Ұстаз ұлағаты

Ұстаз ұлағаты

Ұстаз ұлағаты
ашық дереккөзі

Ертеде бір адам данышпаннан: «Дүниеде кім бақытты?» – деп сұраған көрінеді. Ол ойланбастан: «Дүниеде көп адамды бақытқа бөлей білген адам бақытты»,– деп жауап берген екен. Тараз қаласындағы Абай атындағы гуманитарлық колледжінде 40 жылдан астам уақыт тапжылмастан тер төгіп, мыңдаған шәкірттерінің қолына бақыт кілтін ұстатқан Шолпан Мамашбаеваны бақытты жан десек, жарасып кетері анық. Тумысынан жаратылысы бөлек, бекзат та биязы, сезімтал да сергек ұстаз тәрбиелі тәлімімен, ғибратты білімімен, өрелі өнегесімен ұрпақ тәрбиесіне, ұлт келешегіне көңіл бөліп келгеніне көпшілік жұрт куә.

Ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолына көз жүгіртпес бұрын, ойға оралған мына бір хикаядан сыр шерте кеткен жөн болар.
…Ертеде бір бағбан бақшасында сайраған бұлбұлдың даусына тәнті болып, тұзақ құрып ұстап алады. Сонда бұлбұл адамша сөйлеп: «Саған бір сыр ашайын. Бағыңдағы ағаштың түбінде бір құмыра алтын көмілген, барып қазып ал»,– дейді. Аяқ астынан байып шыға келген бағбан қатты қуанады. Бірақ бір нәрсені түсіне алмаған ол: «Өзің өте дана, көзі өткір бұлбұл екенсің, жердің астындағы қазынаны көріп қойдың. Алайда дәл қасыңда тұрған тұзақты қалай көрмедің?» – деп сұрапты. Сонда бұлбұл тұрып: «Тәкаппарлық етпе, адам. Сенің тұзағыңа іліну – менің тағдырыма жазылған. Айлакерлік пен көздің өткірлігі тағдырды өзгерте алмайды»,– деген екен.
Адам тағдыры күтпеген өзгерістерге толы екені рас. Шолпанның бақытты балалық шағы Жамбыл облысының Талас ауданындағы Бостандық ауылында өтті. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауыл қызы үлкендерден келіп жеткен үлгі мен өнегенің өрелі өрісінен нәр алып өсті. 14 жасынан ат жалын тартып мінген әкесі Мамашбай 30 жыл бойына колхоз басқарып, туыс-туған мен ауылдастар арасында беделі биік, қадірі үстем болған жан. Адамдарды тек жақсы қырынан тануға тырысатын ақмейір отағасы өз өміріне асыл құндылықтарды арқау етуге тырысқан деседі.
Қуаныш пен қайғы, үміт пен күдік, ұнату мен жек көру – пенде атаулының басында бар қасиет. Солай бола тұра, ғарыш заңымен есептегенде көбелектің ғұмырындай ғана қамшысап өмірде тірі жанға өкпе артып, ауыр сезімді бастан кешіп көрмеген Дәния ана үш ұл, үш қызын көзінің қарашығындай мәпелеп өсірді. Шолпан баланың төртіншісі болатын. Адалдық пен әдептілікті ту етіп, ар-ожданды қалқан қылған шаңырақта адами жақсы қасиеттердің дамитыны – өмір заңдылығы.
Шәкірттерін еңбектен қуаныш табуға үйрете білетін ұстазың болса – бағыңның жанғаны. Ұстаз болсам деген арман-тілекті Шолпанның жүрегіне бала кезден ұялатқан оның алғашқы мұғалімі Әкиман Уызбайкеліні болатын. Білікті де білімді мұғалімді шәкірттері тез таниды, өміріне үлгі тұтып, құрметтейді, болашағына темірқазық етіп белгілейді. Кейіннен Алматыдағы Қыздар педагогикалық институты, тарих факультетіндегі «Педагогика және психология» мамандығын таңдауына да басты себепкер болған сонау мектеп қабырғасындағы ұстаздары еді.
Өмірде жаныңа жаққан кәсіппен айналысудың өзі бір ғанибет. Өзің де бақытқа бөленіп, өзгелерді де жақсылыққа жетелеуден шаршамайсың. Көңіліңнің түкпірінен орын тепкен мамандықтың көкжиегі кестелі, нәтижесі жемісті. Еңбек жолын тәрбиеші болудан бастаған Шолпан зейнетке «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі қызметінде жүргенде шықты. Оның еңбек кітапшасында бір ғана бұйрық болған екен – Абай атындағы Тараз педагогикалық училищесіне қызметке қабылданғаны. Кейіннен гуманитарлық колледж атанған осынау киелі шаңырақтың ұжымы, өмірге жолдама беріп, үкілеп тәрбиелеген шәкірттері оның зейнетке шығуын зор құрметпен атап өтті. Айналасындағы жандардың ыстық ықыласына бөленуден асқан абырой бар ма?! Алайда, Шәкең қиындығы мен қызығын бірге бөліскен ізгілік ұясынан біржола кетіп қалған жоқ, әлі күнге дейін жас ұрпаққа білім беруде бел шешпей еңбек етіп келеді. