БІР ҒАСЫР БІРГЕ КҮН КЕШКЕН

БІР ҒАСЫР БІРГЕ КҮН КЕШКЕН

БІР ҒАСЫР БІРГЕ КҮН КЕШКЕН
ашық дереккөзі

Көңілдегі сыр – сандықты ашсаңыз, ішінен талай ғибратты
дүние шығады. Өскелең ұрпаққа сабақ болатұғын. Мына суретті газетіміздің
тұрақты оқырманы әрі авторы, Норвегияда тұратын қандасымыз Махмұт Башташ берді бізге.
1970 жылдардың соңы немесе 1980 жылдардың басында Норвегиядағы бір басылымға
шыққан мақалада Моңғолиядағы малшы Ақбай ақсақалдың 100 жыл, яғни, бір ғасыр
бірге өмір сүрген қосағының суреті. Жылы белгісіз болса да, жазудан ұққанымыз 9
қыркүйекте қос қария өздерінің жаһұт тойын атап өтсе керек. Ақбай ата сол кезде
118 жаста, ал кемпірі 114-ке келген екен. Бір ғасырлық отбасылық өмірінде 9
бала мен 130-дан астам немере-шөбере сүйгендерін айтыпты. Ұзақ өмір сүрудің
сырын «Таза ауада көп жүреміз. Экологиялық тұрғыда таза тамақ жейміз», – деп
түсіндірген Ақбай ақсақал мен жұбайын сол күндері құттықтамаған, қуаныштарын
бөліспеген халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары кемде кем. Қариялар
мекендейтін аймақтың басшыларының ұйымдастыруымен әрі қаржылай қолдауымен, 600
адам шақырылып, дүркіретіп той өткізіліпті. Жүз жылдық тәжірибесімен қуана
бөліскен ата мен әженің бүгінгі ұрпақтары жайлы дерек жоқ қолымызда. Бірақ
белгілісі, бірге өмір сүруде әлемдік рекорд жасаған, сүйегі асыл әрі тегі мықты қос қарияның ғибратты ғұмырын жалғастырып
жатқаны анық. Осындай құнды суретпен бөлісіп, газетімізге арнайы хат жолдаған
Махмұт Башташ ағамызға мың алғыс!

  Нәзия Жоямергенқызы