Сері Бекет... сал Бекет... элегия

Сері Бекет... сал Бекет... элегия

Сері Бекет... сал Бекет... элегия
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың соңында жаңа ғана тәуелсіздік алған қазақ елі өз құндылықтарына қарайлай бастаған кезде жарық көрген «Саят» атты танымдық-анықтамалық жинақ көпшіліктің есінде болар. Сол жинақтың мұқабасында қазақы киім киіп, қолына қыран ұстаған қара мұртты, тығыншықтай сұлу жігіттің суреті бар-тын. Кәдімгі Бекет… Бекет Есентай… Кезінде «Жігіттің сұлтаны» атағын иемденген азамат, елге танымал сазгер, сал-сері… кәдімгі Бекет… Желтоқсан қырғыны кезінде Орталық алаңды басына көтеріп ән салған Бекет… Соңғы кездері әндері теледидар мен радиодан анда-санда берілгені болмаса, өмірден қыршын кеткен ұлтжанды жігіттің аты ел есінен шыға бастаған секілді. Осы әділеттілік ауылына жата ма деген ой келеді. Ендеше… 1 Біз қайтуға жиналған шақта апта бойы аумалы-төкпелі мінез танытқан күн райы кенеттен жылынды. Бұдан ары кешіксек, көктемнің қарғын суына қамалып қаларымызды сезіп, асығыс жолға жиналдық. Ел-жұрттың қашаннан жол бойын сағалайтын әдеті, енді ұзын жолдың бойынан үлкенді-кішілі ауылдар, ауылдардың маңынан қараң-құраң мал аяғы ұшыраса бастады. Қыстай қораға қамалып, кешелі-бүгін ғана жайылымға тұяқ іліктірген ірі қара мен уақ мал терісіне әрең ілініп тәлтірек қағады. Қаздай тізілген телеграф баған­дары дамылсыз ыңылдап, ызылдап, жақын маңда үлкен дүние, тіршілік бар екенінен хабар бергендей. Бағана басын меншіктеп, қонжия қонақтап отырған бір-бір қарға мына әлемнің жалғыз қожасы өзі секілді күн қызуына мандайын төсеп, айналаға паңдана, маңғаздана қарайды. Көк жүзінде қалықтап, жалғыз ноқат жүзіп жүр. – Күшіген болар… Дәу де бол­са­­­ өлексе иісін сезді білем…. – Жоқ, Секе… Бүркітіңнің нағыз өзі! – деді аңшы серігім көк жүзіне көз қиығын тастап қойып. – Қанатымен ұшып, құйрығымен қонатын құсты ұшқанда ғана танырсың деген сөз бар. Үшкірленіп барып бітетін ұп-ұзын құйрығын көрмейсің бе? Бекеттің саят құстарын ұстай­ты­нын білем. Басқа-басқа, Алматының ішінде ит ұстап, бүркіт бағып отырған жігітпен дауласатын жағдай бізде жоқ. – Сонша жерден құйрығына дейін көріп келесің бе? – Көрмек түгілі, танып та тұрмын… Бүкіл Бетпақ далада он шақты ғана бүркіт қалса, қалай танымассың?.. Бүркіт болғанда, мынауың құмның сары шолақ бүркітінің нақ өзі. Енді ғана бір ізге түсіп келе жат­қан әңгімеміз орта жолдан үзілді. Ма­ши­наның арт жағында отырған Бекет орнынан ытқып тұрып, кабинаның тө­бесін тоқылдата бастады. Бекет саусағын шошайтқан тұсқа қарасам – кәдімгі қара қарға. Қимылы епетейсіз қара құзғын қалбаң-қалбаң етіп, кіп-кішкентай молда торғайды қуалап жүр. Торғай болса біресе жоғары, біресе жер бауырлай ұшып, жандәрмен жанұшыра қашады. Аздан соң құтылмасын білгендей бағана басына барып қонып еді, қалбаңдаған қара құзғын жоғарыдан сорғалап келіп, тура желкесінен іліп түсті. Іліп түсті де, жалт бұрылып, жолдың қарсы бетіндегі келесі бағаналардың біріне барып қонды. Тез арада жаны шыға қоймаған бей­шара торғайдың арқа жүнін жұл­ма­лап жатқан қара қарғаның мына қылығына таң қалғаным сонша, аузымды ашыппын да қалыппын. – Мынауың жәй қарға емес – құз­ғын қарға… Әдетте құзғын қар­ға құстардың жұмыртқасымен қорек­тенеді. Бүркіт әдетте жылына үш, кейде төрт жұмыртқа салады. Қарғекең болса, ыңғайы келсе аңдып жүріп, бүркітекеңнің ұясына түсуден де тайын­байды. Олардың көбеймейтін себебі сол… – деп, Бекет манағы үзіліп қалған әңгімені қайта жалғағысы келетін ыңғай танытты. – Құзғын қарға торғай түгілі, сарышұнақ пен