесуі
Қазақ тарихшыларының тарихи кездесуі
Стамбұлдағы қазақ диаспорасы өкілдерімен Қазақстанның белгілі ғалымдары, Еуразия Университетінің профессоры Қаржаубай Сартқожаұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Талас Омарбеков, Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан археология институтының профессоры Зейнолла Самашев кездесу өткізді.
Қазақстанның Cтамбұлдағы консулдығы мен Қазақ қорының ұйымдастыруымен өткен кездесуде қазақ тарихы туралы зерттеулердегі соңғы даму мәселелері әңгіме етілді. Қор төрағасының орынбасары Фазыл Топлы мен Зейтінбұрын аудан әкімінің орынбасары Ильяс Сақалар кездесуді ашты. Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин мырзаның қазақ тарихы туралы зерттеулерде жаңа көзқарас пен методика керек деген сөздеріне қосылатынымызды айтып, осы орайда кеңестік кезеңде қалыптасқан қазақ тарихына қырын қараудан бұдан былай ада болуымыз керектігіне назар аудардық.
Мәселен соңғы жылдарға дейін Алашорда автономиясы мен Түркістан автономиясы екі бөлек тарих ретінде қарастырылды. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай мен Алашорда қайраткерлері екі бөлек зерттелді. “Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды” дегендей ұлттық тарихты бөліп зерттеуден қол жеткізетін қорытындының да жартыкеш болары даусыз.
Осындай зерттеу арқылы біртұтас Түркістан идеясын бірінші Тұрар Рысқұловтың ортаға салғанын, одан кейін оны Еуропа елдерінде Мұстафа Шоқайдың ту еткенін көреміз. Ал сол идея жарты ғасырдан астам уақыттан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы жолдауында “Орталық Азия Одағы” ретінде көрініс беріп отыр. Демек тарихи тәжірибе аймақтағы елдердің егемендігінің баянды болуының олардың ынтымақтастығында жатқанын бізге әйгілеуде.
Тарихи тұтастықтың ауқымын тіпті Орталық Азияның өзге халықтарын да қамтитындай кеңейте алсақ, одан ұтпасақ ұтылмайтын сияқтымыз. Өйткені біздің осы күндері жасап жатқан жаңа зерттеуіміздің қорытындысы бізді осындай ойға жетелеп отыр. Айтайын дегеніміз, қазақ тарихын Орталық Азияның өзге халықтарының тарихынан да бөліп қарамау керек. Бұл әсіресе ХХ ғасырдағы қазақ тарихының мәні мен мазмұнын толық ашу үшін қажет. Қазақстанда Кеңестік билік және түрікшілдік туралы жасаған зерттеуімізде Кеңестік билік немесе өктемдікке қарсы күрес жүргізген Алашорданың ұлтшыл қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұстафа Шоқайдың, сондай-ақ революционер бағыттағы қайраткерлер Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасовтың тарихи қызметтерінің толық қыр-сыры жалпы Орталық Азия халықтарының тарихымен бірге қолға алғанда анық көрініс беруде және олардың өзге халықтардың тағдырына ықпал жасағаны байқалуда.
Стамбұлда қазан айының 5-і күні өткен тарихшылардың басқосуында белгілі филолог, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қолдауында 23 ғалымның Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Түркия және Моңғолия елдеріне аттанып, қазақ тарихына қатысты құнды деректермен отанға оралғанын атап өтті.
Осыдан кейін мінбеге көтерілген Әлкей Марғұлан археология институтының профессоры Зейнолла Самашев Қазақстанда тарих саласында үлкен серпіліс басталғанын көрсете келіп, 1996-1997 жылдары шыққан бес томдық қазақ тарихының миссиясын орындап, енді ескіргенін, қазір 40-тай тарихшының 10 томдық қазақ тарихын жаңа көзқараспен жазып жатқанына тоқталды. Ол сонымен қатар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ жерінде 4-5 алтын адамның тағы табылып, тарихтың атасы болып саналатын археология саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін де атап өтті.
Осыдан кейін сөз кезегі келген профессор Талас Омарбеков қазақ тарихының негізінен алғанда ру-тайпалар тарихы екеніне баса көрсетті. Омарбеков сөзін былай деп жалғастырды: “Қазақ халқы 45 ру-тайпадан құралады. Қазіргі Қазақстан аумағы да осы ру-тайпалардың жайлаған жері. Сондықтан ру-тайпалардың шығу тарихы зерттелсе, қазақтың тарихы да зерттелген болады. Қазақ халқы жеті атасын білмеген жетесіз деп бекер айтпаған. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин осы бағытта бізге жол ашып беріп отыр.”
Сонымен қатар Омарбеков қазіргі таңда ҚазҰУ-да қазақ тарихын зерттеу жайында үкіметтің қаржылай қолдауында төрт орталық құрылып отырғанын атап өтті.
Талас Омарбеков: “Бұрын Кеңестік кезеңде тарихшыларды идеологиялық тар шеңберде жұмыс істеуге мәжбүрлеп “ананы жаз, мынаны жазба” деп, бағыт беріп отыратын. Ал қазір болса, егеменді Қазақстанда орталықтарды құрып қаржы беріп отырған үкімет жүгенімізді де бос қоя беріп отыр”, – деді.
Осыдан кейін мінбеге көтерілген түркиялық қазақтардан шыққан және өткен жылы Мармара университетінде тарих саласында докторлық диссертация қорғаған Ибрахим Қалқан түркиялық қазақтардың көш тарихы мен 1986 жылы құрылған түркиялық қазақтардың мәдени қоры туралы баяндама жасады.
Әбдіуақап Қара
тарих ғылымының докторы,
Мимар Синан көркем
өнер университетінің профессоры