Қазақтың тілі даумен ғана шешіле ме?

Қазақтың тілі даумен ғана шешіле ме?

Қазақтың тілі даумен ғана шешіле ме?
ашық дереккөзі

  Соңғы кездері қазақ тіліне қатысты
дау-дамай өршімей тұр.  Қазақтың тілінің
маңдайы  әуеде, әуежайда, енді міне
театрда тасқа соғылып тұр.  «Астана-Опера»
Мемлекеттік опера және балет театрындағы дайындық кезінде хор әртісі Ербол
Нариманов пен хор жетекшісі Елена Коробейникованың арасында қазақ тіліне қатысты
араздық туған. Ресми тілді білмегені үшін әртіс жетекшіден сөгіс естіпті.  «Орыс тілінде сөйле» деп,  талап еткісі келген Коробейникова ақырында қызметінен
айрылды.

  Мәселе неден туындаған?Дайындық
барысында хор жетекшісі Е. Коробейникова Е. Наримановтан материалды орындауын сұраған.
Хор әртісі дайын еместігін айтып, қазақша сөйлеген. Мұны естіген хор жетекшісі Коробейникова
әртістен орыс тілінде жауап беруін талап етеді. 
Орысша білмеген әртісті дайындықтан шығарып жіберген хор жетекшісі оған орысша білмегені үшін арызданатынын да айтқан. Хор әртістері
Е. Коробейникованың тарапынан мұндай жағдай бірінші рет еместігін ескертіп,
басшылыққа осы мәселенің шешімін табуды және қазақ тілін білмейтін хор
жетекшісімен жұмыс істеуден бас тартатындықтарын ескерткен.

  «Астана
Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов осы
мәселеге қатысты хор әртістерімен және хормейстерлермен ашық жиналыс өткізіп, мәселенің
байыбына қаныққан соң, хор жетекшісін қызметінен босатты. Қазақ тілінің тағдыры
сынға түскен бұл мәселенің соңы оң шешімін тапты.

Тілге қатысты мәселенің  оң шешімін тапқаны дұрыс-ау, бірақ, қазақтың
тілін саудаға салуды қашан қоямыз? Неге тіл өз елінде өгейдің күйін кеше
бермек?  Қашанғы қазақтың тілін сотпен,
заңмен, арызбен қорғаймыз?  Қазақша сөйлегені
үшін кінәлі болудан шаршаған жоқпыз ба? Тілдің мерейі үстем болатын күн туар
деп  әлі де күте береміз бе?

Гүл БЕКЗАТ