СЫНАҚҚА ТҮСКЕН СОЧИ ОЛИМПИАДАСЫ

СЫНАҚҚА ТҮСКЕН СОЧИ ОЛИМПИАДАСЫ

СЫНАҚҚА ТҮСКЕН СОЧИ ОЛИМПИАДАСЫ
ашық дереккөзі

Отыздан астам адамның ажалына әкеп соққан лаңкестік әрекеттің кесірі Сочидегі Олимпиада ойындарына тиетін сияқты. Содырлар Кавказдағы ресейлік әскерилер әкетілмесе, Сочиде де жарылыстар ұйымдастырылатынын, тіпті, химиялық шабуылдарға баратынын ескертті. Оған қоса, бірқатар еуропалық елдің басшылары мен премьерлері Ресейде демократияның жоқтығын сынға алып, Сочиге барудан бас тартты.

2013 жылдың соңында, 29-30 желтоқсанда Ресейдің Волгаград қаласында екі күннің ішінде қатарынан екі рет жарылыс болды. Салдарынан 30-дан астам адам қаза тапты. Осы лаңкестік әрекеттің жауапкершілігін өз мойнына алған ирактық «Ансар әл-Сунна» тобы Интернет арқылы «Сочиде өтетін Олимпиадалық ойындар кезінде де шабуыл жасаймыз», – деп қорқытты. «Ансар әл-Сунна» – Ирактағы экстремистік топ. 2003 жылы құрылған. Өздерін Сүлеймен және Әбдірахман деп таныстырған әлгі екеу «жарылысты ұйымдастырған жанкештілер – біз», – деп сендіргенмен, сөздері жоққа шығарылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған қанды оқиғаға қатысты суреттерді дәлел ретінде келтірген екеудің сөзін теріске шығарған Associated Press агенттігі бейнетаспаны шығарған ұйым «Уалаят Дағыстан» деп аталатынын және Иракта емес, Солтүстік Кавказда орналасқанын айтады. Кавказдық содырлардың жетекшісі Доку Умаров 2012 жылдың басында Ресейде ұйымдастырылатын лаңкестік әрекеттердің барлығынан бас тартуға бұйрық бергенмен, 2013 жылдың маусымында Сочидегі Олимпиада ойындарына зиян келтіру керектігін жеткізіпті.

Интернет арқылы қоқан-лоққы жасаған топ өкілдері Кавказдағы барлық ресейлік әскерді алып кетуді талап еткен. «Керісінше болған жағдайда, жасалатын барлық лаңкестік әрекеттер орыс халқы тартатын азаптың басы болмақ», – деп мәлімдеген олар тіпті, химиялық шабуылдарға да баратындықтарын ескертті. Ең бастысы, содырлар бұл әрекеттерін 7-28 ақпанға жоспарлап отырған көрінеді. Бұл Сочиде Олимпиада өткізілетін мерзім. Интернет арқылы ескерту жасағандардың айтуынша, Мәскеу метросындағы және «Домодедово» әуежайындағы жарылыстарды да осы топ мүшелері ұйымдастырған. Бірақ үстіміздегі жылдың басында Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Доку Умаровтың қайтыс болғанын дәлелдейтін айғақтар ұсыныпты: «Оған куә – содырлардың бір-біріне көңіл айтқандары мен жаңа көсем таңдау туралы әңгімелері. Телефон арқылы айтылған сөздерді біз арнайы жазып алдық». 

Алдымен 29 желтоқсанда Волгаградтағы темір жол вокзалында аса қуатты жарылыс болып, оны жанкешті іске қосқан. Ал 30 желтоқсанда сол қалада жолаушылар мінген автобус жарылған. Екі жарылыстан 34 адам қаза тауып, 70 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Бүгінде лаңкестік әрекетке қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Желтоқсанның соңғы күні бейресми дерек көздері жанкештінің бұрын «Жедел жәрдемде» жұмыс істеген Павел Печенкин деген біреу болуы мүмкін деген болжам айтыпты. Оның айтуынша, Печенкин 2012 жылы Дағыстанға барып, лаңкестік топқа қосылған. Қанды оқиғадан кейін құзырлы органдар ДНК анализі үшін оның әке-шешесінен қан алыпты. Оның қорытындысы әлі жарияланбаған.

Ресми деректерге сүйенсек, адамдар өміріне қауіп төндіретін мұндай жарылыс 2 жарым айдың ішінде 3 рет болған. Алдымен, 21 қазанда Наиля Асиялова деген жанкешті автобуста өзін жарып жіберген. Махачкалада болған тексеру шараларының нәтижесінде 5 содыр қолға түсіп, олардың бірі – Дмитрий Соколов жанкешті жарған жарылғыш затты өзі құрастырғанын мойындапты. Ал 29 желтоқсанда теміржол вокзалындағы лаңкестік әрекетте жанкешті келіншектің көздегені күту залы екен. Сол күні пойыз күткендердің саны өте көп болса керек. Бірақ полиция қызметкерін көріп қалған ол қорқып кетіп, жарылғышты іске қосқан. Қаза тапқандар саны – 14 адам. 

Лаңкестер осылайша Сочидегі шараға қауіп төндіріп, қоқан-лоққы жасап жатқанда Германия канцлері Ангела Меркель Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына бару-бармауы әзір белгісіз екенін жеткізді. Ал ел президенті Йоахим Гаук Ресейде әділдік пен демократияның жоқтығын айтып, Сочиге келуден үзілді-кесілді бас тартқан. Есесіне, спорт министрі мен сыртқы істер министрі президент пен канцлердің орнына барады. Сонымен қатар АҚШ президенті Барак Обама уақытының тым тығыз екенін ескертіп, Сочиден бірден бас тартқан. Обамамен бірге Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Канада премьер-министрлері де Сочидегі спорттық шараларға бармайтындықтарын мәлімдеген. Ресми түрде Ресейге бойкот жарияланғанын мойындамаса да, сырт қарағанда, еуропалық елдердің беделділері Ресейден ат-тондарын ала қашып отыр. Тек Литва президенті Даля Грибаускайте де Ресейде адам құқықтарының сақталмайтынын сынап әрі Литва мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастың жақсы еместігін айтып, Сочиден бас тартқан. Эстония президенті Тоомас Хендрик Ильвес те уақытының тым тығыздығын ескертіп, Сочидағы шараға қатыспайтынын жеткізді. Есесіне, Латвия президенті Андрис Берзиныш «еуропалық елдер Ресейге бойкот жариялаған» деген сыбысты жоққа шығарып, Олимпиада ойындарына өзінің қатысатынын айтып отыр.

Кремль Қысқы олимпиаданы алғаш рет өз елінде өткізетінін даңғойлықпен жариялап, үнемі мақтанса да, Сочидегі спорт жарысын тамашалауға құлық танытып отырған әлем жетекшілерінің тым аздығы Ресей басшыларының беделі күн өткен сайын құлдырап бара жатқандығын аңғартпай ма? 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