суырға да түседі деп естуші едім, сол рас болар… – Мынауың сұмдық екен. Мен қарғаны ешкімге зияны жоқ момақан құс қой деп жүрсем… – Қарғаның да қарғасы бар, жі­гі­тім. Айтып отырғаның өзіміздің ұзақ қарға ғой. Бұрындары аталарымыз адал деп ұзақ қарғаның етін де жеген… Осы сәтте жанымызда жазып ала қоятын кинокамера болмаған соң, тыңдап, құлаққа құйып алғаннан басқа амал жоқ. Серігім қызғылықты әңгіме айтар алдындағы аңшылардың әдетімен тамағын кенеді. – Бірде құзғын қарға ғайыптан тайып тышқан іліпті. Жемтігін биік шынардың басындағы ұясына әкеліп, балапандарының аузына тосыпты. Балапандарының қарнын тойғызып, көңілденген соң: «Ех, жас күнімізде не көрмедік… Бір күні бүркіт екеуміз…»,– деп әңгіме бастапты. Кенет шынардың ұшар басынан мұның әңгімесін тыңдап отырған қыран бүркітті көріп: «Е, бүке, кешіріңіз, бұлар бөтен емес, өзімнің балапандарым болған соң, үлгі бола ма деп айтып жатқаным ғой…» деген екен. Бекеттің сөзінен менің түсінгенім, бүркіттің де бүркіті бар, қарғаның да қарғасы бар. Сонда табиғи үйлесімділік атты заңдылықтың да шекарасы оншалық алшақ болмағаны ғой… Көк жүзіне қараймын. Манағы жалғыз ноқат дәл төбемізге келіпті. – Бізді қара тұтып жүр. – деді се­рігім қолын күнқағарына апарып. – Жалпы, Бетпақтың қыраны адамнан үрікпейді. Үрікпегені сол ұясын сексеуілге, кейде жыңғылға да сала береді. Бірақ үрікпегені өзінің соры. Бір кездері осы телеграф бағандарының басында қарға емес, бір-бір бүркіт отырушы еді. «Бүркіт дегеніміз – жыртқыш құс, аң-құсты қынадай қырып жатыр» деген сылтаумен кім көрінген атып тауысты ғой. Нешеме күн дала кезген кезімде Бетпақтан бірде-бір бүркіт немесе тазқара кездеспегені ойыма оралды. Бетпақта қаршыға көп. Қарға да бар. Жолшыбай Бекет сирек кездеседі деген ителгіні де көрсеткен. Өзім де Бетпақдалаға келген бір сапарымда Бетпақтың ителгісін саудалап жүрген шет елдік келімсектермен де ұшырасқанмын. Сонда мына кең байтақ даладан құс патшасы бүркітке орын табылмағаны ма?.. – Былтыр «Бүркіт» деп аталатын үлкен кітап шықты. Таралымы – төрт мың дана. Осы күні Қазақстанда төрт мың бүркіт бар ма екен өзі?..  Көп ұзамай бүркітті даладан емес, кітап бетінен іздейтін шығармыз, – деймін Бекетті әңгімеге тартқым келіп. – Сол кітаптің сыртқы мұқабасында менің суретім бар, – деді серігім. Әңгіме арқауы бірте-бірте бүркіт тө­ңірегіне ауысқанын байқамай да қалып­пыз. Мажарстандық (қыпшақ) табиғат­та­нушы Гашпар Мишкольчи өзінің «Ақыл­сыз жәндіктер. Бірнеше кітаптан тұратын то­лық тарих» деп аталатын кітабында бы­лай деп жазыпты: «Әуеде ұшатын жан-жануарлардың ішіндегі ең біріншісі – қыран… Оның бойына біткен қулығы да аз емес: өзінің қуатты да шиыршық атқан қанаттарын құм шаңға аунатып алады да, жоғарыдан құйылып келіп бұғының мүйіздерінің арасына қонып алып, бас-көзге төпелей бастайды. Көздері түк көрмей қалған бұғы есі шығып, жол таңдамай қаша жөнеледі. Жолшыбай тау-тасқа, тікенекті бұталарға соқтығып, қыранның оңай олжасына айналады. Оның қулығы мен ақылы басқа жерлерде де көрінеді, мысалы ол ұлуды тас қабыршағынан ажырата алмаған жағдайда, оны көтеріп алып, ұшар биікке көтеріледі де, тастақ жерге тастап жіберіп, жарылған қабыршақтан ажыраған етті алып жейді. Қанаттары екі метрден асатын осынау алып құс өз салмағынан екі есе ауыр жүкті көтеріп кетеді…» Аспандап ұшар құс атаулының ең ірісі бүркіт емесін өзім де білем. Ал қыран тұқымдастардың ішіндегі ең қайраттысы өзіміздің бүркіт екенін білген соң, Бекеттің сөзіне ден қоймасқа амалым жоқ. – Болса – болар… Бірақ сол бүркітіңнің қулық-сұмдығынан гөрі аңқаулығы басым жатыр-ау… – «Батыр – аңқау, ер – күлік» деуші ме еді? Ителгі де солай. Бүркіт пен ителгіні кім көрінгеннің қолға түсіріп, аңға салып, саудалап жүргені содан ғой.