Ерлан Арын ұсталды

 

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын үлкен көлемде пара алды деп айыпталуда. Бұл мәліметті ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң баспасөз қызметi хабарлады.

«Павлодар облысы әкiмдiгiнiң
бiрқатар лауазымды тұлғаларына қозғалған қылмыстық iстiң негiзiнде 2014 жылы 4
наурыз күнi демеушiлерден Павлодар облысын абаттандыруға берiлген қаржыны
жымқырды және iрi көлемде пара алды деген күдiкпен Павлодар облысының бұрынғы
әкiмi Ерлан Мұхтарұлы Арын ұсталды», – делiнген хабарламада.

Былтыр жыл соңында Ерлан Арынның кеңесшілерінің бірі «пара алды» деген күдікпен қамауға алынды. Біраз жұрт «енді
Ерлан Арын не істер екен?» дескен. Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі Төлеген
Бәстеновке 8,5
миллион теңге көлемінде пара алды деген
айып тағылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол қазір тергеу абақтысында
отыр. Осы
оқиғадан кейін Ерлан Арын өз еркімен қызметінен кеткен болатын. Отставка
кету себебін Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынның баспасөз хатшысы Күнсұлу
Исинова былай түсіндірген еді. «Ерлан Мұхтарұлы Арын отставкаға өз еркімен
кетті. Себебі, оның кеңесшілерінің біріне пара алды деген күдік таңылып жатыр.
Ерлан Арын өз қызметкерлерінің барлық іс-қимылдары үшін жауапты сезінеді. Ол
принципті адам ретінде мұндай жағдайда әкімнің жоғары қызметінде қала беруді
мүмкін емес деп тапты. Сонымен бірге, Ерлан Мұхтарұлы өзінің Президент пен оның
саясатына адал болып қала беретінін мәлімдеді», – деді ол. Енді міне айып оған
да тағылды. 

Қаржы полициясы құрықтаған шенеуніктің үстінен қылмыстық іс қозғалып,
нәтижесі жуық арада жұртшылыққа жарияланбақшы.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button