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қайраткері атануы, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгісімен марапатталуы – 40 жыл талмай төккен тердің игілікті жемісі. Бұған көзмайын тауысып жазған көптеген мақалалар мен бірнеше оқулықтарды қосыңыз.
Педагог – шәкірт жанының бағбаны, өз ісінің берілген ұстасы. Оның еңбегі шөлге құдық қазғанмен тең деп жатады. Жас ұрпақтың жанына нұр құюды нағыз сауапты іс демей көріңізші! «Мұғалім – зор байлық, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» демеп пе еді ұлы ұстаз Ушинский. Сан мыңдаған ұл-қызға саналы білім дарытып, ізгілік шуағын шашқан Шолпан Мамашбайқызы бүгінде ардақты асуды бағындырған жайы бар. Адамның жасы қанша жыл өмір сүруімен емес, бойындағы абзал қасиеттерімен, парасат-пайымымен, жан дүниесінің жарқылымен, табиғат берген қуат-жігерімен таразыланса керек. Ішкі дүниесі мен сыртқы келбеті жарастық тапқан нұрлы ұстаздармен өмір көрікті ме деймін. Көкжиегің кестелі, көретін қызығың дестелі болсын, бақытты ұстаз!
Анасы Дәния Шолпанға үнемі: «Ерін сыйлаған әйелдің еңсесі биік» деп отыратын. Мәулен әулетіне келін болып түскен ол анасының өрелі өсиетін, асқақ аманатын адал орындады десе болғандай. Шаңырақ киесін қастерлеу, босағаны сыйлау, төңірегін құрметтеу, келген жерінің дәстүрін лайықты жалғастыру, ер-азаматын пір тұтып қадірлеу – қазақ әйелінің бойына ананың сүтімен, атаның қанымен даритын қасиет.
Шолпанның жұбайы Болат – журналист. Шығармашылық адамы – бірде дана, бірде бала. Көңілі бірде көл, бірде шөл болады. Осындай жанның қасында бетегеден биік, жусаннан аласа бола жүріп, бала тәрбиесі мен отбасының тірлігін қатар алып жүру оңай тірлік емес. Қажымас қайрат, темірдей төзім, сарқылмас сезім керек. Осы қасиет бойыңыздан табылып жатса, онда сіз бақытты әйелсіз. Қазақ әйелдері бұл бақыттан кенде емес, әрине.
Шолпанның көзінің ағы мен қарасындай Думан атты жалғыз ұлы бар. Мектепті де, институтты да үздік бітірді. Заң ғылымдарының кандидаты. Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің проректоры. Қазақ елінің саналы, білімді, ойлы ұрпағының қатарын толықтыруда. Өрелі ененің өміршең бағытын қаперіне арқау еткен ақылды келін Ақмарал бұл әулетке Нарбұлан, Шахмардан атты үйелмелі-сүйелмелі қос құлыншақты сыйлап, шаңырақты шаттыққа кенелтіп отыр. Есепші-экономистпін, жоғарғы білімім бар, басқалар секілді мен де «атқа шабуым» керек деп, келін кергіген жоқ. Бала сүюдің өзі өмірді сүю деген сөз емес пе! Тәлімді тәрбиені тәнті етіп, «шағын мемлекеттің» игілігін биікке қоя білген өнегелі ұя – күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы! Жақсылық атаулы өзін аялай білетін ортада ғана өмір сүреді. Түтіні түзу шыққан отбасында тәрбиеленген ұл – ұлықты, қыз қылықты болып өсеріне күмәніңіз болмасын.
Өмірде адамға үш нәрсе тым жақын екен: жарық дүние, балаң, жарың. Шолпан осы үш жақынның да жақсылығын жан-тәнімен сезініп, құтты шаңырақтың ұйтқысы, құт-берекесі болып отырған жан. Ақылды жар, ардақты ана, асыл әже болудан асқан қандай бақыт болуы мүмкін! Отбасының қуанышымен жаны семіріп, отағасының қолдауынан, ұрпағының ұлы сенімінен қуат алса, әйел бақыты деген осы емей немене?!

Гүлмәрия Барманбекова, журналист