Әйтпесе, қызық қуған адамға манағы құзғын қарғаның көрсеткен қызығы аз ба?! – Ителгінің құны – шығыс базарларында бір «Мерседес» деседі. – Бекер әңгіме… Жалпы ителгіні – байлар, бүркітті – кедейлер тұтынатыны рас болуы мүмкін. Арабтар ителгінің ішіндегі ірісін, аса қайраттысын ғана алады. – Бекеттің даусынан реніш табы білінді. – Біздің жігіттер болса, қанқу сөзге еріп қынадай қырып бітетін болды… – Құзғын көп жасай ма, бүркіт көп жасай ма? – деп, әңгімеге Әліби араласты. – Құзғыныңды қайдам, бүркіт ұстап жүрміз ғой… – Саятшы жігіт бір сәт кідіріп қалды. – Ойланбаған мәселем екен. Ғалымдар жүз елу жасайды десіп жүр ғой. Шынында да қыран құс қанша жасайды өзі?… Бекет секілді құсбегі болмасам да, бала күннен қыран жайлы аңызға бергісіз әңгімелердің талайын естіген маған мына сұрақтың жауабы қиындау тиген. «Қыран белгілі бір мерзімге дейін қартаяды да, содан соң жасарады» деген қазақы ұғымға сенсек, қыран құс мәңгі жасауы тиіс. Әлем халықтары қыран құс әрбір он жыл сайын көктегі өмір отына ұшып барып жылынады, қанаты әбден күйген соң, теңізге барып құлайды деп сенген. Теңіз суына шомылған соң қанаттары қатайып, қыран қайта жасарады екен. Осылайша жүз жыл ішінде ол он рет тіршілік кешеді. «Қыран өте ұзақ ғұмыр кешеді, кейбіреулер ойлағандай өз ажалынан қартайып өлмейді. Ол өмір бойы басқаларды өлтіре бермеуі үшін Тәңірінің жазуымен тамақ жеуден қалады. Ет жеуден қалған қыран құс енді тек қан ішетін болады. Адам қартайған сайын тамақтан қашып, күні суға қарап қалады деген ұғым осылай қалыптасқан», – деп жазды Хенрих Фаркаш өзінің ертеректе жарық көрген «Жануарлар әлемі. Аңыздар мен ертегілер» деген еңбегінде. – Рас шығар… Меніңше, «қыран қартайса, тышқаншыл болады» деген бекер. Құлжадан келген Сарыбай ақсақал бір бүркітті қырық жыл салдым деп отырушы еді. Айтпақшы, сен біздің үйдегі бүркітті көрдің ғой. Осыдан жеті жыл бұрын үйге әкелгенде өлмелі кәрі секілді еді, әзірге өлетін түрі көрінбейді. Тұмсығы имиіп құйрық май түгілі қойдың тоқпан жілігін бір-ақ толғайды. Ана бір жолы асқазанын тексеріп көрейін деп, бес тиындық қара бақырды зорлап жұтқызып жібердім. Екі-үш күннен кейін қарасам, жаңағы тиыным іріп кеткен, іртік-іртік, ортасы тесіліп қалыпты. Жалпы, бүркіттің өті мықты. Нәжіске араласып түсетін қоя дегенді естіп пе едің? Бүркіттің ішінде жүн-жұрқа, темір-терсекті бөлектеп, сыртқа шығарып тас­тап отыратын машинасы бар… Көк жүзінен көз ала алар емеспін. Жалғыз қыран. Жападан-жалғыз. Бізді қара тұтып, соңымыздан ерді де отырды. Жер бетіне аяғын басып, бойын тіктеп алған адамдар да мен секілді көк жүзіне қараған. Ол кезде қазбауыр бұлттар қалқыған көгілдір әлем тылсымға толы екен, ол кездегі арда табиғаттың перзенттері бүгінгіден әлдеқайда ірі, әлдеқайда қорқынышты болыпты. Қанаттарымен күннің көзін көлегейлеген – самұрық құс, басы – арыстан, денесі құс секілді – тазқара, құстар патшасы – бүркіт… Осының бәрі уақыт өте келе аңыз әңгімелерге арқау болып, шындық шекарасынан алыстап кеткені рас. Ал енді осы аңыз әңгімелердің астарында аз да болса ақиқат жатқаны тағы шындық. Өткен заманнан қалған сол алыптардың бүгінге жеткен сарқыты осы бүркіт болар-ау. Аталарымыздың бүркітті «мәңгі жасайтын құс» деп есептеуі бекер деймісің… – Беке, құстың үлкені қайсы? – деп әңгімеге Әліби араласты. Менің білуімше, ғылым ұшатын ең алып құс деп кәдімгі дуадақты атайды. Салмағы бір пұттан