ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАПОНДЫҚ ҮЛГІСІ

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАПОНДЫҚ ҮЛГІСІ

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАПОНДЫҚ ҮЛГІСІ
ашық дереккөзі
Күншығыс елінің экономикасы 1960 жылдан бері бірнеше рет дағдарысқа ұшыраса да, өсу қарқыны тоқтаған емес. 1992 жылы Экономикалық талдау орталығы жасаған «Мемлекеттің 5 жылдық жоспарында» былай делінген: «Бүгінге дейін өндіріске, өнімділікті арттыруға баса мән берілсе, енді бұдан былай әр тұрғынның жеке қажеттіліктері маңызды болмақ. Мемлекет экономикасын көтеру мәселесі ғана емес, жалпы әлемдік қоғамдастықпен  үйлесімділікті ойлауымыз керек». Бүгінде ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Жапония робот техникасы мен электроника тауарларын өндіру жөнінен ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр.  Кеме жасау, автокөлік құрастырудан да Күншығыс елі бірінші орында. Өнеркәсіптік өндіріс бойынша 100 балдық көрсеткішке қол жеткізді. Әлемдік экономиканың лидерлері дегенде «Тойота моторс», «Мацушита электрик», «Сони корпорейшн», «Хонда моторс», «Тошиба», «Фудзицу» сияқты кілең жапон компанияларын ауызға аламыз. Жұмысшылардың ең жоғары жалақысы мен ең төменгі жұмыссыздық көрсеткіші де Жапонияға қатысты.

 

Экологиялық тепе-теңдік – басты құндылық

 

Бүгінде Жапония қоршаған ортаға зиянсыз экономиканы даму жолындағы үрдіс ретінде қабылдай отырып,  адам және табиғат ресурстарын бағалау тұрғысынан да жетекші орында тұрған елдің бірі. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін жаңадан қолға алынған өндірісті  дамыту бағдарламалары 1950-1960 жылдары ну орман  мен айна көлге, саф ауаға залалын тигізбей қоймады. 1970 жылдары әлемдік мұнай нарығындағы дағдарысты артқа тастаған Жапония экологиялық принциптерді  басты назарда ұстай отырып, экологиялық технологияны  дамыта бастады. Бүгінде Жапония көшелеріндегі жанармаймен емес ауамен, табиғи газбен жүретін көліктер мен заманауи зиянсыз өңдеу құралдары сол кезеңдегі экологиялық технологияның жемісі деуге болады. Басқа мемлекеттер өңдеу әдісін енді ойластырып жатқан болашақтың энергия көздері  Күншығыс  елінде осыдан отыз жыл бұрын игеріліп, ел игілігіне жаратылды. Экономиканы дамыта отырып, қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау, табиғатқа  қамқорлық әр адамның жүрегіне ұялаған жеке бас мәдениетінен басталады деген ұғым жапон азаматының бойына о баста әбден сіңген. Осындайда бір өзбек гидтің әңгімесі еске түседі. Ташкентке іссапармен келген бір топ жапон азаматын гид қыз қыдыртпай ма? Автобуспен қала сыртына шыққан  топ  мүшелері дәрет сындыратын орын сұрайды. Гид жол жиегіндегі  қалың бұтаны нұсқап, «Әрқайсысың бір-бір ағаштың түбіне отыра салыңдар» десе, жолаушылар «Жоқ, біз ондай зиянкестікке бара алмаймыз. Ағаштарға обал емес пе? Не де болса қалаға жеткенше шыдаймыз»,– депті. Иә, адам табиғатпен үйлесімде өмір сүруі керек деген ұғым-түсінік жай сөз жүзіндегі емес, қанға сіңіп, мида жатталып қалған тәрбие нормаларымен байланысты. Яғни,  адам табиғаттан күшті емес, оның заңдарына бағына білуі қажет.

