ТІЛДЕН ТЕПЕРІШ КӨРГЕН

ТІЛДЕН ТЕПЕРІШ КӨРГЕН

ТІЛДЕН ТЕПЕРІШ КӨРГЕН
ашық дереккөзі

Осыдан біраз уақыт бұрын редакцияға Алматыдағы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара академиясында қызмет атқарған Расул Әбу-Асанұлы Төлеуов шағымданып келген болатын. Ол тәуелсіз елімізде ана тілінің «өгей баланың» күйін кешіп отырғанына налып, орыс тілін жетік білмегені үшін мемлекеттік аттестациядан сүрінгеніне күйінген еді. Бір айта кетерлігі, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне жүрдім-бардым қарайтын оқу орны Расул сынды қазақтілді мамандарды біртіндеп ығыстыра бастаған сияқты. 

Біз тілден теперіш көрген Расул Төлеуовтің шағымын жан-жақты саралай келе, мәселеге («Мемлекеттік тілді менсінбейтін академия қазақтілділерді қызметтен шеттететін сияқты») үн қосқан едік. 

Елбасы Н.Назарбаевтың «ҚР ҰҚК Шекара қызметінің келісімшарт бо­йынша әскери қызметшілерін кезектен тыс аттес­таттау туралы» 2013 жылғы 22 наурыздағы №528 Жарлығына сәйкес, сынақты қазақ тілінде тапсыруға дайындалған Р.Төлеуовке шекара қызметкерлерінің білімін анықтайтын нормативтік-құқықтық актілерге байланысты тест сауалдары орыс тілінде берілген. «Заңдардың мемлекеттік тілдегі нұсқасын оқыдым. Неге екені белгісіз, бізге тест сұрақтары орыс тілінде берілді. Жауынгерлік дайындықтар бойынша сынақ қабылдау барысындағы нұсқаулықтар да тек орыс тілінде жүргізілді. Осы арқылы ана тілінде ойлап, ана тілінде сөйлейтін әскери қызметшілердің конституциялық құқығы шектеліп, ҚР Конституциясының 19-бабының 2-тармағы өрескел бұзылды. Тіпті, алдын ала ескертілген де жоқ. Орыс тілін орта деңгейден төмен меңгергендіктен, тест сұрақтарын түсіну қиын болды. «Қазақшасы бар ма?» деп сұрағанымда, қазақша нұсқасын дайындау керектігі сол кезде естеріне түскендей абдырап қалды. Содан не керек, шама-шарқымша білгенімді тапсыруыма тура келді. Осы заң бұзушылықтың орын алуы аттестаттаудан өту нәтижесінің төмен болуына тікелей әсер етті. Бәрінен де сынақты өз тілімде тапсыра алмағаным жаныма қатты батты. Неге біз тәуелсіз елімізде құжаттарды, сынақ сауалдарын мемлекеттік тілде дайындамаймыз?» – деп ашынған еді ол. 