асатын дуадақтарды аталарымыз атпен қуып, найзамен шаншып ұстаған ғой. Салмағы ауыр құстардың көбі әдетте өз салмағын көтеріп ұша алмайтыны белгілі. Польшада салмағы жиырма екі килограммға жетіп, ең алып құс ретінде тіркелген аққу да ұшу бақытынан айрылған екен, байғұс… Осы ойымды Бекетке айтқанымда, ол бір сәт ойланып отырып қалған. – Аққуыңды білмедім, ал Бетпақтың дуадағы семірген кезде сол аққуыңа сәлем берер ме екен?.. Ал дуадақты семіздіктен ұша алмай қалады деген бекер сөз. Күздің қара суығында қанаттары қатып қалғандықтан ұша алмайды… Бетпақдала жайлы сөз бола қалса: «Қаратаудың қара құрты да керемет қой. Шаққанда сеспей қатырады»,– деп маңырайтын Бекетті енді ғана танығандаймын. – «Малдың үлкені – соғым, адамның үлкені – боғым» дейді қазақ. Шығатын пәлсафа… жуан болып жер бауырлап жыбырлап жүргенше, шағын болсаң да шарықтап ұшқанға не жетсін! – дейді саятшы ініміз. Бүркіт жайлы қанша ойланғым келсе де, көз алдымнан мана бір әлде торғай ілген құзғын қарға кетер емес. Құзғын да жыртқыш құстардың қатарына жатады. Бәлкім, оның да бойында қыранға тән қасиеттер бар шығар. Құзғын екеш құзғын жүз жасаса, құс патшасы бүркіттің ғұмыры қанша болуы тиіс десеңші… Ғылымда қыран тектестер ішінде – жүз,­ тіптен одан да көп ғұмыр кешетін түрлері кездесетіні дәлелденген. Олар тазқара, күшіген секілді өлексемен қоректенетін жыртқыштар болса, қазақ ұғымында шын қыран ұзақ жасамауы тиіс деген де ұғым бар. Қартая бастаған бүркіт тірліктен жеріп, түзге талпынып, далаға қаша береді деседі. Саяттан қалған қыран құсты тұғырдан босатып, бостандыққа жіберу дәстүрі осыдан қалған болар. – Сонымен қыранның қанша жасайтынын білмедік қой, – деп, Әліби тақымдап қояр емес. – Қыранның қартайып өлгенін өз басым көргенім жоқ, – деп Бекет тағы да бұра тартты. – Қазақтар қартайған қыран ұшар биікке көтеріліп, құзар шыңның басына құлап өледі дейді ғой. Кім білсін, рас та шығар… Бекеттің манадан бері тура жауаптан тайсақтаған себебін енді ғана түсіне бастағандаймын… Аңыз болсын, ақиқат болсын, бірақ нағыз қыран өлімінің осылай болғанын, қыран бүркіттің ұзақ жасамауын қалайтын секілдімін. Жылына төртке дейін жұмыртқа басатын бүркіттің тоқсан пайызы балапан кезінде шетінейді екен. Шынында да мың қарға ұшып жүрсе жарасады. Ал енді мың бүркіт топтанып ұшып жүрсе, жер бетінде аң қала ма? Бәрі де Жаратқанның, одан қалды табиғат үйлесімділігі атты ұлы заңның құдіретімен болып жатқанына осындайда еріксіз ден қоясың. Көз ұшынан Қаратау сұлбасы көрінді. Бетпақдаламен қоштасқым келгендей артыма бұрылдым. Жалғыз бүркіт соңымыздан әлі ілесіп келеді екен… 2 Жол. Көз ұшынан көлеңдеп қырат-қырқалардың сұлбасы көрінгелі көкжиек кемері де жақындай түскен. «Өз үйім – өлең төсегім» деген рас, қанша дегенмен, Қаратаудың тумасы емес пе, тау қарасы көрінгелі кенеттен көңілденген Бекет әлде бір ескі әуенді ыңылдай әндете бастаған. Асфальтының әр тұсы ойылып-ойылып кеткен көтерме жолдың бойымен ырғатылып келеміз. Бекет машина селкілдеген сайын үзіліп кеткен әлгі әуенін қайтадан тауып ала қояды. «Сонда Бурыл гуледі, табаны жерге тимеді, тіктеп тиген тұяғы көлденең жатқан көк тасты саз балшықтай иледі…» Көп ұзамай көз ұшынан Қаратау қақпасы Қаражотаның төбесі көрінді. Сол сол-ақ екен көк жүзіне ілініп қалған жалғыз ноқат төбемізде шыр айналып жүріп алды. Артынша көкжиектің әр тұсынан көтерілген көп нүктелердің біздің төбемізге шоғырлана бастағаны сезілді. – Бүркіт ешқашан топтанып жүр­меуші еді, – деймін. Мұным – манадан бері Тайбурылдың шабысымен шаршатқан серігімнің ойын басқа жаққа