МАҢҒЫСТАУДА ЖАҚСЫ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

МАҢҒЫСТАУДА ЖАҚСЫ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

МАҢҒЫСТАУДА ЖАҚСЫ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА
ашық дереккөзі

«Ашық аспан астындағы мұражай» атанған сәулетті, әрі «әулиесі қойдай күңіренген» киелі Маңғыстаудың бүгінгі діни ахуалы қандай? Бұл бағытта өңірдегі ең басты мәселе қайсы? Бұған дейінгі олқылықтар қайсы және олардың орнын толтыру бағытында нендей іс-шаруалар жүзеге асуда. Осы бағытта газетіміздің аталмыш өңірдегі хабаршысы Асыл Мұраттас Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Маңғыстау облысындағы өкілі, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Тыныштық қажы Яхияұлы Мырзаевпен, Маңғыстау облыстық Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жұмажанұлы Есбергеновпен және осы басқарманың бөлім басшысының міндетін атқарушы Есенәлі Жарылқасынұлы Исамен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрған едік. 

– Дүние жаралып, су аққалы дін – маңызын жоймайтын өте жанды тақырып. Адамзатпен бірге ғасырлар бойына жасап келе жатуы оның өміршеңдігін, қаншама рет заман мен заң өзгеріп, таным-түсінік кеңейе түскен сайын тыныс-тіршілігімізбен сабақтаса түсуі тірлігіміздің ажырамас құрамдас тіні екендігін аңғартса керек. Көпұлтты Қазақстан қоғамындағы діни бағыттың, заң-зәкүннің нормалары бізге жақсы таныс. Алдымен сіздерден «қазіргі Маңғыстау аймағында діни келбет қандай?» деп сұрағым келіп отыр.

Ерлан ЕСБЕРГЕНОВ:

b9f9eee55094627be9be2726e13eb2d9.jpg

– Биылғы жазда Маңғыстау облысы әкімінің облыстық дін істері басқармасын ашу туралы қаулысы шыққан болатын, тамыз айында осы басқарма басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалдым. Бір айдай уақыт құжаттармен айналысумен кетті. Қыркүйек айында Әділет департаментінен тіркеуден өтіп, жұмысымызды енді бастап жатырмыз. Діни ахуалға келер болсақ, Маңғыстау облысының Әділет департаментінде қайта тіркеуден соң 28 діни бірлестік қайта тіркеліп, өз қызметтерін жалғастыруда. Олардың арасында «Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестіктің филиалы ретінде ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі 18 мешіт, 10 христиандық бағыттағы бірлестіктер бар. Оларға нақты тоқталып өтер болсақ, «Рақым сөзі» інжілдік мәсіхші баптистер қауымы», «Ақтау қаласы жетінші күн адвентист христиандарының тұрғылықты жерінің шіркеуі», «Маңғыстау облысының Иегова Куәгерлерінің мәсіхшілік қауымы», «Ақтау қаласы «Жаңа өмір» Евангелдік сенім мәсіхшілерінің сенушілер қауымы», «Христианская миссия «Возрождение», «Жанды сөз» Тәурат орталығы», «Жанды сөз» Тәурат орталығы Жаңаөзен қалалық филиалы, «Жаңаапостол шіркеуі орталығы» діни бірлестіктері. 2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы еліміздің діни келбетін реттеуге мүмкіндік берді, демек аймақтағы бұл бірлестіктердің барлығы да өз қызметтерін аталмыш Заң шеңберінде жүргізіп келеді.

– Білетініміз – Маңғыстауда дін мамандарының жетіспеушілігі түйт­кілді мәселе болып отыр. Сауат­ты дін мамандарының жетіспеуі өкі­нішті олқылықтарға, оқиғаларға соқ­ты­ратыны белгілі. Осы тығырықтан шығу жолы қандай? 

