СОҒЫСТЫҢ АТЫ СОҒЫС...

СОҒЫСТЫҢ АТЫ СОҒЫС...

СОҒЫСТЫҢ АТЫ СОҒЫС...
ашық дереккөзі

АҚШ-тың да, Батыстың да, ең бастысы, ресми Киевтің қарсылығына қарамастан, Ресей президенті Владимир Путин Қырымның Ресей Федерациясының құрамына өткені туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша, барша әлем бір бөлек те, Кремль – бір бөлек… Жаһандық саясат жаңа қайшылыққа тап болды. Шетелдік баспасөздегі пікірлер де алдағы әлемдік геосаясаттың қалай өзгерерін болжап әлек. 

Батыс баспасөзі ХХІ ғасырдағы ғаламдық саясаттың түп-төркіні де, мазмұны да, пішіні де өзгергенін жарыса жазып жатыр. 

АҚШ-тың «The Wall Street Journal» газеті 14 наурыз күні «Украина дағдарысының сабақтары» («Warnings From the Ukraine Crisis») атты мақала жариялады. Пегги Нунан деген автор: «Біз Путиннің қырғи-қабақ соғысты қайта жандандырып жатқанын бақылап отырмыз. Ол болса, біз америкалық үстемдікті қайта орнатқымыз келеді деп санайды», – дейді. Бүгінгі Кремль басшысының іс-әрекетін қазіргі Ақ Үй қожайынының осалдығынан көреді. 2008 жылы Ресейдің Грузияға соғыс ашқаны кіші Дж.Буштың сол кездегі солқылдақтығынан, ал қазіргі Қырым дағдарысын Обаманың рейтингісінің түсіп кеткенінен дейді. «Дегенмен біз жасырын соғысқа кірісіп те кеттік – оның жасырын болуы уақытша болуы да ықтимал. Егер жаппай, ұйымдасқан түрде, біздің басты институттарымызды істен шығаратын кибер-шабуыл жасалса, барлау қызметтеріне шабуылдың кімнің тарапынан және кімнің көмегімен жасалғанын анықтау үшін уақыт қажет болады. Егер әлдекімдер біздің электр жүйемізді істен шығарғысы келсе, оның артында кім тұрғанын анықтау үшін бізге уақыт қажет болады. Ірі қалаларға жасалуы мүмкін химиялық және биологиялық шабуылдар туралы да осылай деуге болады. «Кімсіңдер? Сендерді кім жіберді?» деген автор кешегі Қырымдағы бетін бүркеген белгісіз армияны меңзеп отыр. Иә, жасырын болса да, соғыстың аты соғыс…

Америкалық «The National Interest» сайтында 17 наурыз күні «Ресей мен Америка: сансыз ілгерілеу мен құлдыраулар» («Russia and America: Endless Ups and Downs») жарияланған мақалада Анджела Стенттің «Әріптестіктің шегі: ХХІ ғасырдағы АҚШ – Ресей ара-қатынасы» атты кітабы талданыпты. Иә, Ресеймен қарым-қатынастың күрделілігі американ саясаткерлерін ғана емес, зерттеушілерін де толғандырғалы қашан. Үш бірдей АҚШ президентімен әріптес болған В.Путиннің іс-әрекетінің қисынын түсіну қиынға түсіп тұр. Соңғы 20 жылдықтағы екі елдің арасындағы қарама-қайшылықтардың себебі туралы жазылған еңбектегі ең басты ой – ХХІ ғасырда жаһандық саясаттың төркіні өзгергені жайлы. «Құрама Штаттар да, Ресей де бір-біріне деген көзқарастарын өзгертіп, ХХІ ғасырдың ау-жайына бейімдеуі тиіс, енді әлем бұрынғыдан күрделене түсті, онда жаңа ғаламдық күш-қуат орталықтары пайда болуда», – деп жазады кітап авторы. Әлбетте, автор Қытайды меңзеп отыр. Мақала авторы Пол Сондерс те ендігі кезде АҚШ сыртқы саясатта басты назарда Мәскеуге емес, Пекинге көбірек көңіл бөлу керектігін айтады. 