аударғым келгені. – Қайдағы бүркіт, қарақұс қой… – деді Бекет көк жүзіне қарағыштап қойып. – Шолтиған құйрығына қарашы… Қарақұс болғанда – тазқара күшігеннің тап өзі. Бастарының жылт-жылт еткенін көремісің? Бекет қолын күнқағарына апарып, көк жүзіне ұзақ-ұзақ қарап қалды. – Бетпақтың бұл тұсында күшігендер ұшыраспауы тиіс еді. Мыналар қан иісін сезіп жиналған болды-ау… – Беке десе, қазақта қарақұстың аты да, түрі де көп. Осы гриф деп жүргеніміз қайсысы? – деймін серігімді әңгімеге тартып. – Меніңше, тазқара да, күшіген де – гриф. Бетпақты мекендейтін ақсары мен жұртшы да – гриф. Гриф дегеніміз қарақұс тұқымдас дегені болу керек. Әйтпесе, орыста да коньюк, кондор деген атаулар қаптап жүр ғой. Көп ұзамай әрқайсысы өзінше шеңбер сызып, қалықтай жүзген қара нүктелер төмендей келе құс сұлбаларына ұқсады. – Не де болса бірдеңенің иісін сезді-ау мыналар… Бізді көріп үркіп жүрмес пе екен? – Иісіңді білмедім, бізді таңертеңнен бері көріп келе жатқандары анық. Абажадай машина түгілі жорғалаған жыланды көреді олар. Ал жемтігін көрді болды, өлген-тірілгеніне қарамайды. Бекеттің сөзі расқа айналды, қанат­тарымен күннің көзін көлегейлеген алып құстар дәл төбемізде шыр айналып жүрді де қойды. – Ниеттерінің жаманын қарашы!.. Дәу де болса осылар бізді торуылдап жүрмесін. Қарақұс төніп келген ажалды алдын-ала сезеді деуші еді… Жүрегім қатты-қатты соққанын сездім. Әлібидің жүрдім-бардым ойнап айта салған мына сөзі жүрегіме шаншудай қадалған. Жақсы сөз – жарым ырыс. Айдың-күннің аманында қайдағы-жайдағыны айтып, жамандық шақырғаны несі? – Менікі әзіл ғой… Одан да ананы қарашы! Мана әлде ана жер, мына жерден қарауытқан нүктелер бір жерге топтала бастаған екен. Көп те болса, әлдебір жаманшылықты сезетін секілді. Жұт, апат келер алдында сол жерді қарақұстар ерте бастан торуылдай бастайды дегенді бір жерден оқығаным бар. Сонда өлексенің иісін олар алдын-ала сезетін болғаны ғой. Осы ойымды Бекетке айтып едім, үзілді-кесілді қарсылық танытты. – Тазқараны иісшіл құс, өлексенің иісін ондаған шақырымнан сезеді дегенге өз басым сенбеймін. Ылғи да өлексемен қоректенетін жәндіктің сасық иіске бойы үйреніп кетуі тиіс қой. Мана әлде көк жүзінде қалқып жүрген жалғыз ноқатты көріп пе едіндер? Мына Қаражотаның шын иесі, қарауылы – сол. Дәл қазір бүкіл Бетпақдаланы осындай он шақты қарақұс қарауылдап жүр. Бәлкім одан да көп шығар. Олар сонау биікке көтеріліп алып, ана шеті мен мына шеті ондаған шақырымға созылар жерді қалт етпей бағып отырады. – Нағыз барлаушы спутник десеңші… – Иә, дәл өзі… «Қарғаның бір көзі боқта болса, бір көзі оқта болады» дегенді естіген шығарсың. Күшіген де сол қарғаның туысы ғой. Бір көзімен жерді бақса, келесі көзімен көкжиектің бір шетінде қарауылда жүрген серіктерін шолып тұрады. Ен-тегін мол дүниеге көзі түссе болды, қанатын қағып, айналадағы серіктеріне хабар береді. Ал олар «жақсы» хабарды одан әрі таратады. Сонымен бір жерде болып жатқан қасап бүкіл Бетпаққа тарайды. Қарақұс қырық шақырымнан көреді деген пікір осыдан қалыптасады. Қауымдасып тіршілік кешудің пайдасы осы… – Сонша құстың Қаражотаның басын торуылдағанына қарағанда, бұларды үлкен бір бастаңғы күтіп тұр-ау… Кенет, қалықтап жүрген қарақұстың біреуі қанаттарын бауырына жиып алды да, жерге қарай оқша атылды. Көз ілеспес жылдамдықпен құлдилап барып, Қаражотаның тасасына түсіп көрінбей кетті. Артынша тағы бірі, ізінше тағы бірі құлады. Айнала аспаннан тас жауғандай апыр-топыр болды да кетті. Жүгіре басып Қаражотаның басына шықтық. Аяғымыздың асты анда-мында шашырап жатқан ақсөңке сүйектерден көрінбейді. Мәссаған, мынаны қараңыз! Қары кете қоймаған көлеңке беткейде шашырап жатқан ақбөкеңдердің мүйізіне бір-бір құстан қонжиып алыпты. Өзінікін тастай беріп, келесіге ұмтылғанда, қанаттарын қомпитып, құнжың-құнжың еткен күшігеннің шаңқ еткен даусы жақын, тіптен жақыннан естілген. – Дауысының ащысын, – деді жүргізуші жігіт. – Төбе құйқама дейін шымырлап кетті ғой… Өлім тойын тойлаған мына бас­таң­ғыға таңдана қарап үнсіз отырдық.