Есенәлі ИСА: 

44ab2728670fb9c92f6fc750c5c748e2.jpg

– Республикамыздың басқа өңірле­ріндегідей, Маңғыстауда да теологтар жетіспейтіні рас. Оны шешудің бірден-бір жолы – жастарды дұрыс діни оқу орындарында оқыту. Құдай бұйыртса, біздің балаларымыз мұндай оқу орындарын бітіруге жақындап қалды. Балаларымыз Орал медресесінде, Сарыағаштағы медреседе, «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқып жүр. Жуырда біздің имамдарымыз үлкен сараптаудан өтпек. Қазіргі имамдардың бәрі бірдей сауатты дей алмаймыз, өте алмай қалып жатса таңғалудың қажеті жоқ. Себебі олардың білімі таяз, тек 3-4 айлық курстардан ғана өткен, екіншіден, кейбіреулері Иран, араб елдерінен қоныс аударған оралмандар болғандықтан, олардың уағыз айтқандағы тілдері де көпшілік үшін ұғынықты емес, есеп тапсырғанда да осындай қиыншылықтар кездесіп тұрады. Жас мамандар келсе осы кедергілердің бәрі шешіліп, жұмыс біраз жеңілдейді деп ойлаймыз. Қазіргі таңда Маңғыстаудағы «Нұр-Мүбәрак» университетін бітірген үш имам Мұнайлы ауданының Маңғыстау және Атамекен ауылдарының, сондай-ақ Қарақия ауданының бас имамы болып орналасты. Ақтаудағы КМТЖУ базасынан дінтану мамандығын ашу туралы ұсыныстар бар. 

– Ел-жұрт ата діңгегін қайта танып, баба дінімен қайта табысқан тәуелсіздік таңында имандылыққа бет бұрған ағайындар саны жылдан-жылға артып келе жатқаны мәлім. Өзіміз көріп жүрміз, Ақтаудағы Бекет ата атындағы орталық мешіт те, қала шетіндегі қалалық мешіт те жамағатқа тарлық етіп жүргендей. Қалай ойлайсыздар, Ақтауда жаңа мешіт салу қажеттігі көзге көрініп тұрған жоқ па?

Есенәлі ИСА:

– Қалалық мешіт жанынан 4-5 гектардай көлемді жер телімі берілді, сол жерден Ислам орталығы және мешіт салу жоспары бар. Саяжай, яғни тұрғын үй массивтері жағынан «Қожалар қауымдастығы» жер алып, үлкен мешіт салуға кіріспек. Көктемде тасын қойып, белгі орнатты. Ол ашылса, саяжайлықтар сол мешітке баратын болады. Мұнайлы ауданының жаңа орталығы Батыр ауылынан да, Жаңаөзен қаласынан да мешіт үшін жер белгіленді. Мұнайлы қалада қазір мешіт жоқ, бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты мешіт ретінде қолданылуда. Бірақ, мешітке келуші жамағат санының артуы бұл ғимараттың тарлық етуіне әкеп соқтырды. Айт, Құрбан айт намаздары түгілі апта сайынғы жұма намазының өзінде халық сыртта тұрып намазға жығылатын жағдайға жетті. Біз жақын арада кеңес өткізбекпіз, сол кеңесті ғибадат орындары, оған жер бөлу, құрылыс мәселелерін қарастырамыз деп отырмыз. 

– Сөзіңіз аузыңызда, қазағы, мұсылманы көп Ақтауда мешіттен гөрі шіркеу көбірек секілді…

Ерлан ЕСБЕРГЕНОВ:

–  Маңғыстау облысында 21 ғибадат орны қызмет етуде. Оның 18-і жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына қарасты мешіттер, ал үшеуі христиандардың шіркеулері. 

Есенәлі ИСА:

– Облыс орталығы Ақтау қаласында облыстық және қалалық екі мешіт, сосын үш шіркеу бар. Олардың бірі – орыс православие шіркеуі, екіншісі – Евангелдік христиан-баптистердің ғибадат үйі және «Жаңаапостол шіркеуі орталығының» мінәжат үйі. 

– Осыдан аз жылдар бұрын қала ішіндегі бір шағынауданнан көлемді жер орнына католиктік шіркеу салынады екен деген әңгіме тарап, халықтың қарсылығына тап болғаны есте. Қазір осы мәселе қалай өрбуде?

Есенәлі ИСА:

– Иә, ондай әңгіме болған. Бірақ, ол жер орны арнайы бөлінбеген, мүдделі топтар жеке тұлғадан сатып алған. «Бірыңғай қазақтар тұратын шағынауданға шіркеу неге орналасуы керек, бізге қоңырау үнін естіп отырудың қажеті қаншалықты?» деп жергілікті тұрғындар наразы болған соң, жер орны қаланың сыртқы бетіндегі жаңа шағынаудандардың біріне ығыстырылды. 

