ТӘУЕЛСІЗДІК ТАС АЛАҢНАН БАСТАЛҒАН

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАС АЛАҢНАН БАСТАЛҒАН

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАС АЛАҢНАН БАСТАЛҒАН
ашық дереккөзі

Алматы бұлдыр
сағым ішінде қалып, мұнар басқан сол бір бұлыңғыр күні Брежнев атындағы алаңға
мен де келгенмін.Алматы бұлдыр сағым ішінде қалып, мұнар басқан сол бір
бұлыңғыр күні Брежнев атындағы алаңға мен де келгенмін. Жастар шоғыры көп екен.
Ылаң салып, бүлік бастайтындай кейіпте емес, қолдарындағы жазбаларын жая ұстап,
бейбіт шүйіркелескен қыз-жігіттер отаршылдық шеңгеліндегі елді меңіреу ұйқыдан
түртпектеп қана оятып бара жатқандай. 

Қарып тұрған қатты
суық, қатал жел алаңдағы іштей толқыған жас­тарды берік байланған салмақты бір
түйінге жетелеп, қайраты мен намысын қайрап, ойдағы, жүректегі сөз айтылып
жатқанда кесір мен кеселдің қандайына болса да қарсы тұрарлық бір күш-қайрат
пайда болады екен бойыңда. Жаңа ғана тоңып, дірілдеп тұрған денемнен бір жылы
толқын өткендей болды. Көзі жасты, көңілі қаяу Алматы бір ерлікті қажет етіп тұрғанын
ұқтырып, біз ұғып тұрған сәт болатын.  Тәңірге жалбарынып, жалынып: «Мына
көпке амандық бере гөр, қанат бітір, қайрат бер»,– деп өзімнің ішкі үніме
үңіліп, үнсіз қатып қалыппын. «Тілеушіміз алыс­та емес жанымызда екен ғой» –
деген дауыс еріксіз назар аудартты. Шамасы даусым қаттырақ шығып кеткен болу
керек. Жанымда сұңғақ бойлы, ашаң жүзді жігіт тұр. Шыншыл түрі сұр емес, ағараң
тартқан. Тісі қайраулы екенін жанарынан аңғарасың.

– Атыңыз кім болды,
қарындас? – даусынан құрбылық, тілектестік, достық ықылас аңғарылды. Өзгеше
сезім ояна қоятын жағдай мен сәт емес. Бірақ адам болмысы қырық қатпарлы емес
пе, ыстық сәулелі өзгеше бір күйге тап болғандаймын.

– Менің атым – Гүлжан.
Сенің атың кім? – Жүрегім лүпілдей тұрып бет-жүзіне барлай қарадым.

– Бауыржан, – өңіндегі
аяздай суық ашу тарап, қатты түйілген қабағы жазылғандай болды. – Бауыржан
Момышұлы атамдай ұлтжанды, қайсар болсын деп ырымдап қойған екен. Ол кісідей
болу қайда!.. – Бауыржан сөйлеген сайын маған аяулы, қадірлі бола түскендей. 

Мен осындай бір өзгеше
күйде тұрғанымда: «Қазағым-ау, қашанғы қор болып, қой сияқты жүре бермекпіз? Не
тілімізді, не жерімізді жаттан қорғай алмай мүсәпір күйге түстік қой. Абылайдай
ер бармысың, қайдасың?»,– деп ашына айқайлап, булығып жылап жіберген қызыл
орамалды әйелден кейін қорқау қасқырдың інінен шыққандай болып бүлкілдеген
шенділер енді микрофонға ешкімді жақындатпауға күш салды. Текетірес, қақтығыс
қаупі үдей түсті. Ақ және қызыл түсті жалаушалар көтеріп, «Менің Қазақстанымды»
айтып әндеткен 500-600-дей қыз-жігіттер маңайды жаңғырықтыра айқайлап қойып,
Бейбітшілік көшесін бойлаған күйі алаңға келіп құйылды. Алматының іші мен сырты
түгел толқып кеткендей болды. Дауыс күшейткіштен естілген өктем бұйрықтар
алаңнан тезірек кетуді талап етіп, алдымен 15 минөттік, содан кейін 5 минөттік
мұрсат берілетінін, сосын өрт сөндіргіш машинамен су шашылатынын жеткізіп тұрды.

Жаңа ғана бастан
өткізген тәтті сезім мен мына ащы айқай бір-бірімен астаспай, алай-түлей күй
құлағымды шыңылдатып жіберді. Жанымнан Бауыржанды іздедім. Жаңа келіп қосылған
топтың толқыны оны менен біраз жерге алыстатып тастапты. Ол да мені іздеп
алаңдаған болу керек, достарының иығына шығып, қол бұлғап: «Гүлжан! Бері
жақында!» – деп айқайлады. «Бауыржан!» деп мен де тұра ұмтылдым. Қалың нөпірден
қасына жетіп бару мүмкін емес еді. Тілсіз, үнсіз сезімнен оның ажары алаулап
тұрды. «Мені жігітімнің жанына жіберіңдерші!» деп мен де кимелеп келемін. Мен
жанына жақындаған сайын ол да қуаттанатындай.  Іштей толқыған, бірақ
соншалықты қайратты. Бәсе, бәсе Бауыржандар осындай болу керек қой. Сай-сүйегім
шымырлап кетті. «Жұбан аға! Қайдасың?! Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген», –
деп жар салып едіңіз ғой. Мынау қазаққа келген қандай нәубет сонда?» Бауыржанның
даусы зорайып, қатқыл естіліп тұр. Менің бойымды мұздай сезім биледі. Қорқып
та, батылданып та тұрмын. Қорқатыным – Бауыржан мен мына өрімдей топты қан
иісін сезген қорқаудай болған итаршы қара төбеттердің аямайтындығы болса,
батылданатыным – өзімдей жастардың жең сыбанып күреске шығып жатқаны.
Көпшіліктің легі Бауыржанды менен тағы алыстатып жіберді.