Үнсіздікті Бекет бұзды. – Жалпы, құс атаулының ішінде ең ақылдысы бүркіт. Бүркіттің сөз түсіну қабілеті керемет. Бір айтқан сөзіңді қағып алады да, өмірі ұмытпайды. Ал тазқара күшіген – нағыз батыр құс. Бірақ ақымақтау. Ол әдетте екі түрлі ғана дыбыс шығарады, яғни екі ғана сөз біледі. «Жоқ» немесе «бар». Көлгірсіп, көлкілдеп жататын құсың ол емес. Айтарын айтып болған соң, өлген-тірілгеніне қарамайды, ойына алғанын бір жағына шығармай тынбайды. – Сонда ол бүркіттен де жүректі болғаны-ау… – Бүркіттей қайдан болсын. Мұныкі әшейін өлермендік қой. Өлермендік болғанда, өз бойына, өз табиғатына лайық өлермендік. Бекеттің сөзін расқа шығарғысы келгеңдей, қай-қайдан сап ете түскен бір топ сауысқан кәрі шөңгенің шаңқ еткен даусынан кейін дүрк көтеріліп, анадай жердегі топ шеңгелге барып қонды. – Өзіміз қарақұс қана ғой деп менсінбей жүрген тазқара күшіген жемтігін жақын жерден көргенде әшейінде қасқырға түсетін қыран бүркітіңнен айылын жимайды. Өз бетімен аң қаға алмайтын ақсары күшіген ителгінің жемін тартып жеп күн көреді. Оны айтасың-ау, бірнеше күшігеннің жабылып, дала бүркітін өлімші еткенін көзім көрді. Қыран құс десе ішкен асын жерге қоятын саятшы жігіт бүркітті өлімші еткен тазқарада өші кеткендей орнынан асығыс тұрып, жалма-жан мылтығына жармасты. Қосауыз даусы Қаражотаның басын жаңғыртып, артынша ақ тақырға сіңіп жоғалды. Жүгіре басып төменге түстік. Ауырлап кеткен денелерін мылтық даусынан кейін жерден әрең көтеріп, қалықтай ұшқан күшігендер алысқа ұзамады. Бойларында манағы адуындықтың ізі де қалмаған, тостаған көздері мөлиіп, моп-момақан бола қалыпты. Анадай жерде бейкүнә сыңай танытып, моп-момақан монтия мөлиіп отырған мына құстарға қарамақ түгілі, ол жайлы ойлаудың өзі қорқынышты секілді. Жүргізуші жерде тыпырлап жатқан нән құсқа қарай еңкейе берді. Бекет екеуміз екі қанатын жазып, арлы-берлі адымдап өлшеген соң, аяқтарынан көтеріп салмағын байқадық. Қанаттарының арасы – үш қадам, салмағы да анау-мынау тоқтының салмағынан кем емес. – Әбден тойып алған ғой, әйтпесе, қарақұстың салмағы бір пұттан аспайды, – деді Бекет. – Бұл жарықтық бір жегенде өз салмағындай тамақты жей береді. – Сонша салмақты қалай көтеріп ұшады десеңші… – Салмағы бір пұттан аспайтын сол қарақұстың қозы-лақты көтеріп кеткенін көзім көрді. Бейсәубет ойнап жүрген баланы, тіптен бар ғой, жас бұзауды көтеріп әкеткені жайлы талай естігем. Қара күш жағына келгенде, бүркітіңе де дес бермей кететін дәуің осы. Бекет айтады: – Қанатымен ұшып, құйрығымен қонатын құс атаулының ішінде тазқарадан үлкені жоқ. Баяғының самұрық құс деп дабырайтып жүргені осы тазқара шығар-ау. Менің білуімше, жер бетінде тазқарадан ұзақ жасайтын құс кемде-кем болар… Мұның жанында жүз жасайды десетін қара қарғаң жіп есе алмайды. Аңшы серігім алдымен аузы-мұрнын дәс орамалмен тұмшалап, қалтасынан бәкісін суырып алды да, өлі құстың қарнына апара берді. Мүңкіген сасық иістен қашып бәріміз теріс айналдық. Бір қарасам, қан-жынымен бірге домалақ тастар мен қос уыстай әк ұнтағы ақтарылып түскен екен. Сосын… ұзындығы бір қарыстай тоқпан жілік… Тоқпан