– Статистика басқармасының 2013 жылғы тамыз айындағы мә­лі­меті бойынша, Ақтауда 184 552 тұр­ғын бар екен, оның 128 915-­і­ қазақтар. Қалған 55 мыңнан ас­там халықтың арасында ислам дініндегілер аз емес. Оның үстіне Ақтауда христиандардың арасында да католиктік бағытты ұстанатындар көп емес. Сонда ол алып шіркеуді салудың маңызы қандай?

Есенәлі ИСА:

– Маңғыстау мұнайлы өңір, аймақтағы кенорындарына алыс-жақын шетелдерден келіп жұмыс жасаушылар, ірі компаниялар бар. «Ерсай», «Аджип» компанияларына финдер, латыштар, итальяндықтар келіп жатыр, солармен жұмыс жасайды. 

– 362 әулиенің мәңгілік мекені болған Маңғыстауда шырақшы мәселесі де өзекті. «Шырақшы» атанып, әулиелердің мешіті жанында отырып алып өз уағыздарын жүргізетіндер немесе өзге де келеңсіздіктерге жол беретіндер бір кездері үлкен әңгімеге арқау болған. Қазір бұл жағдай қалыпқа түсті-ау деймін, тыныш тәрізді…

Есенәлі ИСА:

– Діни басқарманың адамдары «имам­дар, азаншы, муфти» дегендер бар, сіздер «шырақшылар» деген мамандық тауып алыпсыздар ғой» деп әзілдейді. Расында, әулиелі мекенде, жергілікті тұрғындары әулие-әнбиелерді қатты қастерлеп, басын ескерусіз қалдырмайтын Маңғыстауда бұл бар. Осы қажеттіліктен бізде 2007 жылы «Шырақшылар одағы» құрылды. Жылына екі-үш рет имамдардың, шырақшылардың білім жетілдіру курстарын ұйымдастырамыз. Шырақшылардан өзі қызмет етіп отырған орынның тарихын білуі, келген зияратшыларға дұрыс қызмет көрсетуі, тазалықты және техникалық қауіпсіздікті сақтауы секілді мәселелер талап етіледі. Қазір Одақ жұмысына сай біраз тәртіп орнады. 

– Қазіргі Маңғыстаудағы діни ахуалды қалай деп бағалауға болады? Жат ағымдардың әсері, оларға еріп адасқан жандар мен оларды қайтару бағытында қандай жұмыстар жүргізесіздер?

Есенәлі ИСА:

– Жат ағымдар жоқ десек, өтірік айтқан боламыз, бар. Бірақ, біз олардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 

Ерлан ЕСБЕРГЕНОВ:

– Бізде құраншылар, ахмадия ағымдар жоқ, салафиттік бағыт бар. Ал христиандық бағытта «Жаңа өмір», «Иегова куәгерлері» дегендер бар. Облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында ақпараттық насихаттық топ құрылып, жұмыс жасауда. Топ құрамында Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасы, Дін істері басқармасы, құқыққорғау органдары қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, мешіт имамдары мен теологтар бар. Ақпараттық насихаттық топ аудан, қалаларда, елді мекендерде болып жұртшылықпен, орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында жастармен кездесіп, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға күш салып, дәстүрлі дінімізді насихаттауда. Биылғы наурыз айында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы өкілдері Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, Қызылсай, Теңге кенттерінде, Маңғыстау ауданының бірқатар елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесті, олардың сауалдарына жауап берді. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері жаңаөзендік және шетпелік жастар арасында болды, мемлекеттік мекемелерде, түзету мекемелерінде, қоғамдық ұйымдарда кездесу өткізді. Жергілікті «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы, «Жолбаян» радиосы арқылы имандылық негіздегі сұхбаттар, хабарлар беріліп, кітаптар таратылды. Ақтауда «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріндегі БАҚ-тың рөлі», «Қазіргі Қазақстан қоғамының дінтанулық білімі мен ағартушылығы: даму барысы мен болашағы» халықаралық конференциялары өтті. Осындай жұмыстар өте көп, олардың бәрін тізбектей берудің қажеті болмас деп ойлаймын. 