 

Қалдықсыз экономика

 

2011 жылы Жапонияның Шығысында болған зілзала салдарынан Фукушима атом электр стансасында апат болды. Сол оқиғадан кейін Жапония Үкіметі энергетика саласын реформалауды бірден қолға алды.  Күн, жел және геотермалды энергия көздерін қайта өңдеу арқылы пайдалану әдістерін кеңінен қолданысқа енгізу көзделген. 2011 жылы шамамен 1,9450000  квт  қайта өңделген энергия пайдаланылған. Оның ішінде Күннен алынған қуат 4800000 квт-қа жеткен. Сол жылы Канагава префектурасы, Кавасаки қаласында екі жаңа электр стансасы іске қосылды. Қос стансаның энергия өндіру мүмкіндігі  20000 квт, яғни 5900 үйді табиғи қуат көзімен  қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие. Жапония Үкіметі 2009 жылдан бері қайта өңделетін энергия көздерін пайдалану тиімділігін зерттеп келеді. Кейінгі кезде ең тиімдісі жердің қызуы, яғни геотермалды энергия түрлері екендігі сараптау нәтижесінде анықталған. Геотермалды энергия жер қабатындағы энергиядан туындайтын бумен турбинаны айналдыру  арқылы алынады. Жапония геотермалды энергия көздерін пайдалану жөнінен бүгінде Индонезия мен Америкадан кейінгі үшінші орында тұр. Жапонияда алғаш геотермалды энергия көздерін өндіру 1966 жылы басталды. Иватэ префектурасында салынған Мацукава геотермалды электр стансасында бүгінде  23,500 квт геотермалды энергия өндіруге рұқсат берілген. Бір ғана Токио бұғазында Күн қуатынан энергия алатын екі  станса жұмыс істейді. Ең үлкен  геотермалды электр стансасы  Кюсюдің Хаччоубару жерінде. Энергия өндіретін қос қондырғыдан 112, 000 квт энергия шығады. Бұл дүниежүзі бойынша ең алып геотермалды энергия стансасы. Геотермалды стансаның ерекшелігі  көмір пайдаланылмайды, жер қызуы деп аталатын таза жапондық энергия түрі өндіріледі. Зиянды заттар мүлдем бөлінбейтін энергияның таза түрі болып табылады. Станса ауа райы мен тәулік мерзіміне тәуелді емес, кез келген жағдайда жұмыс істей береді. Бүгінгі таңда жапон ғалымдары энергияның бұрын соңды болмаған жаңа түрлерін өндіру  жолдарын қарастыруда. Мысалы, 2011 жылы зілзаладан орасан шығынға ұшыраған Фукушима жеріндегі Цучию деп аталатын табиғи  ыстық қайнардан энергия өндіру  әдістері зерделенуде. Фукушима қаласындағы шипалы суға қатысты ғалымдар жаңа жоба  жасап, одан  геотермалды энергия түрін алуды ойластыруда. 1970  жылдары мұнай нарығындағы  дағдарыстарды өткерген соң  Жапония Үкіметі әр аймақты жергілікті энергия көздерімен қамтамасыз етуді қолға алды. Нәтижесінде  энергия өндірісі жөнінен Жапония дүниежүзінде бірініші  орынға шықты. Қазіргі кезде Жапонияны энергиямен қамту жөнінен 60  пайыздан астам көрсеткішке ие боп отырған жылу электр стансалары  жаңа технологияларды пайдаланып, аймақты энергиямен қамтуда зор мүмкіндіктерге қол жеткізді. Соның жарқын мысалы, табиғи газды отын ретінде  пайдаланып, энергияны қайта өңдеу әдісін айтуға болады. Яғни, бүгінге дейін  шығын боп келген энергияны  үнемдеп, қайта пайдаланып, жаңа энергия өндіру әдісі. «Бүгінге дейін жылу электр стансасының энергия өндірісіндегі үлесі 42 пайыз бола, жаңа әдісті  пайдаланып, 58-60 пайызға жеткізуге болады», – дейді жапон мамандары. Алғаш Токиода қолға алынған бұл әдісті Канагава, Чиба префектураларының  жылу электр  стансалары да пайдалана бастады. Жапонияда көліктердің энергия шығыны 1970 жылдармен салыстырғанда  артып кеткендіктен энергияны үнемдеу мақсатында  экока (экологиялық көлік) түрлері  құрастырылып, қолданысқа  