жілік емес-ау… Ақ жемі шыққан қан-сөлсіз кішкентай тасбақаға құбыжық көргендей қадалып қалыппыз. Бірдеңе айта ма дегендей жалтақтап Бекеттің бетіне қараймын. – Астапыралла… Тазқараның асқа­за­ны темірді қорытады деп естуші ем… Оны айтасың-ау, қарақұсты ешқандай у­ ала алмайды. Өлексеге у сеуіп көргенбіз. Етін түгелдей таусып жегені аз болғандай, бір сүйегін қалдырмай мүжіп кетті антұрған… Шалдардың айтуынша, байқамай жеп қойған улы етті құсып тастайды да, бір толғап қайта жұтып қояды екен. Аңшылықты кәсіп еткен адамның аздап та болса қосып айтатыны рас. Сол сәтте Бекеттің кейбір сөздеріне шек келтірсем, кейіннен қарақұс жайлы адам сенбес әңгімелерді естіп, Қаражотаның басындағы сөздердің ақиқаттығына көзім анық жеткендей болған. Соңдай әңгімелердің бір парасы мынау. Қазақстаңды мекендейтін қарақұстың әдеттегі салмағы он килограмм болса, АҚШ-тың Калифорния ғылым академиясында салмағы бір пұттан асатын кондор деп аталар тазқараның тұлыбы сақталыпты. Ежелден ырымшыл қазақтар қарақұсты «тамұқтан түскен құбыжық» деп санаған. Жер бетіндегі ең биік ұшатын құс тазқара екен. Жетпіс үшінші жылдың күзінде Батыс Африка аспанында он бір шақырымнан астам биікте оның ұшақпен соқтығысып, жерге қонуға мәжбүр еткенін еске алсақ, оның тамұғыңды қайдам, «ғарыштан түскен құс» екеніне еріксіз сенесің. Қарақұс жайлы қыпшақ Гашпар Мишкольчи былай деп жазады: «Жаратқан бұл құстарды тірі табыт немесе тірі мола ретінде жаратып, жер бетіндегі жағымсыз иістерді тез арада қарнына жасыру арқылы әлемді иіс-қоңыстан тазартып отырсын деген болуы керек… Қарақұстың сонша биіктен өлексенің иісін сезуі мүмкін бе? Иіс түгілі ен-тегін будың өзі сонша биікке көтерілмейді ғой, бұл жағын басқалар ойлана жатар. Бұл құс иіс сезгіштігімен қатар, өткір жанарының арқасында өлексені алыс­тан көретіні ақиқат». Шынында да иістің он бір шақырым биіктікке көтерілуі мүмкін емес деп есептесек, қарақұстың бойындағы тылсым құпияны оның жанарының өткірлігінен іздеу керек шығар. Ал енді сол өткір жанар сонша биіктен жемтігінің өлі немесе тірі екенін қалай ажыратады десеңші? Бұл жерде бар мәселе табиғи түйсікке тіреліп жатпасын. Бәлкім, ол ажалды алдын-ала сезетін болар? Осы ойымды Бекетке айтқанда, ол үзілді-кесілді басын шайқады. – Ажал аузында жатқан жемтігінің көзін шұқып кететін құзғын қарға ғой. Ал тазқаралар бойында тіршілік нышаны барға өмірі жоламайды. Өйткені Алла тағалам оны өлексені жеп, даланы тазартып отырсын деп жаратқан. Бетпақдаланың тірі тышқанын қызғыштай қоритын Бекеттің мына сөздеріне іштей сенбей тұрсам да, дауласқым келмеген. Бәлкім, тазқараның бойында біз білмейтін басқа да қасиеттер бар шығар. Жол бойы өлексенің басында құнжың-құнжың еткен жылтыр бас құзғындар ойымнан кетсе-ші. Бекет болса әлі әндетіп келеді. «Сонда Бурыл гуледі, табаны жерге тимеді…» Ұзақ сапар кезінде адамдар бірін-бірі мезі етіп, сәл нәрседен ілік іздей бас­тайды деген рас болар. Құлағымның құрт етін жеген мына әуеннен қалай құтыларымды білмей, сіркем су көтермей отыр. – Қобыландың сайдан шыға ма өзі? – деп, кіржің еткем. Бекет сас­пады. – Неге шықпасын… Әкем айтып отырушы еді, – деп серігім манадан бері сағыздай созған әлгі бір әуенін әуелете көтерді. – «Көл жағалай отырған көкқұтан мен қалбағай көтеріліп ұшқанша белінен басып асады. Дуадақ пен жек қалды. Ақсұңқар мен лашын өлген құсты жеп қалды… Пай-пай, қандай шабыс десеңші!?.» – Одан да қандай жақсы өлең демеймісің?! – Жақсысы жақсы-ау, бірақ өтірік өлең… Әшейінде жемін шашып жейтін ақсұңқар шіркін өлген құстың маңынан жүруші ме еді?.. Қарақұстың