– Мысал үшін айталық, дінді толық тани алмаған адам немесе діни ұйымдардан зардап шеккен адам қайда, кімге хабарласуына болады? Дер кезінде көмек қолын созатын орын бар ма?

Ерлан ЕСБЕРГЕНОВ:

– Ақтауда теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккен азаматтармен жұмыс жүргізетін «POSITIVE AKTAU» қоғамдық қоры құрылды. Қорға әлеуметтік тапсырыс аясында облыстық бюджеттен 10,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Қорға ауызша, жазбаша хабарласқан тұрғындарға теологтар, психологтар қызмет көрсетуде. Жуырда Астана қаласында өткен форумға қатыстым. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі екі жобаны ұсынды. Оның бірі – 114 қауырт желісі. Мұнда діни пиғыл бойынша зардап шеккен кез келген жан кез келген уақытта «114» қауырт желісі арқылы теологтан, дінтанушыдан, психологтан көмек алуына болады. Екінші жоба – «e-islam.kz» сайты. Дін туралы түсінігін кеңейтіп, дұрыс бағыт-бағдар іздегендерге «e-islam.kz» сайтынан толыққанды мағлұмат алуға болатындығын айтқым келеді. Жуырда осы номерге ақтаулық бір тұрғын хабарласқан, ол осыдан 3-4 жыл бұрын Грекияға оқуға кеткен бауырының қазіргі тағдырына алаңдаушылық білдіреді. Бұрын «жиһад» тақырыбын қозғап жүрген бауыры соңғы рет Египеттен хабарласқан, қазір байланыста емес екен. Телефон соғушы тұрғын бауыры «Сирияға кетіп қалмады ма екен?» деген қорқыныш құшағында. 114 желісінен осыны біліп беруді сұрады, біз қазір оның анық-қанығын анықтау мақсатында жұмыс жүргізіп отырмыз. Мұны мен не үшін айтып отырмын, діни тұрғыда кез келген сауалы барлар болса, еріксіз зардап шеккендер болса, аталмыш желіге хабарласқаны жөн екендігін білдіру. 

– Халық арасында «Ақтаудағы екі мешіт екі түрлі бағытта жұмыс жүргізеді екен, анасына бару керек, мынасына бармау керек» деген әңгімелер бар. Бұл қаншалықты рас?

Тыныштық қажы МЫРЗАЕВ:

– Менің Маңғыстауға келіп қызмет атқара басатғаныма бір жылдай уақыт болып қалды. Бұрын еліміздің шығыс өңірінде болғанмын. Батыс аймақтағы діни ахуалдың алаңдатарлық болуы діни сауаты бар адамдардың батыс өңірдегі мешіттерге тартылуы қажеттігін аңғартты. Келген соң, осы мәселелерге үңіліп көрдік. Ақтаудағы екі мешіттің ораза уақыттары, ауызашар мезгілдері екі түрлі болып, азан екеуінде екі уақытта айтылған кездері болған. Бұл қала халқын екіге бөліп алу қаупін тудырған. Біз ешқашан мұндайға жол бермейміз. Семейде 14 мешіттің ауызы бір, тату-тәтті. Ал Ақтаудағы екі-ақ мешіттің бірлікте болуы – біздің дініміздің одан әрі дамуы, ұрпақтарымыздың адаспауы үшін қажет. Жасыратыны жоқ, орталық мешітте салафилік бағыттағы жастар жоқ емес, бар. Олармен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Ал қалалық мешіттегі діни ахуал негізі дұрыс, өзіміздің мазхабымызбен Құдайға құлшылық еткен жамағатымыз бар, бірақ жұмыстың одан да жақсы ету үшін ауыс-түйіс болды. Қазіргі таңда екі мешіт арасындағы алауыздықты көріп отырған жоқпын. 

– Ауылдық жерлердегі мешіттер, имамдар қызметі қалай жолға қойылып отыр? 

