ЭКСПО-2017: Жеңімпаз кім?

ЭКСПО-2017: Жеңімпаз кім?

ЭКСПО-2017:  Жеңімпаз кім?
ашық дереккөзі

ЭКСПО-2017 көрме кешенi жобасының үздiк эскиз-идеясына байқау жарияланған еді. Жуырда бұл байқау өз мәресіне жетті. Халықаралық байқаудың қорытындысы бойынша, жеңімпаз  АҚШ-тың «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture» деген компаниясы атанды.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің айтуынша, бұл компания Дубайдағы әлемнің ең биік ғимараты – Бурдж Халифаның жобасын жасаған екен. «Бүгінде Қытайдағы жасыл технологияларға негiзделген тұрғын үйлердi салып жатыр. Сондықтан техникалық және сәулеттiк жағынан озық деп танылып отыр», – дейді Талғат Ермегияев мырза.  

АҚШ архитекторларының сызбасына қарағанда,  көрме кешенінің жалпы аумағы  173,4 гектарды құрамақ. Сонымен бірге, 25 гектар жерге әлеуметтiк-мәдени, бiлiм және ғылым, денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, желекжолдар салынатын болады.  Көрме павильондарына  арнап, 118 620 шаршы метр жер қарастырылған. Қызмет көрсету аймағына 95 400 шаршы метр бөлінген. Ал тұрғын үйлерді 586 465 шаршы метр жерге орналастыру жоспарда тұр.  

Жоспарлағанындай, көрме кешені Есiл ауданында, Қабанбай батыр, Хусейн бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелерi мен даңғылдарының аумағында бой көтеретін болады. Басқарма төрағасы өз сөзінде:   «Елбасымыз айтқандай, бiз «жасыл экономика» тұжырымдамасын қабылдадық. Соған орай ЭКСПО-2017 ғимараттарының барлығына жасыл технологиялар қолданылып, ол қаламыздың жасыл аумағына айналады. Ендi, шағын және орта бизнеске келетiн болсақ, бұл жоба үлкен экономикалық пайда әкеледi. Бізге  миллиондаған туристер келiп, қаражаттарын қалдырады. Құрылысқа отандық компаниялар тартылып, қомақты кiрiс көзi ашылады, сонымен қатар сауда орындары мен мейрамханалар елге қызмет етедi. Алдын-ала болжам бойынша, шамамен 10 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады. ЭКСПО шарасы аяқталғаннан кейiн ғимараттардың бiр бөлiгi Назарбаев университетiне берiледi, бiр бөлiгi бiздiң елде тапшы болып отырған ғылыми орталықтарды құруға және ғылыми кешендердi орналастыруға қолданылады. Тұрғын үйлер мен кейбiр әкiмшiлiк ғимараттар сатылуы ықтимал. Жобаның жалпы құны 2014 жылы қаңтардың соңына қарай белгiлi болады», – дейді. 

Көрме құрылысының жобасы 2016 жылы бітуі тиіс. Бұл туралы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев айтып өтті. Әзірге, көрме кешенінің тіркеу құжаттамасы мемлекеттік органдарға жолданған. «Менiң ақпаратым бойынша, ол ҚР Президентiнiң Әкiмшiлiгiнде қаралып жатыр. 29 қазанда мемлекеттiк комиссияның мақұлдауына жiберiледi. Бұдан соң, бiз оны Халықаралық көрме бюросына таныстыратын боламыз. ЭКСПО көрме кешенiн салып бiтiруге үлгеремiз. 2016 жылы құрылысты аяқтауға тиiспiз. Көрменiң басталуына жарты жыл қалғанда оны iске қосып, сынақтан өткiзуiмiз қажет», – дейді басқарма төрағасы. 

Жеңімпаз атанған компанияның мәлімдеуінше, бұл жобаның басты артықшылығы мынада: көрмені өткізгеннен кейін барлық объектілерді өзгертуге және бөлшектеуге болады. Демек, ғимараттық нысандарды пайдалануға мүмкіндік бар деген сөз. Халықаралық байқаудың техникалық кеңесінің төрағасы Джереми Рифкин бұл жобаның өте тиімді  болатынын жеткізді. Оның тиімділігі, бұл жоба тұрақты даму және архитектуралық-көркемдік көрініс тұрғысынан да, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізгеннен кейін қолдануға болатындығында. 

Оның басты ерекшелігі, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрақты дизайн қағидаларын сақтай отырып жобаланған. ЭКСПО-2017 нысандарының архитектуралық бейнесі де ерекше болып қалмақ. Әрі бұл әлемдік деңгейде де өзгеше құрылыс жобасы болып табылады. Еліміз үшін де, бүкіл әлемдік деңгейде де ерекше мұра болып қалатын туынды екендігін айтады байқау кеңесшілері. 

ЭКСПО көрме кешенінің ерекше жобада салынуы еліміз үшін де маңызды болып отыр. Әлемді таңқалдырған кереметтердің қатарына Елордада салынатын көрме кешенінің жобасы қосылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Демек, ЭКСПО-ның ғажайыбын көретін күн алыс емес. Тек, сол ғажайып халықтың игілігіне жарайтын ерекше дүние болса деп тілейміз.  

Гүлзина БЕКТАС