ЖАЛТЫРАҒАН АЛТЫН АРТЫҚ ПА, ЖАРҚЫРАҒАН ХАЛҚЫҢ АРТЫҚ ПА?

ЖАЛТЫРАҒАН АЛТЫН АРТЫҚ ПА, ЖАРҚЫРАҒАН ХАЛҚЫҢ АРТЫҚ ПА?

ЖАЛТЫРАҒАН АЛТЫН АРТЫҚ ПА, ЖАРҚЫРАҒАН ХАЛҚЫҢ АРТЫҚ ПА?
ашық дереккөзі

Республикалық «Айқын» газеті Қазақстанның ақпарат кеңістігіне жол тартып, өз желкенін кергеніне 10 жыл толды. Осыған орай басылымның Бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты Нұртөре Жүсіп мырзаны сөзге тартқан едік.

– Нұртөре аға, «Айқынның» 10 жылдығы құтты болсын!

– Рахмет! Сіздердің «Түркістан» да 20 жылдық белеске көтерілді, өкшелеріңізді басып келеміз, сіздерге де мерейтой құтты болсын!

– Алла разы болсын! Сонымен…

– Сонымен қандай сұрақ қойғың келеді.

– «Мәңгілік ел» идеясына көзқарасыңыз қалай?

– Қазақ қоғамы ұлттық идея туралы талайдан бас қатырып келеді. Ұлттық идея ретінде «Мәңгілік ел» ұғымы ұсынылды. «Айқын» газетінің биылғы алғашқы нөмірлерінің бірінде «Мың құмырсқа және біз деген» мақала жаздым. Елбасы Жолдауы­нан үш күн бұрын шықты. Сонда ұлттық идея ретінде Аман қалу және Көбею деген ойды ұсынып едім. Елбасының «Мәңгілік ел» деген ұлттық идеясының ар жағында осы екі мәселенің құлағы қылтиып тұрғаны анық. Мәңгілік ел болу үшін біріншіден, осы елдің аман болғаны керек. Екіншіден, аман-сау болып тұрып көбеймесең, не болады? Мынау қазақтың жалпақ даласында кім алшаң басып жүреді? Бос кеңістік қашанда ырғын жұрттың ықыласын оятады. Қазір кейбір әкімдер «бос жатқан жер» дегенді жиі айтады. Қазақта бос жатқан жер жоқ. Әрбір ұлтарақтай жер үшін атам қазақ қанын берді, жанын берді. Бұл – болашақ ұрпақтың несібесі. Ал ол несібені оңды-солды саудаға салудың ақыры жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан, бүгінгі қазақ баласы ел болам десе, бірінші кезекте көбеюдің амалын жасау керек. Сапа саннан шығады.

– Бұл ойыңыз дұрыс та шығар. Дегенмен, қалада пәтерден пәтер жағалап, көрінгеннің босағасын сағалап отырған қандастарымыз қалай көбейеді деп ойлайсыз? Бүгінгі таңда жастарымыз үшін бірінші кезекте баспана мәселесі өзекті болып отыр. Бір баласын зорға бағып отырған жас отбасыға неге тумайсың, неге көбеймейсің деп айта аламыз ба?