енгізілді. Яғни, Жапонияда атвокөліктер, автобустар, поезд түрлері Күн энергиясымен, батареямен жүреді. Экологиялық  зиянсыз көліктер жүйесін жасау жөнінен Жапония бірінші орыннан түскен емес. Жаһандық  жылынудың алдын алуға қатысты жапондар тұрмыстық техниканың да өте таза энергия жұмсауына мән беруде. Энегрияны аз пайдаланатын техника түрлері аз емес. Мысалы, 2010 жылғы жапон кондиционері 2000 жылғы кондиционерге қарағанда энергияны 14 пайыз аз пайдаланады. Жапонияда  жасалған жаңа мұздатқыш  бұрынғысынан энергияны 60 пайыз аз қажет етсе, теледидардың энергия «сіңіруі»  64 пайызға  кеміді. Жаңа жапон кондиционері бойында жылуды сыртқа шығармай ұстап тұрады да, қажетті кеңістікті ғана салқындатады.  Бұған техниканың ішіне енгізілген арнайы сенсор  көмектеседі. Қазіргі жапон теледидары бөлмедегі жарық деңгейіне сәйкес жұмыс істейді, оған қоса көретін адам шығып кетсе өздігінен жұмысын тоқтатады. Сондай-ақ  Күн энергиясын бойындағы  батареяға жинап, жарық беретін сматхаус стиліндегі үйлер Күншығыс аралдарында салынуда.  Бұндай үйлердің құрылысына автокөлік өндірісімен белгілі «Тойота»  компаниясы белсене кірісіп кетті. Бұзылған экологиядан жасыл экономикаға дейін Қазіргі жасыл желекті, жетілген өндірісті Жапония жер бетінде ғайыптан пайда болған жоқ. Қоршаған ортаның ластануы деген мәселе бүгінде ең дамыған мемлекеттің бірі саналатын елдің басынан өткен. Сонау 1950-1960 жылдары соғыстан  кейінгі экономиканы қалпына келтіру мен дамыту  кезеңінде кәсіпорындардың қарыштап дамуымен қоса ауаның, судың ластануы, жасыл  желекті өңірлердегі экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы сияқты мәселелер сол кезде қайта түзелместей,  ушыққан дерттей болғаны рас.  Алайда айналдырған 10-20 жылдың ішінде  мөлдір ауалы, тұнық сулы, нулы мемлекетке айналған  (жерінің 80 пайызға жуығы орманды алқап)  Жапония аз уақыт ішінде аралдардың бұзылған табиғатын қайта қалпына келтіріп үлгерді. Сонау 1970 жылдардың өзінде  жасыл  экономиканың жапондық үлгісін жасап, әлемдік қауымдастыққа таныла білді. Ең алдымен 1967 жылы  ластанған қоршаған ортаның ахуалын жақсартуға арналған іргелі  заңдар қабылданып, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі күнге дейін Жапонияда табиғатты қорғауға үлкен мән берілетінін көріп отырмыз. Осыдан біраз жыл бұрын Токио қаласы әкімінің орнына байқау жарияланғанда кейбір мемлекеттердегідей оң жақ, сол жағын қымтап алған байшыкеш емес, Токионың ауасын тез арада тазартуға болатын жобаны жасаған мықты ғалымның лауазымды орынды жеңіп алғаны белгілі.  Қоршаған ортаны қорғауға қатысты көптеген заңдардың қатарында 1968 жылы бекітілген «Ауаның ластануын тоқтату туралы заң», «Шулы дыбыстарға шектеу» туралы ереже тәрізді құжаттар бар. Бұл құжаттардың барлығы құрғақ баяндама түрінде емес, нақты іс жүзінде орындалғанына ел куә. 1968 жылы Жапония ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен дүниежүзі бойынша  екінші орында тұрды. Әлі күнге дейін осы межеден төмендеген емес. Әр аймағында  химиялық кәсіпорындар  көбейген сайын ауасы, суы, орманы ластана берді. Сол былғанған, бұзылған табиғи ортаны ғайыптан түскен құтқарушы тазартып бермеді, бала-шағасынан қариясына дейін қолына тазалағыш құралдарын алып,  қара жұмысқа бел шешіп кірісті. Соның арқасында ластанған өзен-көл, тұнық  ауа қалпына келді. 1970 жылдардың басында, яғни бес алты жылдың ішінде өзен-көлдердің балықтары көрінетіндей, мөп-мөлдір боп шыға келді. 