ЖОЛДАУ — ЕРТЕҢГЕ ЖОЛНҰСҚА

ЖОЛДАУ — ЕРТЕҢГЕ ЖОЛНҰСҚА

ЖОЛДАУ — ЕРТЕҢГЕ ЖОЛНҰСҚА
ашық дереккөзі

 Былтыр қуатты да табысты мемлекет, демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі, түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен татулығы, ұлттық экономика, халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің рөліміз, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат, әлемдік қоғамдастық таныған ел, ядролық қаруды таратпау режимін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз, «Қазақстан-2030 стратегиясы» деп әр мәселеге жеке-жеке тоқталғаны белгілі. Аталған құжатта Елбасы тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, үшінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, өркениет құндылықтарының дағдарысы мен жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі сияқты ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерін ашық көрсетті. Ал «Қазақстан-2050» Стратегиясы – жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты» деген мәселеде жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм», жаңа кадр саясаты, макроэкономикалық саясатты жаңғырту, бюджет, салық және ақша-несие саясаты, сондай-ақ, мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты, инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту, табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі, индустрияландырудың келесі кезеңінің жоспары жайлы айтты. Сонымен қатар отандық ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және саудада қожалықтар мен шағын және орта бизнесті жақсарту, су ресурстарына қатысты саясатты түзуге де көңіл бөлді. Ал биыл басымдық берілетін мәселе қандай болмақ? Ертеңгі халыққа Жолдауда не айтылатынын болжауды өтінген едік сарапшылардан.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

c45e1a973129e8f5f607f129bc1b74a4.jpg

– Шын мәнісінде айтылатын мәселе көп қой. Елбасының халыққа Жолдау арнау дәстүрі 10 жылдан астам уақыттан бері жалғасын тауып келеді. Құжаттарда жыл сайын адам құқығы, әлеуметтік сала, аса маңызды, келелі мәселелер көтеріледі. Екіншіден, қазір халықаралық, әлеуметтік, экономикалық, басқа да салаларға тән проблема көп. Меніңше, осы түйткілдерді қалай шешу керектігін айқындап алсақ. Мәселен, қыруар қаражат пен науқаншылдықты талап ететін кең ауқымдағы шаралардан гөрі елдің әлеуметтік тұрмысын түзеуге сеп болатын жобаларды түзген жөн. Мәселен, жұмыссыздықпен күрес, жалақыны көтеру, жастар мәселесі т.б. ҚР Конституциясында мемлекеттің ең басты байлығы адам екені көрсетілген. Демек, ең алдымен адамдарға, азаматтарға жағдай жасайтын жобаларды жүзеге асыру керек. Халықаралық мәселелерге келсек, NATO әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуы. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның аймақтық қауіпсіздігі мен тұтастығы қаншалықты шешілгені айтылуы тиіс. Сосын тағы бір маңызды мәселе, интеграциялық құрылымдар. 2014 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткелі отыр. Қазақстан Ресеймен бірге Кедендік одаққа мүше. Ал Ресей ДСҰ құрамына алдыңғы жылы енді. Сонда ДСҰ-ға мүшелікке қабылданарда Ресейдің мүддесімен санасамыз ба, әлде Қазақстанның ұлттық мүддесі түзіле ме? Оның үстіне, ДСҰ мен Кедендік одақтың бір біріне қайшылығы көп. Екі ұйымды ұштастыру қиын, оның үстіне, КО-дан алыстамасақ, Ресейдің ықпалында қала береміз. Демек, осы бағыттағы жұмыстар қалай болатыны да анықталуы қажет.