– Қазақ үкіметі 20 миллиондық межеге жету туралы тамаша сөз айтты. Қазіргі қарқынмен, әлеуметтік мәселелердің қордаланған қалпымен бұл межеге жету оңай емес. Бірақ Қазақстан сияқты аса қуатты, сұмдық бай елге баспана мәселесін шешу соншалықты қиын да емес. Қазір ел-жұрт қалаға ағылды. Бұрын қазақтың өсімін ауыл қамтамасыз ететін. Ауыл бұл функциядан айрылып қалды. Бәріміз оншақты баласы бар үйден шықтық. Қазір жеті бала тапқан анаға Алтын алқа беріп жатырмыз. Сол Алтын алқаның аты болмаса, заты бар ма? Көп балалы анаға қандай нақты жағдай жасалып отыр? Ешқандай! Біз дүниежүзілік спорт жарыстарында бір адамның тұмсығын бұзып келген спортшыға қандай құрмет көрсетеміз: 250 000 доллар сыйақы бір беріледі; артынан облыстық және қалалық әкімшіліктер жеңімпазға пәтер, қымбат көлік, ақшалай және басқадай бағалы сый-сияпат беріп, үйіп тастайды. Еліміздің көк байрағы көтерілгені жақсы, әрине. Алайда, сонымен қатар көп балалы ананың шаңырағында көне тартқан көк көрпесі жаңарса, айып па? Қазаққа құр алтын әкелгеннен, сол жылтыр металдан мың есе артық алтын ұрпақ әкелетін аналардың жайын кім ойлайды? Әрі-беріден соң, жалтыраған алтын артық па? Жарқыраған халқың артық па? Қазақ билігінің мықтап ойланатын жері осы. Неге мәселен, Алтын алқалы анаға әлеуметтік жеңілдіктер пакетін жасамасқа? Көп бала туғаны жазығы ма? Біздің Алтын алқалы аналарымыз шетелге шығып көріп пе? Жыл сайын Еуропаның, Азияның, тіпті мынау туысқан Түркияның жанға жайлы демалыс орындарына барып қайтқан қанша ана бар екен? Санайықшы. Ойланып қаласыз. Біздің елдің бюджетін теспей сорып, тендерден тең-тең теңге жеп жүрген пысықайларымыз барлық тапқан-таянғанын бір сапарда сол елдерге тас­тап кетеді. Шетелге сапарлағыш жаңа қазақтардың қалтасынан шығатын қаржыға қаншама анаға қамқорлық жасауға болар еді. Біздің байшыкештер бір жолғы демалысына кем дегенде 5-10 мың доллар көлемінде қаржы жұмсайды. Ал енді осынша қаржыны көп бала туған анаға арнасақ қалай болады? Бірнеше жылда құрсағы аман қазақ әйелдері пытырлатып туып тастары анық. Демек, Мемлекет көп балалы анаға деген бүгінгі мұрнын шүйірген көзқарасын өзгертуі тиіс. Ана мен балаға мемлекеттің жасайтын қамқорлығы күнделікті тіршіліктен көрініп тұруы керек. Бұл не? Алтын алқалы анаға кез келген жерде кезектен тыс қызмет көрсетілуі керек. Алтын алқалы ана Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестіріліп, көлікте, коммуникацияда, медицинада арнайы жеңілдіктер берілуі қажет. Қазақстанда жетім балалардың оқуға түсуінде белгілі бір жеңілдіктер бар. Көп балалы отбасылардан шыққан талантты талапкерлерге мемлекеттік грант кедергісіз бөлінсе болмай ма? Алтын алқалы анаға тұрғын үй кезегінде айрықша жеңілдік жасалғаны жөн. Алтын алқалы анаға несие жеңілдігі ең төменгі пайыз мөлшерінде берілсе, қанеки. Айталық, Алтын алқалы ана кез келген банктен несие алатын болса, 30 жылға 1-ақ пайыздық үстемемен беруге болмай ма? Болады. Егер шын мәнінде көбеюді көксесек, шын мәнінде Мәңгілік ел боламыз десек, осындай кешенді шаралар әзірлеп, қабылдау соншалықты қиын ба? 

– Шынында қиын ба? 

– Қиын емес. Тек ниет керек. Ресей билігі бұл мәселені кеңінен ойластырды. Әр туған балаға мемлекет тарапынан жеткілікті мөлшерде қаржы бөлінеді. Соның арқасында орыс халқының туу көрсеткіштері ептеп түзеліп келеді. Ресей құрамындағы Башқұртстанда мынадай бір тәжірибе бар деп естідім. Отау құрған жас отбасы мүшелеріне пәтер кілті беріледі. Пәтердің құнынан бір бала туса, 10 пайызы, екі бала туса 20 пайызы, 3 бала туса 30 пайызы шегеріліп отырады. Төрт баладан асса, несие мүлдем алынып тасталады. Осындай шаралар жасауға бізге неге болмасқа?!.

– Біздің елде бұл мүмкін емес сияқты. Мемлекеттің «Қолжетімді баспана» деген бағдарламасы болған күннің өзінде қаншама жас отбасы, жүздеген жастар баспаналы болу мүмкіндігінен айрылып, үмітсіздікке салынып отырғанда, бұл айтқандарыңыз ертегі сияқты екен.