1970 жылдардың басында  суды, ауаны былғайтын газдың, улы заттардың қоршаған ортаға  бөлінбеуін көздейтін технология қолданысқа енгізілді. 1971 жылы қоршаған ортаны Қорғау агенттігінің өндірістік  технология  орталығы электр энергиясымен  жүретін көліктерді жасауға бағытталған өте ірі жобаны жүзеге асыра бастады. Сол кезеңде бүкіл өндіріс  түрлерінің қоршаған ортаға зиянды болмауына бағытталған Cleaner Production (СР) технологиясы енгізілді. Өндірістің қоршаған ортаға зиянын тежей отырып,  өнеркәсіпті қарқынды дамыту қатар жүргізілді. СР технологиясының бір нәтижесі Жапонияда целлюлоза  өндіріле батады. 1970-1989 жылдары  қағаз өндірісі қарқындап,  суды  ластауға себеп болатын СОD мөлшері  2200000 тоннадан  200 000 тонна деңгейіне түскен. 1975 жылы ең алғаш Күн энергиясын тұтынатын үйлер  салынды. 1976 жылы өндірістік технология институты ең алғаш энергиямен жүретін машина жасап шығарды. 1970 жылдары металл жасайтын зауыттарда, целлюлоза өндірісі,  мұнай химиясы, мұнай өңдеу зауыттары сияқты кәсіпорындарда тұтынатын энергия азайтылып, бұл кәсіпорындар жаңа технологиямен жұмыс істей бастады. 1973 жыл мен қазіргі уақытты салыстырсақ жапон экономикасы екі есеге дамыды, өнім өндіру 1,5 есе өсіп, энергия тұтыну 0,9 есе межесіне жетті. 1992 жылы озон қабатының тесілуі, жаһандық  жылыну, улы жаңбыр мөлшерінің көбеюі, дүниежүзілік экологиялық мәселеге айналған кезде әлемдік қауымдастық мүшелері бас қосып, Бразилияда (Рио де Жанейро) дүниежүзілік  саммит өткізді. 172 мемлекеттің қатарында  Жапония да алқалы жиынға қатысты. Нәтижесінде Жапония бірінші боп экономикалық мәселелерді шешудің тәсілдерін игеруге кірісті. Климаттың өзгеруіне байланысты БҰҰ-ның конвециясына қатысушы мемлекеттердің үшінші конференциясы 1997 жылы Жапония қаласы Киотода өткізілді. Конференция  қорытындысында қабылданған Киото хаттамасы 2008-2012 жылдар аралығында  дамыған елдер мен өтпелі экономикалы мемлекеттердің улы газды ауаға шығаруын 1990 жылмен салыстырғанда 5 пайызға азайту көзделген. Жапония хаттаманы 2002 жылы ратификациялады. 2001 жылы Жапонияның Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Қоршаған ортаны қорғау министрлігі боп қайта құрылды. 1967 жылы қабылданған Қоршаған ортаның ластануын бақылау туралы негізгі заң табиғатқа қамқорлық жасау жауапкершілігін мемлекеттік мекемелерге жүктейді. Осы заң аясында мемлекеттік мекемелер қоршаған ортаның ластанбауы үшін іс-шаралар атқарады. 1993 жылы «Қоршаған ортаны қорғау туралы заң» күшіне енді. Бұл құжаттар мемлекеттік және халықаралық деңгейде ірі жобаларды жүзеге асыратын мекемелердің жауапкершілігін күшейтеді. Жапонияда 1990 жылдары қоқыс өртейтін пештен шыққан канцерогендік диоксинге қатысты қоғамдық наразылық туғаны белгілі. Осы оқиғадан соң жапон ғалымдары диоксиннің гормондық тепе-теңдікке зиян тигізетін химиялық улы зат екендігін тауып, нәтижесінде «Диоксиннің тарауымен болатын ластанудың алдын алу шаралары туралы заң» жасалды. 2000 жылдан бері қоқысты өңдеуге қатысты да заңдар қабылданды. Ең маңызды құжаттың бірі «Экологиялық бейімделген қоғам» туралы заң. Бұл заң негізінде қалдықтарды азайту көзделген. 1972 жылы шыққан «Табиғатты сақтау туралы заң» табиғи бақтарды қорғауға арналған. 2010 жылы Айчи префектурасының Нагоя қаласында СОР10 конференциясы өтті. Бұл жиында «Айчи мақсаты»,  «Нагоя хаттамасы» сияқты құжаттар қабылданып, Жапония бұл мәселеде жетекші мемлекет екендігін тағы да дәлелдеді.