Ал Балтық жағалауының баспасөзі Қырымдағы жағдайдан кейін Кремльден келер келешек қауіптерді санамалап берген. Референдумға бір күн қалғанда Литваның «Ru.delfi.lt» сайтында жарияланған мақаланың «Соғыс сценарийі: қалай және немен қорғанамыз?» деп аталуының өзі көп ойдан хабар беріп тұр. «Ресейдің Украинаға инвазиясы басталған кезде Литваның басына төнген қауіп анық сезілді, бұл қауіп тәуелсіздіктің 24 жылында да мұндай анық болған емес» деген сөздермен басталған мақала Литва армиясының бүгінгі жағдайын бүге-шігесіне дейін баяндайды. «Ресей әскері Украинаға БТР-лер мен су жаңа «Тигр» бронемашиналармен басып кірді, олардың басым көпшілігі жеңіл пулеметтермен жабдықталған. Ресейлік «Тигр» мен БТР-ге қарсы өте тиімді қару – бронемашиналар мен жол таңдамайтын көлікке тиелген ауыр пулеметтер. Олардың оқтары ресейлік бронемашиналарды оңай тесіп өтеді, олар Ресей қаруынан алысырақ атады. Сондықтан армияға осындай қару-жарақ көбірек керек» деген сөздерден күні ертең басталатын соғыс лебі сезіледі. Қалай дегенмен де, ақпараттық соғыс баяғыда басталған…

Итальяндық баспасөз де жаһандық саяси картадағы ықпалды күштердің ара салмағы өзгергенін баса айтады. Кеше ғана «L›Opinione» басылымында жарияланған «Атлантикадан Оралға дейінгі бір Еуропа» («Un’Europa sola: dall’Atlantico agli Urali») атты мақалада «Бүгінде сахнаға жаңа әрі көлемі мен өндіріс ауқымы жағынан күшті ойыншылар шықты. Мысалы, бұрынғы колонияларынан айрылған, бірақ әлі халықаралық жиындарда ықпалы бар қартаң мемлекеттерге қарағанда Қытай, Үндістан мен Бразилия – әлдеқайда күшті әлемдік державалар» делінген. Дегенмен, мақаланың өзекті ойы түсінікті: Еуропалық Одақ Ресеймен бақталас емес, әріптес болуы тиіс. «Меркель мен оның «солтүстік компаниясына» тек неміс тілінде сөйлейтін Еуроодақтың дамымайтындығын айту керек. Германия өткен тарихында әлемді бағындыра алмаған, енді болашақта да оны істей алмайды. Бәрі татуласып, жалғыз дұрыс шешім қабылдауы тиіс: Де Голь мен Берлусконидің айтқанына құлақ түру керек». 

Қырым туралы мақалалардың ішінде парсы баспасөзіндегі «Бүгін – Украина, ертең – Қазақстан мен Белоруссия?» («امروز اوکراین، فردا قزاقستان و بلاروس») атты мақала айрықша назар аударуға тұрарлық. «Iras» сайтында жарияланған мақаланың тақырыбының өзінен ат үркеді. Дегенмен, айтары негізсіз де емес. 9 наурызда (яғни, Путиннің соңғы баспасөз мәслихатынан кейін) жарияланған мақалада Қазақстан мен Белоруссияның қайсысы бірінші болып қыспаққа түсуі мүмкін деген мәселе ашық талқыланады. Автор алдағы жылдары Белоруссияда қазіргі Украинадағы жағдай қайталануы мүмкін деген болжам айтады. «Белоруссияның Польша, Литва, Латвия және Украина сияқты елдермен көршілес болуы осы елдегі ішкі ахуалдың бүлінуі әбден ықтимал деген ой туғызады», – дейді автор. Әрине, Александр Лукашенко өз елінде Киев оқиғаларының қайталануына жол бермейтінін мәлімдеді. Бірақ Белоруссия халқының 11 пайызы этникалық орыстар екенін ескерсек, Мәскеудің басты қысым жасау тетігі осы болып тұр. 

Ал Қазақстанда орыс тілінің ресми тіл екенін, мұндағы халықтың 23 пайызы орыс екенін айтқан автор Қазақстанның халқы орыс тілінде ең көп сөйлейтін әлем бо-йынша екінші мемлекет екеніне назар аударыпты. Әрине, Ресеймен қарым-қатынасқа қатысты біз үшін жаңалық болар тұжырым жоқ, бірақ сырт көздің ескертуін ескеру керек сияқты. «Қорыта келгенде, көптеген сарапшылардың Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресейдің өз ішіндегі экономикалық және саяси жағдайына байланысты ықпалы әлсіреді деген пікірі жаңсақ екені анық болды. Қазір егер Ресеймен көрші елдерде Украинаға ұқсас оқиғалар қайталанатын болса, оның міндетті түрде араласатыны анық деп нық сеніммен айтуға болады. Оған қоса, Ресейге жақын орналасқан елдерде тұратын орыс тұрғындар әркез Мәскеудің тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласуының құралы екенін ескеру керек, бұл елдерде Мәскеудің түпкі мүддесі бар» деген сөздердің жаны бар. 

Гүлбиғаш ОМАР