– Кез келген ертегінің өзегінде өмір жатады. Егер біздің еліміз шын мәнінде Мәңгілік ел болсын десек, қордаланған мәселелердің шешімін табуға көп болып ұмтылуымыз қажет. «Қолжетімді баспана» деген де жемқорлық пен парақорлықтың ордасына айналды. Биік мінберден Мемлекет басшысы бұл бағдарлама төңірегіндегі былық-шылықтарды орынды сынады. Жыл сайын Қазақстанда тұрғын үй салынбай жатқан жоқ. Соған қарамастан тұрғын үй кезегі көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. «Жетім бұрыш» анау – қалаға келген қазақтың бәрі әлі күнге дейін сол орамды жағалап жүр. Экономикамыз өсті, өркендеді дегенді жиі естиміз, өзіміз де жиі жазамыз. Әкімдер де «ананы істедік, мынаны бітірдік» деп есеп беріп жатыр. Аймақтағы өмір сүру көрсеткіші қалай? Халықтың тұрмыс деңгейі қаншалықты жақсарды? Өлшем осы болуы керек. Біз қаптатып қанша үй салғанымызбен, тұрғын үй кезегін азайта алмай отырмыз. Неге? Бір басына бір емес, үштен, бестен, оннан пәтері бар адамдар толып жатыр. Астанада бір өзінде жүзге тарта пәтер рәсімдеген азамат бар екен дегенді БАҚ бетінен оқып жағамызды ұстағанбыз. Тұрғын үй – таза бизнес. Қазаққа зауыт салудың, жаңа кәсіп түрін игерудің еш қажеті жоқ. Амалын тауып, бірнеше пәтер жасасаңыз бітті, жалға бересіз де пайдаға шаш-етектен кенелесіз де отырасыз. Пайда табудың оңай жолы осылайша кең өріс алып отыр. Астана мен Алматыда үлкен көшелердің, вокзалдар мен көпшілік жүретін орындардың алдында бір қолына бірнеше пәтердің кілтін ұстап жүрген қыз-келіншектерді көрген де шығарсыз. Шынайы пәтер иелері осындай делдалдар арқылы орасан пайдаға кенеліп отыр. Мемлекет шындап қаласа, бұл мәселені бір күнде реттей алады. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, бұған да ешқандай ниет байқалмайды.

– Сіз айтқандай, расында біреу бірнеше баласымен пәтер жалдап, бейшараның күнін кешіп жүр. Басқа біреулер бірнеше пәтерді жалға беріп, қызығын көріп отыр. Жалпы тұрғын үй мәселесін жедел шешудің мүмкіндігі жоқ па?

– Қазақстанда қанша адамның басында баспана жоқ? Қанша адамның бірнеше баспанасы бар? Мұны нақты анықтау құзырлы органдар үшін еш қиындық тудырмайды. Сол сияқты жас отбасыларға кезіндегі «хрущевка» тәрізді, бірақ көлемі оңтайлы, бағасы қолайлы үй салып тастаудың да еш қиындығы жоқ. Қазір жаппай урбанизацияның арқасында қазақ біткен қалада тұруға басымдық беріп отыр. Ауыл – ауыл болудан қалды. «Дипломмен – ауылға» деп ұрандаттық. Ауылға барып, ұшпаққа кенелген жас маман бар ма? Алдына алтын тостаған қойсаң да, қазіргі жастар ауылға баруға ықылассыз, одан да пәтерде жүрсе де қалада тұрғысы келеді. Ал қала – қазақтар үшін әзірге қайғы ғана.

– Мұныңыз қызық екен. Қайғысы қалай?

– Қайғы дейтінім үлкен мағынада. Біз қалаға қаптап келгенімізбен, ҚАЗАҚ бола алмай отырмыз. Қалада қазақтану қағидасы қалыптаспай отыр. Қалаға келген қазақ – жатбауыр. Бұрыннан тұрғандары – тасбауыр. Қазақ қалаға ағылу арқылы өзінің қаншама ғасырдан бері қалыптасқан салт-дәстүрінен айрылды. Оның себебі – қала қазақтары тұйық шеңберде өмір сүреді. Бір подьезде тұрса да, біреудің біреумен ісі жоқ. Қауымдасу, қоғамдасу, қазақтану сипаты білінбейді. Қалада қазақтың дәстүрінен сақталып тұрғаны – жаназа ғана. Қалған жердің бәрінде салт-дәстүр ұмытылды, өзгерді, жойылды, жоғалды.

– Сонда қандай салт-дәстүр жоғалды деп ойлайсыз? Атап айтып бере аласыз ба?