Тыныштық қажы МЫРЗАЕВ:

– Мысал ретінде айтып өтейін, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында мешіт бар, бірақ тіркелмеген және молдасы жоқ. Ауыл әкімімен келісіп, екі бөлмелі қызметтік пәтер бөлдіріп, Сарығаштағы медресені қызыл дипломмен бітірген балаларды бері қарай тартып, біреуін молда ретінде Боранқұлға апардық. Боранқұлдан басқа да облыстың ірілі-ұсақты ауылдарында мешітке имам тағайындау, мешіттерді тіркеу, имамдарды материалдық тұрғыда қамту тұрғысында келісімдер, шешімдер баршылық. Мен жуырда Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың назарына маңызды деген төрт мәселені ұсынған едім, бізге қолдау білдіргені үшін «Түркістан» газеті арқылы Алик Серікұлына алғыс айтқым келеді. Облыс бойынша дін саласында 25 қызметкер бар, алдымыздағы жылдың басынан бастап олар жалақы алатын болады. Сондай-ақ дін мамандарына ең басты қажеттіліктің бірі – бас­пана. Ақтауда болсын, ауылдық жерлерде болсын, имамдарға қызметтік пәтер бөлу керек. Өмірде бәрі ауыспалы, бүгінгі имам ертең ауысуы мүмкін, сондай жағдайда жаңадан келген имамға үй дайын тұруы тиіс. 8 қазанда Құрбан айт мерекесіне орай «БИПЭК-Авто-Қазақстан» ЖШС облыс имамдарына 6 автокөлік бөлді. Бұл имамдардың жамағатты, мешіттерді аралап жүріп-тұруына жасалған жағдай. Имамдардың да отбасы, бала-шағасы бар, сондықтан оларға жалақы тағайындалып, әлеуметтік-тұрмыстық қолдау көрсетілуі керек. Біз жат ағымдарға алдырмайтын берік, күшті болуымыз үшін жан-жақты қамтылған, өзара тату, ауызбіршілікте болуға тиіспіз. Маңғыстау облысында қазір осы бағытта қыруар шаруалар қолға алынып жатыр. 

– Мешіттің тарлығын айтып өттік, ендігі бір мәселе орталық мешіттің салқындығы. Қысты күні бас сұққан жанның жылытусыз едендерге табан тірей алмай, мүмкіндігінше тезірек шығып кетуге тырысатыны бар…

Тыныштық қажы МЫРЗАЕВ:

– Салынғанына он жыл болған мешіттің жылу құбырлары ескірген. Ауыстыру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал еденді жылыту үшін оны түгелдей қопару керек, сондықтан жылу батареяларын орнаттық. Иншалла, осы қыста жылы болады деп отырмыз. Жалпы, мешіттің жаңаруы тұрғысында ойларымыз бар. Бірлі-жарымын айтып өтсек, қала үйлерінің жағдайы баршаға белгілі. Қайтыс болған кісісін ақ жуып, арулап көмуге аса мән беріп, садақаға, одан кейінгі қырқы, жүзі, жылы секілді шараларға ағайын-тума көп жиылатын біздің халқымызда үйдің тарлығы үлкен қиындық. Осы орайда тұрғындар тарапынан «садақаны маңдайына «тойхана, мейрамхана» деп жазылған ғимараттарда береміз немесе өзгелер той жасап, арақ-шарап ішетін жалдамалы темір үйлерді есік алдына тігіп, садақа таратуға мәжбүрміз. Сіздерде садақа өткізетін орын болмас па екен. Бұл бір жағы мешіттер үшін пайда, екіншіден тұрғындар үшін қолайлы» болар еді деген ұсыныс түседі. Осыған орай мешіт маңынан «хатымхана» салсақ па деген ой бар. Бұл бір жаңалығымыз. Жалпы, бәрін түгендеп, тізбектеп айтып уақыт созбайын, «арық айтып, семіз шық» дегендей, бәрін де келешек көрсетеді. Тек Алла амандық пен бірліктен ажыратпасын!

– Біраз сауалға жауап та­бу­ға мүмкіндік берген бүгінгі сұхбат­та­рыңыз үшін рахмет айтамын! Ел бірлігін бекемдеп, асыл дініміздің беріктігін нығайта түсу жолындағы жұмыстарыңыз табысты болсын деген тілек бар.

Асыл МҰРАТТАС

Маңғыстау облысы