 

Қалдық өңдеудің заманауи технологиясы

 

1960 жылдары қарқынды даму жолына түскен Жапонияда өндірістік, тұрмыстық қалдықтарға орын табу  мәселесінің шешімін табу қиын болды. Жері тар, қалдық көметін орын шектеулі. Сол кезде жапон ғалымдары қалдықты өңдеу технологиясын жасауды қолға алды. Бүгінде әр жапон азаматы қалдық  мөлшерінің  аз болуы үшін осы технологияның  ережелерін орындайды. Яғни, Жапонияда тұрмыстық қалдықтар төрт түрлі  қоқыс жәшігіне сұрыпталып тасталады. Өртелетін қоқыс, өртелмейтін қоқыс, ескі заттар (тұрмыстық техника), пластик бөтелкелер бөлек-бөлек жәшіктерге салынады. Жапонияда азық-түлік, ораулар, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары мен автокөлік қалдықтарын өңдеудің көрсеткіші 1989 жылы 4,5 пайыз болса, 2000 жылы 14,3 пайыз болған.  Қоқыс өңдеу зауыттары да жетілген технологиямен жұмыс істейді. Мәселен, Токионың бір бөлігінде  8900000 тұрғын бар. Бір жылда 2870000 тонна қоқыс шығарылады екен. Бұл қалада 21 орында қоқыс өңдейтін зауыт бар.  Мәселен, солтүстігіндегі  зауытта бір күнде 600 тонна өртелетін қоқыс жойылады.  Бұнда зиянды  улы заттардың қоршаған ортаға таралмауын қамтамасыз ететін технология қолданылады. Пеште қоқыс жанып жатқанда энергия шығындалмайды, қайта өңделіп, пайдаланылады.  Шыққан қызудың тең жартысы осы зауыттың ісіне жаратылады да, қалған жартысы энергия  өндіретін кәсіпорындарға сатылады. Яғни, қоқыс өңдейтін зауыт аймақты энергиямен қамтамасыз ету жұмысына да әжептәуір үлес қосып отыр. Бұл зауыт сондай-ақ, жақын маңдағы  кәсіпорындарды ыстық сумен қамтамасыз етеді. Яғни, су қоқыс өңдеу зауытынан шыққан энергияны пайдаланып ысытылады. Жапонияда істен шыққан  тұрмыстық техника босқа тасталмайды. Ұялы телефондар ұсақ бөлшегіне дейін утилизацияға ұшырап, құрамындағы алтын, платина ұнтақтары арнайы технологиялық әдіспен балқыту арқылы бөлініп алынады. Ал тұрмыстық техниканы өңдеу орталығында  кір жуғыш машина, теледидар, кондиционер, тоңазытқыш, компьютерлер, т.б. бөлшектеніп, іске жаратылады. Бұнда мамандар техниканы ұсақ бөлшегіне дейін топтап таразылайды.