– Өзім де осыған келе жатырмын. Қазақтың үлкенді сыйлау деген тамаша дәстүрі бар еді. Қалада сол жойылды. Қазақтың намыс деген үлкен ұғымы бар еді. Қалада сол жоғалды. Қала жастары қазір мынау үлкен екен деп жасы егде тартқан адамның өзін де, сөзін де сыйламайды. «Мамбет» деп мазақ қылады. Қазақтық қасиеттің бәрі қазір осы бір-ақ ауыз «Мамбет» деген сөзге сыйғызылды. Мамбет деген с.ғ.с. Мұхаммед пайғамбардың есімінің дыбыстық өзгерістерге түскен түрі. Қаладағы қазақ жастары өз дінін адам құсап құрметтей алмай тұр. Сосын несін сұрайсыз? Қазақты қазақ қылып келе жатқан екі нәрсе еді. Мұны қарасөзінде Абай атамыз қадап тұрып айтып кеткен. «Бірі – үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау», «екіншісі – намысшылдығы» деп. Осының екеуі де жоғалып барады деп зар қағып еді, жарықтық! Қазіргі қала қазағында осы екеуі, ең алдымен, намыс жоқ.

– Көпке топырақ шашқыңыз келе ме?

– Ақиқатты айтып отырмын. «Ойбай, біз мықты халықпыз» деп кеуде қағудан мен де қашпаймын. Бірақ шынайы жағдайға келейікші. Қала көшелерінде тәнін саудаға салған қазақ қыздарының бәрі қайдан шықты? Солардың бәрі тұлдыр жетім бе? Олардың әке-шешесі, туыс-туғаны, ағайыны жоқ па? Ағасы, жездесі, нағашысы, апасы, әпкесі жоқ па? Бәрі бар. Бәріміз мұның азғындық екенін жақсы білеміз. Азғындықтың ақыры тексіздікке әкеледі. Тектісі азайған елдің кектісі көп болады. Ат төбеліндей қазақ осындай пұшайман халге қалай түсті? Өз қызы, өз баласына дәрмені жүрмейтін бейшаралықтың себебі неде? Қалаға келген қазақ елдігінен айрылды. «Ел» деген үлкен ұғым еді. Қазақтың шалдары жас баладан жөн сұрағанда, «Қай елсің?» деп сұрайтын еді. Бала өз руын, шыққан тегін айтатын. Жәй ғана тайпалық түсінік емес. Үлкен елдік ұғым. Міне осы ұғым қала қазағында «өлуге» қарады. Неге? Өйткені қалада қазақтың өмір сүру қағидасы жоқ. Құндылықтар аяққа тапталды. Отбасы құндылығы құруға айналды. Ең бастысы – қаладағы қазақ намыссыз тобырды құрап отыр. Өзбектерде «махалла» деген бар. Біздіңше, квартал деген сөз ғой. Әр кварталдың өз үлкені бар, жасы кіші адам соған тоқтайды. Өзіндік тәртіп бар. Соған сай дәстүр өзгерген жоқ. Ұлт ретінде өзбектің намысы өлмеді. Бізде бәрі керісінше. Үлкен сыйлау дәстүрі жоғалып бара жатқанын айттым. Намыссыздық өршіп тұрғанын екінің бірі біледі. Қазақты құтқаратын нәрсе – осы екеуі. Өзінің тегін білу маңызды. Бөліну үшін емес. Өзінің Ел екенін білу үшін. Сол Ел үшін намысқа тырысу. Ұлттық рух деген сол. Басқа ешқандай жол, амал-айла бізді тығырықтан алып шыға алмайды. Қазақта «таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген сөздің барын білесің. Саған сұрақ қояйын, осы неге айтылған?

– Таяқтың еттен өтетіні белгілі. «Сөз сүйектен өтеді» дегені адамның теріс қылығы, немесе іс-әрекеті ұмытылмайды дегенді білдіретін шығар.