– Гүлжан! Жігітің бар
ма? – Алыстан, дүйім жұрттың алдында қысылмай сұрап тұр. Басқа кез болса
жүрегім лүпілдеп үн қата алмас па едім. Бұрын-соңды махаббат шұғыласына,
сүйіспендік жалынына жанасып көрмегенімді ұқтырғандай болып көзімнен ыстық та
ауыр тамшылар ағып-ағып кетті.  Арамыз жақын болғанда көз жасымды Бауыржан
кірпіктен іліп әкетер ме еді… осы күйімде, осы қалпымда басымды шайқай бердім
де, іле-шала:

– Сенің ше… Сенің
сүйген қызың бар ма? – деп сұрадым. Айналадағы ызы-қиқу жауабын естіртпеді.

…Өрт сөндіргіш
машинамен су шашылатынын жеткізіп тұрған өктем бұйрық тағы естілді. Суық желден
жиреніп тұрғанымда суық ағын ұрып өткендей болды. Қуатты ұңғыдан атқылаған су
тасқыны онсыз да сөзімізді өткізе алмай тұрған біздерді жын тигендей етті. Жиналғандар
қатуланып алды. Әлсіз үндерді жаңғырыққан айғай-шу жұтып жатты.

Шым-шытырық бір күйге
қамалған­даймыз. Осы сәтте басым оқыстан зырқ ете түскендей болды да, не болып
не қойғанын түсінбейтіндей шарасыз халде сылқ ете түстім. Көзімді ашуға,
жағдайды барлауға шамам жоқ. Меңіреу қара үңгірге түсіп кеткендеймін бе, құздан
төмен құлап келе жатқандаймын ба… Ұйытқыған ақ боранның ішінде жалғыз адасып
қалғандаймын ба, жо-жоқ, жанымда Бауыржан бар секілді. Тұрпатсыздығымен
түршіктірердей құбыжықтардың арасынан алып қашып бара жатқандай…

Қала оттары сөніп,
бағанағы улап-шулаған үн өшіп қалған. Менің есім жиналғандай. Шындығында біреу
мені көтеріп келеді. Бірақ көзімді аша алмаймын. Басым зыңылдап барады. Бір
үйдің есігін қақты.

Ар жақтан:

– Кім керек сендерге? –
деген дауыс естілді.

– Сіз керексіз.
Үйлеріңіздің іргесіндегі Брежнев атындағы алаңда қырғын болып жатыр. Мына
қызыңыздың басына сапер күрекпен ұрған, соған көмек керек! – Таныс дауыс.
Бауыржан ғой. Көзімді аштым. Үй иесі бізді жылдамдата үйіне кіргізіп алды.

– Ойпырмай-ай, бұл не
деген сұм­дық! Қыздарда несі бар ей, бұл аш көкжал­дардың, – деген үй иесінің
налып тұрып кінәлаған даусы құлағыма анық естілді. Есімді жиып алдым.

– Гүлжан, менің онда
достарым қалды. Шетінен соққыға жығып жатыр. Мен сонда болуым керек. Кешікпей
ораламын. Жақсы күндер алда! – деп Бауыржан ыстық алақанымен бетімнен бір
сипады да, шығып кетті.

Мен оны бейтаныс үйде
көзіммен ұзатып салып қала бердім. Жүрегім  мені іздеп келетініне сенді.
Бірақ дәл сол күні Фрунзе, Ташкент, Свердловск, Новосибирск қалаларынан ішкі
әскер бөлімдерінің алғашқы легі келіп түскенін, алаңда үш құрама отряд пен 2928
таңдаулы жігіті бар арнаулы жедел топ, оған тағы да, «суға салсаң – батпайтын,
отқа салсаң – жанбайтын» жанкешті 2169 жендет қосылған соң, жағдайдың қалай
болғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Олар алаңдағы қарусыз қазақтың өрімдей
жастарының белін сындырып, жілігін үзіп, көзі-басын қан жапқызды емес пе?! Кез
келген қазақтың жүрегіне айықпас мұң, уайым тастап кетті ғой.

Көздің шын жасы, зар
жасы уақыт өткен сайын тыйылудың орнына молая түсетін секілді. Өзгеше өксік,
өкініш әкелді. Бауыржанның «Кешікпей ораламын. Жақсы күндер алда!» деген даусы
жүрегімді әлі күнге дейін бүлк-бүлк еткізеді. Аман болса бір хабарымды білер
еді, өзі апарып аманат еткен үйді тауып барар еді, сұрар еді, іздер еді.

Көз алдымда ылғи
ақборан ұйтқиды. Кейде ақборан ақ кебінге айналып, ол Бауыржанды орап алып
кеткендей болады да тұрады.

Ділдәр  МАМЫРБАЕВА