Цунамиге қарсы мың жылдық бекініс

 

2011 жылғы зілзаладан  соң Жапония Үкіметі «Экологиялық болашақ шаһары» деген жоба аясында 11 өлкені таңдап алды. Олардың  арасында  апаттан  зардап шеккен 6 аймақ ерекше аталады: Иватэ префектурасының Оофунатоши, Рикудзэнтакаташи, Сумитачоу, Камаиши, Фукушима префектурасының  Минамисоумаши, Шинчимачи деген қалалар мен кенттер. Бұлардың экологиялық  ахуалына қатысты айрықша  жобалар жүзеге асырылуда.  2011 жылы зілзала мен цунамиден Иватэ префектурасының Камаиши қаласында 888 адам мерт боп, 160 адам із-түзсіз кеткен. Қаладағы үйлердің 29 пайызы, яғни 4,614  баспана қирап қалған.  9,883 адам түрлі деңгейде жапа шегіп,  64 орынға оларды паналату үшін шатырлар тігілді. Бұл жерге электр энергиясы оқиға өткеннен соң бір аптадан кейін берілді. Соған қарамастан бұл қала жергілікті  энергия  көзін пайдаланады, қазір төтенше жағдайға мейлінше  төтеп бере алатын қала тұрғызылуда. Камаиши  қаласының солтүстік батысында, Тооно шаһарындағы Ооцучи ауданындағы  қыраттарға 43 жел диірмені орнатылып, халық жергілікті энергия көзін пайдалануда. 1901 жылы Жапонияда  алғашқы  металл зауыты  салынған Фукуока префектурасының Китакюсю қаласы  өндірістік қала ретінде дамыды. 1960 жылдары ауасы мен суы ластанып, экономикасы  өте нашар күйде болды. Қоршаған ортаға қатысты  жобаларды  жүзеге асыру нәтижесінде  бұл өңір экологиялық үлгілі  қалаға айналды. Қайта өңделген 120 гектарлық жерге мұражайлар, сауда  орталықтары, үйлер тұрғызылды. Бұл қала ортақ энергия желісіне қосылмайды, Күн мен жел энергиясын пайдаланады. Ал Мияги префектурасы Иванума қаласында цунамиден қорғайтын мың жылдық төбе тұрғызу жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бұл төбе қаланы мың жыл бойы цунамиден сақтап тұратын көрінеді. Қоршаған орта мәселесі тек экологтардың мойнындағы іс емес, әр адам өзінің  айналасының тазалығына жауап беруі керек. Мәселен, Мияги префектурасы Кэсэннума қаласында жеуге болатын моллюскі түрін өсірумен айналысатын Хатакэяма Шигэацу деген шаруа  Кэсэннума көлін экологиялық  апаттан аман алып қалған. Ол сонымен  қатар 2011 жылы зілзаладан соң Кэсэннумаға ағып келген қалдықтардан суды толық тазартқан. Шаруаның  еңбекқорлығының арқасында  бір ай ішінде  су мөлдір қалпына  келіп, көл баяғыша  балыққа толған.  Бір көлді жалғыз өзі  өмір бойы  сақтап келе жатқан Кэсэннума тұрғыны осындай игілікті ісі үшін ешкімнен қол жа­йып қаражат сұрап, марапат күтпейді,  қоршаған ортаға қамқорлықты Табиғат Ана алдындағы парызым деп есептейді.

Шарафат Жылқыбаева