ШӘКІРТТЕР ЕРМАХАНМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Елбасымыздың биылғы дәстүрлі жолдауы «Мәңгілік ел» деген
айбынды атауымен халықтың қызу қолдауына ие болып отыр. Денсаулық – тән, рухани
және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Денені үнемі ширықтыру, шынықтыру, сананың
сапа деңгейін көтеру, интелекті өрісін биіктету, рухыңды шыңдау – бәрі де
денсаулыққа қызмет етеді десек қателеспейміз. Ел Прездиентінің «Қазақстан – 2050»
жолдауындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – «Қазақстан азаматтарының
денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» тармағында азаматтарымызды салауатты өмір
салтына әзірлеу қажеттігі көрсетілген.  Осы бағытта Қазақстан мектептерінде  жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты,
салауатты өмір салтын мұрат тұтқан дара тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп
қойылған. Жақында қазақ мектептерінің қара шаңырағы атанған Ш.Уәлиханов
атындағы №12 гимназияда бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы, қазақ спортының
мақтанышы Ермахан Сағиұлы Ыбрайымовпен әсерлі кездесу кеші өтті. Гимназиямыздың
мәжіліс залында спорттық киімде сап түзеген, өңірлерінде әртүрлі жарыстардан
жеңіп алған медальдарын сыңғырлатып гимназия спортшылары мен олардың ұстаздары
бейбіт заманның батырын орындарынан тік тұрып қарсы алды.  Алматы қаласы педагог кадрлардың біліктілігін
жетілдіру және қайта даярлау институты дене тәрбиесі және спорт орталығының
жетекшісі Саян Бірталаев мырза бастаған, Мұстафа Асқарұлы сынды спорт маманы
бар, бокстан КСРО және Еуропаның бірнеше дүркін жеңімпазы Кәрімжан Абдрахманов,
айтулы спортшы Мұхит Ысқақов сияқты  саңлақтарымыз балғындардың есінде көпке дейін
сақталары сөзсіз.

Сахна төрінде «Денсаулық – зор байлық» деген қанатты
сөзбен бірге, жылжымалы экран бетінде саңлақтың нағыз ерлігін көрсететін
кадрлар рет-ретімен көрсетіліп жатты.  Өз
кезегінде саңлағымыз балалардың сан түрлі сауалдарына жауап берді. Кездесу
ортасында бокс қолғабын қолына  киген
алаш арыстаны Сидней рингіндегі румын бокшысын қалай қапыда қалдырғанын қимыл-әрекеттерімен
көрсетіп, нағыз жеңімпаздың қалай болатынын, қалай атой салатынын жас жүректерге
әңгімелеп берді.

Мектеп спортшылары ағалар құрметіне спорттық көріністер
көрсетсе, қазақ өнерінің жұлдызы болғысы келетін өнерлі өрендеріміз бен мың
бұралған бишілеріміздің биіне тәнті болды жиналғандар. Салтанатты шараны  қорытындылаған ҚР білім беру ісінің құрметті
қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, гимназия директоры Рахима
Бөлекбайқызы жұмыс кестелерінің тығыздығына қарамастан, уақыт бөліп,
шәкірттермен жүздескен спорт саңлақтарына өзінің алғысын білдірді. Ермахан өз
атында ұйымдастырылатын бокс турнирінің медалін мектеп мұражайына табыс етті.
Кеш соңында ұстаздар мен оқушылар батыр ұлдармен бірге естелік суретке түсті.

Айдар
Абылқасымов,

Ш.Уәлиханов
атындағы

 

№12 гимназияның мұғалімі

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button