Ұлтым деп өткен ұлы тұлға

Ұлтым деп өткен ұлы тұлға

Ұлтым деп өткен   ұлы тұлға
ашық дереккөзі

ҚР Ұлттық кітапханасының көрмелер залында «Ахмет Байтұрсынұлы шығармалары – мәңгілік мұра» атты дөңгелек үстел аясында қоғам қайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының алты томдық шығармалар жинағының («Ел-шежіре» Қ.Қ. 2013 ж.) тұсауы кесілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының әдеби-ғылыми мұрасының зерттелуі жөнінде сараптамалық талдау жасау және ғалым шығармаларының бүгінгі ұрпаққа жету жолын насихаттау. Аталған шараның не­гізгі ұйымдастырушысы – Ахмет Байтұрсынұлв мұражайының директоры, филология ғылым­дарының кандидаты, доцент Райхан Имаханбет. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, тіл-әдебиет, тарих, мәдениет зерттеуші-ғалымдар, ақын-жазушылар, баспагерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында халықтың санасына сәуле түсіріп, қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының мұралары жайында зиялы қауым өкілдері сөз қозғады. Тұсауы кесіліп, оқырманға ұсынылған алты томдық шығармалар жинағы 2003 жылы жарияланған 5 томдық жинақтың толықтырылған («Алаш» баспасы) өңделген нұсқасы.
Сонымен қатар жиында «Ұлт болмысы» журналының бүгінгі қызметі сөз болды. Бұл басылым ең алғаш Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдық мерейтойына арнап шығарылған. Содан бері бұл журнал өз жұмысын жалғастыруда. Ғалымның мұрасын насихаттап жүрген ахметтанушылар мен жоғарыда аталған журналға қолдау көрсеткен азаматтар мен ұжымдар алғысхаттармен марапатталды. Дөңгелек үстел аясында Ұлттық кітапхана қорынан ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлтым деп өткен ұлы тұлға» деген атаумен безендірілген кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

Әсел ӘНУАРБЕК