Сорақысы сол, жұмыстан босатылған оған оркестр жетекшісі, капитан Руслан Валеев «Р.Төлеуов еңбек ұжымында абыройсыз» деген қызметтік мінездеме жазып береді. Әлгіндей мінездемені оқып, жағасын ұстаған Р.Төлеуов: «Ұжымда ешкімді балағаттап, намысына, ар-ожданына тиген жерім жоқ. Келісімшарт талабын бұзбай, өз ісіме жауапкершілікпен қарадым. Валеевтің өзіне артық пікір айтқан емеспін. Бәлкім, оған курсанттарға қазақ халқының қолөнерін, ұлттық аспаптарын жасауды үйретуім, жалпы алған бағытым ұнамаған шығар», – деп жалғады пікірін. Бұдан соң мінездеме беру барысында ар-намысына тиген тұлғаның заңды түрде жазалануын, сондай-ақ өз қызметіне қайта қабылдануын сұраған Р.Төлеуов Алматы гарнизоны бо­йынша Әскери сотына арызданған болатын. Ол Шекара қызметі академиясының ҚР «Тіл туралы» Заңының 6-бабындағы «ҚР азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар…» және 7-баптағы «ҚР-да тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді…» деген, сондай-ақ 12-баптағы «ҚР Қарулы күштерінде, әскери және әскерилендірілген құрамалардың барлық түрінде, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі» деп тайға таңба басқандай жазылған заңдық құжатты ескермей отырғандығын тілге тиек ете келе, талабын қанағаттандыруды сұраған. Алайда, ҚР ҰҚК Шекара академиясының кезекшілік-коменданттық басқармасы бөлімшесінің бастығы капитан Р.Валеев Р.Төлеуовтің талап-арызымен келіспейтіндігін айтып, «Қызметтік мінездеме орыс тілінде жасалып, кейіннен кадрлар бөлімінде мемлекеттік тілге аударылды. Олар аталған мінездемедегі «не пользуется авторитетом в коллективе» сөзі «ұжымда абыройсыз» деп аударған. Бұл аударылым қазақша-орысша сөздіктің дұрыс аударылымы. Мұнымен қатар «абыройсыз» сөзі 2 мағынаны «неавторитетный» және «бесчестный» мағыналарын береді. «Абыройсыз» сөзінің «бесчестный» мағынасын біліп, оны ескере отырып Р.Төлеуов осы сөздің қателігін қолданып, аттестациялық құрамға және жеке маған айып тағу үшін осы әрекетті қасақана істеп отыр. Бұл әрекетті Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін балағаттау деп есептеймін» деп жауап берген. Сол сияқты ҚР ҰҚК Шекара қызметі подполковнигі Сергей Кокидько талап-арызға қарсылығын білдірсе де: «…Кіші сержант Р.Төлеуов жалпы алғанда «қанағаттанарлықсыз» деп бағаланды. Басқармаға мен басшылық етіп отырған мерзім ішінде Р.Төлеуов бір де бір рет тәртіптік жауапкершілікке тартылған емес, себебі әскери қызметшіні мәжбүрлеп, күштеу шараларын сендіру, көзін жеткізу шараларына алмастырғанды жөн санаймын» депті. Шын мәнінде, Р.Төлеуов «ұжымда абыройсыз» болса, еңбегінің жемісі – марапаттаулармен мадақталмас еді ғой. Неге оның ұландарды ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға және әскери патриоттық әндерді айтуға баулыған еңбегі еленбейді? Мұндай маманды қалайша «абыройсыз» деуге ауыз барады? Оны жұмыстан босатуға негіз болған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 26-бабы 1-пунктінің 14-тармағы (өз қызметіне сай емес) әскери еңбек жолына балта шапқан жоқ па? Тіпті, подполковник С.Кокидько мырзаның өзі «тәртіптік жауапкершілікке тартылған емес» деп баға бере тұра, неге «ұжымда абыройсыз» дейтіні түсініксіз. Алайда, Алматы гарнизоны бо­йынша Әскери соты істі Р.Төлеуовтің пайдасына шешпеді. 

«Капитан Р.Валеев менің «абы­ройсыздығымды» толық дәлелдеп шығуы керек еді. Бірақ ол бұл тақырыпқа тоқталмаған. Бұл жерде қазақша-орысша сөздік туралы, «неавторитетный» сөзінің аудрамасын ғана айтқан. Кейбір сөздің мағынасы түсініксіз. Ал подполковник Кокидько сотта менің саптық деңгейімнің төмен екендігін дәлелдей алмады», – дейді Р.Төлеуов. Енді ол ҚР Әскери сотына шағым түсірді. Алғашқы сот отырысы 12 наурызда өтпек. Шекара академиясының бұрынғы қызметкері әділдіктің түбіне жеткенше, тыным таппайтындығын айтады.  

Динара Мыңжасарқызы