КӘСІПКЕРЛІККЕ КӘСІБИ КӨЗҚАРАС

КӘСІПКЕРЛІККЕ КӘСІБИ КӨЗҚАРАС

КӘСІПКЕРЛІККЕ КӘСІБИ КӨЗҚАРАС
ашық дереккөзі

Дамыған батыс елдерінің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, елдің дамуының негізгі жүгі бизнеске артылмақ. Яғни, жолдау – бизнес өкілдеріне бағытталған тікелей стратегиялық құжат. Биылғы Жолдауда кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамытуға басты назар аударылған. Енді соларды біраз тарқатып көрсек. 

Мәселен, «Шағын бизнесті мамандандырып, келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасы мен дамыту шараларын қабылдау маңызды болмақ» делінген. Демек, кез келген мамандық өкілі өз жеке кәсібін ашып дамыту тетіктері жетілдірілмек. Мысал келтіретін болсақ, кез-келген қарапайым мұғалім, дәрігер, заңгер т.б. мамандық иелері өздерінің мамандықтарына қатысты шағын кабинетін ашып, қызмет түрлерін көрсету арқылы кәсібін дөңгелете алады. Және маманданған шағын бизнесті дамыта отырып, орта бизнеске айналдыра алады. Оқытушы өз саласы бойынша дәріс, кеңес беріп, оқытатын шағын кабинетін, курс орталығын ашып, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндігі бар. Тасы өрге домалаған жағдайда оның әдістістемесін жетілдіре отырып, үлкен оқу орталығына, мектеп немесе институт, академияға айналдыруға мүмкіндік ашылады.

Жолдауда көтерілген келесі мәселе – «Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» делінген. Бұл дегеніміз – жоғарыда келтірген мысалға орай айтатын болсақ, институт немесе академияға айналған бизнес ошағын ұрпақтан ұрпақтан қалдыратын династиялы бизнес қылатын дәстүрді меңзеп отыр. Осыған орай айта кететін бір жайт – бұл әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар үрдіс. «Мерседес», «Порше», «Нестле» секілді әлемдік брендке айналған компаниялар соның жарқын үлгісі. 

Біз сөз етіп отырған құжатта бұларға қоса, «Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігі 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін артады» делінген. Еңбек өнімділігін арттырудың мынадай жолдары бар. Бірінші – қолда бар адам ресурсының мамандануын жетілдіру, кәсіби шеберлігін шыңдау. Екінші – жеке кәсіп ортасында тиімді бизнес процестерін пайдалану. Яғни, өндіріс барысында адам және техника күшін барынша тиімді пайдалану. Үшінші – осылардың бәрін қадағалап, жұмысын оңтайландыру үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін (IT бағдарламаларын) тұтыну. Осы үшеуін дұрыс ұштастыра білсек, жоғарыдағы межеге еш қиындықсыз жетеміз.

Жолдауда сонымен қатар, «Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек» деген дерек келтірілген. Бұл мүмкін нәрсе. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1994 жылғы біздегі ІЖӨ жан басына шаққанда шамамен 700 АҚШ доллары шамасында болған болса, бүгінге дейінгі 18 жылда ол шамамен 20 есеге, яғни 13500 долларға дейін өсті. Сонда, ендігі 36 жылда осы көрсеткішті 5 есеге арттыру аса қиындық туғызбайды деп ойлаймын. 

Ендігі мәселе мемлекеттік институттардың үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдерінің қажеттілігіне бағытталған. Бұған қатысты «Заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс» делінген. Жоғарыда көрсетілген межелерге еш кедергісіз жету үшін, осы әріптестікті нығайтып, азаматтардың алаңсыз кәсіпкерлікпен айналысуына барынша жағдай жасалуы тиіс деген ұстанымда Елбасымыз көрегендік танытып отыр. 

Арман Байқадам, 

«Baikadam Holding» компаниясының бас директоры