Мұхтар ТАЙЖАН, экономист:

11fc2d57a9fe09051793a5cf2e895fe7.jpg

– Елбасымыз өте сарабдал, ақылды азамат қой. Алысты алдын ала болжайтын көрегендігі мен сұңғылалығы бар. Меніңше, ҚР Президенті халыққа Жолдауында Қазақстанның Кедендік одақ құрамынан шығатынын, Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстанға керек еместігін айтады. Тағы бір маңызды мәселелердің бірі – Ресейдің Қазақстандағы полигондары. Адамдар мен қоршаған ортаға, экологияға өте зиянды әрі келешек ұрпақты жарымжан еткен осы сынақ алаңдарын жабу туралы Қазақ қоғамында көптен бері мәселе көтеріліп жүр ғой. Сондықтан Н.Назарбаев ертең Жолдауында ресейлік полигондардың жабылатынын хабарлайды. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын «Протон» зымыран тасығышының Қазақ даласына бірнеше рет құлағаны белгілі. Мұның соңы еліміздегі бірнеше наразылық шарасына ұласты. «Протонға» қолданылатын гептилдің түскен жерін күйдіріп, оның болмашы бөлшегі жүздеген жылдарға созылатыны белгілі. Бұл ауа, су, өсетін өнімдер, тұтынатын зат, адамдар мен жан-жануарларға аса зиян. Осы себепті, Елбасы ертеңгі Жолдауында «Протондарды» ұшыруға ресейлік тарапқа қатаң тыйым салынатынын хабарлайды. Елдің ішкі жағдайына келсек, тоқтап қалған «Нұрлы көш» бағдарламасын қайта жалғастыруға тапсырма берілетінін айтуы мүмкін. Өйткені, Жер шарының түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кеткен қазақты Атажұртқа қайтару халық санын көбейтуге де сеп болмақ. Екіншіден, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері 23 жылдың жүзі болса да, мемелкеттік тілдің мәртебесі әлі өз деңгейінде емес. Жолдуда Президент Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құштар адамдар қазақтың тарихын, салт-дәстүрі мен тілін білуге міндетті екенін ескертеді. Әрі мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе, министрлер мен жоғары шенді шенеуніктер қызметке бекітілерде мемлекеттік тілден сынақ тапсырылатынын, мемлекеттік тілді білмейтіндерге қатаң жаза қолданылатынын да естуіміз мүмкін Елбасының аузынан. Соңғы кездері құзырлы органдардың жұмысына көңілі толмаған азаматтар наразылық шарасын немесе шеруін өткізсе, оның соңы әкімшілік жауапқа тарту немесе абақтыға қамауға әкеп соғып жүр. Осы бассыздықты назарға алған Нұрсұлтан Әбішұлы құзырлы органдар мен тәртіп сақшыларына «азаматтардың наразылығын білдіру – Конституцияда кепілдік берілген құқық» екенін ескертіп, асырасілтеушілікке ұрынбауға пәрмен береді.

Абзал ҚҰСПАН, адвокат:

b48af3bebc0115673fd46b5b76da2341.jpg

– Былтыр жыл соңында Қазақстан судьяларының кезекті құрылтайы өтті. Бұл шара – бірнеше жылда бір рет өтетін өте маңызды басқосу. Әрі Қайрат Мәми мырзаның ҚР Жоғарғы сотына төрағалыққа тағайындалуы қоғамда қызу пікірталас тудырғаны мәлім. Өйткені, Мәми мырзаның келуінің арқасында сот саласында бірқатар игі бастама көтеріліп, өте маңызды шаралар атқарылатынына сенетін азаматтар көп. Меніңше, Елбасы Жолдауында еліміздегі судьялардың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде тәуелсіз болуына қатысты сөз айтады. Соңғы кездері әріптестер арасында «адвокаттардың құзіретін көтеру керек» деген ұсыныс айтушылар көбейді. Жеке пікірім, адвокаттарға ешқандай құзіреттің қажеті жоқ. Тек судьялар тәуелсіз болсын. Өйткені соттардың тәуелді болуының салдарынан айыптау үкімдері қазір көптеп шығарылуда. Құқық қорғау органдары, судьялардың көпшілігі қаржы полициясы, прокуратураның қысымына ұшырауда. Бұл тәуелділікке әкеп соғады. Қайрат Мәми – кәсіби біліктілігі жоғары маман. Жоғарғы сотқа келу арқылы соттардың дербес әрекет етуіне қатысты мәселені Елбасыға жеткізеді деген сенімдемін. Кезінде прокурорлар құзырының кеңейтілгені белгілі. Бас прокуратура мен Жоғарғы сот арасындағы текетіресте адвокаттар соттардың жағында болуы тиіс. Бұл судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге сеп.


Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