– Өте дұрыс айтасың. Таяқ тисе азар болса, денең көгерер. Ал «сөз сүйектен өтеді» деген нағыз тыйым. Яғни, мұсылмандық, адамдық қағиданың таза қазақтық өлшемі. Адам – пенде. Жаза баспай, жаңылыспай тұрмайды. Әркім істеген ісі мен айтқан сөзіне Алла алдында өзі жауапты. Егерде кімде-кім ар жолынан, адамдықтан, әділдіктен ғайыптан тайып кетсе, оның жаман аты өзі өмірден өтіп кетсе де қалмайды. «Пәленшенің арғы атасы ұры еді», «Түгеншенің төртінші атасының мойнында адам қаны бар еді» деген сияқты сөз ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырды. Бұл – ұлттың сақтандырғыш қондырғысы, орысша айтқанда «предохранитель» болатын. Кез келген техника кенет ток күшейіп кетсе, күйіп кетеді. «Сақтандырғыш» болса, күймейді. Қазақ үшін әлгі сөздің сақтандырғыш күші бар еді. Осы «күйіп» кетті. Қазақ ұлтының аталы сөзге тоқтамайтындығы сондықтан. Бүгінде бізге бәрібір секілді. «Күл болмаса, бүл болсын» деген ұғым. Бұл – ұлттың өзегіне түскен жегі құрт. Бұл құрт ұлтты іштен жеп бітіретін індет.

– Тым уайымға салынып, Асан Қайғы боп кеткен сияқтысыз. Сонда бүгінгі ұрпақта үміт жоқ па? 

– Бір жағдайды айтайын. Жапонияда Юкиа Мисима деген күшті жазушы болған. 40-қа тарта кітап жазған. Киноға түскен. Жан-жақты талант иесі. Жапония Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін барар жер, басар тау таппай тығырыққа тірелген екен. Ел-жұрт өзінің атадан келе жатқан салт-дәстүрінен жерініп, жаппай американдық өмір сүру салтына ауыса бастаған. Сондай бір қалың ел дағдарысқа түсіп, не істерін, қалай боларын, қайтіп дамитынын білмей дағдарған тұста әлгі Юкиа Мисима бір топ жақтастарымен Токио телеарнасын басып алады. Тікелей эфирге шығып, өздерінің мұндай әрекетке не үшін барғанын айтады. Жалпы мазмұны мынадай: «Айналайын, халқым, жапоным. Сен кім едің? Енді кімсің? Сенің керемет салт-дәстүрің бар еді ғой. Содан неге жеріндің? Сенің тамаша тарихың бар еді, сенің ғажап әдет-ғұрпың бар еді. Соның бәрінен неге безіндің? Енді қайда барасың? Кім боласың? Мына түріңмен елдіктен айрыласың ғой. Елдігінен айрылған елде ерік бола ма? Берекесі кеткен елдің босағасы берік бола ма? Ойлан! Ойлан, жапоным. Мұндай тығырыққа тірелген сәтте бұрынғы ата-бабамыз – самурайлар не істейтін еді? Харакири жасайтын. Ел болам десең, міне, мен – еркек тоқты құрбандық! Құрбандығың болайын! Бірақ сен ақылға кел! Дәстүріңе, салтыңа қайта орал. Сонымен ғана жапонсың. Жапон болғың келмесе, жұтыласың да кетесің!» деп өзінің қарнын жарып жібереді. Қып-қызыл қан. Бүкіл Жапония мұны тікелей эфирден көреді. Сөйтіп, ел есін жияды. Ата дәстүріне қайтады. Бізге өйтіп қарын жарудың қажеті болмас. Бірақ ата дәстүрге қайтуымыз қажет.

– Ауыл емес, қалада не істей аламыз? Сөзге құлақ түретін адам бар ма? 

