Қос кітаптың тұсаукесері өтті

Қос кітаптың тұсаукесері өтті

Қос кітаптың тұсаукесері өтті
ашық дереккөзі

Бүгін көрнекті ақын, сазгер, сатирик, этнограф, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қажытай Ілиясұлының «Әуенім аққуды да елеңдетер»
ән-күй жинағының және ол туралы «Келешек, мені түбі түсінерсің» атты естеліктер
кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Тұсаукесердің
шымылдығын ашқан Қыздар университеттінің ректоры Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева:
«Қажытай Ілиясұлының білім ордасында қызмет істейтін отбасылар арасында ұйымдастырылған
«Үздік отбасы» байқауында жеңімпаз болып танылғаны кеше ғана еді. Сол кезде ақын
ерекше білімділігі мен кестелі көркемдігінің арқасында жастарға аса зор ықпал
етіп, ұрпақтар сабақтастығының биік үлгісін көрсеткен болатын. Қажытай ағамыздың
ақындығынан бөлек атбегілігі, серілігі мен күйшілігі секілді көп айтыла қоймаған
ерекше қырлары тағы бар. Ел аузында «Қажекем айтыпты…» деген қаншама қағытпа әзіл-әңгімелер
айтылып жүр. Азаматтың атақ-абыройы, қадір-қасиеті жасаған жас мөлшерімен емес,
еліне сіңірген еңбегімен, атқарған қызметімен өлшенеді. Ендеше ұлттық өнерін сүйген,
өлеңін сүйген елі барда Қажытай Ілиясұлының есімі мәңгі жарқырай бермек. Бүгін Қазақ
қыздарының қара шаңырағында, ұлт тәрбиешілерін қалыптастыратын парасат
мектебінде тұсауы кесілгелі отырған қос кітаптың рухани өмірі мен тәрбиелік ғұмыры
ұзақ болсын демекпін», – деп игі тілек білдіріп, кеш қонақтарын көпшілікке
таныстырды.

fa7ebf47cb3e1713b620a554c9397bc2.JPG

Жетпіс жылдық тарихы
бар қасиетті қара шаңырақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университетінде арнайы өткізіліп отырған тағылымды жиынға Қажытай ағаның көзі
тірісінде ерекше сыйласқан қаламдас достары, замандастары қатысты. Оның ішінде
халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов, Қазақстан Жазушылар
одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, аталмыш екі
басылымның жарық көруіне демеушілік көрсеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Атамұра» корпорациясының президенті, Қыздар университетінің профессоры Рақымғали
Құл-Мұхаммед, ақынның ән-күй жинағын құрастырып, нотаға түсірген, профессор, дәулескер
күйші Біләл Ысқақов пен әнші Еркін Шүкіман және көптеген танымал адамдар ақын-сазгер
Қажытай Ілиясұлының өлмес рухына ыстық лебіздерін арнады.

Бүгінгі қазақ
руханиятының майталмандары, сөз зергерлері қатысқан бұл шараның басты мақсаты –
студент жастар мен көпшілік оқырманға Қажытай Ілиясұлының шығармашылығын әрі ақынның
халық өнерін дамытудағы еңбектерін кеңінен насихаттау. Осы мақсатта университет
студенттері жиналған қауымға ақынның өлеңдерінен шығармашылық композиция ұсынды.

61f579491704bf5fd2cb034246deb272.JPG

Өскелең ұрпақ
алдындағы ақын ағаның жаңа ғұмырынның басталғанын паш ету болып табылады. Қажытай
Ілиясұлы – артында өзіндік із қалдырған, өмірге ғашық, тәлімді ғибраты мол
айтулы азамат. Қазақ сатирасында уытты, шымшыма өлеңдерімен қоғамның келеңсіз құбылыстарының
бетін ашып, мысал-баллада, мысал-дастан сынды жаңа жанрдағы дүниелерді жарыққа әкелген
сатира саңлағы. «Қайран жастық», «Усойқы», «Маймылдың мәдениеті», «Біле білсең»,
«Қалақай қамшы», «Тасжарған» кітаптары және таңдамалы өлеңдер жинағы қазақ әдебиеті
мен руханиятына қосылған зор рухани байлық, мол қазына.

2bd333644a8003bbfe2cf891573afe1c.JPG

Қажытай аға өмірінің
соңына дейін Қыздар университетімен тығыз байланысты болды. Қара шаңыраққа ол
кісінің әрбір келісі – келісті келбетпен, есте қаларлық тәрбиелік ерекшелікпен өріліп
тұратын. Ақынның жастарға айтқан нақылды сөздері, жалынды да отты пікірлері
ел  есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.

4b8b7ede7e09c16a485e3ece461e4c3c.JPG

Қажытай Ілиясұлының
біздің қара шаңырақпен етене байланысуына ол кісінің жан жары, Қыздар
университетінде талай жыл ұстаздық қызмет етіп жүрген белгілі ғалым, филология ғылымдарының
докторы, профессор Зайкенова Руда Зайкенқызының рөлі жоғары екенін айта
кетуіміз керек. Ғалым Руда Зайкенқызы – университетіміздің маңдай алды үздік оқытушысы
ғана емес, көптеген ғылыми мақалалар мен монография, оқулық пен оқу-әдістемелік
еңбектердің авторы. Ең бастысы – Қажытай ағадай ел ардақтаған ақын азаматтың көзі
тірісінде айнымас сенімді серігіне айналған адал жар, балаларының қамқоршысы,
аяулы анаға Динар Жүсіпәліқызы камзол кигізіп, басына орамал тақты.  Өз кезегінде сөз алған ақынның жары мен
естеліктер жинағын құрастырған Жұмабек Табын университетке жинақ
кітабын табыс етті.

«Түркістанақпарат»