да бүркіт пен сұңқар секілді жемін жұлып, жұлқып жейтіні ойыма оралды. Еріксіз көк жүзіне қараймын. «Өтірік өлең»… Жол бойы Тайбурылдың шабысын жырлаған Бекет інімнің халық арасына таралып кеткен өз әндерін «ұмытып» қалғанына таңмын. Музыка маманы емеспін ғой, дегенмен, ән әуені мен ән мәтінін өзі шығарып, өзі орындайтын Бекет шығармашылығының күрделі екенін сезетінмін. Ол кезде: Ебін тапқандарға, Жылмың қаққандарға, Арын сатқандарға Сен өмір оңай ма едің?.. Жала жапқандарға, Судай аққандарға, Дәуге жаққандарға, Неге өмір қолайлы едің? – деп айтқан Бекеттен басқа қазақты өз басым білмейді екем. Тазқара… Күшіген… Жердің жүзін сонау биіктен шолып, қалт еткен қадамыңды қадағалап тұрған «жанды спутниктер…» Аспан астын шарлап, өн бойына өлексе сақтаған «тірі табыт, тірі молалар…» Мына жалған дүниеде жұмақпен бірге тамұқтың да бар екенін жер бетінде жыбырлап жүрген жан иелерінің есіне салып, тәубесіне келтіріп тұратын «көрнекі құралдар…» Жаратқанның құдірет күшімен бір ғана мақұлықтың бо­йына осынша қарама-қайшылықтың қалай ғана сыйып тұрғанына таңмын… *** Содан бері де талай су ақты. Бетпақдаланың да қырғын суы жылма-жыл тасып, елді әбігерге салып тұр. Содан бері Таскөмірсайдың дарбазасын шекара атаулыны білмейтін қаншама жыл құсы кесіп өтті десеңші. Тек жыл құстары жайлы ағыл-тегіл әңгіме айтатын Бекет қана жоқ. Осындайда Бетпақдаланың қара қарғасына дейін жақсы көретін Бекеттің кәдімгі қарақұсты «ғарыштан түскен» деп әспеттегенін ойлаймын ғой баяғы. Кей-кейде қарақұсты «біздің әр қадамымызды қалт етпей бағып отырған жанды спутниктер» деп атағаны ойыма оралады. Басқа басқа, дәл қазір де аспан астын үлкенді-кішілі жүздеген жер серіктері шарлап жүрген шығар-ау. Өз қорасындағыны қорашсынып, басқаның бақшасына көз салуды әдетке айналдырған кейбір ағайынның сол жер серіктері арқылы сені мен менің әрбір қадамымызды аңдап та аңдып отырмағанын қайдан білесің? Қалғып кетер сәтіңді күндіз-түні қалт етпей бағып отырған сол ағайын мен тазқара құстың арасында қандай айырмашылық бар?.. Жер бетінде жыбырлап жүрген пенде үшін аяқтың астына үңіле бермей, анда-санда болса да жоғары жаққа қарайлап қойғанның артықшылығы жоқ-ау… Кей-кейде қазақ жерінің қыраны ғана емес, қарғасы мен қарақұсын да жанындай жақсы көретін менің саятшы да сал Бекетім де сол тылсым сырлы аспан төсінен біздің әрбір қимылымызды қалт еткізбей қадағалай қарап тұрған секілді көрінеді маған… Бүгін ойымда әуені ғана қалып, мәтіні естен шыққан Бекет салдың өлеңін досы Серік Жанболат пен інісі Дарханнан қадала сұрап, қалап алдым. Табам деп әділдікті, Соғылды тасқа маңдай. Арылтар ауыр жүкті, Қиналдым дос таба алмай. Тура айтсаң туғаныңа, Жақпассың деген халық. Сондықтан менің сақам, Алшы боп түспесі анық. Адамдық арын сатпай, Өлсем де, – тірі есебім. Тірлікте дамыл таппай, Сол үшін күресемін.. Бұған қосып-аларым жоқ. Тек қырық жыл ғұмырында ұлты үшін күрескен Бекет інімнің кең байтақ қазақ жерінен дос таба алмағанына таңмын… Ал мына өмірде сол «дәуге жағу» үшін «ебін тапқандар» мен «арын сатқандардың» саны тіптен де азаймаған секілді көрінеді маған. Шынында да мына өмір «жылмың қаққандар» мен «судай аққандарға» қолайлы болып бара жатқан жоқ па деп ойлаймын ғой баяғы… «Адамдық арын сатпай, өлсем де, – тірі есебім…» Әруаққа сенетін қазақ баласында өз жақындары мен өз жақсыларын өлсе де тірілердің есебінен шығармайтын дәстүр қадым заманнан бері бар. Мен де сені өз жақындарымның қатарына қосамын, інім… Менің де сен секілді мына «тірлікте дамыл таппай, сол үшін күрескім» келеді, бауырым…