– Қала қазақтары күшті болуы үшін қалада қазақ мәдениеті күшеюі тиіс. Ол не деген сөз? Қала тұрғындары қазақ мәдениетінде өмір сүре бастауы керек. Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қалада қайта жаңғыруы керек. Мәселен, Наурыз мерекесін-ақ алайықшы. Жыл сайын Наурыз келеді. Жылдан жылға оның мәні жоғалып барады. Баяғы дүрмек, баяғы жалпыхалықтық мереке ретінде рухы атойлап тұрған жоқ. Оның орнына, Қазақ елінде Жаңа жылды дәріптеу сұмдық қарқын алған. Тәуелсіздік тойының өзі Жаңа жылдың тасасында қалып қойды. Неге қала көшелері Наурыз мерекесі қарсаңында дәл Жаңа жыл алдындағыдай безендірілмейді? Қазақстандағы ірі қалалардың бәрінде қазақ әкімдері отыр. Наурызға ұлттық нақыш беру соншылық қиын ба? Қиын емес. Тағы да ниет жоқ. Тіпті намыс жоқ десек те болады. Жоғарыдан нұсқау болмаса, ешкім өз бетімен қимылдамайды. Наурыз көже деген бар. Әр үй өз білгенінше жасайды. Осы Наурыз көжені әр подьездің алдында беру керек. Дәм татсын бәрі. Орыс та, кәріс те, неміс те, украин да бір рет дәм татса, екінші рет «Нау­рыз когда? Где наурызкоже?» деп елпеңдеп тұратын болады. Тіпті әр мерекеде әр подьездің алдында бір қап ұнға талай шелпек пісіруге болады, жаппай елдің бәріне таратып бер. Елді сыйлататын дәм ғана. Неге баяғы қарашекпенді орыстар қазақты құрметтеді? Неге Қазақстанға жер аударылып келген өзге ұлыс өкілдері қазақты өлгенше сыйлайды? Өзі шиеттей бала-шағасымен аш отырса да, алдындағы асын бөліп бергені үшін! Қонақжаймыз деп шеттен келгендерге жайы­лып жастық, иіліп төсек бола бермей, дәм таттыру арқылы да талай игілікті істі жасауға, сөйтіп қазақты сыйлатуға болады. Жақында Павлодарда болдым. Қазақтың бәрі «Масленицаны» тойлап жүр. Кеңқолтық елміз ғой. Өз Наурызымыздың қадіріне жетпей отырмыз. «Масленицаны» тойлаймыз… Астанада қазақ жігіттері «Крещенский мороз» дегенге мұздың ойығына түсіп, мәз боп жүргенін телеарналар көрсетті. Қазақтың дәстүрінен басқаның бәрін қабылдауға әзірміз. Қазақтың салт-дәстүрінің бәрінен жиреніп отырмыз. Бәрі болғымыз келеді, бірақ қазақ болғымыз келмейді. Бұл – құлдық сананың жойылмауы­нан болып отыр. Құлдық сананың орнына Елдік сана келуі тиіс. Мемлекеттік мерекенің бәрін мемлекеттілікті, елдікті күшейту шараларымен бекіте берген жөн. Сонда ғана үміт оты жағылады. Өйтпеген күнде біз ұлт ретінде мықты елдердің шырмауына маталып, жұтылып кетеміз. Ал жаппай жұтылудан ұлттық қайнарға қайта оралу ғана құтқарады.

– «Қазақстандағы басқа ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақ мәдениетіне өзіміз ұйыта алмай, мойындата алмай отырмыз» дейсіз… Неге?

– Мәңгілік ел дегенде ол қандай ел? Қазақ елі ме? Жоқ, көпұлтты деген көлгір сөздің елі ме? Қазақстанда ешқандай да көп ұлт жоқ. Бір-ақ ұлт бар. Ол – қазақ ұлты. Қалғаны диаспора. Олардың қазақ болудан басқа жолы жоқ. Таяуда Астанада тұратын жап-жас орыс жігіті «Мен қазақ болып жазылуға дайынмын», – деді. «Түркістан» газеті жақсы берді соны. Қазақстанды мекендеп отырған өзге жұртты қалай қазақ етеміз? Ұлттың артықшылығымен емес, тек қана тартымдылығымен! Тартымдылық деген не? Қазақтың байырғы әдет-ғұрып, салт-дәстүрін ерекше дәріптеп, бойға сіңдіру. Сосын ойға сіңдіру. Бізде Асссамблея бар. Бәрі Елбасының саясатын жақтаймыз дейді. Елбасы Мәңгілік ел идеясын ұсынды. Қазақтың бір дәстүрін қабылдайықшы деген бір жан бар ма? Алысқа бармай-ақ, қазақтың «Тұсаукесер» деген тамаша дәстүрін алайықшы. Бұл – тәй-тәй басқан жас балаға ақ жол тілеп, тұсауын кесу, адалдыққа тәрбиелеу. Енді осы тұсаукесерді Қазақстанда тұратын орыс, неміс, кәріс тағы басқа ұлыс өкілдері өз баласына жасаса, бір жерлері кеміп қала ма? Болмаса, «Тілашар» деген бар. Мектепке барған баласына арнап «Тілашар» жасаса, өзге ұлыс өкілдері қазаққа бір табан жақындай түсер еді ғой. Мәңгілік ел боламыз десек, біртін-біртін қалған жұртты қазақтыққа тарта беру қажет. Ойластырсақ, Қазақтың небір керемет салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Әдеп, иба, үлкен сыйлау, сөзде тұру, адалдық, әділдік сияқты құндылықтар қай халыққа да керек. Қазақ өз әдебін өзге жұртқа өткізе де, жеткізе де алмай отыр. Осыған қатты мән бермесе болмайды.

– Өзгенің қаңсығын таңсық көру ұлттық дағдыға айналып бара жатқаны жасырын емес. Алысқа бармай-ақ, ТМД елдеріне қарасақ, өзбек өз дәстүрін, қырғыз, тәжік, түркіменге дейін елдік қасиеттерін сақтап отыр. Бір қазақ қана бар асылынан жиреніп, төлтума мәдениетінен күн өткен сайын қашықтап бара жатқандай. Мұның себебі неде?

– Бізде жауапкершілік деген қасиетті бір ұғым бар еді. Сол жоғалып барады. Балаларға арналған дүниелерге жіті қарап отырамын. Өлең, әңгіме, тақпақ атаулыда бәрі бар. Жауапкершілік ұғымы жоқ. Қазақ «он үште отау иесі» дейтін. Бұл он үшке тола сала үйлене сал деген сөз емес. Бұл – сол жауапкершілік. Он үшке толған жас ұлан еліне, жеріне, салт-дәстүріне, өзіне жауапты болуы керек деген қағида. Біздің кей ағайын жиырма, отыз, қырық, елудегі азаматтарды «әлі жас қой» дей салады. Қайдағы жастық? «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас адам отызында жаспын дер» деген. Мынау шешен мен орыс арасында талай қырғын болды. Кавказ жұртына өшпенділікпен қарайтын сол орыстың бір саясаткерінің айтқан сөзі бар еді. «Қанша десек те, менің кавказдықтарға құрметпен қарайтын бір жерім бар. Бұлар отбасында еркек тәрбиелейді. Бізде сол жоқ. Кез келген кавказдық еркек боп өседі. Еркек болу деген ең алдымен өзіне, еліне жауапкершілік» деген мазмұнда. Бар мәселе отбасында жатыр. Бәрі ұлттық тәрбиеге келіп тіреледі. Қазақ отбасылары «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқтықтан осы күнге дәрменсіз, пұшайман халге жетті. Ел намысы әулет намысынан тұрады. Жесірді жылатпау, жетімді тентіретпеу – қазақты қазақ қылған ұғымдар. Қазақстанда жетім балалар қай тілде тәрбиеленеді? Орыс тілінде. Тіпті біздің елде мүгедек балаларға мемлекеттік тілде тәрбие беретін бірде-бір мекеме жоқ екен. Сұмдық емес пе? Бала тәрбиесімен кім айналысуы тиіс? Әке мен шеше. Әкелер жұмыс таппай сенделіп, санасы сансырап жүр. Арақтың соңына түскен азамат көп. Бұл олардың мойнынан «жауапкершілік» ұғымын алып тас­тайды. Жұмысы барлар «қара қазан, сары баланың қамы үшін» дегеннен ары аспайды. Әйелдер ала қап арқалап, базарда тұр. Күні бойы табанынан сыз өтіп, жүрегінен мұз өтіп, өлместің күнімен жүрген аналар балаға қарай ма? Мектеп біткен әйел мұғалім: майысқақ ұл, қайысқақ еркек сол тәрбиеден шығып жатыр. Былай қарасаңыз, бүлінген ештеңе жоқ, заман түзу, бірақ біз өзіміздің ұлттық тәрбие деген ұлы құндылығымыздан айрылып қалдық. Қазақ отбасыларында ата мен әже қадірсіз, әке мен шеше сыйсыз, үлкен деген ұғымға селкеу түсті. Бұған қазақтың кемпірі мен шалын, әйелі мен еркекегін кілең кісіқұбыжық етіп көрсететін сатиралық театрлар мен отандық телефильмдер шектеусіз «үлес» қосып жатыр. Отбасындағы құндылық құруға айналды. Отбасында құндылық болмаған соң, Отанда құндылық қала ма? Жақында бір топ жас азаматпен әңгімелестім. «Қазақ жеріне сырттан әлдебіреулер көз алартып, қолын сұқса, не істейсіңдер, қорғайсыңдар ма?», – деп жорта сұрадым. Сонда олардың айтқаны: «Қазақ жерінің бәрі жекешеленіп кетті, сонда біз Терещенконың, Кулагиннің, Ұлыбаев, Пұлыбаев дегендердің жерін қорғауымыз керек пе? Біреудің жері үшін жан беріп, ақымақ болдық па?!». Міне, бүгінгі жастарымыздың көбісінің ой-толғамы осындай. Қазіргі Украинадағы жағдайдан қазақ қоғамы сабақ алуы тиіс. Құдай бетін аулақ қылсын, егер де Қазақстанның солтүстіктегі бес облысына бір туған бауырларына айбалтасын ала ұмтылып отырған ежелгі қоңсымыз керзі етігімен теуіп кірсе, «маған бәрібір, не болса, о болсын» деп бейжай қарайтын жаңа толқын табылатын сияқты. Сонда не болды? Батырлығымыз, батылдығымыз, жаугерлігіміз, ерлігіміз, мықтылығымыз қайда қалды? Естияр елдік пен мұхтар мемлекетшілдіктен неге айрылып қалдық? Бізге не – алабөтен қиындық келді ме, жерді сүю, елді сүю деген құндылықтар неге азайды? Бұдан да қиын замандар болған, сонда да елдік қалпымызды жоғалтқан жоқ едік қой деуіңіз мүмкін. Рас. Болды. Қазақтың басынан талай нәубет өтті. «Ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама», өткен ғасырдағы сәбет салған ылаң: 3 миллионнан астам қазақты жалмаған ашаршылық, жаппай қуғын-сүргін, одан кейінгі соғыс зардаптары қазақтың жадында қара қасірет ретінде таңбаланып тұр. Анау Украина бізден аз қырылды ма? Басқа қырылған ел аз ба? Еврей жұрты не көрмеді? Қанша зобалаң туса да еврейлер ішкі бірлігін, ұлттық ірілігін сақтап отыр.«Ата-бабамыз батыр болған, ұлан-байтақ жерге ие болған, қырылған, «мың өліп, мың тірілген ұлтпыз» дегенді жиі айтамыз. Тек өткенмен мақтану, өткенімізбен өмір сүруге болмайды. Санадан «біз көп қырылған, құруға қараған елміз» дегенді шығарып тастау қажет. Өсетін, өнетін, бордай тозатын емес, болатын елміз дегенді назарда ұстау керек. Өткенмен емес, бүгінмен өмір сүру керек. Жақсы да жайлы өмір бүгін көрініс беруі тиіс. Былтыр Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне сапар жасадым. Олар бізден әлдеқайда озып кеткен. «Әлемдегі ең мықты отыз елдің қатарына кіреміз» деп күшеніп отырмыз. Біз қуып жеткенше, озып кеткен елдер «қазақтар келе жатыр екен» деп күтіп тұра ма? Олар осы қарқынмен дами береді. «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген. Біз артымызға қарамай, әлемді мойындатқымыз келеді. Не болса да әлемдік дәрежемен өлшейтін болдық. Бірдеңе салсақ, «әлемде теңдесі жоқ құрылыс салдық» деп жаһанға жар саламыз. «Аттыға ерем деп жаяудың таңы айрылыпты» дегеннің кері келіп жүре ме деп қорқамын. Қит еткен нәрсе болса, әлем-әлем деп қиқу сала бермей, өзіміздің әлем-жәлем тұрмысымызды, кетеуі кеткен қиқы тірлігімізді, ықпалы кеміген ынтымағымызды, ыдысы төгілген ырысымызды түгендеп алсақ та жаман болмас еді.

– Сөзіңізге қарасам, уайым-қайғыдан ғана тұратын сияқты. Көңіл жұбатар еш жақсылығымыз жоқ па?

– «Мен қауіп еткеннен айтамын» деген екен Мұрын жырау. Сол айтқан сөздің ығытында кеткен болсам, айып етпе. Біз де қауіп еткеннен кейін айтып отырмыз. Мәшһүр Жүсіп көріпкел кісі болған ғой, «2016 жылдан ары қарай қазақта «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болады» деп айтыпты. Лайым айтқаны келсін! Құлдық сананың орнына елдік сана, жершілдіктің орнына мемлекетшілдік ұғымы, отбасында қазақы тәрбие, өмір сүрудің ұлттық қағидасы, ұлттық төлтума мәдениет, қоғамда адамдық құндылықтар болса, біз де өтпелі кезеңнен аман-есен өтерміз, жақсы күндерге жетерміз!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС